ОРНЫ БӨЛЕК ОРМАНОВ
ОРНЫ БӨЛЕК ОРМАНОВ
Қазақ поэзиясының көрнектi ақыны Ғали Ормановтың 100 жылдығына орайластырылған мәдени шаралар Астанадан бастау алды. Жыр алыбы Жамбылдың өмiрiнiң соңына дейiн әдеби хатшысы болып қызмет етiп, жыршының жүзге тақаған кезiн көрген ақынның да туғанына биыл жүз жылдан асып отыр.
Жастайынан жетiмдiк тауқыметiн көрген ақын өлең жазуға етене жақын болған. Арқарлы деген жерде кездейсоқ Iлияс Жансүгiровтi кезiктiрiп, өлеңiн оқып берген бала көрнектi жазушының батасын алып, жылы ықыласына бөленедi. Дәл сол сәтте ол оқуға түсiп, бiлiмнен сусындауға бел байлайды. Ғали Ормановтың қызы Жәмиға апай: «Iлияс Жансүгiров ұсталған кезде бiр газетте мақала шықты. Онда әкемдi «Iлиястiң күшiгi» деп атапты. Әкем де «ұсталып кетем бе» деп күтiп жүрдi. Бiрақ оны Жамбылдың әдеби хатшысы етiп қойды» – дейдi. Ақын Несiпбек Айтұлы: «Орыс әдебиетiнiң алтын ғасыры XVIII ғасыр болып саналса, қазақтың алтын ғасыры – XX ғасыр. Дәл осы ғасырда дүниеге келiп, қазақ поэзиясында өшпес туындылар қалдырған Ғалекеңнiң орны бөлек. Бiрақ оның орны әлi де зерттелмеген. Содан болар, көрнектi ақынды өз деңгейiне жеткiзу алда деп ойлаймын» – деп сөзiн түйiндейдi.
Бүгiнде Астанадағы Тiлдi тереңдетiп оқытатын мамандандырылған №7 мектеп – Ғали Ормановтың атында. Бұл мектепте көрнектi ақынның мұражайы да ашылған. Мұражай тек көрме ғана емес, сондай-ақ «Жас тiлшi» үйiрмесiне қатысушы оқушылардың басын бiрiктiретiн орталық көрiнедi. Онда жас ақындар жаңа өлеңдерiнiң тұсауын кесiп, ақындық өнердi ұштауға тырысады екен.
Жалпы ақынның «Шеңбер», «Алынған қамал», «Абысын сыры», «Халық – Қаһарман», т.б. жиырмаға жуық жыр жинағы жарық көрген. Оның бiрқатар өлеңдерi орыс тiлiне аударылып, оқырман жүрегiнен өз орнын таба бiлген. Бұрынғы Одақ көлемiнде танылған өлеңдерi де бiр төбе. Өз кезегiнде ақын А.Пушкиннiң, М.Лермонтовтың, В.Маяковскийдiң шығармаларын аударған. Лирик ақынның әлi де зерттелмеген туындылары бар көрiнедi. Оларды зерттеп, лирик өлеңдерңн өз деңгейiне жеткiзу – болашақтың еншiсiнде болса керек.
Кәмшат ТАСБОЛАТОВА