ҚОС ҚАРАШЫҚ...

ҚОС ҚАРАШЫҚ...

ҚОС ҚАРАШЫҚ...
ашық дереккөзі

Шүйкедей ғана қара кемпiрдiң шөкiмдей бiр уыс бетiнiң жартысын алып тұратын дәу қара көзәйнегi өмiрi көзiнен түспейтiн. Ес бiлiп, әжемдi танығалы берi, менiң де көргенiм, сол бiр қара көзiлдiрiк. Қара көзiлдiрiктiң аржағындағы қос жанардың суалып, үңiрейiп қалғанын әжемнен естiгенiм болмаса, көзбен көрген емеспiн.

Бала болған соң, көп нәрсеге әуес келесiң ғой, бiрде балалық әуестiкпен әжемнен: «Әже, менi көрiп тұрсың ба? Менiң түрiм қандай екенiн бiлесiң бе? Менiң бойым мұнша болды, мұншаға жеттi, қарашы» деп кiшкентай сiңлiм екеумiз жарыса сұрайтынбыз. Әжем болса, «Әй, тентектер-ай, тез арада үп-үлкен боп бойжетiп кетiпсiңдер ғой. Ой, Ақшақардың (сiңлiмдi айтады) бойы ұп-ұзын болып қалыпты»,–дейтiн алдарқатып. Балалық па, әжемнiң көзi көрмейтiнiн қызықтап, кiрген-шыққан сайын дауысымызды мың құбылтып, амандасатынбыз. Кейде көршiлердiң дауысын айнытпай салған кезде, әжем сенiп қалушы едi. «Әй, Бағиласың ба? Қалың қалай? Балаларың ержетiп жатқан шығар?» деп арқа-жарқа боп, амандаса жөнелетiн. Әжемнiң аңқаулығына риза болып, оны алдағанымызға мәз болатынбыз. Аңғал әжем болса, бiздiң шексiлемiз қатып, күлiп жатқанымызға қарап: «Ой, тұқымың өскiрлер, ойнайтын адамды тауыпсыңдар» дейтiн зiлсiз.

Анамыздан тым ерте айрылған соң ба, кiшiрек екеумiздi зағип әжем бағып-қақты. Тәрбиеледi. Көшедегi ата-әжелер сiңлiм екеумiздi көрген сайын, анадайдан: «Әй, соқыр кемпiрдiң қыздары, шешелерiң аман ба?» деп сұрайтын. «Соқыр» дегенге сiңлiм қатты намыстанатын. Тiптi, кейде ызадан жылап та алушы едi. Байғұс әжем: «Әдiрәқалғырлар, айта берсiн. Өздерiнiң көздерi жарқырап тұрған соң, кемсiтедi де. Кемсiтсе, кемсiте берсiн. Есесiне, олардың менiң жарқыраған қос шырағым, қос қарашығым сияқты балалары жоқ» дейтiн бiз екеумiзге. Шындығында да, бiз екеумiз әжемнiң қос шырағы едiк. Бiрiмiз түске дейiн, бiрiмiз түстен кейiн қолқанат болатынбыз. Балалар жиналып, ойын ойнауға кетiп бара жатқанда, бiздiң көзiмiз мөлдiреп, есiктiң алдында қала беретiнбiз. Ойын қызып жатса да, әжемдi жалғыз қалдыруға қимайтын едiк. Одан қала бердi, әжемнiң үнемi қасында жататын былғары кiтап «Қамбар батырды» заулата оқи жөнелетiнбiз. Алғаш сол кiтапты қашан оқығаным есiмде жоқ. Әйтеуiр, осылардың көкiрек көзi ашық болсын дей ме екен, әжем барлығымызға ең әуелi «Қамбар батырды» оқытатын. «Қамбар батырды» өзi де жатқа бiлушi едi. Қай кезде де сұрақ қоюға құмар сiңлiм: «Әже, неге қыз Назым өрмек тiгiп, Қамбарды күтiп отырады?» деп бастайтын кiтаптың бетiн жаба салып. Ал, әжем жауап беруден тосылмайды. «Ендi, құлыным-ау, Қамбарды күтiп алу үшiн, оның жүрер жолына өрмек тiккен жоқ па?» деп алады да, ары қарай, жырды сырғыта жөнеледi. Бiр қызығы, кез келген эпостық жырларды жатқа айтатын. Көзi көрмейтiн әжем қай уақытта кiтап оқып үлгердi екен деп, таң қалушы едiм. Сөйтсем, жырды бiз оқып отырғанда жадына құйып, жаттап алады екен ғой. Жыр бiткенше, сiңлiм ұйқыға кетiп қалатын. «Әй, мына тентек, ұйықтап қалыпты ғой, төсегiн де дұрыстап салмағанын қарашы» деп күбiрлеп жүрiп, екеулеп орнына жатқызатынбыз. Қолымыздан келмеген тiрлiктiң бiр ұшын өзi ұстап жүрушi едi. Тамақ дайындайтын кезде де, қонақ келер кезде де, бiздiң жанымыздан табылатын. Қолындағы таяғы тық-тық етiп, қара көзiлдiрiгiн бiр сүртiп алады да, кеңес бере бастайды. Кейде күйбелектеп жүрiп, отқа да түсiп кете жаздайтын. «Әже, ары тұр. Жаулығың күйiп қалады» деп шыр-пыры шығып, Ақшақары жүредi қасында. Күйелеш-күйелеш нанды пiсiрiп алып, нан пiсiргенiмiзге бiз мәз болатын едiк. Сөйтiп жүрiп, тамақ дайындауға, нан пiсiруге де етiмiз үйрендi.

Нан пiсiре алмаған соң, таңертеңнен кешке дейiн, нанның кезегiнде жүрген маған бiрде көршi әйел: «Әй, соқыр кемпiрдiң қызы, аяймын ғой сенi. Шешелерiң болса, бүйтiп нан күтiп жүрмес едiңдер. Ендi мiне, сабақтан қалып, нан күтiп жүргенiң. Өстiп жүрiп, уақытың өтетiн болды-ау» дегенi. Күннiң ыстығына күйiп, дүкеннiң алдында қара кешке дейiн тұрған соң ба, әлгi әйелдiң сөзi өңменiмнен өтiп кеттi. Ызадан жарылардай болып, жылап жiбердiм. Көзiмдегi жасты ешкiмге көрсеткiм келмей, үйге қарай екi өкпемдi қолыма алып, ұша жөнелдiм. Әжем қара көлеңкенi көлегейлеп, есiк алдында отыр екен. Менiң апыр-тапыр жүгiрiсiмнен-ақ секем алған болуы керек, «Қарағым-ау, не болды? Үйге қарай сонша жүгiргенiң не, жаман ырымды бастап» дедi. «Әже, ана.. әлгi… көршi… бар ғой…» даусымның бұзылып кеткенiн сезбесiн деп, сандырақтай бастап едiм, өзi де бiр нәрсенi сезген болуы керек, үнсiз жанына шақырып алды да, тарам-тарам саусағымен менi басымнан сипап үнсiз отырып қалды. «Жылама, ботам. Сендер әлi-ақ жетiлiп, ержетесiңдер. Сонда бүкiл ауыл соқыр кемпiрдiң қыздарының елдiң алды боп бойжеткенiне таңдай қағатын болады» деп, кемсеңдеп қоя бердi.

Өмiр бойы көргенi тауқымет болған қайран әжеме өмiрiнiң соңғы күндерiнде немере бағып, тәрбие беру оңай соқпаған да шығар. Жиырма жасында жалғыз ұлмен жесiр қалып, ендi жетiлдiм бе дегенiнде жалғыз келiнiн де сұм тағдыр ерте жалмады. Екi көзi көрмегенiне де елу-алпыс жыл. Ұлы мен келiнi ауруханадан аурухана қалдырмай шарлағанымен, суалған жанар қайта орнына келмедi. Шарадай жанып тұрған қос шырағының орнына қара көзiлдiрiк таңылып, жарық дүниенi көре алмай, немерелерiнiң түр-тұлғасын байқай алмай, сезiммен ғана күй кешiп келдi.

«Соқыр кемпiрдiң қыздары нашар оқиды деп, ел табалап жүрер. Сабақтарыңнан қалмаңдар, жақсы оқыңдар. Шешелерi жоқ жетiм болған соң, бұзылып кетiптi демесiн ел-жұрт. Әдептi, тәрбиелi болыңдар, ботақандарым» дейтiн әрдайым бiздi жанына отырғызып алып. «Әже, мен сенi ешқашан да тастамаймын. Қартайғанша тек қана сенiң қасыңда болам. Оқуға да бармаймын» дейтiн сiңлiм. «Қой, олай айтпа, жақсы оқып, есейген соң, үлкен қалаға оқуға барасың. Оқуыңды тауысып, үлкен жерлерде қызмет жасайсың. Ауылда қалсаң, қалай үлкен адам болмақсың. Мен сендердi үйдiң алдында күтiп алам» деушi едi әжем.

Сiңлiм екеумiздiң арамыздағы жас айырмашылығы төрт жас. Менi оқуға шығарып салғанда есiктiң алдына сiңлiмнiң жетелеуiмен есiк алдына шыққан әжем: «Оқы, құлыным. Құдайым саған бармақтай бақ берсiн! Сен оқып, жақсы адам болмасаң, анаңның әруағы бiздi ешқашан кешiрмейдi, балапаным», – деп маңдайымнан иiскеп, шығарып салды.

Соңғы барғанымда тоқсан жас оңай болмаған болуы керек, әжемнiң денсаулығы бұрынғыдай емес, сыр берiп қалыпты. Орнынан өздiгiнен қозғала алмайды. Бар болғаны әлсiз қолдарымен менi сипалап, кемсеңдей бердi. Әжемнiң жылағанын көрiп, менiң де жүрегiм қан жылап қоя бердi…

…Бүгiн сiңлiмдi күтiп алмақ болып, Темiржол вокзалына ертерек келдiм. Сағат 11-де келедi деген пойыз, кешiктi ме, әлi жоқ. Ары-берi перронда теңселiп жүрмiн. Ертеңгi жоспарларымды ойша еске түсiрiп қоям. Ең әуелi сiңлiмдi жатар орынға орналастырып аламын да, содан кейiн оның құжаттарын реттеудi бастамақпыз. Бала кезiнен ұстаз болуды армандайтын сiңлiмдi қалайда мұғалiмдiктi оқытатын гуманитарлық оқу орнына тапсырту – басты мақсатым. Өткен-кеткендi ойша қазбалап тұрғанда, пойыз да келiп жеттi. Әне-мiне дегенше 13-вагоннан қылтиып, сiңлiмнiң де басы көрiндi. «Ақшақар, мен мұндамын» деп қолымды бұлғадым, әжемнiң мәтiбiне салып. Әжем менi Гүлшаһар десе, оны Ақшақар дейтiн еркелетiп. Өзi де қашан қалаға жеткенше, асыққан шығар десем, түрi шаршаңқы. Үлкен қаланы алғаш көрiп тұрғаны да осы. Бiрақ, түрiнен ешқандай таңданыс байқалмайды. «Мұнысы несi екен?» деп таңырқадым да қойдым. Кешкiлiк ауыл-аймақтың жағдайын сұрағаным сол едi, сiңлiм жыламсырап қоя бердi. «Мен әжемнен қашып кеттiм» дедi салған жерден.

–Қашқаны несi?

– Әжем менiң кететiнiмдi бiлген соң, күнде жылайтын әдет тауып алды. Менi жiбергiсi келмейдi. Сосын амал-жоқ, кетпеймiн деп өтiрiк алдадым. Ал кетер күнi әжеммен қоштаспастан, таңертең үйден шығып кеттiм. Шығып кеткенiмдi қайтейiн, осында жеткенше, жылап келдiм. Бекер тастап кеттiм-ау. Айтшы, ол ендi жылап жатқан шығар…

Сiңлiм көзiнiң жасын тия алар емес. Ауыл-аймақты, ағайынды сағынып жүргендiктен бе, сiңлiмдi жұбатар сөз таба алмадым. Бар-болғаны оны құшақтап: «Ақшақар, ертең оқуға түскен соң, әлi-ақ, әжемдi барып қуантатын боламыз. Бiздiң үлкен азамат болғанымызды бiлсе, өзi де разы болады. Ол кiсiнiң ең үлкен арманы да, екеумiздiң оқу оқып, адам болғанымыз емес пе? Жылама. Сенiң ендiгi мақсатың, әжеңнiң тiлегiн орындау» – деп бiрнәрселердi айтқан болам. Iштей өзiм де ағыл-тегiл жылап тұрмын. Көз алдымда, әжемнiң бейкүнә бейнесi. Бiр бұрышта бүк түсiп жатыр ма екен, кiм бiлсiн?!

…Әжесiнiң Ақшақары тегiн жыламаған болуы керек, сол жылы күзде бiз әжемiздi жоғалтып алдық. Қайран әжем, «менiң құжаттарым жоғалып кеттi ме, әлi хабар жоқ» дейтiн ылғи жеңiл күрсiнiп, «Құжаты несi?» деп бiз таңқалатынбыз. «Әже, қандай құжат?» деп қайыра сұрасақ, «Е-е, әлгi ана дүниедегi құжатты айтам да»,– дейтiн күлiп. «Ой, әже, қайдағы жоқты айтатыныңыз не? Сiз өлсеңiз, онда мен де бiрге өлем» дейтiн Ақшақары қосыла. «Өлгенi несi, тәйт, сен әлi-ақ, өсiп, ержетесiң. Менi қойшы, асарымды асаған, жасарымды жасаған адаммын» деушi едi. «Қос қарашығым-ау, менiң» деп мейiрлене басымыздан сипайтын әжемдi мен де, Ақшақары да соңғы сапарына шығарып сала алмадық. Анамыз кеткен оралмас сапарға қайран әжем бiз жоқта аттанып кетiптi…

Гүлзина Бектасова