ҚАЗАҚТЫҢ ЕҢ ҚАРТ ӘЖЕСIНЕ ҚАРТТАР ҮЙIНЕН ОРЫН БЕРДI
ҚАЗАҚТЫҢ ЕҢ ҚАРТ ӘЖЕСIНЕ ҚАРТТАР ҮЙIНЕН ОРЫН БЕРДI
Биылғы санақ бiзге елiмiздегi ең қарт адамды тауып бердi. Қарағанды облысында тұратын 130 жастағы Сахан әже туралы баспасөз беттерi жарыса жазып жатты. Санақ қорытындысы арқылы 130-дағы қарияның бар екенiн бiлген жергiлiктi әкiмдiктiң өкiлдерi де кейуананы құттықтап қайтқандығы туралы да баспасөзден оқығанбыз.
Сол әжеге жергiлiктi әкiмшiлiк қарттар үйiнен орын бергендiгiн естiгенде жағамызды ұстадық. Қараусыз қалған, қолынан демеп, қолтығынан сүйейтiн жан жоқ болса, бiр сiрә, бiр қора жаны бар, немере-шөбересiн сүйiп отырған Анаға Қарттар үйiнен орын беруге әкiмдiктiң қалай дәтi барды екен?!
Қазiр қазақтың ең егде қарты туралы әлем жұртшылығы жарысып жазып жатқан көрiнедi. Немере қызының қолында кiшкентай пәтерiн паналап отырған әженiң бұлай ұзақ жасауына таңданысын бiлдiрiп жатқан шығар әлем халқы. Бiрақ, сол ананың бүгiнгi хал-ахуалын олар бiлсе, қайтер екен.
“Естiген құлақта жазық жоқ”. Қазақтың кең сахарадай кең даласы барлығынан не пайда, қазақтың қазына қартына Қарттар үйiнен орын тиiп жатса… Әлде, бұл 130-дағы әжемiзге жергiлiктi әкiмдiктiң сыйлаған сыйы болар. Соншама жыл қайғы-қасiреттi, азап пен шердi, қуаныш пен мұңды арқалаған Ананың ендiгi көрер қызығы Қарттар үйiнен бұйырыпты.
Әженiң немересi Нүкен Әлкешованың айтуына қарағанда, Сахан әженiң көргенi де, бiлгенi де бейнет болса керек. Сол бейнеттен әлi күнге дейiн арыла алмай келедi. Үш ғасырдың куәсi болған әже алты жасында жетiм қалса, алғашқы қосағын белсендiлер атып тастапты.
“Бұдан бұрын әкем Оразғалидың қолында болған. Төрт жыл бұрын шешем қайтыс болғасын күтетiн адам болмай, үйiме алып келдiм. Күйеуiм екеумiз, екi ұлым, әжем, сосын полигонның әсерiнен мүгедек болып туылған екi бауырым бар жетеумiз қысылып-қымтырылып үш бөлмелi үйде тұрып жатқанбыз. Былтыр екi ұлым қатар үйленiп, келiндi болдық. Артынша немере сүйдiк. Барлығы 11 жан паналап отырмыз осы үйдi. Бұл үйдiң өзi әкiмдiкi, – деп мұңын шаққан екен Нүкен апа “Айқын” газетiнiң тiлшiсiне. Көп уақыт өтпей, бұл хабар әкiмдiктiң құлағына шалынса керек, қамқорлығын аямай, Ананың туған күнi қарсаңында “әлгi” үйден екi бөлме ұсыныпты.
Наурыздың 27-сiнде 130-көктемiн атап өткен қазына қартымызға атқарушы билiктiң туған күнiне осылай сый ұсыныпты. Айтпақшы, санақтан кейiн қала әкiмi Ислам Тоғайбаев Нүкен апаға: “Өзiме келiңiз, мәселенi шешiп беремiз” деген екен. Қала әкiмi отыратын ғимараттың табалдырығын тоздырған Нүкен апаның әкiмге кiруге әлi қолы жетпей жүрген көрiнедi.
“Жұмақ – ананың табанының астында”. 130 жыл өмiр сүрген Ананың жұмағы қайда сонда?! Тiрi жүрiп, тiрлiк кешкенде дүниенiң рахатын көрмесе, бала мен немеренiң ықыласына бөленiп, ортасында жүрмеген Ана Қарттар үйiнен не рахат таба қояр дейсiң? Ананың жұмағы бауыр етi баласының құшағында… Қарттар үйiнен орын алғанша, немере-шөбересiнiң қасынан орны болғаны он есе артық Анаға.
Осыны атқарушы билiк есiнен шығармаса екен. Қарттар үйiнен екi бөлме бергенше, Қарағандыдан пәтер берсе, әкiм қарт ананың алғысын алып, көпшiлiктiң ықыласына бөленбес пе едi? Қарттар үйiне қарттарымызды жiбермеудiң амалын жастарымыздың бойына сiңiре алмай жүргенiмiзде, атқарушы билiктiң бұл ұсынысы жанымызды түршiктiрiп жiбердi. Амал не, өкiнемiз де қайтемiз. “Қазына қартың қайда жүр?” деп зар жылаушы едiк, Қарттар үйiнiң мәселесiн жазғанда… Ендi мiне, айдың-күннiң аманында қазақтың ең қарт әжесiне сол үйден орын берiп жатырмыз. Әлi де кеш емес. Бұл олқылықтың орнын қала әкiмi толтыра алмаса, облыстың әкiмi толтырар деген үмiттемiз.
Гүлзина Бектасова