“ФОРТ СЕУЛДЕН” СОРПА IШТIҢ БЕ?!

“ФОРТ СЕУЛДЕН” СОРПА IШТIҢ БЕ?!

“ФОРТ СЕУЛДЕН” СОРПА IШТIҢ БЕ?!
ашық дереккөзі
248
Жамбыл облысының ахуалы жан жүдетедi

АЗАПТЫ ЖОЛ МЕН АШУЛЫ ЖҮРГIЗУШIЛЕР

Қазақстанның автомобиль жолдары ауыр азап, жазылмас дертке айналғалы қаша-ан! Әсiресе, Тараздың тас жолдары төбе шашты тiк тұрғызады. Алматыдан Қордайға дейiн әдемi ыңылмен заулайтын көлiктер Қордайдан өткен соң-ақ мина мен снаряд шұрқ-шұрқ тескен майдан жолынан аумайтын, бейнелеп айтқанда, “ажал айдамасына” түседi. Жол — жол емес, баратын бағытқа ғана айналады. Бағыт дейтiнiмiз — асфальт жолдың бетiндегi қорасан дағындай өткен қыстан қалған таусылмайтын ой-шұқыр, көлiк атаулының төрт доңғалағының қас дұшпаны — өткiр тастар бүйiрлей шығып, қауiптi апанға айналатын шұқанақтар. Сансыз апаттар, шоңқиған машиналар, шылымын ызалана шегiп, “шымкентшелеп” боқтанатын шоферлар. Жаны күйсе, өйтпегенде қайтсiн?!

Әсiресе, биылғы ерте көктем басталып, аспаннан “құс қанаты” жиi-жиi саулағалы берi Алматы-Тараз-Ташкент трассасы шынымен-ақ апат жолына айналғаны аңғарылған. Тараз, одан әрi Түлкiбас асып жығылғанша қадам басқан сайын жүргiзушi байғұстардың аузы “шымкентшелеуден” бiр босамайтын сияқты.

Наурыз мерекесi күндерi Таразға тағы да жолымыз түссiн. Облыс орталығына таяу маңдағы Ақшолақ аулында апатқа ұшырап, ауыр жарақат алған әрiптесiмiздiң халiн бiлiп, көңiлiн сұрау үшiн ежелгi Әулиеатаға арнайы келдiк. Әрине, аурухана төсегiне амалсыз таңылып жатқан арыстай азаматтың қапалы көңiлiн аулау үшiн жазмышты айыптадық, жаны аман қалғанына шүкiрлiк еттiк… дей тұрғанмен, халықаралық маңызы бар күре жолды, тiптен Жамбыл облысындағы көптеген жолдар мен қаладағы көшелердi де күтiмсiз қалдырған шенеунiктердiң адресiне айтылар ауыр сөздер тiл ұшына iлiнiп-ақ тұрған…

Тараздық белгiлi журналиспен қаланың ортасындағы Атшабарда — әсем алаңға орнатылған батыр бабаның ескерткiшi жанында жолығуға уәделескенбiз. Бәйдiбек баба бұрынғы Ленин ескерткiшiнiң биiк тұғырын тартып алғалы да бiрталай жыл өттi. Қазiр бұл алаң – қала тұрғындары мен қонақтардың қызыға тамашалайтын демалыс орны. Қатарымызда топтанып тұрған төрт-бес бозбаланың бiрi уысындағы ұялы телефон арқылы алыстағы беймәлiм достарын кездесуге шақырып тұрғаны емiс-емiс естiлуде.

— Приезжайте побыстрей… встретимся возле коней! (Тезiрек келiңдер… аттардың қасында қауышайық! — деп дiгiрлейдi әлгi жүнбас.

Тараздық журналист намыстана ернiн қырши тiстелеп:

— Шешеңнiң…, — деп “шымкентшеледi” шықшыты бұлт-бұлт ойнаған күйi төмен қарап. — Иланымы жоқ елден иман қашады ғой. Бәйдiбек бабаны атқа теңедi-ау! Бiлесiң бе, қазiр жамбылдықтардың жасында да, кәртамысында да ешқандай иланым қалған жоқ. Ешкiмге де, ештеңеге де сенбейдi. Бiртiндеп иманнан да айырылып бiттiк. Қайдан иланым болсын, жыл өткен сайын құтты өлкенiң қадiрi қашып, керi кетiп барамыз. Турасын айтайын, баяғы облысты ұйқысынан оятқан Амалбек Тшанов, одан кейiнгi Серiк Үмбетовтен соң жiбi түзу басшыға да жарымадық! — дедi тағы да үстемелеп. — Оларды да кезiнде айыптаушы едiк. Сөйтсек, талай жақсы iстерге мұрындық болып, тым құрығанда қаланың көшелерiн жақсылап жөндеп едi ғой. Әй, несiн айтасың!?

“Серiк Үмбетовтен кейiн оңды басшыға жарымадық!” Осынау күйзелiс пен торығуға толы сөздердi бұдан соң да көптеген тараздықтардың аузынан талай рет естуге тура келдi. Неге бұлай!?

Серiк Үмбетов мырза басқа облысқа басшы болып ауысқалы берi де талай жылдар өттi, қасиеттi Талас өзенiнен талай су ақты. Ендi мiгiрсiз тiрлiктен қажыған ербасты адамдар ештеңеге селт етпейтiн немқұрайды жандарға айналыпты, ел торығып, өзендер суалыпты! Тiптен, С.Үмбетов Жамбыл облысына әкiм болған жылдарда елiмiз ауыр дағдарыс құрығынан әлi толық құтылмаған, қаржы жетiмсiз, тонымыз шолақ кез едi ғой. Одан кейiн Қазақстан экономикасы айтарлықтай дамыды, кемеңгер қазақ жұрты: “Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура бол” деп нұсқағандай қазiргi әлемдiк күрделi дағдарыс басталғанша елiмiз Кiндiк Азиядағы жетекшi мемлекеттердiң бiрiне айналғаны да рас. Тiптi, елiмiздегi көптеген облыстар мен аймақтар айтарлықтай дамып, қалалар көркейдi. Ал Тараз сол баяғы күйiнде тоқырап қалғандай, тiптен арада өткен жылдар iшiнде керi кеткен-ау. Әлде әкiмдер торыққан жұртты, iштей наразы адамдарды аңғарғысы келмей ме? Әйтпесе, адамдар нелiктен бұрынғы әкiмдi сағынады, жиi мысал қылады?!

ҰЛЫ ТОЙДА ОЙҚАСТАҒАН ТIКҰШАҚ

Ұлыстың ұлы күнiн нағыз қазақы өңiр – қарапайым той-томалақты да естен кетпес салтанатқа айналдыра бiлетiн тараздықтар шын мәнiнде ұлы-жiңгiр мерекеге ұластыратын шығар деп те үмiттенгенбiз. Алаңнан киiз үйлердi көрiп, “бiссiмiлә!” деп қасиеттi табалдырығын аттауға ниет қылдық, бiр кездерi атағы әлемге мәшһүр болған Луговой жылқы зауытының сәйгүлiктерiн мiнген сұлу қыз-жiгiттердi қызықтауға да кетәрi емеспiз, жаппай алтыбақан тепкен жастардың жарасымды ән-жырын тыңдағанға не жетсiн!? Қайда-ан, мұның бәрi алдамшы үмiт қана екен… Әуелгi көзiмiзге түскенi “Укирини кондитерская” деген қызыл шатыр болды. Оның қандай жұмбақ сөз екенiн алаңдағы қарамы аз тараздықтар да шеше алмай, әбден дал болсын. Тiптен, алаң ортасындағы қызғылт сары түстi ортағасырлық Еуропаның тiстi қамалының кiшкене жұрнағындай орашолақ мұнараның қандай мән беретiнi де жұмбақ. Жартылай дөңгеленген сахнадан басқа титiмдей қазақы белгi болса, кәнеки! Егер… әлдебiр бозбала әрлi-берлi жетектеп жүрген жабулы арық түйе болмаса. Ол түйенiң кiшкентай баланы иығынан қырши тiстеп алып, шырқыратып жылатқаны болмаса. Жан-жақта қаптап жүрген қазақ полицейлерi болмаса… Полиция демекшi, тал түске таяу алаңның үстiмен әлдеқандай тiкұшақ әрлi-берлi ойқастаған: құлақтың жарғағын тескен сиренасын бар даусымен шыңғыртып, екi қанатына кезек шайқалақтап, алаң үстiнде қайта-қайта айналып ұшсын бiр. Сиренаның ащы үнi алаңдағы аз ғана жұрттың иманын ұшырып, әлдеқандай қауiп күткен адамдар аспанға көз айырмай қарайды. Жүйкесi сыр берген әлдекiм:

— Әтеңенәлет!.. — деп тiстене түкiрдi табан астына. — Алдына түсiп қашқан ешкiм жоқ, жалғыз өзi аспанды азан-қазан қылғаны несi? Онсыз да жетiм қыздың тойындай мерекенiң берекесiн қашырды ғой.

Әлгi тiкұшақтың нелiктен ойқастағанын кiм бiлсiн, бәлкiм полицейлер жиналған жұртты ертерек тарқатқысы келген шығар, бәлкiм ұлы тойдың қызығы төбеде ойқастаған тiкұшақ деген шығар, әйтеуiр осыдан кейiн-ақ “жетiм қыздың тойынан” жұрт жылыстай бастаған.

Әттең-ай, әттең! Григориандық жаңа жылға бiр ай бұрын жапатармағай дайындалған қазақ жұрты (тараздықтар да) күн мен түн теңескен көктем мерекесi — нағыз халықтық қуанышты дәп осылай тойламай-ақ қойса игi едi. Тойладық деп есеп бергенше, ескерусiз-ақ қалдырғаны игi едi. Өңiрлерде естi басшылар тiзгiнге ие болып, қазақ елiнiң салт-дәстүрiн шынымен қастерлейтiн ұрпақ өмiрге келгенше емексiтпегенi игi едi.

Наурыздың ойдағыдай тойлануына әлемдiк қаржы-экономикалық дағдарыс тұсау болды деседi. Әйткенмен, әлемдiк қаржы-экономикалық дағдарыс Жамбыл облысының әкiмi Бөрiбай Жексембин мырза мен кейбiр аудан әкiмдерiне онша әсерiн тигiзе қоймаған секiлдi. Тараздық азаматтардың айтуынша, өткен қыста Бөрiбай Жексембин мырза бастаған бiрқатар аудан әкiмдерi мен олардың орынбасарлары Швейцарияның ең таңдаулы, аса қымбат тау курортында көңiл көтерiп қайтса керек. Бұл — Қазақстанның бiрқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып, айтылды да. Сiрә, облыстағы мемлекеттiк қызметкерлер осыдан бiрнеше жыл бұрын француздың дәл осындай тау курорты — Куршавельдi күнәге батырып қайтқан қазақ кәсiпкерлерiнен кем қалуды айып көрген сынды. Ол ол ма, облыс басшысы көктемнiң көкөзек шағында Талас ауданының аумағында аңшылық құрып, туған жерге қанаты талып жеткен үйрек-қазды топырлатып атып түсiрiптi деседi. Тiптен, аңшылық құрған жерiнде семiз торпақ сойып, шүлен үлестiрiптi деседi тағы да. Әкiмге ере барған қыз-қырқын да аңшылық қызығын әр жерде мақтанышпен айтып, аузының суы құрып жүр деседi.

Бұл — ел аузындағы қауесет қана дейiн десең, тiптi әлгi сиырды кiмдер сойып, қанша киiз үй тiгiлгенiн, қанша үйрек-қаз атып алынғанын, аңшылыққа кiмдер қатысқанын саусақпен санап берушiлер де табылады, бiр ғажабы. Тiптi, осы аңшылықтың “қызықтары” туралы жергiлiктi “ТаразTimes” газетiнде жазылды да. “Жақсы адамның артынан сөз ередi” деп ғибраттайтын жұртпыз ғой, оның үстiне аңшылық маусымында үйрек-қаздың арық етi кейбiр адамдарға әуес асқа айналатынын да айыптауға болмас. Бiрақ, ел-жұрт келешек күнi үшiн ғана емес, бүгiнгi бiр күнi үшiн жанталасып, қатты алаңдап отырған күрделi кезеңде ер-азаматтың, ел билеген әкiмдердiң соңынан сөз ермегенiне не жетсiн!? Осы аңшылықтан кейiн бе, Бөрiбай Жексембин мырза бұрын-соңды болмаған оптимизмге бой алдырғандай сияқтанып: “Получит наконец развитие и жилищно-коммунальное хозяйство” (“Ендi ақыры тұрғын үй-коммунальдық шаруашылық та қарыштап дамитын болады”), (“Время” газетi, №40. 19.03.2009 жыл) — деп қазiргi дағдарысқа қанағаттанғандық бiлдiруiне жамбылдықтар ғана емес, барша қазақстандықтардың айран-асыр болуы тегiн емес. Облыс әкiмiнiң ерекше қисынына жүгiнсек, Жамбылдағы осындай шаруашылықтар мен басқа салалардың да (химия өнеркәсiбi, қызылша, егiн, мал шаруашылығы, т.т.) оңалуы үшiн ғалам экономикалық және қаржы дағдарыстарынан көз ашпауы керек сияқты. Қазақстанның қоржынында қомақты қаржы бар кездерде түтiнiн түзете алмаған Тараздың тұрғын үй-коммунальдық шаруашылығы бұдан былай төрт аяғынан теңселген жорға болып шығады дегенге сене қою неғайбыл.

Ақпан айында “Жас Алаш” газетi де Жамбыл облыстық әкiмшiлiгiнiң үйiн кезектi жөндеуден өткiзуге жұмсалған қомақты қаржы жөнiнде мәселе көтергенi мәлiм. Бұл мақсатқа бюджеттен бөлiнген 500 миллион теңге, бiр ғажабы, облыстық әкiмияттың 1-шi және 6-шы қабаттары мен конференц-залды ғана жөндеуге, сондай-ақ терезелер мен сыртқы қаптамаларды ауыстыруға ғана жұмсалғанға ұқсайды. Ал Тараздың әкiмi Тортаев мырзаның қала жұртшылығының алдында берген есебiне қарағанда, “Астана” мөлтек ауданында 2008 жылы 40 пәтерлiк екi бес қабатты, 20 пәтерлiк екi бес қабатты және 32 пәтерлiк тоғыз қабатты үй салынып, барлығы тоғыз көп қабатты үй пайдалануға берiлген. Ал осылардың барлығына жұмсалған барша шығын — небары 845 млн. 715 мың теңгенi құрап отыр. Яғни, 845 млн. теңгеге жалпы биiктiгi 29 қабатты, 152 пәтерлiк бес үй салынған көрiнедi. Ал 500 млн. теңгеге нелiктен облыстық әкiмияттың екi қабаты ғана жөндеуден өткiзiлгенiне түсiнбеген тараздықтар аң-таң.

Дегенмен, Жамбыл облыстық әкiмшiлiгiнiң қаржы-шаруашылық бөлiмнiң меңгерушiсi Болатбеков мырза үшiн бәрi де ап-айқын, тайға таңба басқандай көрiнедi. Сондықтан: “И разве не похвально для каждого жамбылца, что акимат будет блистать, притягивая взоры проходящих. Добавлю, что солидно сверкающее здание облакимата — один из признаков процветания нашей экономики. Нынче каждый таразец старается показать гостям города именно здание нашего акимата.

Потому что оно становится одной из местных достопримечательностей”, — дептi жергiлiктi шенеунiк (“Тараз Тimes” газетi, №7, ақпан, 2009 жыл). Әсiлi, тараздық шенунiктер облыстық әкiмшiлiк үйiн АҚШ-тың астанасы — Вашингтондағы Ақ үй немесе Мәскеу Кремлiнен бiр мысқал да кем көрмейтiн, тiптi, олардан артық санайтын сияқты. Бөрiбай Жексембин мырзаны Барак Обамамен шатастыратын сыңайлы. Әрине, олай болуына да ешкiм қарсы емес-ау, тек облыстың экономикасы қарыштап дамып жатса игi. Жұмыссыздардың саны күн өткен сайын көбеймесе, шiркiн?!

Ең таңданарлығы, облыс әкiмшiлiгiнiң үйiн жөндеуден өткiзген “Отделстрой” жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi әу бастағы келiсiм шартқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге қол жеткiзiп, осыған дейiн жiберiлген кемiстiктердi алдағы екi жыл бойына жамап-жасқау үшiн қосымша рұқсат та алып үлгерiптi. Бiр сөзбан түйiндегенде, айтарлықтай жөндеуден өткiзiлген аталмыш сарай алдағы жылдарда да жамап-жасқап, үздiксiз сылап-сипап, әрлене бермекшi. Болашақта ол үшiн де қосымша қомақты шығындар жұмсалуы ықтимал. Қазақстан Президентi Н.Назарбаев бюджеттiң қаржысын неғұрлым үнемдеп, әр теңгенi тиiмдi жұмсауды талап етiп отырған күрделi кезеңде Жамбыл облысында осындай ысырапшылдыққа жол берiлуде. Ең қызығы сол, жiбi түзу қандай фирма жарты миллиард теңге жұмсап, жаңа ғана жөндеу жүргiзiлген ғимаратта алдағы екi жыл бойына сансыз кемшiлiктер мен кемiстiктер табылатынын алдын-ала мойындайды? Кемшiлiктер неге болуға тиiс!? Иә, Жамбыл облысының орталығы — көне Таразда қарапайым кiсiге түсiнiксiз жайттар көп-ақ. Соның бiрi — Қазақстан Республикасы Премьер министрi Кәрiм Мәсiмовтың жеке блогына ауылшаруашылығына бөлiнген несиелердiң шаруаларға жетпейтiнiн ашық жазған жамбылдық жас маманға (Мұқашев) жергiлiк шенеунiктердiң тарапынан қысым жасалғандығы және бұл мәселенiң мүлдем аяқсыз қалуы. Әлгiндей шенеунiктер қатаң жазаланады ма, жоқ па, бұл әлi күнге мүлдем жұмбақ. Соның бiрi…

ТАРАЗДА ҚЫЛМЫСКЕРЛЕРГЕ ҚОЙЫЛҒАН ЕСКЕРТКIШ

Қызыл империя — Кеңестер Одағында өмiр сүргендердiң барлығы дерлiк “Жолы болғыш серiлер” (“Джентльмены удачи”) фильмiн жақсы бiлетiнi сөзсiз. Көрермендер ол киноны әлi күнге сүйсiнiп тамашалайды. Тiптi, осы кинокомедиядағы Василий Алибабаевичтiң: “Хочу в Джамбул, там тепло, там моя мама” деген сөзi жиi айтылатын нақылға айналған едi сол жылдарда. Бiр ғажабы, аталмыш фильм кейiпкерлерiне қазiргi Таразда ерекше ескерткiш орнатылуы да жергiлiктi шенеунiктердiң санасы, ой өрiсiнiң қаншалықты деңгейде екендiгiн айқындайтын нақты көрсеткiш деуге болады.

Турасын айтсақ, тараздық шенеунiктердiң бiрсыпырасы iштей мақтан тұтатын бұл ескерткiш Савелий Краморов, Георгий Вицин немесе атақты Леоновқа аса дарынды артистер ретiнде, құрмет белгiсi ретiнде орнатылған жоқ. Аталмыш кинокомедия кейiпкерлерiнiң образына — ежелгi заманнан есен-аман жеткен аса құнды жәдiгерлiктi жымқырған кәнiгi ұрылар, осыған дейiн де талай-талай зұлымдық жасаған рецидивистердiң құрметiне қойылған әлемдегi бiрден-бiр ескерткiш шығар. Кинодағы жамбылдық Василий Алибабаевичтiң өзi де бензинге су қосып сатқан (дәлiрегi, есектiң зәрiн) алаяқ емес пе?! Аңғал, мейiрбан, сүйкiмдi, романтик немесе жеке басының мiнезi қанша жақсы болғанмен, қылмыскердiң аты — қашанда қылмыскер. Ал осындай қылмыскер кейiпкерлерге ескерткiш орнатылған соң ба, соңғы жылдары Жамбыл облысының аты Қазақстанда ауыр қылмыстарға байланысты дүрiлдеп-ақ тұр. Шудың есiрткiсiн естiгенде елiмiздегi полиция, құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң төбе шашы тiк тұрады. Ол ғана емес, өмiрi ел естiп-бiлмеген тосын қылмыстар да Тараз қаласында, әкiмшiлiк шенеунiктерiнiң қолымен жасалатын сияқты.

“Время” газетiнiң тiлшiсi Галина Выборнованың жазуынша, жалғыз басты Әлия Сәрсенбi екi баласын қалай асырап-сақтауға басын қатырып, жар құлағы жастық көрмей жүргенде оның бұрынғы күйеуi, қалалық әкiмшiлiкте қызмет iстейтiн Жәнiбек Смағұлов асыраушысы жоқ балаларына жәрдемақы беруге өтiнiш жазады. Жәнiбектiң анасы — Тараз қаласы әкiмиятының еңбекпен қамтамасыз ету және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiнiң маманы Нұржамал Пiралиева ханым сүйiктi ұлының сөзiн жерге тастамай, тiрi жетiмдерге белгiленген жәрдемақы Жәнiбектiң қалтасына құйылсын деп шешiм шығарған. Сонымен, 2006 жылы және 2007 жылдың бiрiншi тоқсанында Жәнiбек Смағұлов өз қанынан жаралған қарадомалақтардың несiбесiн жырып жеп, жырғап өмiр сүрген. Тараздағы тағы бiр түсiнiксiз жайт, осы алаяқтық әшкереленген соң да Жамбылдың қаржы полициясы қылмыстық iс қозғамаған. (“Время” газетi, №40, 19 наурыз, 2009 жыл). Иә, қаржы полициясынан үрейленбеуге, қорықпауға да болар, шынымен Құдайдан да қорықпағаны ма, мемлекеттiк қызметкердiң?! Басқа жамандық бiр бөлек, ал жазықсыз, бейкүнә балаларға, тiптi өз балаларына осыншама зұлымдық жасардай басына не күн туды?! Иланымынан айырылған елде иман қалмайтыны ежелден мәлiм. Жоғарыда айтылғандар, одан да сорақы жайттарға күн сайын ерiксiз куә болып, бастан кешiп отырған жамбылдықтардың иланымнан, ертеңгi күнге деген сенiмнен айрыла бастауы бекер емес. Сондықтан қазiр Таразда ит етiн жеу, сорпасын iшу әуес асқа айналып бара жатыр. Қала ортасындағы Ташкент көшесiнiң бойындағы “Форт Сеул” кафесiнiң бильборды алыстан андағайлап, ерiксiз көз тартады. Самсаған пальмалар қиялыңды алысқа жетелейдi. Тiптi, бұл әлемге әйгiлi туристiк фирмалардың жарнамасынан бiр мысқал кем емес.

— Әй, имансыз болып барамыз ғой, — дедi мемлекеттiк компанияның кiшiгiрiм шендегi қызметкерi аты-жөнiн толық жазуыма мейлiнше қарсы болып тұрып. — Қазiр бiздi үрей жаулап алған. Жұмысыз қалудың үрейi. Бұл қалада қазiр жұмыссыз қалу дегенiңiз — бүкiл арман-мақсатыңа балта шабылғаны деп бiлiңiз. Сосын ерiксiз жағымпазға айналасың. Үрей мен имансыздық, оған жағымпаздық қосылса — адамдық барша қасиеттерден жұрдай боларың сөзсiз. Айтайын дегенiм, апта сайын бiрқатар басшыларымды осы “Форт Сеул” кафесiнде қонақ етуге мәжбүрмiн. Ит етiн жеп, сорпасын iшiп қайтуға келедi. Жүрекке, жалпы денсаулыққа пайдалы десiп, әлгiлер бәрiн жыландай жалмайды. Ең ауыры, өзiң iшiп-жемей, өзгелерге жем болу екен. Ит етiн қайтiп жейiн, бiрақ ит етi тараздықтарға әуес ас болып бара жатқаны ақиқат. Тiптi, той-томалақтарын осында өткiзушiлердiң қатары да көбейiп келедi. Ит етiн жеген қазақтан қандай иман күтесiз?! — дедi тағы да күйзелiп.

— Ә-ә, “Форт Сеул” ме?! Оны жақсы бiлемiн, — дейдi ердiң жасы — елуге таяп қалған Сайлау Жұманов уақытша жұмыссыздығына байланысты ештеңеден қаймықпастан. — Бiр күнi осында арнайы келгенiм де бар. “Тiрi иттi 3-4 мың теңгеден қабылдайды”, деп естiген едiм. Өтiрiк-шынын анықтап бiлгiм келдi. Келсем, қожайын емес, iштен Жанар ма, Айгүл деген бе, әйтеуiр қаракөз қазақ қызы шықты. “Әкелiңiз итiңiздi, 1,5 мың теңгеден қабылдаймын”, — деп қайқайып қара-ап тұр. Ит жыным қозды-ай!

Итiм ит-ақ едi, ал мынау болса су тегiнге алғалы тұр. Қазақтар бiреудiң есебiнен пайда табуға жүдә құмар ғой. Сосын iштен тағы бiр қазақ қызы шығып, екi жақтап басымды айналдырсын. Бiрақ, арзанға көнер жайым жоқ. Дүрегей итiм әзiрге дiн-аман. Өздерiңiз “Форт Сеулден” сорпа iштiңiздер ме?!. Жұрт жапатармағай мақтап жүр ғой тамақтарын.

Жамбыл жерiндегi рухани құлдыраудың шегiне жеткенi соншалық, Талас ауданында соғым сойып, көршi-қолаңды қонаққа шақырған алпысты алқымдаған кiсi қабан етiн қоса асып берiптi. Шошына айыптаған көршiлерiне:

— Аша тұяқ — десеңдер бұл да аша тұяқты. Жабайы қабан шөптiң таза тамырын жеп, судың мөлдiрiн iшедi. Мұның етiнен адал асты таппассыңдар, — деп уәж айтса керек. Әуесқой, көрсеқызар қазақтар қабан етi қосылған соғымнан бiр асым ет қалдырмай жалмап қойыпты. Бұл — нақты өмiрде болған өкiнiштi оқиға! Осыған дейiн имандылық тұнған нағыз қазақи өңiр— дiнге, сенiмге берiк оңтүстiктегi Жамбыл жерiнде осындай келеңсiздiктер орын алып жатса, қазақ даласының басқа қиырлары одан да сорақы шығар-ау. Ұлт өзiн өзi тәрбиелеуге, қиындықтарға қарсы шыңдауға қабiлетсiздiк танытқан шақта дiнi мен дiлiне, халықтық иланым мен иманына кереғар дүниелерге жаппай құмартып, торығудың кесiрiнен асқақ рухы, намысы мен мақсат-мұраттарынан қол үзе бастамақшы. Жамбыл өңiрiндегi тұрғындардың көбiсi торығулы күндердi бастан өткеруде. Бiз кiм болып барамыз осы?!

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары