МИЛЛИОНДАРДЫҢ ЕРКЕСI ЕДI...
МИЛЛИОНДАРДЫҢ ЕРКЕСI ЕДI...
Жиырмасыншы ғасыр телеәлемi жарық жұлдыздарының бiрi, әйгiлi "Орбита" арнасының атақты жүргiзушiсi Валентина Михайловна Леонтьева 84 жасында Ресейдiң шағын бiр қаласында дүниеден озған едi.
Бiздiң солтүстiктегi көршi елде, әсiресе соңғы жылдары саясаты мен киносы, спорты мен шоуы бар — қоғамның қай саласында болмасын, күн аралатпай, бiр минут iшiнде ("минута славы") асау атақтың жалына жармасатындарды тоқтаусыз тоғытып жатқан дүрбелең шақта, ысқырығы жер жарып, екпiнi дауыл тұрғызарлықтай кеуделi пенделерге кенделiк сезiле қоймайтыны мәлiм. Оның үстiне қазiргiдей қатыгез заманда олардың бiрi ерте, бiрi кеш, көпшiлiгi Құдайдың бұйрығымен, ал кейбiреуi қылмыскерлер қолынан ажал құшатын сұмдықтарға көзi үйренгендей, суықтанып бара жатқан отандастары баяғыда көзден кеткен, олай болса көңiлден де мүлдем өше бастаған, шын мәнiндегi жұлдыз-тележүргiзушiнiң табиғи өлiмiн жайбарақат қабылдай салды. Ал, Ресейден өзге бұрынғы кеңестiк республикалар жұртшылығының, тiптi, тым-тырыс қалуын түсiнуге де болар. Бала кезiмiзден жылы жүзi есiмiзде сақталып, жарқын дидары жақын адамымыздай көкiрегiмiзде жатталып қалған осынау келбеттi әйелдiң қазасын естiгенiмiзбен, бiз де егiле қоймаған едiк…
Бiрнеше күн өткен соң ресейлiк арналардың бiрiнен берiлген деректi фильмнен таныс бейненi көрiп қалып, сол баяғы құдiреттi дауысты естiген сәттен-ақ, жанарымызды көк жәшiктен әкете алмай, бұдан 20-30 жыл бұрынғы "Ертегiде қонақта"-ға қадалған миллиондаған совет балаларының қалпына қайта түскендей күй кештiк. Фильм Валентина Леонтьеваның қайтыс боларынан сәл бұрын ғана түсiрiлген сияқты. Экранда жасы сексеннен асқан, кәрiлiкке мойынсұнып арқасы бүкiр тартқан, баяғы құдiреттi үнi бәсеңсiп қалған кейуана тұрды. Алайда, жаратушының сыйға тартқан айрықша жылы жүзi мен тыңдаушының бойын билеп алатын ғажап даусы соншалықты өзгере қоймапты. Бұл дауысты бiз естiмей қалғалы қай заман?!.
Иә, Валентина Михайловнаның өмiрден озуымен советтiк телевидениенiң бүтiндей бiр кезеңi, кезеңi емес, жарты ғасырға жуық тұтас дәуiрi аяқталды. Қазiргiдей саны көп, сапасы күмәндi қалың арналардың жұрнағы да болмаған кеңестiк кезеңде миллиондаған ересек адамдар "Көгiлдiр от", "Шын көнiлден" ("От всей души") хабарларына тастай қадалып қалса, бала атаулы "Ертегiде қонақта", "Будильник", ал кешкiсiн "Қайырлы түн, сәбилердi" көрмейiнше, ұйықтамай шатақ шығаратын. Отыз, қырық жыл өтсе де аузымыздан түспей отырған бұл хабарларды Валентина Леонтьева бiр өзi жүргiзгенiн ұмыту қиын. Ең ғажабы – бүкiл Кеңес Одағындағы 270 миллионға жуық көрерменнiң көңiлiн таба бiлген осынау телебағдарламаларды сынайтын немесе жақтырмайтын адамның аз кездесуi — қорыққаннан емес, шын ықылас солай болды.
Кеңестiк идеологияны қанша әдiл сынасақ та, телеэкранда мейiрiм мен адамгершiлiк, көрермен алдындағы жоғары жауапкершiлiк, қарапайым еңбек адамдарының табиғи тазалығы басым тұрушы едi. Мұның сыры, бәлкiм, жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпарды таңдап, қатаң таңдаудан iрiктелiп алынатын журналист, диктор, жүргiзушi тағы басқа толып жатқан мамандардың кәсiби деңгейiне қойылатын биiк талапта болса керек. Одақтық дикторлардың күмбiрлеген үнi үлкен-кiшi шаралардан бастап, Қызыл алаңдағы жаппай шерулердiң аспанында саңқылдап, халықтың арасында сан-салалы маман иелерiмен етене сұхбат құруымен, шын мәнiнде танымал, тiптi саяси ықпал деңгейiне көтерiлетiн. Осындай iрi тұлғаның бiрi де бiрегейi — Валентина Леонтьева едi. КСРО-ның елуден астам қаласын шаршап-шалдықпай аралай жүрiп түсiрген әйгiлi "Жан жүрегiмнен" ("От всей души") хабарында бұл кiсiнiң бүкiл Одақ көлемiнде жылатпаған адамы қалмаған шығар, сiрә?! Бұрын көрмеген мыңдаған адамдарының аты-жөнiн жатқа айтып, олардың жан-дүниесiне еркiн енiп кете беретiн әйгiлi жүргiзушiнiң талантына бас имеске шараң қалмайды. Әрбiр қатысушыға айрықша ықылас, арнайы құрметпен қарай отырып, ауқымды залдарды жалғыз өзi баурап алуының сыры — сонау сұрапыл соғыс жылдарында қоршауда қалған Ленинградта аштықтан өлген әкесiн шанамен сүйреп апарып, ортақ шұңқырға тастасқан кiшкентай қыздың өмiрдiң азабы мен тозағында әбден шыңдалған, содан да өмiрге деген шексiз құштарлығы, жабырқағандарға жанашырлық көрсету сезiмiн жүрегiнде мәңгiлiк ұялатқан биiк парасатында болса керек.
Деректi фильмдегi әңгiмесiнен әйгiлi диктордың әйел-ана ретiнде жеке басының үлкен трагедиясы да айтылып өттi. Өмiрiн жұмысына арнаған журналист әйелдiң жалғыз ұлының жанында болуға мүмкiндiгi жетпей, бала анасынан безiнiп кетiптi. Тiптi, қазасына да келмеген. Кеңес одағындағы барлық баланың туған шешесiндей жақын болып кеткен Валентина Михайловнаның өз баласынан ажырап қалуы — әрине, өмiрдiң ащы шындығы. Бiздiң қазiргi қоғамда да таңнан кешке дейiн кеңсеге қамалатын мемлекеттiк қызметкерлер немесе базардағы орнынан айрылып қалмаудың қамымен жүрген қалың жұрт өз балаларына қаншалықты көңiл бөлiп жүргенi үлкен сұрақ. Өз әке-шешесiнiң жүрек жылуы мен мейiрiмiн жеткiлiктi сезiнбеген баланың қашан да қатыгез боларына алыстан мысал iздеудiң қисыны шамалы.
Қолымызға қалам алуға түрткi болған ресейлiк деректi фильмнен осыдан аз ғана жылдар бұрын атағы жер жарып тұрған әйгiлi тележүргiзушiнiң алыстағы бiр қалада, аядай пәтерде жападан жалғыз, ашқұрсақ отырғанын көрдiк. Тағы бiр есте қалғаны, Ресейдегi басқа емес, өзiмiздiң Губернатор қандасымыз Аман Төлеевтiң жiберген медалiне сыпайы алғысын бiлдiрген Валентина Михайловна "бәрiнен бұрын маған ақша керек едi, менiң тамақ iшкiм келедi" деген сөзiн өз құлағымызбен естiп, қайран қалдық, қалың ойға баттық. Жалғанның баянсыздығы өзектi тағы бiр тiлiп түскендей күй кештiк. Абырой болғанда, Аман ағамыз қаражат жағын да қарастырыпты.
Барша ғұмырын мемлекеттiң мүддесi мен идеологиясына жұмсап өткен адал жанның, ақыр соңында қамқорлықты бәрiбiр мемлекеттен емес, ең алдымен өз перзентiнiң бiр сәтке болса да мейiрiмiне зәру болып, сарыла күтiп, зарыға аңсап отырғанына көзiмiз жеттi. "Сiз бiлесiз бе, менiң мүлде өмiр сүргiм келмейдi, тiршiлiктен жалықтым", — деп таусылады бiр кезде миллиондардың еркесiне айналған ерекше жан.
Ресейлiк тағы бiр арна "Ұмытылған есiмдер" деген хабар бередi. Еңсесiн ендi жинай бастаған көршi алып мемлекет бүгiнде ұмытылып, тасада қалған бұрынғы танымал, атақты адамдардың қазiргi бейшара қалпын жасырмай баяндайды. Алайда, бәрi де кеш екенi бiлiнiп тұрады. Олардың көпшiлiгi өмiрмен қош айтысып, ендiгiлерiнiң сынған рухы, тапталған намысы мен жаншылған жан-дүниесiнiң қайта жаңғыруы мүмкiн еместiгiн аңғарасыз. Бұлардың қатарына кейбiреулер тәрiздi iшiп кетпеген, санасы сергек, көкiрегi ояу Валентина жатқызылғаны өкiнiштi-ақ.
Әрине, коммунистiк идеологияның құрсауынан шыға алмаған кеңестiк телевидение де ең алдымен "ұлы орыстық" мүдде мен идеологияны, орыстың тiлi мен мәдениетiн насихаттаудан аса алмады. Ертегiнiң бәрiнде орыс батыры жеңiп, басқаның еңсесiн езумен болды. Одақ құрамында қалың мұсылман қауымының бар-жоқтығын елеместен, барлық балаға бiрдей "хрюшаны" сүйкiмдi етiп көрсетуге тырысып бақты. Орыстан өзге халықтың дербес құндылықтары, наным-сенiмi, мәдениетi мен дәстүрi бөлек, әлемдi басқа өлшемдермен қабылдайтыны қаперге алынбады. Қолдан тықпаланған бұндай идеологияның баянсыздығы, ақыр аяғында Кеңестiк империяның бiр сәтте шылпара ыдырауына алып келдi.