ҚАШАНҒА ДЕЙIН ҚОЛШОҚПАР БОЛАДЫ?
ҚАШАНҒА ДЕЙIН ҚОЛШОҚПАР БОЛАДЫ?
Қазақстанда не көп, заң көп. Оның iшiнде орындалып жатқан заңдардан гөрi орындалмай жатқан заңдар басымдау. Мұны қарапайым мысалдан – телеарналардың «Тiлдер туралы» және «БАҚ туралы» Заңдарын қарық қылып «орындап жатқанынан» байқауға болады. Бiр қызығы, елiмiзде заңдар саяси науқандар кезiнде ғана орындалатын болыпты. Сондықтан Президент қол қойғаннан кейiн «қабылданды» деген мәртебеге ие болған заң «орындалады-ау» деген күнiн кезектi саяси науқанға дейiн күтетiн болған.
«Тiлдер туралы» Заң 1997 жылы қабылданды. «БАҚ туралы» Заң да – 2000 жылға дейiн қабылданған заңдардың санатында. Бiрақ бұл заңдардың шын мәнiнде орындала бастауы 2000 жылдан берi қарай, яғни оппозициялық бағыттағы телеарналардың мiнез таныта бастаған кезiмен тұспа-тұс келдi. Ешкiммен еленбей, бiрнеше жыл бойы шаң басып жатқан қос заңның баптары саяси науқан кезiнде шебер пайдаланды. Оппозициялық топтардың жиындарын тiкелей эфирде көрсетiп жүрген «ТАҢ» телеарнасына «тiлдiк нормаларды сақтап отырған жоқ» деген сыңайда айып тағылды. Осылайша телеарна қазақша «сөйлеуге» мәжбүр болды. Сондағы билiк орындарының басты мақсаты – тiлге қатысты заңдардың орындалуы емес, тiлдi қолшоқпар ретiнде пайдалану едi.
Содан берi бiрнеше жыл өттi. Бiрақ мемлекеттiк тiл әлi күнге дейiн «қолшоқпар» ретiнде пайдаланылып келедi. Осыдан бiрнеше жыл бұрын «КТК» телеарнасымен соттасып, қазақша бағдарламалардың үлес салмағын айтарлықтай көбейте алмаған ұлт патриоттарының арманын таяуда жаңа Ақпарат министрi Ермұхаммет Ертiсбаев орындады. Ең алдымен, заңның орындалуын күштеп талап еттi. «50 де 50» деген бап болмаса да, қазақша хабарларды «50 пайызға» дейiн жеткiзуге мерзiм берiлдi. Бiр қызығы, құрылғанынан берi көбiне орысша сөйлейтiн «КТК» әжептеуiр қазақша сөйлей бастады…
Бойымыз үйренiп қалғаннан ба, әйтеуiр тiлдiк көрсеткiшi бойынша Ресей телеарнасынан аумайтын «КТК»-дан күндiз қазақша хабарларды көрудiң өзi үлкен бақыт екен?! Сенесiз бе, «КТК»-да тiптi жаңа сериалдар да қазақшалана бастады. Жаңа министр 17 жыл бойы орындалмаған заңды бiр айдың iшiнде орындауға болатынын көрсеттi. Себебi дәл осы уақыт аралығында «КТК»-да жаңадан қазақша телебағдарламалар тұсауын кесумен қатар, мексикалық, америкалық сериалдардың қазақша нұсқасы шықты. Телеарнаның мемлекеттiк тiлге деген мәжбүрлi бетбұрысы әжептеуiр. Тек бұл бетбұрыстың министрлiк тарапынан күштеп талап етiлгеннен кейiн ғана жүзеге асқаны өкiнiштi-ақ… Өз еркiмен заңды орындап жүрген телеарналар кемде-кем. Соған қарамастан, «КТК» заңда көрсетiлген тiлдiк талаптарды кеш те болса, орындап жатқаны қуантарлық жәйт. Бұған да шүкiршiлiк бiлдiруден басқа амал бар ма?! Халқымызға қандай жолдармен болмаса да, әйтеуiр қабылданған заңдардың iс жүзiнде орындалуы ғана маңызды. Кiм бiледi, осындай саяси науқандар болмаса, «Тiлдер туралы» заң да, «БАҚ туралы» Заң да шаң басып, сарғайып жата берер ме едi?!
Дегенмен, мемлекеттiк тiлдiң саяси қысым құралы ретiнде пайдаланылып жүргенi көңiлге үмiт ұялатпайды. Бiз бүгiн: «Нелiктен бәрi мемлекеттiк тiлден қорқады? Қазақ тiлiн ауызға алсақ, нелiктен бәрi баж ете қалады?» – деп таңданамыз. Сөйтсек, оның да өз себебi бар сияқты. Мемлекеттiк тiл оппозициялық топтар үшiн де, өзге ұлт өкiлдерi үшiн де, ең алдымен, саяси қысым құралы. Қит етсе, билiк «тiлдiк нормаларды» талап етудi әдетке айналдырған. Әлбетте мемлекеттiк тiлдiң «қолшоқпар» ретiндегi қызметi қазақ тiлiнiң мәртебесiне нұқсан келтiрмей қоймайды. Өзiмiзден бұрын өзгелердiң тiл десе, тiтiркенетiнi де содан болар.
Әрине, тiлдiк нормалардың орындалуы басқа сценарий бойынша жүзеге асуы әбден мүмкiн едi. Мәселен, 90-шы жылдардың орта шенiнен бастап, аталған заңдар қабылданған бойда оларды iс жүзiнде орындай бастау керек едi. Сонда ғана мемлекеттiк тiлдiң абырой-беделi жоғары болып, өзiмiзден бастап өзге ұлт өкiлдерiне дейiн қабылданған заңға қуана-қуана мойынсұнар едi. Ал, қазiр заңдарымыз саяси науқандар кезiнде ғана ерiксiз еске түсетiн болыпты…
Қарапайым қазақ көрермендерiне саясаттың қатпарлы қыр-сырларынан гөрi, тәуелсiздiк жылдарынан берi қазақ тiлiне мұрнын шүйiре қарайтын телеарналардың қазақша сөйлей бастауы ғана маңызды сыңайлы. Бiр өкiнiштiсi, елiмiзде заңдар күштеп орындалса да, толыққанды орындалмайды-ау…
17 жыл бойы Қазақстанда мемлекеттiк тiлге қатысты заңдар барын сезбеген «КТК» телеарнасы бүгiн асығып-аптығып қазақша телебағдарламалар дайындап, эфирге тықпалап келедi. «КТК»-ның қазақша сөйлей бастағанына қуансақ та, «әттеген-ай» деген тұстар да жоқ емес. Мәселен, қазақ және орыс тiлiндегi ақпараттық бағдарламалар әрқилы уақытта көрсетiледi. Әлбетте, орысша жаңалықтар прайм-тайм кезiнде, яғни, сағат бес жарымда және кешкi сегiзде эфирге шығады. Ал, «Күн дерек» таңғы сағат 8-де, түскi 1-де, күндiзгi 4-те және түнгi 1:30-да көрсетiледi. Бұл уақытта көпшiлiктiң үйде болмайтыны, ал түнде ұйықтап жататыны белгiлi. Есесiне прайм-тайм кезiнде тұрғындардың көбi жұмыстан шығып, үйлерiнде теледидар көрiп отырмай ма?! Сонда қазақша жаңалықтарды кiм көрiп, кiм көрмей жатыр дерсiз? Тағы бiр олқылығы, орысша жаңалықтардың уақыт көлемi қазақша жаңалықтардан екi есе көп. Мәселен, қорытынды жаңалықтардың қазақшасы – 20 минут болса, орысшасы – 40 минут. Мұндай олқылық «31 телеарнаның» бағдарламалық саясатынан да байқалады. «Информбюроның» орысша жаңалықтары кешкi тоғызда көрсетiлiп, 40-45 минутқа дейiн созылады. Сағат жетiде көрсетiлетiн қазақша жаңалықтар небары 15-20 минутты құрайды. Бұл да әдiлетсiздiк емес пе? Оның үстiне жаңалықтардағы орыс бөлiмiнiң журналистерi қазақтiлдi журналистерден екi есе көп сияқты. Ал, қазақша жаңалықтарда журналистердiң аз екендiгi бiрден сезiледi. Осындай «әттеген-айлар» заңды күштеп орындатып жүрген министрдiң құлағына алтын сырға болса игi. Себебi қалыптасқан жағдайды министрдiң қатал бақылауы ғана шеше алатын сыңайлы.
Бүгiнде бiрқатар телеарналар тiлдiк көрсеткiштердi «мәжбүрлiктен» орындап жатыр. Тәуелсiздiк жылдарынан берi ұйықтап келген телеарналар басшылығы бұл заңдарды орындауға мiндеттi екендерiн сезбейдi. Заңды өз ерiктерiмен орындау қайда?! Мiндеттi түрде таяқ жеп барып, өз парыздарын орындау керек. Әлемдегi басқа елдердей заңдарымыз қабылданғаны үшiн ғана орындалса ғой, шiркiн?!
Кәмшат ТАСБОЛАТОВА