ҰЛТ ЖӘНЕ ҰЖДАН

ҰЛТ ЖӘНЕ ҰЖДАН

ҰЛТ ЖӘНЕ ҰЖДАН
ашық дереккөзі
245

Уақыт көшiнiң сан белесiндегi түрлi сындардан абыроймен өтiп келе жатқан Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогика институты – республикамыздағы бiрегей жоғары оқу орны. Ертеңгi ел анасын тәрбиелер бiрден-бiр ұлағатты ұйым. 60 жылдан астам тарихында өсу мен өркендеудiң, жету мен жетiлудiң өнегелi үлгiсiн көрсетiп келе жатқан мәртебелi мекеме.

Ұлт ұясының қаракөз қарлығаштарын оқыту, тәрбиелеу iсiмен ерекшеленетiн Қазақ қыздар педагогика институтының тарихы ел басына күн туған сонау сұрапыл Ұлы Отан соғысы жылдарынан басталады. Ер бiткеннiң бәрi қан майданға аттанғанда, ел бейнетiнiң бүтiнi туған жерде қалған әйелдер мен қыз-келiншектердiң мойнына артылғаны белгiлi.

Сол тұста, 1944 жылдың тамыз айында республика басшылары Ж.Шаяхметов пен Н.Оңдасынов дәйектi дәлелдерiн алға тарта отырып, Мәскеуден өтiне сұрауының арқасында әсем Алматыда осы бiлiм ордасы шаңырақ көтердi.

Сондай қиын шақта осы институттың ашылуын халқымыздың қалаулылары Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсiрепов, I.Омаров қызу қолдап, көмек қолын созды. Сонда заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов: «Тәңiр жазса, бұл институт қазiргi және болашақтағы қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесi ешқашан сөнбесiн дейiк», – деп, ақ батасын бередi. Тек қазақтың қыздарына арналған қазақ тiлiнде жоғары бiлiм беретiн, оларды жатақханамен, тегiн тамақпен қамтамасыз ететiн институтты ашу бастамасы сол кездегi республика басшылары мен зиялы азаматтарының батыл қадамы, өз ұлтына деген шынайы жанашырлығы едi.

Алайда өткен ғасырдың 80-90 жылдары «Институт өз мiндетiн орындады», «Қыздар институты Қазақстанға ендi қажет емес шығар?!» деген секiлдi сыңаржақ әңгiмелердiң де орын алғанын жасырмау керек.

Ұрпақ тәрбиесi ана ұлағатынан, әже әлдиiнен бастау алатыны ешкiмге жаңалық емес. Ертеңгi ұл мен қызды тәрбиелейтiн ана – бүгiнгi бойжеткен, аяулы аруларымыз. Тал бойына қайсарлық пен өжеттiк, нәзiктiк пен мейiрiмдiлiк қатар дарыған дала қыздарының тектiлiгiн ешкiм де жоққа шығара алмас. Ел басына күн туғанда, ерлермен бiрге қан кешкен Әлия мен Мәншүктiң, ел намысын өз намысы деп ұққан кешегi Ләззат пен Сәбираның ерлiгi сөзiмiздiң айқын дәлелiндей. Кең ойлап, тең кесетiн дала перзентiнiң даралығы дарыған қыздар институты бүгiнгi күнi де бiлiм кеңiстiгiнде бiлiмдi де бiлiктi мамандарды даярлауымен ерекшеленiп отыр. Осы ретте институттың атына айтылып жүрген әлгiндей қаңқу сөздерге қатаң тыйым салып, оның артықшылығын таныта бiлген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев болды.

Алғашқы студенттерi Гоголь және Лесная көшелерiнiң қиылысындағы бұрынғы педагогика училищесiнiң ғимаратында дәрiс алған институтта физика-математика, тiл және әдебиет, тарих факультеттерi мен психология, марксизм-ленинизм кафедралары жұмыс iстедi. Институт ашылған жылы 125 студент қабылданып, оларға 20 оқытушы дәрiс бердi. Олардың бесеуi ғылым кандидаты, сегiзi аға оқытушы, жетеуi оқытушы едi. 1948 жылы институттағы кафедралар саны 11-ге жетсе, оқитын студенттер саны 600-ден асты.

Бүгiнгi таңда институтта жаратылыстану, тарих-филология, музыкалық бiлiм және мәдениет, педагогика және психология, экономика және бiлiмдегi сервис, физика-математика секiлдi алты факультет, дайындық (әке-шешесiнiң қамқорлығынсыз қалған жетiм қыздар үшiн) бөлiмi жұмыс iстейдi. 30 кафедрада 40 мамандық бойынша 11 мыңға жуық студент бiлiм алады. Оқытушы-профессорлар құрамының кәсiби бiлiктiлiгi де жоғары: мұндағы 750 оқытушының 3-i Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академиктерi, 70-i ғылым докторы, профессорлар, 239-ы ғылым кандидаттары, доценттер.

Институтта бiлiм берудiң бүкiләлемдiк кеңiстiгiне кiру, халықаралық стандарттар деңгейiндегi талаптарға жауап беру мақсатында бiршама iс тындырылды. Оқыту үдерiсiне 2004 жылы кредиттiк технология жүйесi ендiрiлген. Жаңаша ойлау үрдiсi мен бiлiм алудың оңтайлы жаңа тәсiлдерiнiң тиiмдiлiгiн студенттердiң бiлiм сапасының деңгейiнен көруге болады. Республика жоғары оқу орындарының екiншi курс студенттерi арасында жүргiзiлетiн мемлекеттiк аралық бақылауда институт студенттерi 2004 жылы – 76,2%, 2005 жылы – 82,3%, 2006 жылы – 67,7 % бiлiм көрсеткiшiн танытты. Жыл сайын институттан 3 мың студент жоғары кәсiби бiлiм алып, бiтiрiп шығады, олардың 90%-дан астамы ауыл мектептерiнде табысты еңбек етiп жүр.

Оқудағы үздiк жетiстiктерiмен және қоғамдық белсендiлiгiмен ерекше көзге түскен 50 студент Қазақстан Республикасы Президентi шәкiртақысының, сондай-ақ педагогика-психология, музыкалық бiлiм беру салалары бойынша ғылыми iзденiмпаздығымен дараланған төрт студент әл-Фараби, Ы.Алтынсарин, Затаевич және К.Байсейiтова атындағы мемлекеттiк атаулы шәкiртақының иегерлерi.

ТМД елдерi арасында тек арулар оқитын жалғыз ғана осы жоғары оқу орнын 60 жыл iшiнде 50 мыңнан аса педагог мамандар бiтiрiп, республиканың әр өңiрiнде жемiстi еңбек етуде. Олардың арасында әр деңгейдегi жауапты қызметтер атқарып жүрген қазақ зиялы әйелдерiнiң үлкен тобы қалыптасқан.

Айтулы оқу орнының материалдық-техникалық базасы да жылдан-жылға нығайып келедi: үш оқу корпусы, бес жатақханасы, мұражайы, электронды кiтапханасы, планетарий зертханасы, тренажер залы, жуыну бөлмелерi, аэрофитнес залы және екi спорт алаңы, шахмат клубы, Қапшағай теңiз жағасында демалыс аймағы, агробиостанциясы бар. Институт кiтапханасындағы кiтап қоры бүгiнде бiр миллионға жетiп отыр.

Институтта әлеуметтiк-гендерлiк зерттеулер жүргiзетiн ғылыми-зерттеу институты, компьютерлiк және педагог кадрлардың бiлiктiлiгiн көтеру орталығы, студенттердiң Кiшi ғылым академиясы жұмыс iстейдi.

Жастардың бос уақытының мәндi өтуiне ерекше көңiл бөлiнедi. Талантты жастар арасында М.Мақатаев атындағы ақындар мүшәйрасы өткiзiлiп тұрады. «Назқоңыр» пiкiрсайыс клубы жұмыс iстейдi. Оқу орны жанынан республикалық «Ақтоты» газетi шығарылады. Студенттердiң iзденiстерi мен ғылыми дайындықтарын шыңдау мақсатында «Ұстаз», «Интеллект», «Табиғат сүюшiлер», «Қызықты физика», «Жас математик», «Жас тарихшы», «Индикатор», «Алтынсариншылар», «Үмiт» секiлдi көптеген үйiрмелер жұмыс iстейдi. «Қыздар Юнайтед» көңiлдiлер мен тапқыштар клубының мүшелерi кейiнгi кездерi көпшiлiкке өзiндiк қолтаңбаларын танытып жүр. Жақында көңiлдi және тапқыр қыздар тобы республикалық Премьер лига бойынша өткен финалдық сайыста өнегелi өнер көрсеткенi үшiн «Чемпион-2006» атағына ие болып, үлкен мәртебемен оралды.

Ана тiлiнiң нәрiмен сусындап, туған тiлi мен әдебиетiнiң қыры мен сырын меңгерген, ұлт мәдениетi мен тарихына жүйрiк арулар арасында «Ана тiлi» апталығы жыл сайын ұйымдастырып жүрген «Ана тiлi аруы» сайысында Қыздар институтының арулары соңғы үш жыл бойы бас жүлденi қанжығаға байлап келедi.

Осындай игiлiктi iстердiң басында жүрген институт ректоры Шәмша Көпбайқызы Беркiмбаеваның еңбегi айрықша. Елiне ұлт жанашыры ретiнде кеңiнен танымал Ш.К.Беркiмбаева институт басшысы қызметiне келгелi студенттер бiлiмiнiң сапасын арттырып, тәрбиесiне игi ықпал етуге бағытталған ауыз толтырып айтарлықтай бiраз iс атқарылды.

Институт жанынан Бүкiлдүниежүзiлiк Интернет жүйесiне қосылған 250 орындық компьютерлiк орталық ашылып, пайдалануға берiлдi. Үш оқу корпусы, үш жатақхана, «Ұлпан» студенттер асханасы күрделi жөндеуден өткiзiлiп, екi жатақхана алдағы уақытта жөнделгелi отыр.

Халқының қарапайымдылығы мен қайырымдылығы кiсiлiк кредосына айналған Шәмша Көпбайқызы студент қыздар үш мезгiл тегiн тамақтанатын асхананы қасиеттi Ұлпан анамыздың атымен атауды өзi ұсынған болатын. Көңiлiнiң кеңдiгiмен, жүрегiнiң жылуымен ел есiнде аңыз боп жатталған қасиеттi анамыз әр студенттi күн сайын үш мезгiл дархан пейiлiмен тойындырғандай.

Институттың 60 жылдығына байланысты ашылған мұражайға «Ақтұмар» есiмiн берген де ұлт тiлiнiң терең бiлгiрi Шәмша Көпбайқызы едi. Тектiлiк пен көшелiктiң ұмытылмас үлгiсiн қалдырған сақ падишасы Томиристен бастап, тарих атты ұлы көште елдiк қасиеттерiмен өздерiне ескерткiш орнатып кеткен Домалақ, Қарашаш аналар мен Зере, Айғаным секiлдi әжелердiң, Аққағаз Досжанова, Нәзипа Құлжанова, Сара Есова сияқты қоғам қайраткерлерi бастаған ҰЛЫ АНАЛАР тобын бүгiнгi ұрпаққа танытар киелi орынды басқаша атау мүмкiн еместей. Себебi бұл мекен — мың өлiп, мың тiрiлген қазақтың кешеден бүгiнге жеткен тағылымды тарихының теберiгi, үкiлi ақ тұмары iспеттес.

Жоғары кәсiби бiлiм беру iсiнде саналылық пен салауаттылықты, iзденiмпаздық пен iскерлiктi бағдар еткен осынау бiрегей оқу орнының басшысы мен ұжымының соңғы жылдардағы мақтанышпен айтарлықтай жетiстiктерi халықаралық деңгейдегi қоғамдық институттар мен сараптау орталықтарының назарына iлiгiп, жоғары бағаланып отыр. Қазақ мемлекеттiк Қыздар педагогика институтының ұжымын 2006 жылдың 25 қазанында Мәскеу қаласындағы Халықаралық iскерлiк кеңесi «Ұлттық экономика көшбасшысы-2006» Құрмет белгiсi Халықаралық сыйлығының лауреаты деп танып, Құрмет дипломын табыстады. Осының артынша қараша айының 20-шы жұлдызында Амстердам қаласындағы (Нидерланды) Бизнес және менеджмент жоғары институты Қыздар педагогика институты ұжымы мен оның басшысы Шәмша Көпбайқызы Беркiмбаеваны «Тиiмдi дамушы кәсiпорын» номинациясы бойынша «Алтын құйма» халықаралық сыйлығына ұсынып, Құрмет дипломымен марапаттады.

Ұлт кадрларын ұлттық бiлiм мен тәрбие негiздерiнде даярлауды басты ұстын ретiнде қабылдаған ұжымда кейiнгi жылдары елдiгiмiздiң еңсесiн көтеру жолдарын iздеудi мақсат еткен өнегелi iстер қолға алынуда. 2005 жылы институттың педагог-ғалымдары «Қазақ аруы: өткенi, бүгiнi, ертеңi» атты ғылыми жоба ұсынып, оны оқу орны жанындағы гендерлiк ғылыми-зерттеу орталығында жүзеге асыруда. Жаһандану заманында ұлттық бейнемiз бен болмысымызды сақтап қалар қазақ қызының кешегi тарихы мен бүгiнгi жайына, ертеңгi болашағына қатысты сан алуан мәселелердi шеше отырып, оны бүгiнгi күн талаптарына сай жетiлдiру мен кемелдендiрудiң жолдары қарастырылады. Этномәдени тұрғыда толыққанды дамыған, көпмәдениеттi ортаға бейiмделген, бәсекелестiк жағдайда өмiр сүре алатын, өзiндiк ұлттық бет-бейнесi анықталған этнос субъектiсiн қалыптастыруға атсалысу – аталған орталықтың негiзгi мiндеттерiнiң бiрi.

Осы орайда 2006 жылдың 28-29 наурыз күндерi институт ректоры Ш.К.Беркiмбаеваның тiкелей бастамасымен «Қазақ мектебi: даму болашағы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткiзiлдi. Екi күнге созылған конференцияға республикамыздың түкпiр-түкпiрiнен ұлт мектебiнiң тағдыры толғандыратын мұғалiмдер, әлеуметтанушылар, зерттеушiлер, қоғам қайраткерлерi қатысты. Ұлт тiлi мен дiлiнiң жанашыры Ш.К.Беркiмбаева «Қазақ мектебi – қазақ ұлтының ұясы» тақырыбында кең көлемдi негiзгi баяндаманы жасады. Осы баяндамасында көпшiлiк назарын жаһандану аясында ұлт ретiнде жойылып кетуге апарып соқтыруы мүмкiн рухани мәңгүрттiктен сақтанудың, қазақ тiлiнiң шын мәнiнде мемлекеттiк тiл деңгейiне көтерiлуiнiң басты алғышарты – қазақ мектебiнiң нағыз ұлттық мектеп болып қалыптасу қажеттiгiне аударды.

Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, тарихи жәдiгерлерiмiздi жаңғыртуды ұлт болып «Мәдени мұра» аясында қолға алып отырған бүгiнгi таңда арулар ордасында үстiмiздегi жылғы ақпанның 27-нде «Әлемдiк рухани құндылықтар және қазақ әдебиетiнiң өзектi мәселелерi» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткiзiлдi. Айтулы жиында бас қосқан ғалымдар мен зерттеушiлер қауымы әлемдiк өркениет пен еларалық әдеби байланыстар мәселелерi қатарында түркi дүниесiнiң тарихи-мәдени мұраларын, қазақ тiлi мен әдебиетiнiң теориялық және әдiстемелiк жайттарын да кеңiнен сөз еттi.

Ертеңгi ел аналарының тұлғаларын мәдени құндылықтарды игеру дағдысында тәрбиелеп, этномәдениеттiк шығармашылыққа баулу арқылы ұлттық рухани биiктiкке көтерудi мақсат етiп отырған, ұлттық ұжданымыз бен халықтық қасиетiмiз дарыған Қыздар педагогика институты келешегiнiң кемел боларына сенiмiмiз мол.

Ұлттың тiлi ұлт анасының тiлi арқылы сақталатынын естен шығармасақ, қазақылығымызды ертеңгi күнге жалғайтын алтын көпiр қаракөз қыздарымыз екенi де ұмыт қалмайды. Себебi қыздың ары – ұлттың ұжданы, ана тiлiнiң бағы – заманымыздың құты.

Л. Тастемiрова, А. Сәтбекова

Серіктес жаңалықтары