БАР АСЫЛДЫ, АЛДЫМЕН, ӨЗ ТОПЫРАҒЫМЫЗДАН IЗДЕСЕК...

БАР АСЫЛДЫ, АЛДЫМЕН, ӨЗ ТОПЫРАҒЫМЫЗДАН IЗДЕСЕК...

БАР АСЫЛДЫ, АЛДЫМЕН, ӨЗ ТОПЫРАҒЫМЫЗДАН IЗДЕСЕК...
ашық дереккөзі
260

Қазақтың жабы жылқысы мен Едiлбай қойын ел iшiнен бiр-бiрлеп жинап, олардың тек санын ғана көбейтпей, сапасына да үлкен мән берiп жүрген, өзi қалада өссе де, дала төсiн малға толтыруды мақсат еткен ұлтжанды азамат, биология ғылымының докторы Нұрлан Әнуарбекұлы Тiлеулесовпен әңгiмелесiп, ой бөлiсудi газетiмiздiң тұрақты авторы Баян Бимағамбетова мойнына алған едi.

Н.Т.: Мектептен соң Мәскеу мен Санкт-Петербургке барып, жоғарғы оқу орнын бiтiрiп, одан аспирантура, доктарантура деп 12 жыл сол жақта жүрдiм. Мамандығым – биолог, оның iшiнде гендiк-инженер. Содан нарық желi соғып, оқыған бiлiмiмiзден нәпақа таба алмаған кезде, 1993 жылы елге келiп, шамалы уақыт саудамен айналысуға тура келдi. Бiраз тиын-тебен жиналған соң, көп адаммен ақылдасып, бiр шама зерттеп 1998 жылдан осы кәсiбiме ден қойдым. Ең алдымен жүйрiк аттар iздедiк, сосын кәдiмгi жiбек жүндi ақ қой жинадық. Осылайша, бiршама адасуға да тура келдi. Ал, бiздiң халқымызда бұрын Едiлбай деген қазақы қой болғанын кейiн бiлдiк қой. Содан оны Орал облысынан сатып алдық. Ақтөбенiң Мұғалжар ауданында қазақтың жабы жылқысын өсiрген, соның сiлекейiн үзбей ұстап қалған, өте тәжiрибелi Серiк Мырзабеков және Кәмен деген ағаларымыз бар екен. Сол кiсiлердiң ақылынан кейiн қазақтың осы жабы жылқысын ұстай бастадық.

– Қазақтың жабы жылқысы, Едiлбай қойы, төбетi мен тазысының ерекшелiгi неде?

Н.Т.: Бiздiң ата-бабаларымыз баяғы заманның өзiнде саннан гөрi сапаға көбiрек мән берген. Мысалы, жабы жылқысын алайық. Екi елi қазысы – бойында, мiнсең – көлiк, сатсаң – ақша. Оның үстiне, қар бiр түскенше азығын тұяғымен-ақ таба бередi. Елiмiзде қуаң, шөл дала көп. Сол далаға лайықты, жаздың ыстығы мен қыстың суығына шыдайтын төзiмдi, әрi өсiмтал осындай малды қалай бағаламасқа.

Ал, Едiлбай қойын алсақ, бұлар да жабы жылқыдай қар бiр жауғанша өз азығын тұяғымен табады және қыстың кезiнде он-он бес күнге дейiн (белгiлi бiр себептермен жем-шөбi жетпей қалып, я сапасы нашар болып, дұрыс коректене алмаған кезде) iшiндегi қозысын тастамай, құйрығымен азықтанып тұра бередi. Сол кезде солып қалған құйрығы көк шыға салысымен екi-үш аптада орнына келедi. Егер осындайда ақ қой болса iшiндегi қозысын түсiрiп алар едi. Оның үстiне әрi барса 25 кг ет беретiн ақ қойға қарағанда бiр өзi 80-100 кг дейiн сапалы ет беретiн Едiлбай қойының немен ерекшеленетiнiн өзiңiз саралай берiңiз. Бұрын Кеңес үкiметi кезiнде қазаққа өз төл малынан гөрi сырттан келген малды бағуға көп жағдай жасады. Осылайша халқымыз мыңдаған жыл бойы өз табиғатына, даласына лайықтап баққан малынан бiраз айрылды. Ақ қойды тек жүнi үшiн ғана ұстауға болады.Осы малды ит-құстан қорғауда қазақы төбеттiң де орны бөлек, ал тазысының аңшылығы тiптi жеке әңгiме.

– Осы жөнiнде толығырақ айта кетсеңiз.

Н.Т.: Мал шаруашылығымен айналысқан соң, оны ит-құстан қорғайтын, әрине, ит керек болды. Менiң Бекен деген досым қазақы төбет туралы жыр ғып айтатын. Көзiң көрмегесiн, кейде осы өтiрiк айтып отыр-ау деп ойлайтынмын. Сол досым арқылы Оңтүстiк Қазақстан облысындағы Нұрәлi деген азаматпен жолығып, қазақы төбетке де қолым жеттi ақыры. Ол өзi мал баққалы он жыл аралығында осы қазақы төбетiнiң арқасында ит-құсқа бiр тышқақ лақ алдырмапты. Тiптi, малын қамайтын қорасы да жоқ. Содан 12 жасар қаншық иттi 7 күшiгiмен шiлденiң ыстығында Алматыға алып келдiм. Жол бойы келе жатып, әлсiн-әлсiн ет алып берiп тамақтандырайын десем, әлгi ит бiр түйiр еттi аузына салмай, тек күшiктерiне берiп келдi. Өзi арықтығы соншалық қабырғасын санауға болады. Жетi күшiктi, әрине, емiзу оңай ма? Содан келгеннен соң – өмiрi үйге кiрмеген, далада өскен ит бiздiң жылы бөлмеге де үйренiп кеттi. Күндiз күшiктерiн далаға шығарып ойнатады, сол күшiктерi ойнап жүрiп тез ұйықтап қалады, солар үшiн күнге арқасын берiп, көлеңке болып, ұйқыдан тұрғанша қалқалап тұрады. Ал, өзiң тамақ бергенше шыдап, сұғанақтанбайтын қасиетiн қалай айтпайсың. Бiрде соғым сойып, еттi далаға тастап кеттiк те, өзiмiз iштен терезе арқылы бақыладық. Бiр сағат бiз әрең шыдадық қарауға, сол еттiң маңайына иттiң жоламағанын көрген жолдастарым, қазақы төбеттiң қасиетiне таң қалды. Содан тараған төбеттерiм неше жыл болды, ит-құсқа бiр тұяқ алдырған жоқ. Кезiнде маған күлген, өзiнiң аргентиналық бульдогын, ирландық бөрiбасарың 10 000 доллардан жоғарыға алғанына мақтанған жолдас-жора, таныстарым, қазақы төбеттiң қасиетiн қазiр ғана түсiнiп, бағалай бастады. Әйтпесе, осы төбеттердi бағып, асырағаннан табыс тауып отырған жоқпын, түсiнiп-бағалап келген адамға, оның тұқымын беруге әзiрмiн, тек оны ары қарай өсiрiп-өндiре алатын болса.

– Осыншалықты ерекше қасиеттерi бар ұлттық құндылығымыз тазы мен төбет дүние жүзiлiк кинология қоғамына неге қабылданбай отыр?

Н.Т.: Оның себебi – алдымен әркiмнiң амбициясы, сосын құнтсыздығымыз. Интернеттегi сайтқа кiрсеңiз көресiз, әркiм төбеттi қазақы төбет деп ұстап жүр. Бiрiнiкi – түркiменнiң алабайы, бiрiнiкi – кавказ овчаркасы араласып кеткен төбеттер. Ешкiм өзiнiкiн қазақы төбет емес деп мойындағысы келмейдi. Солар әлемдiк кинологтар одағына алып барғанда, оның қазақы төбет емес екенi дәлелденiп, кейiн қайтқан.

– Белгiлi бiр генетикалық тұрғыда дәлелдейтiн мамандар шақырып дәлелдемейсiздер ме?

Н.Т.: Дұрыс айтасыз, сол үшiн бiз Мәскеуден кинолог маман шақырдық. Өзi осы иттер туралы алты кiтап шығарған. Сол кiсi зерттеген кезде бiздiң қазақы төбеттерiмiздiң жүйке жүйесiне таңқалды. «Мынау жүйке емес, арқан ғой, не деген мықты»,– дегенi бар. Өстiп ғылыми жолмен де, өмiрлiк тәжiрибеде де қазақы төбетiмiздiң нағыз тектiлiгi дәлелденген соң ғана өзiмiздiң азаматтар сұраныс жасай бастады.

– Ғылымның белгiлi бiр шыңына шығып тұрып, мал шаруашылығымен айналысам деп, ел жағалап, жылқы, қой iздеп жүргенiңiздi ата-ана, жанұяңыз қалай қабылдады?

Н.Т.: Өзiңiз бiлесiз, әкем Әнуарбек, белгiлi баспагер, полиграф маман. Мен осылай ел кезiп, мал жинап, жылқы көрсем жанынан шықпайтынымды көргенде, анама айтады екен: «Әй, осы баламыздың бiлiм қуам деп басы кетiп қалған-ау»,– деп. Өзi белгiлi бiр баспаның ұзақ жыл басшысы болған адам, ұлының да сол кездегi мода бойынша партия қызметкерiне айналғанын, бастық болғанын армандағаны рас. Кiшi iнiм тентектеу едi, осы жылқымен айналысқанымның арқасында жақсы iстердi қолға алып, қазiр белгiлi бiр жылқы зауытын басқарып отыр. Мен де осы шаруашылықтың арқасында көштен қалып отырған жоқпын. Осының бәрiн көзi көрген соң райынан қайтты.

– Өзiңiз қаланың қақ ортасынан шыққансыз, солай бола тұра қазақшаңыз тым жақсы ғой. Ал өз тiлi мен дiлiн жоғалтқан қазақтар туралы не айтасыз?

Н.Т.: Жоғарыда айтып өттiм ғой, аргентиналық бульдогымен, немесе басқа да шетелдiк заттарымен мақтанып отыратын асфальт қазақтары менiң өмiрiмде көп кездестi. Мен оларды аяймын. Неге? Өзiңнiң осыншалықты бағалы ұлттық құндылықтарың тұрған кезде, соны түсiнбеу, бiлмеу, әрине, зор өкiнiш. Ал мұндайға душар болған адамды тек мүсiркеп, аяу қажет. Қазақтың ұлттық дәстүрiн менсiнбей, тiлiн түсiнбей, шүлдiрлеп, баласын, ұрпағын өзге тiл, өзге дiлге тәрбиелеп отырған қазақтардың жегендерi – хот-дог пен поп-корн. Соны торғайға ұқсап шашып жеп, өзi соған мәз болатындар күн санап көбейiп келе жатыр. Бұл бiздiң аз халқымыз үшiн өте көп жоғалту.

Ал, өзiмнiң нағыз қазақ болып шығуыма әжемнiң зор ықпалы болды. Сол кiсiнiң мейiрiмдi тәрбиесiнiң әсерi шығар қалада өссек те ауылға жиi бардым. Ауылдың түтiнi мен ауыл адамдарының бiр-бiрiне деген алыс-берiс қатынасы маған жақын. Бәрiмiзге мейiрiмiн тең бөлiп берген сол әжелер қайда бүгiн? Бүгiнгi әжелер бiр -екi немересiн тәрбиелеуге уақыт таба алмай жатады. Сол әжем басқа немерелерiнен гөрi менi қатты еркелеттi-ау деймiн. 7-сыныпқа дейiн, өмiрде одан басқа адам жоқ сияқты көрiнетiн маған оның бала тәрбиелеу тәсiлi де ерекше едi, бiр нәрсенi олай iсте, бұлай iсте – деп тiкелей ақыл айтпай, әңгiме айту арқылы көп нәрсеге үйрететiн. Кейде жол жиегiнде мас болып бiреудiң құлап жатқанын көрсе:–«Алтындай басын қор қылып, не болды екен осынша араққа салынып, өстiп жүрiп өмiрiн құртады ғой»,– дейтiн. Осындайды естiген бiз арақ дегеннiң жақсылық әкелмейтiнiн құлағымызға құйып, санамызға сiңiрiп өстiк. Қанша еркелетсе де шектен шығып кетпей, адам болып қалуды ойладық. Осындай ұлттық тәрбие алғанымнан қор болған жоқпын, қайта осы өмiрде қолым бiрдеңеге жетсе, осы тәрбием мен көрген-бiлгенiмнiң арқасы ғой деп ойлаймын. Сол әжеме арнап жеке шаруашылығымның атын «Ажар» деп қойдым. Сонымен қатар, халқымыздың жабы жылқысы, Едiлбай қойы, төбетi мен тазысын бағу арқылы да өз ұлтымның даналығына, оның мал шаруашылығымен айналысқандағы кәсiби шеберлiгiне де көз жеткiзiп, қазаққа жақындап, өз орнымды тапқанымды мақтаныш етемiн.

– Ұлттық бет-бейнеңдi жоғалтпаудың басты кiлтi неде?

Н.Т.: Ол – тiл. Өз ана тiлiңдi бiлу арқылы салт-дәстүрiңдi бiлесiң. Ата кәсiбiңдi түсiнiп, ұғынасың. Әдет-ғұрпыңды, тарихыңды, әдебиеттiң мен мәдениетiңдi бiлесiң. Бұларды бiлу арқылы өз ұлтыңа деген сүйiспеншiлiгiң арта түседi. Иә, барлық асыл дүниенiң алтын арқауы– туған тiлiң ғой, шiркiн!

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелеген: Баян БИМАҒАМБЕТОВА

Серіктес жаңалықтары