АЛАТАУДЫҢ ЕТЕГIНЕ ТIГIЛЕТIН ӘУЕЖАЙ

АЛАТАУДЫҢ ЕТЕГIНЕ ТIГIЛЕТIН ӘУЕЖАЙ

АЛАТАУДЫҢ ЕТЕГIНЕ ТIГIЛЕТIН  ӘУЕЖАЙ
ашық дереккөзі
414

«Әуежай да тiгiле ме екен?» дерсiз. Тiгiлгенде қандай! Өйткенi, Алматыда салынатын жаңа халықаралық әуежайдың үлгiсi бойынша ол Алатау етегiне тiгiлген қазақтың киiз үйлерiн елестететiн болады.

Қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов осы әуежайдың тұсаукесер рәсiмiн өткiздi. Тұсаукесер рәсiмiнiң құрметтi қонағы – Қазақстандағы Францияның Төтенше және өкiлеттi елшiсi Ален Куанон. Француз елшiсi бұл құрылысты екi ел арасындағы байланыстың нығаюына қосылған үлкен үлес болмақ деп бағалады.

Соңғы бес жылда Алматыда жолушылар тасқыны күрт өскен.

2011 жылы Алматыда қысқы Азия ойындары өтедi. Оның үстiне, Алматы былтырдан берi аймақтық қаржы орталығы болды. Яғни, Алматыға алдағы жылдарда сырттан ағылатын қонақ көп болмақ. Сондықтан әрi-берi ағылған жолаушылар тасқынын реттеу үшiн жаңа нысанның құрылысы қолға алынып отыр.

Жобаны француздың ADPI фирмасы жүзеге асырмақ. «Француздар — Еуропаның қазақтары» деген сөз бар емес пе, жоба авторлары дизайн үлгiсiн жасауда қазақтың ұлттық нақыштарына көп көңiл бөлгенi байқалады. Мұны жаңа әуежайдың қазақы үйдiң үлгiсiне ұқсатып салынатындығынан-ақ көруге болады. Кәдiмгi керегесi кең, уықтары мықты байланған, шаңырағы биiк қазақтың үйi.

Алдын ала есептеуге сәйкес, 2020 жылға қарай 8 миллионнан астам жолаушылар қабылдайтын болады.

Иманғали Тасмағамбетов терминалдың бiрiншi кезегi 2008 жылдың желтоқсан айында берiледi дедi. Оның аумағы 35 мың шаршы метрдi құрамақ. Ал екiншi кезеңiнiң аумағы 85 мың шаршы метрге жетедi деп жоспарланған. Жоба бес киiз үйден тұрмақ. Алғашқы кезеңде оның үшеуi, сосын екеуi iске қосылмақ. Әрине, әуежай болған соң оның аумағында жолаушылар тынығатын қонақ үй, мейрамхана, сауда-саттық орындары болуы керек. Бұлардан бөлек, жаңа әуежай жанында конгресс-холл, кинотеатр, бизнес және экспо-орталықтар салу көзделген.

Бiлетiндердiң айтуынша, бұл әуежай Орталық Азиядағы теңдесi жоқ терминал болғалы тұр.

16 ҚАБАТТАН АСЫРУҒА БОЛМАЙДЫ

Алматыда бұдан былай 16 қабаттан асатын үй салынбайтын болды. Қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтың шешiмi осындай. Бұл шешiмнiң негiзi де жоқ емес. Алатау баурайында орналасқан қаламыздың табиғи апаттардың қаупi көп аймақ екенi бес жасар балаға да белгiлi.

Тоқсаныншы жылдардың аяғынан бастап Алматыда құрылыс қарқыны күрт өстi. Әсiресе, ұшар басы аспанмен тiрескен зәулiм ғимараттар көптеп салынып жатыр. Ендi олардың құрылысына тыйым салынды. Бұған қала тұрғындары риза болмаса, наразылық бiлдiре қоймас.

Ал бұған дейiн жобасы бекiтiлiп қойған нысандардың құрылысы жалғаса бередi.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары