Президент Республика күніне арналған салтанатты жиында бірнеше саланың мамандарын марапатттады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Ортамызда Александр Анатольевич Касицин отыр. Ол – «Еңбек Даңқы» орденінің толық иегері, еңбек жолын қарапайым зоотехниктен бастап еліміздегі ең озық агроөнеркәсіп шаруашылықтарының бірінің басшысына дейін көтерілген айтулы маман. «Галицкое» серіктестігі ауылды жаңғыртып, еңбеккерлерге қамқорлық көрсету арқылы керемет табысқа қол жеткізді.
Ел алдындағы еңбегі үшін Александр Анатольевич Касицин «Отан» орденімен марапатталады.
Қазақстанның еңбек сіңірген журналисі Сергей Васильевич Харченко өз ісін жақсы көретін, Отанын шексіз сүйетін жан ретінде көпке үлгі. Белгілі қаламгер, парасатты басшы, дарынды ұстаз мемлекеттің өркендеуіне, отандық журналистиканың дамуына және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге зор үлес қосып келеді.
Бүгін Сергей Васильевич Харченко I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері атанды», - деді Мемлекет басшысы.