ШӨКЕЕВТЕН “ТАЯҚ” ЖЕГЕН ЖЕТПIСБАЕВ ЕНДI ҚАЙТЕР ЕКЕН?

ШӨКЕЕВТЕН “ТАЯҚ” ЖЕГЕН ЖЕТПIСБАЕВ ЕНДI ҚАЙТЕР ЕКЕН?

ШӨКЕЕВТЕН “ТАЯҚ” ЖЕГЕН ЖЕТПIСБАЕВ ЕНДI ҚАЙТЕР ЕКЕН?
ашық дереккөзі
278

Шымкент қаласының әкiмi Арман Жетпiсбаев қала халқы үшiн қарық қылып жұмыс iстеп жатқан жоқ. Жаңадан облысқа басшы болып келген Асқар Мырзахметов те, Премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шөкеев те Жетпiсбаевтың жетiспеген тiрлiгi туралы қадап-қадап сын айтты. “Борсықты ұра берсең семiредi” дегендей, үлкен шенеунiктер сынай берсе “бала шопан, аға шопан” болып кете қоймас.

Арман Жетпiсбаевтың қала әкiмi болып тағайындалғаннан берi “о, бәрекелдi, тындырымды, iскер әкiм екен” деген жақсы әңгiме көп есiтпедiк. Кейбiр “сарай ақындарының” жағымпазданып, жиын-тойларда iшiн кептiрiп мақтағаны болмаса. Соңғы кездерi бұл әкiмдi “көтере алмайтын шоқпарды белiне байлағаны несi?” деп сынап-мiнеп шулап жатқаны. Шөкеев Оңтүстiк Қазақстан облысына жақында келген iс-сапарында Жетпiсбаевты жерден алып, жерге салып сiлкiледi. Экономикалық дағдарыс кезiнде жұмыссыздықпен күресiп, жаңа жұмыс орындарын ашып жатқанын айтып “Америка” ашқандай желпiне сөйлеген бұған Шөкеев: “Арман, бұл не? Дағдарыс, жұмыссыздық деген де жұмыс па? Үлкен, ауқымды тiрлiктермен неге айналыспайсың? Бiз Шымкентте санаулы уақыттың iшiнде көптеген жұмыстарды атқарып кеттiк. Қаншама жолдар жөндедiк. Қала ортасындағы “Көлдiң” айналасын көркейтемiз дедiк, ойға алғанды iстедiк. Бiз 20 сквер iстеймiз дедiк, ойға алғанды iстедiк. Сендер неге “Қошқарата” өзенiнiң айналасын осы уақытқа дейiн түрлi нысандар салып, демалыс орнына айналдырмағансыңдар? Мен қаншама кәсiпкерлердi осындай жобаларға демеушi болуға, iстеп беруге келiстiрген едiм. Сен келген соң олардың бәрi жүзеге аспапты. Ешқайсысы жоқ. Ау, олармен арада келiсiм бар ғой. Айтып iстетер болсаң тегiн атқарылар жұмыс. Бәрi қол қойған. Iстемесе сотқа бер, жеңесiң. Жұмыс iстеу керек қой” деп Жетпiсбаевтың қала басшысы болып отырса да, түк тындырмай отырғанын бетiне басты.

Арман Жетпiсбаевтың облыстың жаңадан тағайындалған әкiмi Асқар Мырзахметовтен де қала әкiмшiлiгiнде өткен жиында сөз естiп масқарасы шықты. “Сол баяғы, баяғы қойшымыздың ескi таяғы” демекшi, өзiнiң шабармандары көз майын таусылтып дайындаған ескi әлеулейiн көз жұмбай оқи бастағанда, облыс әкiмi: “… маған халық алдында, бұрынғы облыс әкiмiнiң алдында бiрнеше мәрте оқып берген есебiңнiң керегi жоқ. Одан да күрделi мәселелердi қалай шешесiң, соны айт” деп Арманның көпiрме көп сөзiн тыңдамай тыйып тастады.

Жетпiсбаевта осыдан кейiн қандай абырой қалды? Нақты бағдарламасы жоқ қала қалай гүлденiп, көркейедi? Қала әкiмi өзi құрылтайшы болып саналатын газет редакциясын ақындар айтысының алаңына айналдырып жiбердi. Өзi сырттан тегiн “концерт” тамашалағандай, екi құлағы езуiне жетiп, мәз болып жүрдi. Қалада көптеген көшелердiң айран-ботқасы шығып жатыр. Көптеген әлеуметтiк нысандардың құрылыстары әлi бой көтермедi. “Қаланың бюджетi тығырыққа тiрелген” деп ботадай боздағанмен Жетпiсбаевқа аспаннан ақша жаумайтыны ақиқат. Жоқтан бар жасау Жетпiсбаевтың бойында жоқ қасиет екен. Барды да ұқсатып жаратқаны шамалы. Қалада 53 мыңдай тұрғын жер кезегiнде тұр. Бұл қазақ санының өспейтiнiне кедергi жасайтын әлеуметтiк құбылыс. Үйi жоқ, күйi жоқ адам қалай отбасын құрып, шаңырақ көтередi. Шымкентте ауқымды жобалар жасалынып, көбi iске аспай жатыр. Ертегi елiндегiдей қиял-ғажайып өмiрдi макеттерден тамашалау Шымкентте қалыпты көзбояушылық тiрлiкке айналды. Мұндай жобалардың көбiсi iске аспай әдiрем қалды. Ескi шаһар көшiрiлiп, оның орнына салынады деген жоба жайына қалды. Орталық алаң маңындағы қазан шұңқыр қашан жабылып, ертегi елiндегi ғимарат қашан тұрғызылады? Айра-жайрасы шығып, тас-талқан болған спорт сарайы қашан қалыпқа келедi? Қарапайым халықты алдау бүгiнде шенеунiктердiң әдетiне айналып барады. Мұндай даңғаза, көзбояушылық тiрлiктерге Мырзахметов мырза тосқауыл қояды деген үмiттемiз. Арман Жетпiсбаев осындай жобалар жасап, “Қошқарата” бойын гүлдендiремiн деп елдi бiр дүрлiктiрдi. Ендi келiп қаланың бас жоспары туралы ақылға сыйымсыз қиялын жалпақ жұртқа жария етiп жатыр. Бұл жобаға миллион, миллиардтаған қаржы керектiгi бесiктегi балаға да түсiнiктi жағдай. Бұл жоба да бұрынғы жобалардың кебiн кимесе болғаны. Одан да Шымкенттi дүрлiктiрiп жатқан “Шаңырағын” реттеп алса болмай ма? Кешегi аптада бұл мөлтекауданның тұрғындары облыс әкiмiдiгi ғимараты алдына жиналып, екiншi рет өз талаптарын қойды. Бұл тұрғындарды улатып-шулатып жүрген, уәдесiнде пәтуа жоқ қала әкiмiнiң орынбасары Ерғали Бiлiсбеков. “Досыңның кiм екенiн айт, мен сенiң кiм екенiңдi айтам” демекшi, бұл да Жетпiсбаевтың ең сенiмдi орынбасары. Орынбасарына қарап, қала әкiмiн жазбай тануға болады. Шымкентте бiр айға жуық уақыттан берi бiр топ адам банктегi қарыздарынан құтыла алмай аштық жариялап, улап-шулап жатыр. Қала билiгi бұған селт етпей отыр. Оған Арман Жетпiсбаевтың бас қатырып жатқан кейпiн көрмедiк. Қаладағы бiлiм саласындағы олқылықтар да жеткiлiктi. Мұғалiмдердiң мұқтажын тыңдауға бiлiм бөлiмiнiң меңгерушiсi мен оның орынбасарларының мемлекеттiк тiлде сөйлей де, жаза да алмайтындығы ата-аналар мен ұстаздарды шошындырып отыр. Бұл өз алдына бөлек әңгiме.

Қалада проблема шаш-етектен. Шөкеев айтқандай қаладағы бұрынғыдай абыр-сабыр тiршiлiк көзге көрiнбейдi. Айға қарап армандайтын Жетпiсбаев ендi қайтер екен?

Балтабек ТYЙЕТАЕВ

Серіктес жаңалықтары