«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Түркістан облысының тұрғындарымен жаңа Конституцияның негізгі ерекшеліктерін талқылады. Түрлі алаңдарда өткен кездесулерге зиялы қауым мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, еңбек ұжымдары, кәсіпкерлер мен жастар қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Түркістандағы Конгресс-холл ғимаратында ұйымдастырылған кездесуге мыңнан астам адам қатысты. Ашық әрі мазмұнды әңгіме барысында қатысушылар өз пікірлерін еркін бөлісіп, көкейлеріндегі сауалдарын қойды. Жұртшылық Ата заңның ел болашағы үшін маңызы, тарихи дәстүрлер сабақтастығы, қоғамның топтасуы мен елдің дамуындағы рухани құндылықтардың алатын орны туралы айтты.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ғасырлар бойы қазақ халқының мемлекеттілігі мен мәдени коды қалыптасқан қастерлі мекен – Түркістанда кездесудің символдық мәні бар екенін ерекше атап өтті. Ол дәл осы жерде жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі тарихи миссияның маңыздылығы ерекше сезілетініне тоқталды.
– Жаңа Конституция дер кезінде, дәл уақытында әзірленді деп санаймын. Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда, қырғи-қабақ қатынастар белең алып тұрған кезеңде бұл – сын-қатердің бәріне уақтылы берілген жауап. Мемлекет басшысының стратегиялық қадамы. Бұл қадам ел тәуелсіздігі мен тұтастығын нығайтуға, ішкі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Олар ешқашан өзгермейтін мәңгілік, мызғымас конституциялық құндылықтар ретінде қарастырылып отыр,– деді Е.Қошанов.

Коалиция мүшесі Жақсыбек Құлекеев жаңа Конституцияны қабылдаудың тарихи маңыздылығына назар аударды. Ол Ата заң жобасы «Қасқа жол» мен «Ескі жолдың» және «Жеті жарғының» дәстүрлерін жалғай отырып, қазақ мемлекеттілігінің мыңжылдық тарихи сабақтастығына арқа сүйейтінін айтты. Жақсыбек Құлекеев атап өткендей, Конституцияның жаңаруы – уақыт талабы, ол елдің болашақ тұрақты дамуының кепілі болуға тиіс.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әлемнің көптеген елінде демографиялық проблемалар, құндылықтар дағдарысы туындап отырғанына тоқталды. Ол бүгінгі таңда жастар тәрбиесінде цифрлы платформалардың ықпалы артып келе жатқандықтан, Ата заңымызда адам капиталын қалыптастыруға, ғылым мен инновацияны дамытуға және отбасы қолдау көрсетуге ерекше орын берілгеніне мән берді.

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев 2023 жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысының «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбына арналғанына тоқталды. Осы адал еңбек, адамгершілік құндылықтары және патриотизм қағидалары бүгінгі жаңа Конституция жобасына еніп отыр.
«Дара Ұрпақ» қоғамдық қорының директоры Рухабза Қалдарбек Конституция жобасындағы ата-ананың жауапкершілігі туралы нормаға назар аударды. Ол кейде балалардың жауапсыздығының артында жауапсыз ата-аналар тұратынына тоқталды. Конституция арқылы балаға қамқорлық жасау мен тәрбие беруді ата-ананың міндеті ретінде бекіту – балаларды қорғаудың маңызды кепілі болып, көптеген әлеуметтік проблеманың алдын алуға көмектесетінін айтты.
Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Заң факультетінің деканы Әлия Қасымбек жаңа Конституция жобасының адам мен азаматты қорғауға арналған құқықтық кепілдіктерді күшейтетінін атап өтті. Ол заңның кері күшін қолдануға болмайтыны туралы нормаға, мемлекеттің азамат үшін жауапты болып, оған келтірілген зиянды өтеуге міндетті екені жайлы баптарға ерекше мән берді. Бұл шаралар қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтады деген пікір білдірді.

Кәсіпкер Ербол Көкенов жаңа Конституция жобасымен мұқият танысып, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауға бағытталған нормаларды ерекше қолдағанын айтты. Ол Түркістан қаласында ашылған инклюзивтік театрды, онда мүгедектігі бар балалар үлкен сахнада өнер көрсете алғанын мысалға келтірді. Сонымен қатар Ата заңда бекітілген тең мүмкіндіктер кепілдіктері нағыз әділ әрі адамгершілікке негізделген қоғам құруға ықпал ететініне сенім білдірді.
Одан әрі Коалиция мүшелері этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен дөңгелек үстелге қатысты. Түркістан облысы еліміздегі ең көпұлтты өңірлердің бірі, мұнда 50 этнос өкілдері тұрады. Сондықтан жергілікті тұрғындар тыныштық пен татулықты ерекше бағалайды. Коалиция мүшелері жаңа Конституцияда біртұтас Қазақстан халқы ұғымы қамтылғанын, ол этникалық тегіне қарамай, барлық азаматтардың құқығын қорғауға бағытталғанын атап өтті. Бұл елімізде этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған үлкен қадам. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Ассамблеяның рөлін трансформациялап, Халық Кеңесін құру – азаматтардың мемлекеттік істерге араласуын кеңейтетін, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосатын маңызды жүйелі шешім екенін атап өтті.

Сондай-ақ Коалиция мүшелері локомотив депосының теміржолшыларымен кездесті. Әңгіме тұрақты жұмыс, қауіпсіздік және еңбек адамына деген құрметтің мән-маңызына арналды. Осындай мамандар күн сайын экономиканың негізгі салаларының толассыз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Ал жаңа Конституция мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағдарын күшейтіп, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға қатысты негізгі кепілдіктерді бекітеді.
Содан кейін делегация мүшелері «Шаға» индустриялық паркінің жұмысымен танысты. Кәсіпорындар алаңында жұмысшылармен және мамандармен кездесу өтіп, өнеркәсіптің дамуы, кәсіпкерлік және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері талқыланды. Ата заңға өндіріс пен экономикалық өсім үшін қолайлы, айқын әрі тұрақты нормалар енгізілгені айтылды.
Осы күні Коалиция мүшелері Шаға ауылының халқымен де жүздесті. Әңгіме барысында тұрғындар алдағы референдум туралы пікірлерімен бөлісіп, ауылды дамыту, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау мәселелерін көтерді. Олар жаңа Ата заң балаларының және аймақтың болашағы үшін сенімді тірек болатынына сенім білдірді.

Кездесулерде Түркістан облысының тұрғындары жаңа Конституция заман талаптарына сай әзірленгенін, ол қоғамның әділдікке, тәртіпке және тұрақтылыққа ұмтылысын көрсететінін атап өтті. Әрбір қатысушы 15 наурызда референдумға қатысып, жаңа Ата заңды қолдауға ниетті екенін білдірді.
Еске сала кетейік, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы 12 ақпанда құрылды. Оның құрамына 5 саяси партия мен шамамен 300-ге тарта қоғамдық ұйым кірді. Олар шамамен 5 миллион қазақстандықты біріктіреді.
Жалпыұлттық Коалициясының баспасөз қызметі
Фото: Әли Ғалым
Дайындаған: «AMANAT MEDIA GROUP» ЖШС
Тапсырыс беруші: М.Ж. Оспанов
«AMANAT» Партиясы» ҚБ қаражатынан төленді