СYТКЕ АРНАЛҒАН СТАНДАРТТАР СЫНЫ

СYТКЕ АРНАЛҒАН СТАНДАРТТАР СЫНЫ

СYТКЕ АРНАЛҒАН СТАНДАРТТАР СЫНЫ
ашық дереккөзі
275

Қазақстандағы сүт пен сүт өнiмдерiнiң басым бөлiгi сырттан тасымалданады. Әсiресе, Қытай мен Ресейден әкелiнетiн құрғақ сүттiң үлесi басым. Былтыр әлемдi дүр сiлкiндiрген меламин дауы Қытайдағы сәбилерге арналған сүт тағамдарынан табылғанын ескерсек, сүттiң сапасына алаңдайтындай жөнiмiз бар. Өкiнiшке қарай, iшкi нарықты толық қамтамасыз етуге отандық сүт шаруашылығы қауқарсыз: техника тозған, өндiрiлетiн сүт көлемi мардымсыз, кәсiпорындар құрғақ сүттi шекара сыртынан тасымалдауға мүдделi.

Бүгiнде Қазақстанның iшкi нарығындағы шетелдiк сүт тағамдарының үлес салмағы басым. Мұны ауыл шаруашылығы министрлiгiндегiлер де мойындап отыр. Жуырда отандық сүт өндiрiсiнiң тақырыбына арналған конференцияда ҚР Ауыл шаруашылығы министрiнiң орынбасары Арман Евниев үстiмiздегi жылы сүттен жасалатын өнiмдердi өндiру қарқыны күрт төмендеп кеткенiн көлденең тартты. Мысалы, сыр мен iрiмшiк – 4,2 пайызға, қоюлатылған сүт пен кiлегей 19,5 пайызға азайған. Басты себеп: өнiм жасауға арналған шикiзаттың сапасыздығы, өңдеу мәселелерiнде жiберiлетiн кемшiлiктер, өнiмдi дайындау мен тасымалдаудағы шығындардың көптiгi, жыл бойы шикiзаттың, яғни, сүттiң қажеттi мөлшерде жеткiзiлмеуi. Есесiне, елдегi өндiрiлетiн сүт көлемi көп мөлшерде болғанмен, оның тек үштен бiр бөлiгi ғана қайта өңделедi екен. 2008 жылы 12 ай бойы өндiрiлген сүттiң 31,6 пайызы ғана қайта өңделген. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда, 1,4 пайызға кем. Отандық нарықтағы жатжұрттық өнiмнiң үлкен сұранысқа ие болуы да сондықтан. Ресми деректерге сүйенсек, iшкi нарықтағы шетелдiк өнiм деңгейi былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда, сары май – 31 пайызға, сыр – 61,3 пайызға; қоюлатылған сүт пен кiлегей 85,3 пайызға өскен. Ал құрғақ сүттiң үлесi – 90 пайыз. Заңды тұлғалар ұйымдарынан құрылған “Қазақстанның сүт одағы” өкiлдерi елiмiзде өндiрiлетiн сүт көлемi тым аз болғандықтан, тұтынушылық сұранысты жатжұрттық өнiмдер есебiнен қанағаттандыруға мәжбүр болатындықтарын айтады. Өкiнiштiсi сол, әлем техника мен технология жетiстiктерiнiң қызығына шаш-етектен кенелiп отырғанда, Қазақстандағы сүт өнiмдерiн өндiру, өңдеу және өнiм шығару деңгейi 90-жылдармен салыстыруға да келмейдi. Өйткенi, шаруашылыққа қажеттi құрал-жабдықтардың тозығы жеткен.

2009 жылдың 1 маусымынан бастап, сүт сапасы мен сүттi өндiру жұмыстарына қойылатын талаптар күшейтiлмек. Ауыл шаруашылығы министрлiгi мұрындық болған бұл бастама отандық сүт өнiмдерiнiң сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендiруге және iшкi нарықты жаулап алған шетелдiк өнiмдермен бәсекелесу қабiлетiн арттыруға бағытталады. Осы орайда, Үкiмет “Сүт пен сүт өнiмдерiнiң қауiпсiздiгiне қатысты талаптар” деп аталатын техникалық регламентке енгiзiлуi тиiс өзгертулер мен толықтыруларды бекiттi. Басқаша айтқанда, әрбiр тұтынушы дүкен сөрелерiнде самсап тұратын сүт өнiмдерiнiң қорабына қарап-ақ, “сүт” пен “сүт сусынын” айыра алады. “Сүт сусыны” дегенiмiз шекара сыртынан әкелiнген құрғақ сүттi суға араластыру екендiгi айтпаса да. түсiнiктi. Бiрақ мұндай жаңалық сүт өндiрушiлердiң көңiлiне жаққан жоқ. Себебi, олар тың жаңалық тауарларымыздың сатылу деңгейiне керi әсер етуi мүмкiн деп қорқады.

Бәсекелестiк демекшi, жуырда ғана елiмiздегi сүт пен сүт өнiмдерiнiң адам денсаулығына тигiзетiн зияны мен төндiретiн қаупi туралы дабыл қаққан Қазақстан Ұлттық тұтынушылар лигасы iшкi нарықтағы 16 тағам түрiн аптасына екi рет тексеруден өткiзiп отыруға шешiм қабылдады. Өкiнiшке қарай, қазiргi кезде отандық кәсiпорындар өндiретiн өнiмдердiң басым бөлiгi тұтынушының денсаулығына зиян. Мысалы, “АгроМеркур”, “Қазақ сусындары” компаниялары шығаратын қымыз, шұбат, наурыз көжелерiнен ағзаны зақымдайтын iшек таяқшалары табылған. Елдiң сенiмiне әлдеқашан ие болған “Фудмастер” компаниясының “Домашнее” сүтi де стандарттар сынынан сүрiнiптi. Дүкендер сөрелерiнде көздiң жауын ала самсап тұрған сусындардың бала түгiлi, ересектердiң өмiрiне қауiптi екенiн кез келген бiле бермейдi. Тәртiп пен қадағалау жоқ жерде, заңды белшеден басатындардың көбейетiнi белгiлi. Лига жетекшiсi Савченко ханым тәуелсiз сарапшылардың iшек таяқшалары қай өнiмнен табылғанын нақты анықтауға көшкенiн айта келе, “егер сусындардың барлығына дерлiк қолдануға көшсе, оны тұтынушылардан жасыруға болмайды” деп дабыл қаққан. Былтыр Қытайдағы сүт өнiмдерiнен табылған улы зат – меламиннiң қанша сәбидiң өмiрiн жалмағаны белгiлi. Демек, билiк 1 маусымды күтпей-ақ, әлдеқашан iске кiрiсуi тиiс болатын. Оның үстiне, Қазақстанға шеттен келетiн құрғақ сүттiң негiзiнен Қытай мен Ресейден келетiнi тағы бар.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары