ЖАН ЖАРАМ ДА, ТӘН ЖАРАМ ДА ЖАЗЫЛҒАН ЖОҚ

ЖАН ЖАРАМ ДА, ТӘН ЖАРАМ ДА ЖАЗЫЛҒАН ЖОҚ

ЖАН ЖАРАМ ДА, ТӘН ЖАРАМ ДА ЖАЗЫЛҒАН ЖОҚ
ашық дереккөзі
300

Сол ызғырық ескен күнi қаны мен жүрегi қазақ деп соққан жастар алаңға ағылды. Оның арасында жап-жас өрiмдей, тұлымшағы желбiреген, небәрi 21 жастағы Роза Шынтемiрова да бар едi. Одан берi мiне, аттай 20 жыл зымырап өте шықты. Бiрақ, сол қаратүнек желтоқсанның сұрапыл да суық күнi әлi желтоқсандықтың көз алдында сайрап тұр. Еске түсiргiсi келмейдi, әрине. Амал қанша…

– Шынымды айтсам, 1986 жылдың желтоқсанында көрген жан түршiгерлiк азабым мен қасiретiмдi есiме еш түсiргiм келмейдi. Желтоқсан көтерiлiсi десе болды, зәрем зәр түбiне кететiндей. Сол күндi көз алдыма әкелсем, жанымды қоярға жер таппай қиналамын. Мiне, ақыр аяғында мынандай халге душар болдым. Осы уақытқа дейiн жан жарасы мен тән жарасы батпандап мiнiп алып, жанымды жегiдей жеп келедi деп, Роза апай көзiне жас алды. Бiраз үнсiздiктен соң, әңгiмесiн қайта жалғады.

… Ол кезде Қыздар педагогикалық институтының студентi едiм. Бiр бөлмеде төрт қыз тұрдық. 17 желтоқсан күнi таңертеңгi сағат он шамасында, бiздiң 5-жатақхананың алдына жиналған жастардан бiр суыт хабар естiдiк. «Дiнмұхамед Қонаев атамыз түсiп қалыпты, орнына бiр орыс кептi» деген әңгiме гуледi. Содан қандай дүлей күштiң пайда болғанын бiлмеймiн, әйтеуiр намыс күшiне булықтық. Бiр кезде «жастар алаңға жиналмақшы, өз пiкiрiн айтып, наразылығын бiлдiрмекшi» деген сөз желдей естi. Бiз де қарап қалмай, оттай жалындаған күш-жiгерiмiздi жұдырыққа түйiп алаңға бет алдық. Жанымда Сәния, Гуля, Роза деген қыздар бар. Алаңға бiраз жастар жиналыпты. Бәрiнiң аузында Қонаевтың кенеттен орнынан түсiп қалғандығы сөз болуда. Қолына плакат, ұран ұстағандар бiр бөлек. «Бiзге Қонаевтың қандай себеппен кеткендiгi туралы жауап берсiн!» деген жастарды ешкiм тыңдамады да. Дауыс көтергiшпен кезек-кезек сөз алып, «Қазақстан – қазақ елi. Өз елiнде қазақтың басшы болмауы не деген сұмдық!» деген ойлар да ашық айтылды. Ретi келгенде мен де сөз алып: «Бiз қазақпыз! Қазақ өз елiне өзi қожа! Қазақ өз елiнде қаңғып қалмауы керек!» деп айтып салдым. Қазiр ойласам, сол кезде өжет екенмiн. Мiне, осылай әркiм өз ойын бiлдiрiп жатқанда, қас та қарайып қалды. Күн ызғарын шашып тұр. Алаңдағы халық суыққа қарамай табандап тұрып алды. Бiр қарасақ, қатар-қатар сап түзей бастаған солдаттар шеп құрып, алаңдағыларды құрсауға ала бастапты. Жiгiттер жағы қолдарына не iлiндi, сонымен өздерiн қорғауға кiрiстi. Қып-қызыл қантөгiс қас пен көздiң арасында өршiп кеттi. Шуылдаған халық. Айқай-шу. Су шашатын көлiкпен нөсерлеткенде, ағысы анадай жерге бiр-ақ апарып тастайды. Ырылдаған, қабаған иттердi босатып, талатты. Айтақтауға көнген ит те, солдат та жастарды еш аяған жоқ. Тептi, қолына түскен затпен ұрды, жықты. Жанымдағы құрбыларымнан да көз жазып қалдым. Әйтеуiр көпшiлiкпен бiрге бiр сүрiнiп, қайта тұрып келе жатқанда басыма бiрдеңе дүңк ете қалғандай болды. Көзiм қарауытып барады. Аузыма бiр жылымшы қан құйылған сияқты. Бет-аузымды ғана сүртiп, қайта түрегелдiм де, аяқ астында тапталып қалмайын деген оймен алға қарай ұмтыла бердiм…

54 ҚЫЗ 54 ТАҒДЫР ҒОЙ…

– Әйтеуiр қуғыншылар қуа бердi, бiз де кеудемiзде қасық қанымыз қалғанша арпалыса бердiк. Алаңның бiр шетiне шыға бергенде, бiр көлiк милиция қызметкерлерi жолымызды кес-кестедi. Iшiнде жаны ашыған бiреуi: «Қашыңдар, мына жаққа!» деп айқайлап жатыр. Бiрақ, көптiң аты көп, бiздi оңай қолға iлiктiрдi. Содан бiздi Целинный кинотеатры жанындағы милиция бөлiмшесiне апарып тықты. Есiмдi жиып, жан-жағыма қарасам, кiлең қыз-келiншек. Үстi-басым қан жоса, аузы-басым жырым-жырым. Менi есiктен кiргiзгенде, бар күшiмен лақтырып жiбергенiн бiлемiн. Iштегi қыздар икемдеп, қабырғаға сүйеп отырғызып жатыр екен. Жақында сол камерада бiрге отырған Сәуле Сатыбалдиева деген қызды таныдым. Бар-жоғы 54 қыз болған екенбiз. Бүгiнде олардың қайсыбiрi жетiсiп жүр дейсiз. Менiң басымда бар тағдыр тауқыметi оларды да қыспаққа алған болар, кiм бiлсiн?! Қазiр 54 қыздың 10-ы Алматыда екен. Қалғаны қайда екен?

Бiр сұмдығы, бәрiмiздi бiр-бiрлеп шақырып, «Сендердi кiм бастады?» деп сұрай бередi. Ұзын бұрымымды қолына бұрап алып, «Айт, кiм үгiттедi?» дегенде жаным шығып кете жаздады. Солай әр тергеушiден күнiне неше рет соққы алдық. Ертесiне, тергеушi ретiнде келген қазақ азаматы бiзге: «Алаңға бiздi ешкiм бастаған жоқ. Жағдайды естiген соң, өзiмiз бардық» деп жазылған қағазды алдымызға бiлдiртпей сырып қойды. «Болды, артық ештеңе айтпаңдар!» дедi. Оқыдық та, сол кiсiнiң жазғаны бойынша жауап бердiк. Бiр күннен соң бәрiмiздi босатты. Ертесiне түске таман жатақханаға шалажансар күйiмде келдiм. Басымнан алған жарақаттан аққан қанның орны ойсырап тұр. Бет-аузым түгел қанға малынған. Қыздар атқылаған қанды тоқтату үшiн йод жақты. Дереу жедел-жәрдем шақырды. Пайда не, алаңға шыққанымды естiдi де, ауруханаға әкетпедi. Қуанғаным, әйтеуiр қан тоқтады-ау. Дәл сол кезде, мен болашағымды, ертеңгi күнiмдi еш ойламаппын. Мiне, содан берi сау басыма сақина пайда болып, езгi мен тепкiге түскен омырауым сыр бере бастады. Не үшiн, кiм үшiн бардым екен? Осының бәрi басыма пәле болып жабысатынын сол кезде бiлсемшi…

БӘРI МЕНЕН ТЕРIС АЙНАЛДЫ

– Содан не керек, қызығы мен шыжығы алма-кезек студенттiк ғұмырым қысқа болды. Бiрге оқыған құрбыларым, оқытушы, деканым да алакөзбен қарап, терiс айналды. Декан Өмiрзақ Есназаров жиналысқа салып: «Не үшiн бардың?» деген сұраудың астына алды. «Қазақстаннан басшы боларлық бiр қазақ табылмады ма?» деп қасарысып тұрып алдым. Кураторым Дәрмен Рақымжанқызы да ертеңгi күнiме алаңдап: «Неге барып едiң сол алаңға?» дегенде, «менiң орнымда болсаңыз, сiз де солай етер едiңiз» деп жылап жiбердiм. Түсiндi. Нәтижесiнде «бұзақысың» деп, оқудан да шығарды. Мұнымен қоймай, тергеушiлер таң ата, кеш батқанда, түнде де келiп баяғы бiр сұрақтарын қойып мазалай бердi. Құдды бiр халық жауы сияқты күй кештiм.

Оқуға тек 2 жылдан кейiн ғана қайта қабылдандым. Онда да өзiм оқыған музыкалық факультет емес, библиография мамандығына алды. Ешқандай факультет деканы жолатпай қойғанда, Нәпиқа Қайырқызы ғана: «Жарайды, аламын» дедi. Осы кiсiнiң жүрегiнде қазаққа деген жанашырлық пен жылулық болған екен. Әйтеуiр күндiзгi бөлiмде оқып жүргенде қайта-қайта түрткелектей берген соң, сырттай бөлiмге ауысып, 1994 жылы бiтiрiп шықтым. Арасында орыс сыныптарына қазақ тiлiнен сабақ берiп жүрдiм. Содан мектеп директоры: «Тiл маманы болуыңыз керек» деген соң, басқа жоғары оқу орнына бармай, әдейi сол ЖенПИ-дiң қазақ тiлi мен әдебиетi факультетiне құжат тапсырып, оны да бiтiрiп шықтым. Мiне, содан берi мектепте орыс сыныбына қазақ тiлiнен сабақ беремiн. Жалпы, балалармен жұмыс iстеген өзiме ұнайды.

ӨМIРIМ ӨКСIКПЕН ӨТIП ЖАТЫР

– Өзiм музыкалық факультеттi ұнаттым. Баян аспабын тартатынмын. Осы жаныма серiк болған өнерiмдi сол Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн ұмыттым ғой. Бiрде баянды тартып отырғанда етпетiмнен жерге құлап түстiм. Ұстазым Сергей Константинович Ашлаков абдырап қалды. Есiмдi жиғаннан кейiн болған жайдың бәрiн жайып салдым. Адамгершiлiгi биiк едi. «Роза, ақ аю да кетiп бара жатқанда, қайтып келемiн деп артына қайта-қайта қарайлай бередi. Сол жерде не болатынын неге ойламадың?» дегенде, қазiр ойласам ұятым да жоқ екен, «Неге Қонаевты алып тастайды? Неге қазақтан басшы болмайды?» деппiн ғой. Ашлаков та не айтарын бiлмей: «Мұны бiз бiлмеймiз ғой» деген. Мiне, содан кейiн жиi талып қала бердiм. Ұстазым емханаға қаратып, 12-ауруханаға жатқызды. Сөйтсем, басымнан қатты жарақат алғанымды, дәрiгер жасырған екен.

… 1989 жылы тұрмысқа шықтым. Әу баста тұңғышымды босанғанда 21 күн реанимацияда жаттым. Өз күшiммен емес, операциямен алды. Екiншi балам да осы жолмен өмiрге келдi. Аман, Есен деген екi ұлым бар.

Алайда, сол кезде алған ауыр соққы маған қазiр дерт болып жабысты. Басым ауыратыны былай тұрсын, екi жыл бұрын омырауыма түйiн пайда болып, соңы қатерлi iсiкке әкелдi. Омырауымнан үш операция, алты химия алдым. Бұған шыдап берудiң өзi қиын. Өз-өзiңе келе алмай екi күн дым нәр татпай, жатамын да қоям. Тағы туамын десем де, туа алмаймын. Қатерлi iсiк дертiне шалдыққан ана өмiрге денi сау бала әкеле ала ма? Тiптi, тууға да болмайды. Басқа салғанның бәрiне көнедi екенсiң. Шынымды айтсам, мұндай ауыртпалықты жауыма да тiлемеймiн. Өмiрде денсаулықтан асқан байлық жоқ екенiн менен артық ешкiм бiлмес.

БӘРI ДЕ АҚТАЛАР

– Менiңше, Желтоқсан көтерiлiсi әлi өз бағасын алған жоқ. Қыз-жiгiттердiң аққан қанымен, көз жасымен келген тәуелсiздiк қой бұл. Осы уақытқа дейiн ата-бабамыз ұлтарақтай жерi үшiн қанын төксе, кешегi желтоқсандықтар тәуелсiздiк үшiн жанын бердi. Қарап тұрсаңыз, кейбiр дерек көздерiнде Желтоқсан көтерiлiсiн «оқиға» деп бағалайды. Алаңда қып-қызыл қан төгiлсе, қалай оқиға болады?! 20 жыл өтсе де, өз бағасын алған жоқ. Әлi көбi ақталған да жоқ.

Әу баста бәрiнен қолхат алып, құжаттарымды жинап, «Желтоқсан бiрлестiгiне» өткiздiм. Қолымызда керектi қағаздың бәрi бар. Неге ақталмай жатқанымызды бiлмеймiн. Әйтеуiр анда-мында бар деген жердiң бәрiне барамыз, ештеңе шықпайды. Ендiгi бар арманым – денiм сау болса болғаны. Өйткенi, осы уақытқа дейiн ешқандай нәтиже болмады. Әйтеуiр бiр әдiлеттi күн туғанда, бiздiң де атымыз аталар. Жақында Болатбек Төлепбергеннiң «Бiз бiлмейтiн Желтоқсан» атты кiтабына енгiзiлiппiн, суретiм де берiлiптi. Өзiмдi көргенде бiр орнымда тұрып қалдым. Естуiмше, «желтоқсандықпын» деп пәтер де, атаулы көмек те алып жатқандар бар көрiнедi. Осының бiреуiн де алған жоқпын. Ешқандай көмек, жеңiлдiк қарастырылмаған. Әйтеуiр, осы балаларымның қолы аузына жеткенше жүре тұрсам екен… Бар арманым сол.

ӨМIРЛIК ЖОЛДАСЫМНЫҢ АРҚАСЫ…

– Жолдасым Ақжүнiс екi жоғары оқу орнын бiтiрген, бiлiмдi азамат. Инженер-механик. Әуелгiден тартып келе жатқан азабымды осы отағасымен бiрге өткiзiп келемiн. Көп нәрсеге көмекшi, сүйеу. Ақылшым да, қолдаушым да сол. Қиналған сәтте әркез жанымнан табылады. Құдай да «мынандай қиыншылық көрдi ғой» деп есесiне өмiрлiк қосағымды жаныма мәңгi серiк еттi. Екi баласын да, менi де жақсы көредi. Ұйқтамай шыққан түндерiмде бiрге көз iлмей шығады. Қуансам қуанышымды, жыласам жұбанышымды бiрге бөлiседi. Бұған да тәубе.

Әңгiмеге жолдасы Ақжүнiс араласты.

– Талай жерге бардық. Түк шықпады. Мына заманда сөзiңдi сөйлейтiн адам болмаса бәрi бекер. Бiр-екi жылдай болды, алдыңғы бас ауруына, мына қатерлi iсiгi қосылып, одан ары мұң болды. Көргенiмiз аурухана. Кейiнгi кезде үш ай сайын барып қаралып тұрады. Ауыр жұмыс iстеуге болмайды. Үйдiң тiршiлiгiн екi балам, өзiм жайғастырамын. Айналып келгенде, әйелiм III топтың мүгедегi болды. Оны жыл сайын комиссиядан өтiп, растап, белгi соғып отыру керек екен. Бар болғаны 3 мың теңгенi алу үшiн қаншама құжат жинау, қаншама есiктi қағуға мәжбүрсiң. Бiрақ одан да еш нәтиже шықпайды…

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ – БАТЫР ҚЫЗ

– Қазақ әйелдерiнiң батылдығы мен қайраттылығына қарап тәнтi боламын. Кейде бес ер азаматтың iсiн бiр әйел атқара да алады. Қарап тұрсаңыз, баланы да өмiрге әкеп, бағып, жұмыс iстеп те жатыр. Елiмiздегi әйелдерге ең бастысы, денсаулық, ана бақытын тiлеймiн.

Елбасының жолдауын тыңдадым. Ендiгi жылдан бастап жәрдемақы көбейедi дедi. Бiрақ бұл да көп көмек емес. Бәрi қымбат. Мәселен, мұғалiм мен дәрiгердiң жалақысы аз. Айлығым – 8 мың теңге. Бұл ақша ма? Гүлжан Қарағұсова ханым: «Күн көру үшiн тауығың болуы керек, одан пәленбай жұмыртқа тапқызып, оны өткiзiп ақша жасау керек» дейдi. Ойлаңызшы, тауық күнiне 10 жұмыртқа таба ма? Ал, адам күнiне үш мезгiл тамақ iшпей көрсiншi. Бәрi бос, сандырақ сөз. Мына заманда әркiм өз жағдайын ғана ойлайды.

Күн сайын бiр Алладан «Халқыма, елiме тыныштық бере көр. Сол кезде бiз көргендi балаларым, ел-жұртым көрмесе екен» деп тiлеймiн.

… 54 қыз 54 тағдыр. Бүгiнде 54 қыздың тек 10-ы ғана табылыпты. «Аллажар-қолдау» қоғамдық қорының жанынан құрылған «Желтоқсан ұлт-азаттық зерттеу орталығы» қалған iз-түссiз кеткен желтоқсандық қыздардың хабарласуын асыға күтедi.

Байланыс телефоны 225-25-11

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары