ДАЛАМЫЗДЫҢ СӘНI ЕДI-АУ...

ДАЛАМЫЗДЫҢ СӘНI ЕДI-АУ...

ДАЛАМЫЗДЫҢ СӘНI ЕДI-АУ...
ашық дереккөзі
468

Ақбөкен киелi жануар. Бұл туралы ел iшiнде аңыз әңгiме көп. Бала кезiмiзде ауылдың көптi көрген, көп жайды көкейлерiне түйген қариялардан қызыға тыңдаушы едiк. Әлi есiмде. 1969 жылдың қысы қатты болды. Арыстанды-Қарабастың долы желi үш аптаға жуық қарды суырып, боз-бораннан көз аштырмады. Мал тебiндеп жайылудан қалды. Ықтап кеткенi қаншама. Жемшөп таусылып, көп шығынға ұшырады. Бiз шопандарға көмекке барғанбыз.

Бiр жолы орталық базардан екi телешка шөп әкелдi. Қораның ығына шөп шашып, қамаудағы қойды шығардық. Ашыққан қойлар қойсын ба, шөпке бас салып, күрт-күрт шайнап жатыр. Әлден соң бiр үйiр ақбөкен сау ете қалды. Әбден аштық пен суық қысқан болу керек бiзден сескенбей қалың қойдың арасына кiрiп, шөпке бас қойды. Шопанның ұлы ересек едi. Қолдарын шарт еткiзiп: «Әп, бәрекелдi! Жерден iздегенiмiз көктен түстi. Екi-үшеуiн атып, бүгiн тәттi етi мен дәмдi сорпасына қанайық», – деп кiрiп кеттi де қос ауыз мылтығын алып шықты. Дөң тұмсықты жануарлар салыңқы қос танауларын кере мекiренiп, кермек иiсi бұрқыраған шөптен бас көтерер емес. Анау қос ауызды мылтығын апыл-ғұпыл оқтап, ендi көздей бергенде әкесi оқпанын жоғары көтерiп жiбердi. «Балам, паналап келген жануарды атуға болмайды. Шөп жеп әлденiп алсын. Бұлар даламыздың сәнi ғой». Ұлы амалсыз көндi. Өңiнен өкiнiшi сезiлiп-ақ тұр. Шашылған шөп желiнiп болған соң ақбөкендер оқшауланып жыңғылды сайға қарай жылыстай бердi. Шопанның ұлы: «Көке, бiз атып алмағанмен бәрiбiр бұлар қасқырларға жем болады. Қарға омбылап тұрғандарын жыртқыштар аяйды дейсiз бе?», – дедi. Қария: «Солай болуы да мүмкiн, балам. Жыртқыш жыртқыштығын iстейдi. Бұл табиғаттың қатал заңы. Ал адамда аяушылық сезiмi болуы керек», – дедi. Менiң жанымда тұрған жолдасым қарияға тосыннан сұрақ қойды. «Ақсақал, осы ақбөкендi киелi жануар деп еститiнмiн. Соны қалай түсiнуге болады?» Қария сақалын саумалап отырды да: «Бұларды қаншалықты жануар десек те текесi үйiрiн қорғай бiледi. Қазiр соңына түсiп қусаң текесi алдыңа түсiп жорта жөнеледi. Бұл қуғыншының назарын өзiне аударғаны. Содан соң ұзай бере жалт берiп, басқа жаққа қарай қашады. Қалайда сенi үйiрiнен бөлек алысқа алып кету. Қуғыншыдан өзi қандай қастандық көруге де бейiл. Жазда астыңда жүйрiк көлiгiң болмаса жету қиын. Анау-мынау көлiгiңдi шаңына да iлестiрмейдi. Солай үйiрiн қатерден қорғап қалады. Ондай жануар қалай киелi болмасын», – деп сөзiн аяқтады.

Ақбөкендердiң жалғыз мекенi бар. Ол – Қазақстан. Бетбақтың иен даласы, Ақтөбенiң маңы, Маңғыстаудың үстiртi сол жануарлардың жайылымы болып табылады. Осыдан жиырма жыл бұрын сандары үш миллионның үстiнде едi. Арқалары күн сәулесiмен алтындай жылтылдап, көзге үйiр-үйiрiмен түсетiн. Арнайы құрылған бес облыстың аңшылары күзге салым бiр бекетке жиналатын. Содан бiр миллионға жуық жануарлар етi бес облыстың ет комбинаттарына түсiп, өңделiп, Одақ көлемiне таратылып жатушы едi. Өсiмтал хайуан көктемде өз төлi есебiнен сол бiр миллионның орнын толтырып жүрдi. Ақбөкендер төлдейтiн уақытты «Құралай салқыны» дейдi. Төлi жарық дүниеге келiсiмен-ақ тұруға талпынып, анасының желiнiн iздей бастайды. Сары уызға тойған төл тез аяқтанады. Бiрер сағаттан соң-ақ жайылатын от iздеген анасына iлеседi. Ал екi-үш күннен кейiн жанында желiп отырады. Ақбөкендердiң сағатына қырық-елу шақырымды басып өте алатын жылдамдықтары бар.

Несiн айтасын, қазiр Қызылорда, Қарағанды, Жезқазған өңiрiнен ақбөкендердi бұрынғыдай үйiр-үйiрiмен көру қиын. Тiптен Үстiртте де аз кездеседi. Неге олардың тұқымы тым азайып кеттi? Нарықтық қатынастың алғашқы жылдарында елде жұмыссыздық күрт өстi. Ауыл тұрғындары қолдағы бар малын сатып қаржы еттi, саудагерлерге бартерге бердi. Үйiндегi мал саны мүлдем кемiген соң ақбөкендердi аулауға шықты. Бiрнешеуi бiрiгiп, көлiк қораптарын атып алған ақбөкендерге толтырып, қала базарларына шығарды. Қытаймен қарым-қатынас орнағанда сол елдiң алыпсатарлары келiп, ақбөкендердiң мүйiздерiн сатып алатындарын, әр килограмына 3-5 доллардан төлейтiндерiн айтып, онсыз да жұмыссыз жүрген жандарды болмашы ақшаға қызықтырды. Содан ауылдағылар жаппай ақбөкен аулауға шықты. Бiр бiрiмен сүзiскенi болмаса сырт жауларына қауқарсыз жануарлар қайда қашса да алдарынан қарулы адамдар шығып оққа ұшты. Далада мүйiздерi кесiлген өлi жануарлардың теңкиiп iсiнген денелерi ғана жатты. Солай ит-құсқа жем болды. Айналдырған төрт-бес жылда үш миллион ақбөкеннен бiрнеше мың ғана қалды. Бұрынғыдай көзге шалдыға бермейтiнi де сондықтан. Тұқымы мүлдем құрып кетпеуi үшiн Үкiмет 1999 жылы оларды аулауға тыйым салды. 2004 жылы ақбөкен мүйiздерi экспортқа шығарылмайтын болды. Ақбөкендердiң санын қайта көбейту үшiн күрделi қаржы қажет едi. Марғұлан Сейсембаев басқарған «Seimar» корпорациясы бұл iске жанашырлық танытып, «Seimar Social Fund» қорын құрды. Корпорация әуелi «Sos–сайғақ!» бағдарламасын жасап, сол бойынша жұмыс iстеуге кiрiстi. Соңғы үш жылға жуық уақыт iшiнде олар қомақты iс тындырды. Қор «Охотзоопром» мекемесiне 10 «УАЗ» автомобилiн, спутниктiк байланыс құралдарын, 10 рацияны сыйға тартты. Сондай-ақ, «Сеймар» қоғамдық қоры 4 КамАЗ автомашинасын да тарту еттi. «Охотзоопромның» 55 инспекторының өз мiндеттерiн алаңсыз атқаруы үшiн қолайлы жағдайлар жасады. Олар қазiр вахталық тәсiлмен еңбек етедi. Осындай шаралардың арқасында өткен жылы олардың саны Үстiртте – 15-16 мыңға, Ақтөбе өңiрiнде – 11-12 мыңға, Бетпақдалада – 15-16 мыңға жеттi. Әрине бұл әзiрге өте аз.

Өзге де корпорациялар «Сеймардың» осы бiр үлгiлi iсiн қолдап, жануарларға жанашырлық танытып жатса қанеки.

Үкiмет ақбөкендердi 2006 жылы «Қызыл кiтапқа» ендiрдi. Және сол жылы жан-жануарларды қорғау мақсатында бюджеттен 200 миллион қаржы бөлдi. Ал үстiмiздегi жылы бұл қаржыны 270 миллионға жеткiзiп отыр. Әрине бұл игi шаралар қолға кеш алынып отыр. Дегенмен «Ештен кеш жақсы» деген емес пе? Өсiмтал жануар күтiмi көп, қорғауы жақсы болса, санаулы жылдардан соң саны қайта көбейiп, әлi-ақ даламыздың сәнiн келтiрер.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары