БҰЛАҚ БАСЫНАН ТҰНАР НЕМЕСЕ АРАЛАС МЕКТЕП БАҒЫМЫЗ БА, СОРЫМЫЗ БА?

БҰЛАҚ БАСЫНАН ТҰНАР НЕМЕСЕ АРАЛАС МЕКТЕП БАҒЫМЫЗ БА, СОРЫМЫЗ БА?

БҰЛАҚ БАСЫНАН ТҰНАР НЕМЕСЕ АРАЛАС МЕКТЕП БАҒЫМЫЗ БА, СОРЫМЫЗ БА?
ашық дереккөзі
377

Бүгiнде республикамыздағы қоғамдық ой ағысында аралас мектеп туралы ұғым – таным әртарапты ой-пiкiрлер тудыруда. Шынында аралас мектептiң пайда болу жолы бүкiл әлемдiк отаршылдық саясаттың үдере даму тарихы мен даму жолында туындаған саяси идеологиялық құбылыс екендiгiне мән бере қарайтын кезең туды.

Ол құбылыстың болмысын ғылыми тұрғыдан танып бiлу мiндетi бүгiнде бiздер үшiн өткiр түрде алға қойылып отыр. Отпен атылатын қару-жарақтың жаңа түрi (мылтық, зеңбiрек) пайда болысымен-ақ осы қаруды иемденген Европалық отаршыл мемлекеттер дүниенi тұтас жаулап, отарлауды алдына басты мақсат етiп қойды. Мысалы, ХVI ғ. бастап Американың байырғы халқын қырып, жойып, христиан дiнiне шоқындыру әрекетi күшпен, зорлықпен ендiрiлдi. Бүгiнгi супердержава АҚШ мемлекетi осы жердiң жергiлiктi 12 млн. үндiстерiн қынадай қырып, байлық пен жер iздеп келген басқыншы баскесерлердiң ұрпағы екенiн олар бiледi.

Осымен бiрге европалықтар Азия халықтарын отарлауды да жедел қолға ала бастады. Мұндағы бiр ерекшелiк, отарлау саясатында Ресей империясы өзiне тән культрагерлiк "ағартушылық" бағытты идеологиялық қалқан етiп ұстанды. Жергiлiктi отарланған халықтарды билеп төстеудiң ұрымтал түрi аралас мектеп арқылы жергiлiктi ұлттардың балаларын ұлтсыздандыру жолымен ұсақ ел билеу қызметiне жегудi яғни төменгi майда ұсақ ұлт чиновниктерiн даярлауды қолға алды. Мұнысы тарихи саяси қажеттiлiктен туған айлалы әрекет едi.

Бұл саясаттың туу тарихын танып бiлуде Ресей империясының Түркия түрiктерiнен басқа барлық түрiк халықтарын тұтас жаулап алып, Орынбор, Ташкент, Омбы сияқты орталық қалаларда орыс – түземдiк мектептер ашып, орыс тiлiнде оқыту арқылы табиғаты сатымсық ұсақ чиновниктер даярлауға кiрiсуден басталды. Миссионерлiк саясаттың басында Орынборда профессор Ильминский, Ташкентте профессор Остроумов, Омбыда профессор Алекторов отырды. Өйткенi православия дiнiнiң орталығы Святой синод түрiк халықтарын шоқындырып, орыстандыру үшiн екi тiзгiн бiр шылбырды миссионер ғалымдарға ұстатты. Миссионерлiк саясат мемлекеттiк саясат болуы себептi қаражатты да аямай көл-көсiр етiп төктi.

Ресей империясы Қазақстанды бiр жарым ғасыр iшiнде әрең жаулап алды да, ХIХ ғасырдың екiншi жартысында Орта Азиялық Бұқара эмираты мен Қоқан, Хиуа хандықтарын екi-үш жыл iшiнде-ақ опай-топайын шығарып бодандық құлдық қамытын мойнына кигiзiп үлгердi. Жергiлiктi халықпен iштей қарым-қатынас жасау үшiн әрi оларды бiртiндеп орыстандырып шоқындыру мақсатымен орыс-түзем мектептерiн ашуды қызу түрде қолға алып, жүзеге асыра бастады. Мысалы, Сырдария губерниясының тұңғыш-генерал-губернаторы фон – Кауфман Перовскiдегi (Ақмешiт) орыс-түзем мектебiн көзден өткiзiп тексеру үшiн келдi. Орыс тiлiнде оқып жатқан бұратана халықтардың баласы оқитын мектептiң дәрiсiне кiрiп, балалардың орыс тiлiн жақсы меңгерiп жатқанына ризашылық бiлдiрдi. Бiрақ қоңырау соғылып, балалар далаға шығып ойнап жүргенде, олар тек қазақ тiлiнде сөйлеуiне назар аудара қарады. "Неге олар өз тiлiнде сөйлейдi, не себептi олар өздерi оқыған орыс тiлiнде сөйлеп ойнамайды? Олар өз тiлiн ұмытып, тек орыс тiлiнде ғана сөйлеп кетуi үшiн не амал қолдану керек?" Отаршыл генерал ойланды, ойланды да бiр байламға келдi. Ол байламы мектепте орыс балалары мен қазақ балаларын аралас мектеп арқылы бiрге қосып оқытып, орыс тiлiнде сөйлеу ортасын орнықтыру керек деген байламға келдi. Сөйтiп орыс, қазақ балаларын араластыра оқыту қажет деген кеңес бердi. Генерал-губернатор келесi жылы осы ойының жүзеге асуын тексеруге арнайы түрде қайта айналып келiп, олардың ойын үстiндегi сөйлеу тiлiн бақылады. Балалар ендi қоңырау соғылған соң далаға шығып, бәрi де орыс балаларымен араласып, орысша сөйлеп ойнап жатты. Мақсаты жүзеге асқанына дән риза болды. Осы қалыпты орнықтыруға кеңес бердi. 1903 жылы Әулиеата қаласында ашылған қыздар гимназиясы да осы саясаттың ағарту саласындағы жемiсi едi.

Басы профессор Ильминскийден басталған аралас мектеп арқылы шоқындырып орыстандыру, ұлтсыздандыру өмiрге осылайша жол тартқан едi. Алғашқы қазақтан шыққан кеңсе қызметiндегi шала қазақтар мен ада қазақтар осы аралас мектептiң "жемiстерi" болатын.

Ресей империясы өзiнiң отаршылдық саясатының басты мақсаты – отарланған бөгде ұлт атаулының бәрiн ортақ бiр дiнге, бiр тiлге келтiру арқылы саяси бiртұтас организмге айналдыру болды. Осы ұлы державалық саясат орыс халқын монотiлдi халыққа айналдырып жiбергенiн бүгiнде күнде көрiп, танып бiлiп отырмыз.

"Көн қатса қалыбына" дегендей халықтар достығын ұрандатып шыққан большевиктер де Ресейдiң ұлы державалық саясатынан түпкiлiктi түрде қол үзе алмай, сол отаршылдық саясаттың мұрагерiне айналып кеттi. Ресей отарында болған халықтардың бәрi де түптiң түбiнде бiр бiрiне сiңiсiп (слияния нации) кететiнiн В.И.Ленин де қолдап: "Целью социализма является не только уничтожение раздровленности человечества на мелкие государства и всякой обособленности нации, не только сближение нации, но слияния их", (иск. Том 27, стр 250), – деп, iшкi танымындағы орыстандыру ниетiн сол тұста-ақ ашық айтып жазған болатын. Осы басты идеяны ұстанған КПСС ОК-тi 194 ұлт пен ұлыстан тұратын этностарды бiртұтас совет халқына яғни орыстiлдi халыққа айналдырудың идеясын кемелденген социализмдi құру заманында жүзеге асыруға күш сала кiрiстi. Кейбiр мүлде мәңгүрттенген бозөкпелер төлқұжатына ұлтын "советтiк ұлт" деп көрсетуге ұрынды. Осы ұлы державалық шовинистiк саясаттың бет алысын ұлы төңкерiс болмай тұрып-ақ ерте сезiнген А.Байтұрсынұлы 1914 жылы "Қазақ" газетiнде жарияланған "Бастауыш мектеп" деп аталатын атақты мақаласында: "…орысша школдарда тәртiп те бар, құралдар да сай, мөлшер, жоспар – бәрi де бар. Бiрақ сонысына қарай пайдасы аз. Олардың пайдасын кемiтiп отырған бiр-ақ нәрсе – қазақты орысқа аударамыз деген пiкiр бәрiн бүлдiрiп отырған. Сол школдар арқылы қазақ тiлiн жоғалтып орыс тiлiне түсiремiз дейдi. Хүкiметке жағымдысы – қол астындағы жұрттың жазу-сызуы тiлi, дiнi бiр болу… орыспен бiрдей болып сiңiсу үшiн бiрден орыс тiлiмен оқыту керек… Хүкiметке керегi мемлекеттегi жұрттың бәрi де бiр тiлде, бiр дiнде, бiр жазуда болу, әр халыққа керегi – өз дiнi, тiлi, жазуы сақталу", – деп орыстандыру идеясының мемлекет тарапынан қолға алынып отырған түпкi мақсатын ашып көрсетiп, келер ұрпақты сол кезде-ақ сақтандырған болатын. В.И.Лениннiң ұлттарды жақындастырып қана қоймай, оларды мүлде сiңiрiп (слияния) жiберу туралы ойының астарында Ресей империясының өмiр бойы ұстанған миссионерлiк идеясының мақсаты жатыр.

Әскери қызметте жүрген Бауыржан Момышұлы 1948 жылы жалғыз баласы Бақытжанды мектеп табалдырығын аттатып, ана тiлiнде оқытпақ болғанда, алдынан құрулы кедергiге кездеседi. Осы жөнiнде өзiнiң сырлас досына хат жазғанда: "Вчера отвел Бахыта в школу, он теперь ученик 56-ой русской школы(самая близкая к нашему дому-один квартал). Единственные нежелательные меня (моего сознания) то, что он будет получать начальное образование не на радном языке т.е. сразу начнет с "шоқынғанства"… к моему огорчению, в столице Казахстана начальная казахская школа давным довно окозалось не в почете, их всего две и они на самой окраине города", – деп сескене қарауында қатпарлы сырлар жатқандай сезiледi. Өйткенi бұл ой оның 1943 жылы жазылған атақты "Қазақ тiлi туралы" мақаласынан соң туындап отыруында да белгiлi бiр танымдық сыр жатқанын аңғартады.

Отаршыл Ресей империясы Азиядағы түрiк халықтарының атамекен туған жерiн зорлықпен жаулап алып отарлауда сквотерствалық әдiстi қолданды. Яғни отарланған басқа ұлттардың жерiн басып алысымен, сол жерге келiмсектердi көптеп орналастырып, ретi келсе жергiлiктi ұлтпен мидай араластырып орыстандырып жiберу үшiн әрi орыс тiлiнде басымдыққа жету жолында водворение саясатын армансыз пайдалануға қол жеткiздi. Бұл саясат Хрущев заманында тың, тыңайған жердi игеру ұранымен жүргiзiлдi. Осы мақсат тұрғысынан қазақ жерiне бiр жарым миллионнан астам тек қана славян халықтарының өкiлi әкелiнiп, оларға барлық жағдай жасалды. Тың көтерiлген жерлердегi 700 қазақ мектебi қысқартылып, олардың бәрi де аралас мектептерге айналып, мектептерде орыс тiлi үстем тiлге айналып жүре бердi. Бұған Н.Хрущевтiң неғұрлым орыс тiлiн тезiрек бiлсек, коммунизм де соғұрлым тез орнайды деген желбуаз сөзi ұранға айналып, қазақтарды ұлтсыздандыруға дем берiп жатты.

Қазақ жерiнде аралас мектептердiң қаптай ашылуы да осы тұста жылдам жүзеге асып, қалыптаса бастады. Патшалық Ресей кезiнде отаршылдық мүдде тұрғысынан дүниеге келген орыс-түзем мектептер бiртiндеп аралас мектептерге айналса, мектептiң осы дәстүрлi түрiн Совет педагогикасы мұрагер ретiнде қабылдады. Мемлекет оның дамуына тiкелей жол ашып, ғылыми тұрғыдан негiздеп насихаттап жатты.

Педагогика ғылымы саласында аралас мектептер туралы "ғылыми" iзденiстер жүргiзiлiп, ресми түрде диссертациялар жазылып, ресми түрде ғылыми кеңестерде қорғалып жатты. Бұл күрделi әрi нәзiк ұлттық мәселенi интернационалистiк тәрбиемен байланыстыра көтерген қарапайым педагогтар емес, Қазақ ССР оқу министрлiгiнде министр болғандардың өзi жоғары жаққа жағына түсу үшiн бiлек сыбана кiрiскен мәселеге айналды.

Ертеде миссионер ғалымдар Ильминскийден бастап қазақты орыстандырып шоқындырудың шешушi кiлтi немесе басты идеологиялық құралы – мектеп, оның iшiнде аралас мектепте жатыр деп ерекше мән бере қарады. Кеңестiк идеологтар да ортақ бiр тiл, бiр халық болып қалыптастыру саясатын мықтап ұстана бастады. Себебi халықтар достығы ұранын бүркенiп орыстандыру арқылы ұлтсыздандыру саясатын саналы түрде жүргiзгендiктен, аралас мектептiң өрiс алып, кең құлаш жайуына айрықша жол ашылды. Осы себептi де Қазақ ССР Оқу министрiнiң орынбасары А.В. Щербаков өзi жазған диссертациясының басты ғылыми қорытындысы ретiнде аралас мектеп туралы: "Анализируя работы всех видов школ, автор делает вывод, что в условиях многоноциональных республик (а так им становятся все республики нашей страны) смешенным школам принадлежит большое будущие" (диссертацияның 11-бетi), – деп аралас мектеп түрiне шешушi мән бере қарады. Яғни аралас мектептi мәселенiң шешушi кiлтi ретiнде танытып отыр. Патшалы Ресейдiң мектеп саласындағы миссионерлiк саясатына коммунист ғалым әрi Оқу министрiнiң орынбасары А.В.Щербаковтың диссертациясындағы идеялық ұстанымы патша миссионерлерiмен салыстыра қарағанда бiрiн-бiрi айна қатесiз қайталап, iштей сабақтасып тұтасып жатыр.

Заманында бұл танымды бiлсе де есi бар бiлiктi, ойлы зерек азаматтардың өзi ашық түрде терiстей алмады. Көтере қалса буржуазиялық ұлтшылдық таңбасы басылатыны себептi сырттай болса да ерiксiз мақұлдауға мәжбүр едi. Министрлер бастаған ағартушылық саладағы бұл миссионерлiк бүркемеленген саясаттың "жемiсi" бүгiнде тәуелсiз Қазақстандағы сегiз мыңға жуық мектептiң өзiнен қомақты өз үлесiн алып отыр. Аралас мектептегi орыс сыныптарында оқитын оқушылардың көбi қазақ балалары мен ұсақ ұлттардың перзенттерi. Мысал ретiнде Жамбыл облысын алар болсақ, аралас мектептерде орыс тiлiнде бiлiм алатын 44.747 оқушының 23,5 %-ы қазақ, 22,9%-ы орыс, 53,6%-ы басқа ұлт балалары. Ұсақ ұлттың балалары қазақ ұлтсыздары сияқты мемлекеттiк тiлден гөрi орыс тiлiн жоғары қойып, соған қарай бағыт алып отыр. Бұған мектеп басшылары айрықша мән бере қарағаны дұрыс болар.

Мiне, осы мектепте оқитын қазақ қыздары мен ұлдары өздерi жетiсiп тұрғандай ертедегi орыс петиметрлерi мен кокеткаларына ұқсап, қазақша оқитын қазақ балаларын "мамбет", "мамбетка" деп кемсiтiп, рухын жасытатындардың өзi ұлтсызданған топтың қарасын күн өткен сайын толықтырып көбейту үстiнде.

Патшалық Ресейде аралас мектептiң басында миссионер ғалымдардың идеологтары профессор Ильминский, Остроумов, Алектровтар тұрса, Кеңестiк дәуiрде олардың идеялық мұрагерлерi Қазақ ССР Оқу министрi профессор Ә.Сембаев пен оның орынбасары А.В.Щербаковтың тұруы, профессор Ә.Сембаевтың ғылыми жетекшiлiгiмен диссертация қорғауы көп мәселенiң астарлы сырын бүркемелеп, өз халқын өз мүдделерiнiң құрбандығына шалып отыр. ҚазПИ-дiң ғылыми кеңес мүшелерiнiң бiрауыздан мақұлдап дауыс беруi де ұлттық мүддеден гөрi рухани құлдық сананың шылауында кеткен қалпын айна қатесiз айғақтап тұр.

Қазақ ССР Оқу министрi, ССРО-ның педагогика ғылымдары Академиясының (АПН) мүше – корреспондентi, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ә. Сембаев өз орынбасары А. В. Щербаковтың кандидаттық диссертациясына "Некоторые вопросы научно-педагогических основ интернациональных воспитаниие учящихся" (на материалах школ Казахстана) деген тақырып ұсынып, өзi iштей қабылдап мойындаған идеясын жүзеге асыру үшiн, кәсiптес әрiптесiне ғылыми жетекшiлiк етедi. Бұл еңбектiң идеялық ұстанымы: қазақ мекептерiнiң күнi өттi, өйткенi Одақ келешекте бiртiлдi халық болатындықтан, қазақ тiлiнiң де келешегi бұлдыр, өмiрден өшетiн тiл деп жаназасын шығарып қойған топтың дүниетанымы болатын. Өйткенi Бауыржан Момышұлы 1955 жылы 28 наурыз күнi министрмен пiкiр алысқанда, ол қазақ тiлiнiң тазалығы жолында күресiп жүрген Баукеңе: "Қазақ тiлiнiң тазалығын қорғап арамтер болып қайтесiң, ол бәрiбiр құритын тiл", – деп ақыл айтуын қазақтың билiктегi саяси элитасының ортақ пiкiрi деп бiле берген жөн. Осы арқылы министр аралас мектептi не үшiн қорғаштап, ғылыми еңбек жаздыруының астары империяның миссионерлiк саясатында жатуы талас тудырмайтын шындық болатын .

Диссертант архив деректерiне үңiле қарап, өз танымы тұрғысынан ғылыми талдау жұмыстарын жасай бiлген. Ол зерттеушi ретiнде орыс миссионерлерiнiң еңбегiмен таныс болса да, олардың аралас мектеп жайында ұстанған танымы жайында жұмған аузын ашпайды. Автор ұсынатын дерек – мағлұматтар арқылы-ақ қазақ, орыс мектептерi арасындағы айырмашылықты салыстырып көру арқылы-ақ көп мәселенiң астарына көз жеткiзсе де, одан саналы түрде қашқақтайды. Мұнысы заңды да. Олардың идеясының мазмұнын ашса, өзiнiң арты ашылайын деп тұрған соң, әрине, ол жаққа аттап қадам баспайды.

Министр орынбасары Щербаковтың деректерiне сүйенсек, 1911 жылы Қазақстанда 1475 орыс мектебiнiң 81.416 оқушысы болса, қазақ мектебi 350-ақ, ал оқушысы 7600-ге әрең жетiп тұр. 1924 жылы Қазақстанда 2624 орыс мектебiнiң 185540 оқушысы болса, қазақ мектебiнiң саны 821, ал оқушыларының саны 53.500 ғана болған. Яғни, орыс мектебiнде оқушы саны үш еседен асып тұр. Бұл жылдары қазақтардың саны өз елiнде 6 млн.-ға жуықтайтын.

Ал, 1968-69 оқу жылында орыс оқушылары 1.891.359 бала яғни республика оқушыларының 75% құрады. Осы жылдардағы қазақ оқушылары 581.884, яғни 25%-ақ. Яғни, қазақтар бүкiл оқушылардың төрттен бiрiне әрең iлiгiп тұр. Диссертант Қазақстанда аралас мектептердiң жыл асқан сайын молығып, саны арта түскенiне қуана отырып, мына деректердi айғақ ретiнде келтiредi:

1937-38 жылы аралас мектеп 478;

1940-41 жылы аралас мектеп 841 (2 есеге жуық асып отыр);

1954-55 (тың игеру жылдарында) аралас мектеп 1228 (бұрынғысынан 3 есе асып отыр);

1958-59 жылы аралас мектеп 1567 (4 есеге жуық асып тұр);

1968-69 жылы аралас мектеп 1681(азаю орнына тағы да асып отыр).

Қырық жыл iшiнде аралас мектеп саны 4 есеге таяу көбейген. Тiптi, Жамбыл облысы Қордай ауданында 1941 жылы 9 ғана аралас мектеп болса, ол 1968 жылы 31-ге жеткен, яғни қазақы ауданның өзiнде аралас мектеп төрт есеге жуық көбеюi-ақ авторға Қазақстанның келешегi аралас мектепте жатыр деген қорытынды жасауына негiз берiп тұр. Бұл деректер көзi қазақ мектептерiнiң бiртiндеп жойылуға бет алғанын айғақтайды. Қазақстанда аралас мектептердiң үдере дамып қарқын алып өсуiне, ұлттық мектептердiң өмiрден бiртiндеп ығыстырылуына зиялы топтың озық ойлы өкiлдерi үн қатпай қала алмады. Мәселенiң астарына, алдымен, сыншыл ой көзiмен қарай бiлген Б.Момышұлы диссертация авторының сөз арасында басты да терiс идеяны бүркемелеп ендiрiп отырғанын тап басып тани бiлдi де, Сәбит пен Мәлiктiң бұл ұлт үшiн қауiптi мәселеге ресми түрде қарсылық бiлдiруiн талап етедi. Қазақстан мектептерiнiң болашағы аралас мектепте жатыр деген идеялық танымды ұстанған Қазақ ССР Оқу министрiнiң орынбасары қызметiндегi А.В.Шербаковтың кандидаттық диссертация қорғауы да сол кезеңде жүзеге асуы кездейсоқ құбылыс емес едi. Өйткенi бұл ғылыми зерттеу жұмысының ұсынған жолы Орталықтың саяси-идеологиялық талабына сай келетiн. Бұл диссертацияның астарында қазақ мектептерiне төнген қатерлi қауiп жатқанын сезiп тани бiлген Б. Момышұлы өз қарсылығын ашық айтпай тұра алмады. Мысалы, өзiнiң сыйлас, қарулас досы орыс жазушысы Дм. Снегин Бауыржан Момышұлымен сырласу кешiнде болған әңгiме желiсiн оқырман назарына ұсыну жөн шығар:

Бауыржан Момышұлы:

– "Я познакомился с авторефератом одного сары орыса (А. В. Щербаковты айтып отыр. М. М.). Между строк вычитал: будущий ученый муж призывает закрыть казахские школы, поскольку современные казахи говорят на русском языке", – десе, Дм. Снегин:

– Я разделяю гнева батально настроенного Бауыржана, но мне трудно смириться с мыслью что "этот ученый муж" мог в своем трактате придти к такому выводу. Может быть, тебе показалось…между срок? – деп наныңқырамай сынай қарағанда Баукең:

– Я возмущен, оскорблен: это – гибель народа! И представь, главными консультатами у автора автореферата – Сабит Муканов и Малик. С ума можно сойти. Позор. Я им приказал признать ошибку и отказаться" (Дм. Снегин. Открыты всем. Арысым едi-ау Бауыржан. Изд. "Казақстан", Алматы, 2002, стр.18), – деп Баукең батыл қадамға бастайды да, Сәбит Мұқановқа жазған хатында: "Сәке! Мен ойланып, ҚазПИ-дiң бүгiнгi жиналысына бармайтын шешiмге келдiм. Бiр жаман орысқа күллi қазақ шуылдап, жабысу бiзге жараспайды. Адамды өлтiру үшiн бiр-ақ оқ керек. Сiздiң сөзiңiзге қосымша т.24, 154-155-бет В. И. Ленин: "У нас например, при комиссариате просвешения или около него есть коммунисты, которые говаря: Единая школа, поэтому не смей учит на другом языке, кроме русского. По-моему такой коммунист это великорусский шовинист. Он сидит во многих из нас. С ним надо бороться, их надо убрать с пути просвешения", – дейдi деп өз көмегiн ұсынады. Шынында да, атақты жазушы С. Мұқанов Баукең талабына мойын ұсынып, диссертацияны қорғау үстiнде А. В. Шербаковтың терiс пiкiрiне батыл қарсы шығып, ғылыми кеңесте ашығынан кетiп, аралас мектеп туралы бүркемеленген ойын әшкерелей сөйлейдi:

"…Патша үкiметi тұсында ашылған алғашқы орыс мектептерi отарланған халықтар үшiн миссионерлiк мектептер едi. Бұдан 200 жыл бұрын, тiптi, орыстың кертартпа тарихшысы М. И. Шербатовтың өзi "бұратана халықтар үшiн ашылған миссионерлiк мектептер осы халықтарды құлдандырудың бiрден бiр жауыз тәсiлi" деп жазды. Жүз жылдан соң осындай пiкiрдi сiбiрлiк тарихшылар А. К. Шапов пен өткен ғасырдағы бурят ағартушысы Доржи Банзаров және басқалар айтып кеткен патшалық Россияның мектептерiндегi миссионерлiк бағыт ХIХ ғасырдың аяғына дейiн жалғасып келдi. Кейiн ол "орыстандырумен" алмасты. Диссертанттың жер көкке сиғызбай мақтап отырған "орыс-түзем" немесе "аралас" мектептерi – осы соңғы айрықша реакциялық ағымның жемiсi…

Диссертанттың пiкiрiнше, нақтылы интернационалдық тәрбиенi қазақ балалары тек қана аралас мектептерден ғана алмақшы. Оның пiкiрiнше, "кез келген көп ұлтты мемлекет жағдайында барлық ұлттарға түсiнiктi болатын бiр тiлдiң қажеттiлiгi сөзсiз туындайды", – дейдi.

Диссертант мұнысымен не айтқысы келедi?

Әлде, тек қана отаршылдардың тiлдерiнде сөйлеп, оқу керек пе?

Қазақ мектептерiн тарату туралы диссертант ашық айтпағанымен де, бүкiл диссертацияның iшкi мәнi осындай…

Ұлттық мектеп – кез келген халықтың ұлттық мәдениетiнiң қайнар көзi. Мәселен, тiлдiң, әдебиет пен баспасөздiң, өнердiң көптеген түрлерiнiң, тiптi, ақыр аяғында ұлттың ұлт болып саналуының негiзi… мен өзiмнiң ой-пiкiрiм мен қарсылығымды ашық айтуым керек", – деп (Қожахметова Мәриям. "Менiң Сәбитiм". Алматы, 1993, 33-36 бет) ағынан жарылған кезi болатын. Коммунистердiң жолына құлай берiлген партияшыл, шығармаларының бәрiнде тапшыл бағыттағы ақын, тiптi,

Советтiк сөзге қаламы

Көрмеген әсте мұқалып.

Мұны жазған кәдiмгi,

Белгiлi Сәбит Мұқанов, –

деп желпiнiп жүрген нар қазақтың өзiн тайдай тулатқан аралас мектеп мәселесi яғни қазақты орыстандырып ұлтсыздандырудың шешушi кiлтi тәрiздi қиын да күрделi мәселе болатын. Осындай қатерлi мәселенiң бүгiнде тәуелсiздiк туын көкке көтерген Қазақстанда тағы да түйiнi шешiлмейтiн бiтеу жара сияқты алдымызға қойылуында қандай себептер жатыр? Әрине, мұның түптамыры түрiк халықтарын, әсiресе, соның iшiнде бiздi отарлаған Ресей империясының орыстандыру, ұлтсыздандыру– осы арқылы қазақ ұлтын рухани құлдыққа түсiрiп, тоғышар тобырға айналдыру саясатының бiздiң санамызға сiңiп сүрленiп қалуында жатса керек. Санадағы осы ортақ рухани құлдықтың белгiсi – оқу ағарту жүйесiнде тәуелсiздiк қолға алынысымен-ақ аралас мектептердi бiртiндеп тарата берудiң орнына дәл бүгiнге дейтiн жыл сайын саны жағынан үдере дамып, үздiксiз өсiп отыруында жатыр. Мысалы, 1968-1969 жылы аралас мектеп саны республикамызда 1689 мектепке жетсе, ол 2007 жылы 2068 мектепке бiр-ақ жеткенi айғақ.

Бұл саясаттың алғашқы "жемiсi" тiлi, дiлi, дiнi жағынан бiртұтас қазақтардың 1937 жылғы қызыл қырғыннан кейiн тiлi жағынан ада қазақ, шала қазақ және таза қазаққа жiктелiп, кетуiнде жатыр. Таза қазақ дегеннiң өзi де дүниетанымы жағынан мәңгүрттенiп, дiннен қол үзе бастаған тобырға айналуда болатын. Бұл қазақтарды кемiту емес, шындықтың өзi осындай болса не iстерсiң?

Аралас мектеп мәселесi Қазақстанда оң шешiмiн тауып, бiртiндеп азаюдың орнына күннен күнге молығып көбейiп бара жатуы бiз үшiн орыстар айтқандай "Кащей бессмертныйдың" өзi болып тұр. Өйткенi ол жайында зиялы қауым дабыл қағып, қарсылық бiлдiрiп жатса да, қазiрдiң өзiнде ол молығу үстiнде болуы бiздi қатты ойландыруда.

Аралас мектептер арқылы өзгелердiң идеологиялық жағынан жан-жақты қысым етуiмен енген түрлi себептерiн танып бiлу бүгiнде аса қажет мәселеге айналып отыр. Өйткенi аралас мектептер жайында қаншама сыншыл, өткiр де дәлелдi пiкiрлер айтылса да, оқу-ағарту департамент қызметкерлерiнiң оянып үн қатар түрi байқалмайды. Өйткенi олар жым-жырт "сен тимесең мен тимен бадырақ көздiң" өзi болып тұр.

Аралас мектеп тағдыры мен өткендегi отаршылдық мақсатын, оның даму, өмiрге ену тарихын танып бiлудi жай адам түгiл жоғары саяси элитаның өздерi де толық түсiнiп, түп-тамырына дендей алмай келедi. Аралас мектеп Кеңестiк заманда идеологиялық саяси құралға айналғаны да рас қой. Ол заманда отаршыл Ресей империясынан сарқыт болып қалған аралас мектеп туралы саясатты комунистер интернационалдық тәрбиенiң тербелiп өсер бесiгi деп қарап, оны дәстүр ретiнде қабылдап, осы тұрғыдан танып, саясат жүргiздi. Бiрен-саран ойшыл азаматтар болмаса, бәрiмiз аралас мектептi халықтар достығының «тәрбие мектебi» деп ұғындық. Тәуелсiздiк алған соң да, осы ұғымнан алыстап кетпедiк, немесе оған, тiптi, жете мән де бермедiк. Мысалы, осы құбылысты өткен жылдары оқу, ғылым министрi Бiрғаным Әйтiмова Тараз қаласына келiп, Дулати атындағы бiздiң университет ұжымымен кездесуде сөйлеген сөз сарынынан анық сезiндiк.

Министр ханым кредиттiк оқудың барысы жайында тәп-тәуiр баяндама жасады. Екпiндей сөйлеуi өзiне жарасып тұрды. Көтерген мәселесi жайында сұрақ қойыңдар деп тыңдаушыларына қайта-қайта ескертiп жатты. Мен ең алдыңғы қатарда отыр едiм, сұрақ қоймасам ұят болар деп:

– "Құрметтi, министр ханым! Қазақстандағы аралас мектеп мәселесi туралы не ойлайсыз" , – деп едiм, министр ханым бұл мәселеге қатысы жоқ жанама мәселелерге ауытқып, сұрағыма нақтылы жауап бермей орағытып кеттi. Сөйтсем нақтылы жауап бермеу себебi де бар екен. Өйткенi Бiлiм және ғылым министрiнiң аралас мектеп туралы мүлде ұғым танымы жоқ құралақан екендiгi көрiнiп қалды. Тыңдаушы қауым аң-таң. Осы жағдайды тез аңғардым, министрге аралас мектеп жайында нақтылы мысалдар келтiре бастадым: Тараз қаласындағы 52 мектептiң 17-сi қазақ, 13-i таза орыс мектебi екенiн, қалған 22-сi аралас мектеп екенiн хабарладым. Бiрақ аралас мектеп оқушылары негiзiнен қазақ балалары мен ұсақ ұлттардан тұратынын, ол мектептерде сөйлеу орталығы орыс тiлi болуы себептi, мемлекет тiлiн жүзеге асыруға басты кедергi келтiрiп отырғанын баса айттым. Министр ханым ойланып тұрды да:

– Аға, бұл мәселеге мен әзiрше жауап бере алмаймын, – деп шынын айтты. Министрлiкте аралас мектеп мәселесi жабулы күйiнде қозғаусыз жатқанын сезiп, аса жауапты өткiр мәселеге мән бермейтiн салғырттығына таң қалдым! Өз қорасындағы қойын өзi танып бiлмейтiн қамсыз қойшы сияқты көрiндi маған. Уақыттың өзi күн тәртiбiне қойып, талап етiп отырған аса өткiр мәселеге министрлiктiң соншалықты бейқам құлық танытуы бiздi қатты ойландырып тастады. Қазақша айтқанда "сенгендерiм сендер болсаңдар… оңған екенбiз" деуден басқа не айтарсың…

Осы түйiнi шешiлмей тұрған аралас мектеп мәселесiне, оның бүгiнге дейiн мұрты кертiлмей сақталуы мен күнделiктi өмiрден ойып тұрып орын алу себебiне көзiмiз жете түсуi үшiн нақтылы дерек көздерiне жүгiнейiк:

1. Айбынымыз, мақтанышымыз – Астана қаласы жыл өткен сайын құлпырып, халық саны жағынан молығып миллионға тақалып барады. Бәрi де жөн, көңiлге қуаныш ұялатады. Бiрақ мектеп пен балабақшасы жағынан бiзге өнеге болатын Астана бұл жағынан мүлде артта шаң қауып қалуы қалай деп iштей қамығып өкiнесiң. Мысалы, Астанадағы 61 мектептiң 16-сы орыс мектебi, 19-ы қазақ мектебi, ал ең көбi яғни 26-сы аралас мектеп. Аралас орыстiлдi мектеп деп санай берiңiз. Өйткенi ол мектептердiң тiлдiк ортасына орыс тiлi үстемдiк етпей тұра алмайды. Сонда саясаттың мыс қазанына айналып отырған Астананың көшi неге түзелмей отыр деп өкiнесiң? Өйткенi дәл бүгiн Қазақстанда 1777 таза орыс мектебi мен 2068 аралас мектеп болса, олардың жалпы саны 3845 мектепке жетсе, таза қазақ мектебi 3788-ге әрең iлiгiп, 50%-ға да жетпей жатыр. Бұл сандарға ой көзiмен қарап, талдап қарасақ, көп нәрсенiң сыры ашылып, бүкпесi жазыла түседi. Ал, шын мәнiндегi көпұлтты мемлекет деп саналатын Ресейде емге iздесең де бiрде бiр қазақ мектебiнiң болмауы интернационализм ұранын ұстанып отырған Ресейдiң қай бағытта кетiп бара жатқанын айғақтап тұр емес пе?

Серіктес жаңалықтары