ҚЫРҒЫЗ КИНОСЫ ЖАНДАНА БАСТАПТЫ. АЛ БIЗДIКI ШЕ?..

ҚЫРҒЫЗ КИНОСЫ ЖАНДАНА БАСТАПТЫ. АЛ БIЗДIКI ШЕ?..

ҚЫРҒЫЗ КИНОСЫ ЖАНДАНА БАСТАПТЫ. АЛ БIЗДIКI ШЕ?..
ашық дереккөзі

Қазақ киносы туралы сын да, өкпе де көп. Қазақ киносының әлемдiк кино кеңiстiктiң көшiне iлесе алмай отырғандығы өз алдына, «Қазақфильм» киностудиясы түсiрiп жатқан фильмдердiң сапасы жайында да әңгiме көп айтылады. Бiздiң бүгiнгi әңгiмемiз, қазақ киносының жайы емес, қазақ жерiне келiп, тұсауын кескен қырғыз фильмiнiң тағдыры турасында болмақ.

Соңғы кездерi, киногер мамандар кинопрокаттың жоқтығын айтып, зар қағып жүргенде, коммерциялық фильм түсiрiп жатқан бүгiнгi «кейбiр режиссерлер» өздерiнiң фильмдерiн жарыса кинотеатрларда көрсетiп жатыр. Оған куә, «Қазақстан» кинотеатрында аншлагпен өткен «Жаралы сезiм», «Менiң де атым Қожа», «Ханталапай», «Рэкетер» фильмдерi. Бұл фильмдердiң арасында жалғыз «Рэкетер» ғана маман режиссердiң туындысы болса, қалғаны кино саласында тыңнан түрен салғандар. Аталмыш фильмдердiң сапасы, көркемдiк деңгейi, ұлттық болмысы туралы баспасөз беттерiнде аз сөз болған жоқ. Сол фильмдердiң соңын ала, қазақ көрерменiне ұсынылып отырған «Боз салқын» қазақ кино өндiрiсiне мүлдем қатысы жоқ, айыр қалпақты ағайындардың туындысы. Қазақ кино индустриясы кешкен қиындықтан қырғыз кино өндiрiсi де тыс қалмапты. Одақтас республикалар ыдырап, жеке бөлiнiп, тәуелсiз мемлекеттер атанып, аяқтарынан тiк тұрамын деп жүргенде, қазақтың да, қырғыздың да кинедраматургиясы көштiң соңында қалып қойды. Әрине, айыр қалпақты ағайыдардың кино индустриясымен салыстырғанда, «Қазақфильмнiң» жағдайы көш iлгерi. Көш iлгерi болатын себебi, киногерлердiң пiкiрiне құлақ түрсеңiз, «Қазақфильмдегiдей» база ТМД елдерiнiң ешқайсысында жоқ көрiнедi. Демек, қырғыздардың да кино саласында кешеуiлдеп келе жатқандығын түсiнуге болады. Қырғыз киносының бүгiнгi хал-ахуалы туралы әңгiме бөлек мақаланың жүгi болар, ал «Боз салқын» фильмiн салыстырмалы түрде айтқанда, қырғыз кино көшiнiң жанданып келе жатқандығының куәсi деп ойлауға болады.
«БОЗ САЛҚЫННЫҢ» АТАУЫ ЖЫРДАН АЛЫНҒАН СИЯҚТЫ
 

Оған себеп, «Боз салқын» сөзi қазақ ұғымына жаттау естiлетiнi рас. Қазақта боз дала, боздау деген сөздер бар. Бiрақ, оның «салқынға» қаншалықты қатысы бар екенiн қырғыз фильмiн көргенде көзiмiз жеттi. Бiздегi сол «боз дала» ұғымына жақындау келетiн сияқты. Өйткенi, фильмде бас кейiпкерлердiң бiрi – Сағынның қырғыздың қомызын шертiп, «Боз салқын» жырын әуелеткенде барып, фильмнiң атауына көз жеткiзгендей болдық.

«Боз салқын» фильмi қазақ көрерменiне алғаш ұсынылғанымен, көзiқарақты көрермен аталмыш фильмнен бұдан бұрынырақта хабардар болып үлгерген. Оның себебi, қыркүйек айында Алматының төрiнде өткiзiлген «Еуразия» кинофестивалiнде «Боз салқын» фильмi Азия фильмдерiнiң iшiнен үздiк шығып, гран-придi жеңiп алған. «Еуразия» кинофестивалiнде фильмдердiң бәрiн бiрдей тамашалауға мүмкiндiк туғызылғанымен, «Боз салқынмен» танысқанымыз күнi кеше ғана. Бұған дейiн «Боз салқын» Канн фестивалiне де, Берлиндегi кинофестивальге де қатысып, әлемге танымал болып қайтыпты. Бүгiндерi қырғыздың әрбiр отбасында танымал болған фильмнiң дүниеге келуiне қырғыз режиссерi Эрнест Абдыжаппаровтың тынымсыз еңбегi ғана емес, қазақ меценаттарының да тiкелей септiгi тиiптi. «ALD Capital Group S.A.» компаниясының продюсерлiк орталығы фильмге қазақ тiлiнде дубляж жасапты. Меценат Борис Чердабаевтың мәдениетке қосып жүрген үлесi жалғыз бұл емес көрiнедi. Оған меценаттың Мәскеуде ие болған «Мәдениет үшiн» атты сыйлығы куә. Фильм қарапайым ғана қырғыз ауылының бүгiнгi тыныс-тiршiлiгiнен, болмыс-бiтiмiнен сыр шертедi. «Боз салқын» фильмiнiң жанры лирикалық комедия болғанымен, оның астарында ауыр мұң, қайғы жатыр. Фильмде екi жастың махаббаты, сатқындық, ауыл адамдарының қараңғылығы, өркениеттен алыс қалған ауыл тiршiлiгi, бәрi-бәрi көз алдыңа келедi. Қаладан тысқары жатқан қырғыз ауылының бейкүнә тұрмысы, шалғайда жатқан қазақ ауылдарының да бүгiнгi көрiнiсiн көз алдыңа елестетедi. Фильмнiң көркемдiк деңгейi соншалықты мықты деп айта алмаймыз. Қарапайым ғана сюжеттер, қарапайым ғана ауыл көрiнiсi, қарапайым ауыл адамдарының аңғал бейнесi. Қаладағы тұрмыстан, несие мен ипотекадан жалыққан жас қыз бiр сәт ауылдың да тұрмысын көргiсi келген. Қаладағы қатыгез тiрлiктен бiр мезет қол үзiп, ауылға кеткiсi келдi. Келгенi құрысын, ерке де, көрiктi қала қызы тоғышарлықтың құрбаны болып, ауылға келiн болды. Бейтаныс қызды жабылып, келiн етiп жатқандағы ауыл әйелдерiнiң қылығы күлкi тудырғанымен, оның ар жағында ащы сарказм жатыр. Бiрiн-бiрi танымайтын, бiрiн-бiрi бiлмейтiн екi жасты қосу үрдiсi бүгiнде де қырғыз ауылдарында жиi қылаң берiп тұратын көрiнедi. Ең бастысы, ата-ананың өзара келiсiмiн, ауыл қызының тағдырын түсiнуге болар, қаладан келген бейтаныс қызды зорлықпен келiн қылып түсiруi, тiптi ерiксiз езуiңе күлкi ұялатады. Әйтсе де, тау сiлемдерiнiң сұлу көрiнiсi, таудың етегiндегi қараша үй, қора-қора қой, ауылдан тысқары жатқан тiршiлiк көңiлiңе керемет бiр жылылық ұялатады. Ашынғандықта, бiрiн-бiрi ұрып соғу да, алдау-арбау, жеккөрiнiштiлiк, өтiрiк ойнау деген фильмде мүлдем жоқтың қасы. Оқиға да, кейiпкерлер де нанымды шыққан. Нақ өмiрдiң өзiнен алынғандай. Фильмге тартылған актерлерде де, қала қызының бейнесiн сомдаған Әсем де өз рөлiнде. Тағы бiр айта кететiн нәрсе, қырғыздың ұлттық дүниелерiнiң фильмде сақталуы. Ұлттық аспабы, ұлттық киiмi, ұлттық музыкасын бiрден аңғарасың. Мүмкiн, фильмнiң шынайылығы да осында шығар. Әйтеуiр, ә дегеннен-ақ, көңiлiңдi жабырқататын атыс-шабыс, озбырлық, зұлымдық жайлаған батыстың «кейбiр әңгүдiк» фильмдерiне қарағанда көш iлгерi.
«ФИЛЬМНIҢ СЦЕНАРИЙIН ТҮСIМДЕ КӨРДIМ»
 

«Боз салқын» басталардан бұрын фильм режиссерi Эрнест АБДЫЖАППАРОВПЕН тiлдесудiң сәтi түстi.

– Фильм қайда түсiрiлдi? – Негiзiнен Қырғызстанда түсiрдiк. Бiрақ, фильмнiң шығуына қазақ ағайындарымыздың еңбегi зор. – Қырғызстанда түсiрiлгенi белгiлi, негiзгi көрiнiстердi қайда түсiрдiңiздер? – Ыстықкөлдiң жағасында. – Фильмнiң идеясы қалай дүниеге келдi? – Фильмнiң сценарийiн түсiмде көрдiм. Түсiмде екi қойшы таудан түсiп, ауылда кездесiп қалады. Екеуi кафеде отырып, әбден iшедi. Соңында мас болған екеу аттарын алмастырып мiнiп кетедi. Үйренiп қалған ат қайда барушы едi? Өз үйiн таппай ма? Сол түстiң негiзiнде фильмнiң сценарийiн жазып шықтым. – «Боз салқын» фильмiн қырғыз ағайындарымыз көрген болар… – Сәуiр айында фильмнiң премьерасы өттi. Содан берi, бүкiл Қырғызстан фильмдi түгелiмен көрiп шықты десем де болады. – Оқиғаның бәрi қырғыз жерiнде өрбiсе, сценарий өзiңiздiкi болса, онда неге «қырғыз-қазақ бiрлескен жобасы» деп аталады? – Шынын айтқанда, бiзде қаржы табу жағы қиынырақ. Сондықтан, басқа қайырымдылық қорларынан ақша сұрауға тура келдi. Голландия, Швеция, Швейцария деген сияқты елдерден қаржылай жәрдем алдық. Бiтейiн деп жатқан кезде, ақшамыз жетпей қалды. Сосын бiздiң қиыншылығымызды түсiнiп, пленкаға шығару, монтаждау жағына қазақ компаниясы көмектестi. – Естуiмiзше, бұл фильм Канн фестивалiне қатысқан сыңайлы. – Негiзгi фильмдердiң қатарында болмаса да, «Боз салқын» алғашқы көрсетiлiмдердiң бiрiне ие болды. Кейiнiрек, «Ыстықкөл» кинофестивалiнде бас жүлденi жеңiп алды. – Фильм коммерциялық негiзде түсiрiлдi ме? – Негiзiнен елге жаққанына қарағанда коммерциялық фильм деуге де болады. Бiрақ, фильм төрт фестивальге қатысып, төртеуiнен де жүлдегер атанды. – Қырғыз кино индустриясының бүгiнгi жағдайы қалай? – Кеңес үкiметi ыдырағаннан кейiн, бiздiң кино саласына үкiмет жәрдем берген жоқ. Басқа жақтармен бiрлесiп, түсiрiлген фильмдер бар. Соңғы жылдарда саусақпен санарлықтай ғана фильмдер түсiрiлдi. – Қырғыз кино режиссерлерi арасында күнкөрiстiң қамымен өзге елдерге барып, жұмыс iздеп жүргендерi де бар шығар… – Режиссерлердiң кетiп жатқанын байқамадым. Сiздердiң елдерiңiзде жұмыс iстеп жүрген жақсы операторлар бар. Қазақтарда кино көбiрек түсiрiлiп жатқаннан кейiн, көбi осында келiп, жұмыс iстеп жатыр. – Жалпы, «Боз салқын» сiздiң алғашқы туындыңыз ба? – Жоқ. Бұдан бұрын «Саратан» деген фильм түсiргем. Ол фильмiмде он бестей кинофестивальден жүлделi орындар иемденiп қайтты. Қазiр тағы бiр сценарийдi жазу үстiндемiн. Мына фильм жақсы болып кетсе, келер жылы Құдай бұйыртса қолға аламын деген ойым бар. – Қырғыздың қалталы азаматтарының iшiнде киноға бетi бұрылып келе жатқандары бар ма? – Негiзi киноға көңiл бөлiне бастады деуге болады. Қазiр бұрынғыдай емес, қырғыз киноөндiрiсi дамып келедi. Бiздiң қалталы азаматтарымыз да кинодан пайда табуға болатынын түсiне бастады. P.S. «Батысша» төбелесiп, «қазақша» ән салсақ, қазақтiкi болады екен деп фильм түсiрiп жүргендер, «Боз салқынды» көрсе, ойланатын шығар. Өзгеге тамсанбай-ақ, өзiмiздiкiн ұсатып алайықшы десек те, көз қуантып, көңiл ұялататын жақсы дүниенi көргенде, қызықпай және тұра алмайсың. «Еһ, шiркiн, қазақтың киносы да өсiп, өркендейтiн күн қашан туар екен?» деп армандайтын болдық. Қазақ киносының тарихындағы асыл дүниелердiң қайталанбауы мүмкiн емес деп, кейде көңiл жұбатасың. Не десек те, қазақ даласы дарынын тудыратын күн алыс емес шығар деген үмiт қана жетелейдi бiздi…

Гүлзина Бектасова