ҚАРАЖАТСЫЗ ТYСIРIЛГЕН ФИЛЬМ КӨРЕРМЕННIҢ КӨҢIЛIНЕН ШЫҚТЫ

ҚАРАЖАТСЫЗ ТYСIРIЛГЕН ФИЛЬМ КӨРЕРМЕННIҢ КӨҢIЛIНЕН ШЫҚТЫ

ҚАРАЖАТСЫЗ ТYСIРIЛГЕН ФИЛЬМ КӨРЕРМЕННIҢ КӨҢIЛIНЕН ШЫҚТЫ
ашық дереккөзі

Қазақ кино өнерiнде тағы бiр жаңалық болды. Бұл жолы «Қазақфильм» киностудиясы емес, кино жанрына мүлдем қатысы жоқ, бұрын-соңды фильм түсiрiп көрмеген жандар тыңнан түрен салыпты. Расында да, жасөспiрiмдер мен балалар киностудиясы деп аталатын «Жасұланның» құрылғанына да небәрi бiр-ақ жыл. Соған қарамастан, бiр жылдың iшiнде, жасөспiрiмдерге арналған драмалық фильм түсiрiп үлгердi. Экшн жанрында түсiрiлген «Жаралы сезiм» екi сериядан тұрады. Екi сағаттан аса уақытқа созылған фильмдi көрермен де жылы қабылдады.

Алғашында киностудияның атын естiгенiмiз де, бұл неғылған студия болды деп таңданғанымыз да рас. Бұрын-соңды естiп жүрмеген соң, әрi аяқ астынан жасөспiрiмдерге арналған драмалық фильм түсiрiлiптi деген соң, таңданбағанда не iстейсiң?! Оның үстiне, «Қазақфильм» киностудиясында болып жатқан әрбiр оқиға, әрбiр құбылыс көз алдымыздан өтуде. Әрi онда түсiрiлген фильмдер де көрерменнен өз бағасын алып жатыр. Ал, мына аты да, заты да беймәлiм киностудияның аяқ астынан премьераға шақырғаны қызық болды. «Қазақ киносы дамымай жатыр, кино саласында ешқандай жаңалық жоқ. Қазақ киносы ТМД елдерiнiң арасында кешеуiлдеп дамып жатқан сала» деп байбалам салып жүргенiмiзде, жекелеген мұндай студиялардың көбейгенiн естiгенiмiзде, бiр жағынан қуандық та. «Кино» үйiнде өткен премьераға жиналған қауымда шек жоқ. Залда ине шаншыр орын қалмапты. Әсiресе, жастар көп жиналыпты. Кешiгiп қалдық па деп, ойлап едiк. Бiз келгенде, кино бастала қоймаған екен. Көрерменнiң арасында, кино өнерiнiң майталман шеберлерiн де кездестiрiп қалдық. Олардың арасында Асанәлi ағамыз да бар.

«ЖАРАЛЫ СЕЗIМ» ПАТРИОТТЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕЙДI

 

Фильм басталғаннан-ақ, жүрекке жылы тиедi екен. Ауыл мен қаланың арасында өрбитiн оқиға да бүгiнгi қоғамның нақты көрiнiсi. Бастысы, фильмде қарапайымдылық та, сұлулық та, адамға деген мейiрiмдiлiк те, өмiрге деген сүйiспеншiлiк те бар. Алғашқы махаббат, алғашқы жеңiлiс, алғашқы қиындық, алғашқы қателiк, алғашқы озбырлық та бар. Бiрақ, адам баласының бәрiне де көне алатынын, бәрiн де жеңе алатынын дәлелдейдi. Ең бастысы, адам баласының күресе алатынын көрсетедi. Алғашқы аяқ шалулардың кезiнде-ақ, Қанаттың сол қиындықтардың илеуiнде кетуiне де болатын едi. Бiрақ, өмiрдiң өзi ақ пен қарадан тұратынын кино арқылы адамзат баласына тағы бiр рет дәлелдедi. Рас, фильмде кемшiлiктер де көп. Тым созылыңқы. Дубляжды жасаған кезде, адамдардың ерiн қимылына көп мән берiлмеген. Сөздердiң көбi қимыл әрекетпен үйлеспей қалатын да сәттерi кездеседi. Сондай кездерде, «әттеген-ай» деп қаласың, iштей қиналасың да. Бiрақ, фильмнiң тағы бiр ұтқан тұсы, жастарымызды патриоттыққа тәрбиелеуi. Отанын, тiлiн, дiлiн сүюi. Әрi оны фильмде көрсетедi де. Сондай-ақ, көп ұлтты, көп дiндi саясатты ұстап келе жатқан бүгiнгi мемлекетiмiзге ой салатын да тұстары көп. Фильмде өзге ұлттың өкiлдерi қазақ мемлекетiнiң, қазақ елiнiң заңдылықтарына сүйенедi. Олар қазақтың тiлiн сұйедi, салт дәстүрiн мойындайды. Соны орыс ұлтының өкiлi арқылы көрерменге көрсетедi. «Ваня, сен қазақ тiлiн қайдан үйренгенсiң?» деген тұсында, Ваняның: «Қанат, мен қазақтардың арасында тұрып келем. Ғұмыр бойы қазақтармен бiрге жүрiп, бiрге тұрам. Ең бiрiншi қандай сөздi үйренгенiмдi бiлесiң бе? «Дос» деген сөздi. Сол күннен бастап, күнде бiр сөздi жаттауды әдетке айналдырдым. Солай, қазақшаны да үйренiп алдым», – дейдi қарапайым орыс баласы. Тiлiңдi өзiңнен жақсы сөйлеп тұрған сары баладан айналып кетедi екенсiң. Сондай-ақ фильмде махаббатқа адалдықты да жақсы көрсеткен. Мұнда кейбiр фильмдердегiдей, азып-тозып жатқан ауылдың көрiнiсi жоқ. Мұнда табиғаттың сұлулығы бар, өсiп-өркендеп келе жатқан бүгiнгi қоғамның көрiнiсi бар. Кино дегенiңiз – өнер. Ал, өнер өмiрдiң көрiнiсiн суреттемей ме? Өмiрдiң сұлулығын суреттейдi. Онсыз да, қиындықты кешiп жүрген ауыл адамының қиналысын, азып-тозғанын көрсету, әдепсiздiк болар едi. Режиссер осы жағынан келгенде, көп нәрсенi ұтқан сияқты. Режиссердiң тағы бiр тапқырлығы, киноға белгiлi актер-актрисаларды таңдамай, кино саласында таныла қоймаған, жас талапкерлердi таңдапты. Кино саласында тәжiрибесi жоқ адам, қалай кейiпкердiң жан дүниесiн түсiне алады деп кiнәлауыңыз да мүмкiн. Бастысы, соншалықты кинода актер шеберлiгi болмаса да, бүгiнгi қоғамдағы келеңсiздiктердi, бүгiнгi өмiрдiң кейiпкерлерiн қаз-қалпында сомдауға соншалықты шеберлiктiң қажеттiлiгi жоқ-ау деген ой келдi маған.

«ФИЛЬМДI ТҮСIРУ ҮШIН ҮЙIМДI КЕПIЛГЕ ҚОЙДЫМ»

 

«Жаралы сезiмнiң» режиссерi Еркiн Рахышев фильмдi түсiру үшiн өз үйiн кепiлге қойыпты. Кепiлге қойылған үйдiң кино ақшасын ақтай ма, ақтамай ма, әлi белгiсiз. Ең бастысы, режиссер өзi көздеген мүддеден шықты.

«Жасұлан» киностудиясы жаз айының тамыз айында дүниеге келдi, –деп бастады Еркiн аға әңгiмесiн. – Бұл киностудияның негiзгi мақсаты – жасөспiрiмдер мен балаларға арналған фильмдердi түсiру. Есiңiзде болса, Ресейде, бұрын Горький атындағы балалар және жасөспiрiмдер киностудиясы болды. Бiзде жалғыз «Қазақфильм» киностудиясы бар. Бiздiң жастарымызды патриоттық сезiмге тәрбиелеу жолында кинодраматургияның ролi үлкен. Өз деңгейiнде жүрiп жатқан жоқ. Мұндай жағдай, Америкада да болған, 60-шы жылдардың аяғында. Киноның ең негiзгi екенiн бiлiп, американдықтар кино өндiрiсiне көп көңiл бөлiптi. Содан кейiн ғана барып, американдықтардың кино өндiрiсiнде алғы шепке шығып кеткенi. Бiзге де дәл осындай жағдай жасалуы керек. Жастарды, балаларды ұлттық рухпен сусындандыру үшiн, киноға көбiрек мән беру керектiгiн сезiндiк те, «Жасұлан» атты балалар мен жасөспiрiмдерге арналған киностудия құрдық. Мұның негiзгi мақсаты – жастарымызды адамгершiлiкке, достыққа, елiн сүюге тәрбиелейтiн бағыттағы киноларды түсiру. – «Жасұлан» киностудиясының алғашқы туындысы «Жаралы сезiм» болып отыр ғой.. – Иә. «Жаралы сезiмнiң» кеше ғана премьерасы өттi. Тура жарты жыл түсiрдiк. Түсiрген күннен бастап, бiткенге шейiн, шынында да жарты жыл өтiптi. Киноның негiзгi желiсi – екi жастың арасындағы махаббат. – Сценарийдi кiм дайындады? «Жаралы сезiм» деп неге қойдыңыздар? – Негiзгi идеясы менiкi. «Жастарды патриотизмге тәрбиелейтiн кинолар түсiру керек»,– деп идея берген Оразалы Сәбден ағамыз. – Оразалы аға қаржылай көмек берген шығар… – Рас. Оразалы аға көп көмек бердi. Ал, негiзiнен киноға кеткен қаржыны үйiмдi кепiлге қойып, банктен несие алып түсiрдiм. Қалалық әкiмшiлiк премьераны өткiзуге көмектестi. Киноның сценарийiн үш адам болып әзiрледiк. Кино болған оқиғаға негiзделiп жазылған. Менiң екi көмекшiм бар. Дархан мен Еркiннiң арқасында сценарийдi әзiрлеп шығардық. – Өз үйiңiздi кепiлге қойып, фильм түсiрiп шығардыңыз. Бiздегi прокаттың жағдайын өзiңiз бiлесiз. Фильм өзiнiң шығынын ақтайды деп ойлайсыз ба? – Шынымды айтсам, мен тәуекелге бел байлап, кино түсiрiп отырмын. Кино менiң ойымдағыдай болып шықты. Олай болмауы да мүмкiн едi. Бiр қызығы, фильм түсiрiле бастағаннан-ақ, Алла Тағаланың желеп-жебегенi шығар, көп қиындықтар да, әйтеуiр, жолын тауып шығып отырдық. Фильм түсiрiлiп жатқан кезде көп оқиғалар болды. Тiптi, адам сенгiсiз дүниелер болды десек те болады. Қазiр телеарналармен сөйлесiп жатырмыз. Оның үстiне, бұл фильмдi көрермен жақсы қабылдайды деп ойладым. Оған кеше премьера кезiнде де көзiмiз жеттi. Залға жиналған қауымның ризашылықтарында шек жоқ. Бiр ай мөлшерiнде телеарналар арқылы көрерменге жеткiземiз деп ойлаймын. Жарым-жартылай болса да, шығынды қайтарамыз деп ойлаймын. – Демек, фильмге белгiлi актерларымызды шақырмағаныңыздың себебi, қаржының жоқтығына тiрелiп отыр ғой. – Оның екi жақты себебi бар. Белгiлi актерлердi шақырмаған себебiм, олар гонорар сұрайды. Менде ондай ақша жоқ. Мұндай фильмдi кемiнде 1 миллион долларға түсiредi екен. Менiкi – 70 мың. Ол көп ақша емес. Екiншiден, белгiлi актерлермен киноны түсiру, маған қиын болар едi. Өйткенi, менiң режиссерлiк мамандығым жоқ. – Онда сiз қалай режиссер болып, фильм түсiрiп шығардыңыз? – Кино түсiрудi бастаған күннен бастап, өзiме жоспар жасадым. Яғни, күнiне бiр кино туралы кiтап оқу. Кино әлемiмен танысу. Алты айда қарасам, жиырма-жиырма бес кiтап оқып шығыппын. Одан кейiн, түсiру алаңында көп нәрсенi үйрендiм. Оның үстiне, менiң консультанттарым да көп болды. Фильмге түскен кәсiби актер Тасболат Омаров пен оның ұлы Темiр Омаров маған көп көмектестi. Бiлмейтiн жерлерiмде, олар кеңес берiп отырды. Тiптi, киноға түскен жас студенттерден де ақыл-кеңес алдым. Кейде операторларым да көмектестi. Бәрiмiз бiр үйдiң балаларындай тiрлiк жасадық. Ең бастысы, бiз ешнәрседен қорыққан жоқпыз. – «Жасұлан» киностудиясы көрерменiне тағы қандай жаңалықтар әзiрлеп жатыр? – Қазiр балаларға арналған фильмнiң сценарийi дайын. Оған әзiрлiк те басталып кеттi. Әзiрге, фильмнiң атын құпия сақтайын. Екi аптаның iшiнде бастап кетемiз бе деген ойдамыз. Одан кейiн жастар туралы тағы бiр киноға әзiрлiктер жасап жатырмыз. – «Бiткен iске сыншы көп». Сiздiң де фильмiңiз сынға ұшырап, кино сыншылардың талқылауына түсiп жатқан шығар… – Бiр қызығы, мен киносыншылармен кино түсiрiле бастаған кезден бастап жұмыс iстедiм. Жаңа айтып отырмын ғой, менiң режиссерлiк мамандығым жоқ. Сондықтан киногерлерге, кино сыншыларға: «Фильм бiткеннен кейiн, маған сыншының қажетi жоқ. Сендер қазiрден бастап, менiң фильмiме сын айтыңдар. Оның қателiктерiн жөндейтiн уақытым болсын» деп алдын-ала айттым. Кино бiткеннен кейiн, көп нәрсенi өзгерте алмайсың. Әрине, кемшiлiксiз болмайды ғой. Кемшiлiктерi жоқ емес, бар. Бiрақ, соған қарамастан, алғашқы сыннан сүрiнбей өткен сияқтымыз.

«ҚАЗАҚ ТIЛIН ОСЫНДА ҮЙРЕНДIМ»

 

Басты кейiпкердi сомдаған Берiк Артықбаев Ресейдiң қазағы екен. Алғаш түсiру алаңына келгенде, бiр ауыз қазақша бiлмептi. Қасында жүрген жолдастарының, режиссердiң арқасында жарты жылда әжептеуiр тiлдi үйренiп алыпты. «Әлi де толық бiлмеймiн. Бiрақ, бұрынғыға қарағанда, көп нәрсенi түсiнем. Сөйлей де алам»,– деп қояды Берiк. Осы бағытпен жұмыс iстей берсе, ендi жарты жылда қазақ тiлiн толық меңгерiп шығатынына сенiмдi. Мiнез-құлқы, табиғаты кейiпкерге ұқсайтын болған соң, режиссер қазақша бiлмегенiне қарамастан, Берiктi басты рольге таңдаған екен. Ал, Регина Шамгунова фильмге тосыннан келiптi. Арай ролiне екi жүзге жуық үмiткерлер болған екен. Режиссер Регинаға тоқтапты. Қарапайым ғана ауыл қызының бейнесiн Регина сәттi сомдап шыққан. «Мен де жастардың бiрiмiн. Фильмнiң оқиғасы бүгiнгi қоғамнан алынып отыр. Сондықтан, бүгiнгi жастар жақсы қабылдайды деген ойдамын. Драмалық фильм болғаннан кейiн, қиналған да тұстарым болды. Соған қарамастан, бәрi жақсы болды», – дейдi Регина.

Монтаждау, фильмге дыбыс жазу кезiнде режиссер қатты қиналыпты. «Қазақфильм» сұраған қаржы қалталарын көтере алмаған соң, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студиясында дайындауға тура келген екен. Тiптi, фильмге түскен жас таланттардың барлығы дерлiк тегiн ойнап шығыпты. Бұл режиссердiң алғашқы қадамына жасаған жастардың сыйы болса керек. P.S. Ең бастысы, «Жасұлан» киностудиясы «Жаралы сезiм» арқылы кино саласына жаңалық енгiздi. Ресейдiң, Голливудтың, одан қала бердi өзге де шет елдiң арзанқой сапасыз киноларымен алданып жүрген бүгiнгi көрерменге қазақтың да фильм түсiре алатынын дәлелдедi.

Гүлзина Бектасова