ҚАЗАҚ КIМГЕ ҚЫСЫМ ЖАСАПТЫ?

ҚАЗАҚ КIМГЕ ҚЫСЫМ ЖАСАПТЫ?

ҚАЗАҚ КIМГЕ ҚЫСЫМ ЖАСАПТЫ?
ашық дереккөзі
310

"Көпұлтты, көпдiндi мемлекетпiз!…" Билiк өкiлдерi осы саясатты ұстанған сайын басқа ұлт өкiлдерiнiң үнi жарқын-жарқын шығатындай. Оған дәлел – кешегi Атырауда, Маловодноеда Шелекте, Маятаста орын алған ұлтараздық қақтығыстар.

"Сыныққа сылтау". Қазақ жерiнде тұрып, оның ауасын жұтып, суын iшiп жүрсе де кейбiр ұлт өкiлдерi "бiзге қысым жасалынып жатыр" деген байбаламын айтудан жалықпайды. Әлде, айта берсек жағдайымыз бұдан да гөрi жақсара бередi деп ойлай ма, әйтеуiр жалған арыздануды әдетке айналдырды. www.russians.kz сайтында жарық көрген саясаттанушы Михаил Сытниктiң: "Русский вопрос в Казахстане". Дрейф в Россию" деген сұхбатының астарында да осындай пиғылдың жатқандығы байқалды. Мәселен, ол кезектi әлаулайын: "Қазақстанда "орыс диаспорасы" деген түсiнiк жоқ, керiсiнше, "орыстiлдi азамат" немесе "славяндық этнос", одан өзге Қазақстанның "орыс тұрғындары" деген ғана атау бар" деп бастайды. "Орыс диаспорасы" деген ұғымға келсек, оған славян және басқа этнос өкiлдерi кiредi де, ал Ресейде оларды "ресейлiктер" деп атайды. Бұл – бiр. Екiншiден, қазақстандық телеарналар мен баспасөз беттерiнде орыстiлдi азаматтардың ашық пiкiрi, ұлтаралық мәселеге қатысты кез келген тосын оқиға мен орыс-славян және казак ұйымдарының қоғамдық-саяси өмiрiнде арыз-шағымға құрылған шара толыққанды емес, қысқа ақпар күйiнде берiледi. Оның үстiне Қазақстанда орыс ұйымдарын жүйелi түрде бiрiктiретiн және мемлекеттiң қоғамдық-саяси өмiрiне араласа алатын арнайы бiр блок жоқтың қасы. КСРО құлағаннан кейiн, яғни, 1990 жылдың басында Қазақстанда "Лад" славян қозғалысы мен "Русская община" ұйымы құрылған болатын. Бұдан басқа казактардың бiрнеше бiрлестiктерi бар. Алайда, сол кездерi бұл ұйымдардың жұмыс iстеуiне кедергi жайттар көп болып, басшыларының Ресейге кетiп қалуына да тура келдi" дейдi.

Өз елiмiзде, өз БАҚ-да қазақтың ұлттық мәселесi еркiн айтылмай жатқанда, "орыс мәселесiн" қозғауымыз керек пе? Бұл не деген астамшылдық? "Лад", "Русская община" ұйымдарының Қазақстан билiгiнен бөлек Ресей Президентi В.Путинге арнайы хат жазып, елiмiзде жоқ "орыс мәселесiн" көтерiп жүргенiн кiм бiлмейдi?

"Бұл аздай кеше Парламентке Қазақстан халықтары ассамблеясынан, дәлiрегiнде орыс ұйымдарының арасынан бiр адам сайланбады. Өйткенi, билiк оларды керек кезiнде пайдаланды да, қайтадан лақтырып тастады. Сондықтан да былтырғы жылдың қорытындысында Қазақстандағы орыс қозғалыстары тiрi өлiктiң күйiн кештi деген болжам жасауға болады дейдi де, орыс тiлi өзiнiң биiк мәртебесiн сақтап қалады. Өйткенi, орыс тiлi – тек Қазақстан тұрғындарының ғана емес, мемлекеттiң, экономикалық саланың тiлi. Неге десеңiз, қазақ тiлi 20 жылдың көлемiнсiз ғылыми-техниканың, ақпараттық технологияның тiлi бола алмайды, болған емес. Мұны қазақтардың өзi, дәлiрегiнде кәсiби тiл мамандарының өздерi ашық түрде мойындайды" дептi сенiмдi түрде. Бұл аз десеңiз, «Қазақстанда орыс тiлiнiң оқытылу сапасы орыс тiлi сағатының тарылып кетуiне байланысты төмендеп кеттi. Сондықтан да орыс тұрғындардың балалары орта мектептi бiтiргенде орыс тiлiнен сауаты нашар болады. Орыстардың Отанына кеткенi кеттi. Қалғаны Қазақстан билiгiнiң қазақыландыру саясатына амалсыздан көндiгiп отыр. Бұл жерде тек Ресейдiң iшкi әскери-саяси саясаты ғана Қазақстандағы орыстардың құқығы мен талабын орындай алады" дейдi тағы бiрде.

Ал, ең сорақысы, қазақтар славян тұрғындардың арқасында ғана, яғни, кезiнде игерiлген тыңның пайдасы арқылы әлемге "астық алпауыт елi" ретiнде танылды. Мұнымен қоса ресейлiк "Байқоңыр" мамандарының сарқыған ақылдарының есебiнен "космостық алпауыт елi" атанып, тiптi кеңестiк кезеңде шопандар орыстардың арқасында жоғары бiлiм алды. Мiне, қазақ мәдениетiнiң тұрмыстық жағдайы славяндық өркениетсiз дамыған жоқ" деп айды аспанға бiр-ақ шығарғаны қарын аштырды.

Алайда, саясаттанушы М.Сытниктiң "Қазақстандағы орыс мәселесi…" деген сұхбатындағы кейбiр нюанстарға "Русская община" ұйымының жетекшiсi Ю.Бунаковтың келiспейтiндiгi анық байқалды. Оның айтуынша, Сытниктiң бар ойы Қазақстандағы орыс ұйымдарының қызметiн жоққа шығару ғана. "Әлi атқаратын шаруа шаш етектен. Ол өте әсiрелеген, бiз әлi өлген жоқпыз. Ал билiкке келсек, шынында да бiздi лақтырды. Бiрақ бiз мұнымен тоқтап қалмаймыз" дептi күйiнiп.

Дегенмен, Бунаков Сытниктiң қазақтарға қарсы тiзiп айтқан солақай пiкiрiн iштей қолдайтын сияқты. Бар болғаны өздерiнiң ұйымына тiл тигiзген жерiне ғана шамданғандығы көрiнiп-ақ тұр. Оған керегi де осы. Өйткенi, Қазақстанда "Орыс мәселесi" ушығып тұр деген сарындағы байбаламдарынан халық әбден мезi болды. Түймедей нәрсенi түйедей етiп, жоқ жерден бәле iздеген диаспора өкiлдерiнiң астамшыл ойларына тосқауыл бола ма, жоқ па? Қазақ елiнiң тәуелсiздiк алғанына аттай 16 жылдан асса да, бiлiм ұяларында әлi күнге қазақ тiлiнiң сағаты көбейiп жарымады. Одан өзге аралас мектептердi де бiртiлдiлiкке бағыттау жұмысы кешеуiлдеп жатыр. Бұл нақ әлгiндей диаспора өкiлдерiнiң күйiн күйттеу емес пе? Бөгде елде қалай, бiзде қалай? Ал соның өзiнде "бiзге бүйтiп жатыр, сөйтiп жатыр…" деген желеу сөздер тыйылмай-ақ қойды. "Өзiңдi өзiң жаттай сыйла, жат жанынан түңiлсiн" дегендi санаға сiңiре алмай келетiнiмiз өкiнiштi.

Айтқандай, жақында "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы Дос Көшiм өздерiнiң жасаған әлеуметтiк зерттеуiнiң қорытындысын жариялаған-тұғын. Бұл сауалнаманың қорытындысы "Таным" пiкiрсайыс клубының кезектi басқосуында "Қазақтың ұлттық құндылықтарының оянуына диаспора өкiлдерiнiң көзқарасы" тақырыбына арқау болды.

Дос Көшiмнiң айтуынша, әлеуметтiк зерттеу жүргiзу үшiн арнайы қорлар екi мың доллар сұрапты. Ауыздарын ашқанда осыншама ақша сұраған қорлардан түңiлген қоғамдық қозғалыс облыстағы бөлiмше жетекшiлерiнiң көмегiмен сауалнама жүргiзуге мәжбүр болған. Алматы, Өскемен, Ақтөбе, Ақмола, Оңтүстiк Қазақстан облысындағы диаспора өкiлдерi арасында қазан, қараша айында жасаған сауалнамаға қатысқан жалпы респонденттердiң саны 1200, ал қорытынды есепке алынғандары – 1012. Оны жастар, орта жастар және егде жастар деп әлеуметтiк тобына қарап бiр зерттеп, сосын қалада және ауылда тұратындар арасында өткiзiптi.

Бiрiншi – "Қазақстанда тұратын ұлт өкiлдерiнiң Қазақстан заңдарында диаспора деп аталуына қалай қарайсыз?" деген сұраққа респонденттердiң үштен бiрi, яғни, 33,6 пайызы шалқасынан түсiптi. Соңғы уақытта кейбiр шовинистiк ұйымдар: «Орыстар диаспора емес, жергiлiктi тұрғындар, заңда солай жазылуы керек» деген миға кiрмейтiн әңгiменi айтып жүр. Соның әсерi ме екен, орыстарды диаспора деп атамау керек дегенi – 55,4, қолдағаны – 22,6 пайыз, ал украиндық респонденттердiң 46,9, ал немiстердiң 27,6 пайызы қарсы шығыпты. Ең қызығы, кәрiстер диаспора деп атауға қарсы болмапты. Ал татардың 23,8, ұйғырлардың 50 пайызы да диаспора деген атауды өздерiне қолданбауды қалайды екен. Екiншi – "Қазақстандағы аз ұлт өкiлдерiне қысым көрсетiлiп жатыр деп есептейсiз бе?" деген сұраққа респонденттердiң 28,6 пайызы "иә, бiз қысым көрiп жүрмiз" деп жылапты. Әсiресе, олардың қатарында үштен бiрi – орыстардың 33,3 пайызы, 28, 6 пайызы – украиндер, 27, 8 пайызы – кәрiстер, татардың 13,3 пайызы "иә" деп жауап берген. Бiр таңқаларлығы, ұйғырлардың 57,1 пайызы елiмiзде қысым көрiп жүргенге ұқсайды. Тағы бiр тоқталатын жайт, жастардың iшiнде "қысым көрiп жүрмiн дегендерi" – 41,1 пайыз, орта жастағылар – 24, 9 пайыз, ал егделердiң 19, 9 пайызы да "иә" деген. Үшiншi – "Алматы облысындағы Шелек, Моловодное елдi мекенiнде орын алған жағдайды ұлтаралық қақтығыс деп түсiнесiз бе?" дегенге респонденттердiң 30, 7 пайызы "иә" десе, ұйғырлардың 64,3 пайызы мұны "ұлтаралық қақтығыс" дептi. Ал, "Орыс тiлiне қазақ тiлi секiлдi мемлекеттiк мәртебе беруге бола ма?" деген сауалды респонденттердiң 67 пайызы қолдаған. Сауалнамаға жауап берген жастардың 76, 3 пайызы, орта жастағылар мен егделердiң 63 пайызы да осылай деген.

Сол сияқты "Ассамблея ұлтаралық татулықты нығайтып жатыр ма? Бар болса, нақты жұмыстарын жазып берiңiз" деген сауалға "иә" деп жауап бергендердiң бiреуi де ассамблеяның нақты жұмысын атап көрсетпесе де, "Қазақстан халық ассамблеялары мүшелерiне Парламенттен орын берудi қолдайсыз ба?" дегендi (40,3 пайызы) мақұлдапты. "Елiмiздегi азаматтардың қазақ тiлiн бiлуi керек пе?" деген сұраққа респонденттердiң берген жауабы көңiл көншiтерлiктей. Айталық, сауалнамаға қатысушылардың 61, 5 пайызы қолдаса, қарсы болғаны 6,2 пайыз, оның iшiнде орыстың 54,2 пайызы, украиндардың 46 пайызы, татардың 40 пайызы бiздiң ойымыздан шығыпты.

"Ресейде азаматтық алу үшiн емтихан тапсыру мiндеттiлiгi туралы заң қабылданды. Қазақ тiлi туралы осындай талаптың Қазақстанға енгiзiлуiн қалайсыз ба?" деген сұраққа жауап берушiлердiң 38,8 пайызы қолдау көрсеткен де, 47,5 пайызы қарсылық бiлдiрген. "Иә" дегендердi жеке-жеке айтсақ, орыстардың 21 пайызы, украиндардың 20 пайызы, немiстердiң 48,3, татарлардың 38, ұйғырлардың 28,6, кәрiстердiң 72,2 пайызы құптапты. Бiр өкiнiштiсi, "Қазiргi қазақтың ұлтшыл ұйымдарын бiлесiз бе?" дегенге мың адамның бiр де бiреуi жауап бермептi. Ал "Қазiргi қазақ ұлтшылдарын бiлесiз бе?" деген сұраққа респонденттер: «Мұрат Әуезов, Олжас Сүлейменов, бiреулерi Байтұрсынов, Бөкейханов, Сейфуллин» деп жауап берiптi.

Әрине, бұл бiр ғана ұйымның жүргiзген әлеуметтiк зерттеуi. Бiрақ, осының өзiнен диаспораларға қатысты бiршама мәселенiң басы қылтиған сияқты. Осыған қарағанда ауызбен айта салу мен зерттеудiң ара салмағы жер мен көктей екенi аңғарылады. Пiкiрталас орталығына жиналған саясаттанушылар, қоғам қайраткерлерi ашық ойын ортаға салып жатты. Кейбiрi бұл сауалнаманың түбiне терең үңiлiп, ақ-қарасын ажыратып жатса, ендiгi бiрi бұған бiздiң мемлекеттiң солқылдақ саясаты кiнәлi дегендi баса айтады. Өзiн "Қазақстан халық ассамблеясының атынан келген жоқпын, қазақ елiнiң мұңын жоқтаушы ретiнде қатысып отырмын" деген Асылы Осман апамыздың өзi де диаспора мәселесiне бей-жай қарамайтындығын тағы бiр дәлелдегендей. Мәселен, ол өз сөзiнде: "Парламентке ассамблеядан тоғыз адам сайланды. Екi кәрiс өттi. Сонда мен: "Кәрiс Құдайдың құлы, басқасы ешкiнiң қылы ма?" деп жиында айттым. Ал Қазақстан халқы ассамблеясынан сол тоғыз адам өткенде қайсыңыз соның заңсыз екенiн дәлелмен айттыңыздар?! Өзгесiн ауызға алмағанда сол тоғыздың екеуi – кәрiс. Неге десеңiз, кәрiстер бай. "Өз бетiн аямаған, кiсi бетiн шиедей қылады" деген сөз бар. Осының керi келiп жүрмесiн делiк" дегенде, қазаққа, қазақ тiлiне жаны ашыған әзiрбайжан қызының қазаққа бiтпеген ұлтжандылығына, қайсарлығына тәнтi болдық.

Кез келген диаспора өкiлдерi тұрған елiнiң ұлттық құндылықтарын дәл Асылы Османдай құрметтесе, қадiрлесе олардың өзегiнен кiм тебедi? Өзбекстанның Қазақстандағы журналисi Назым Ниязидiң сөзiне сенсек, бүгiнде Президент И.Каримов Өзбекстаннан өз Отанына кетiп жатқан оралмандардың орнына тек өзбек ұлтын ғана қоныстандыруды жүзеге асырып жатқан көрiнедi. Бұдан бөлек, халықты ендi тек өзбек тiлiнде ғана сөйлеуге шақырып жатқандығы тағы бар. Мiне, басқа елдердiң тiл саясатында ұстанып отырған саясаты қандай?! Ал, бiздiң билiк бүйтiп айтпақ түгiлi әлi күнге жатты жарылқаумен келедi. Алайда, жат жарылқағанды түсiнсе жақсы, түсiнбесе ше?..

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары