Бүгін Ақордада өткен Республика күніне арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өнер саласының қайраткерлерін марапаттады.
«Мәдениет – ұлттың рухани дербестігінің кепілі. Сондықтан біз өмірін өнер жолына арнаған қайраткерлерге әрдайым құрметпен қараймыз.
Руханиятымызға ерекше еңбек сіңіргені үшін белгілі өнер майталмандары – Болат Әбділманов, Тамара Асар Жанқұл, Шынар Жанысбекова «Қазақстанның халық әртісі» атағына лайық деп танылды.
Сондай-ақ мәдениет саласын дамытуға зор үлес қосқаны үшін Нина Жмеренецкая, Бақыт Қажыбаев, Зарина Алтынбаева және Әйгерім Алтынбек «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге айрықша үлес қосып жатқан Иван Сауэрге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.
Жоғары мемлекеттік марапаттарды халқымыздың шынайы ықыласы және сый-құрметі деп қабылдаңыздар. Бүгін әрбір облыста жүздеген лайықты азаматымыз менің Жарлығыммен жоғары мемлекеттік наградамен марапатталады. Олардың еңбегіне зор ризашылығымды білдіремін», – деді Президент.

Жиын соңында Мемлекет басшысы Республика күнімен құттықтады.
«Еліміз үшін ұлт саулығын сақтайтын дәрігердің, саналы ұрпақ тәрбиелейтін ұстаздың, ауылдағы шаруа мен өндірістегі жұмысшының, яғни әрбір кәсіп иесінің еңбегі айрықша маңызды. Бұл – кез келген өркениетті қоғамға тән мызғымас заңдылық. Бүгін мен ұлттық мерекеміз – Республика күні қарсаңында адал еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне атсалысып жатқан әрбір азаматқа шынайы алғысымды айтамын. Елдігіміз еңселі, егемендігіміз баянды болсын! Көк туымыз мәңгі желбіресін! Баршаңызға амандық, табыс тілеймін!», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.