ДСҰ: КҮДІК ПЕН ҮМІТ

ДСҰ: КҮДІК ПЕН ҮМІТ

ДСҰ: КҮДІК ПЕН ҮМІТ
ашық дереккөзі

Бүгінгі таңда еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүше болуы керек пе, жоқ па деген мәселе көпшілікті қатты толғандырып отырған жайы бар. Аузы дуалы сарапшылар мен экономистердің пікірінше бұл Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыда аса маңызды қадамдардың бірі болмақ. Үкіметіміз де ДСҰ-ға кіру – елдің сыртқы экономикалық саясатындағы басымды бағыттардың бірі деп біледі. Дегенмен, аталмыш ұйымға кіру уақыты неғұрлым жақындаған сайын осы күрделі мәселенің айналасында түрлі пікірталастар мен әрқилы ойлар ағыны толастар емес.

ДСҰ бізге қаншалықты қажет? Осы сұраққа жауап бермес бұрын бұл ұйымның тарихына назар салсақ. ДСҰ – халықаралық сауда ережелерін либерализм принциптеріне қарай реттейтін халықаралық экономикалық ұйым, ол 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастады. Алғашқы кезеңде ДСҰ-ға 77 мемлекет кірсе, 2005 жылғы 11 желтоқсандағы соңғы мәлімет бойынша оған 149 ел мүше болды. Бұрынғы кеңестік елдерден оның қатарында Литва, Латвия, Эстония, Грузия, Армения, Молдова, Қырғызстан бар. ДСҰ-ға кіретін елдердің үлесі әлемдік тауар айналымның 95% құрайды, яғни Ресейді қоспағанда бүкіл дүниежүзілік нарықты қамтып отыр деуге болады. Және Қазақстанды қосқанда 30-ға жуық ел осы ұйымға кіру ниеттерін білдірді, олар бүгінгі таңда бақылаушы мәртебесіне ие.

ДСҰ МІНДЕТТЕРІ НЕНІ КӨЗДЕЙДІ?

ДСҰ басты міндеті – іркіліссіз халықаралық сауда-саттықа мүмкіндіктер жасау. Дамыған елдердің бастамасымен құрылған аталған ұйым халықаралық саудада экономикалық өсім мен адамдардың тұрмыс тіршілігін көтеруге ықпал етеді деп есептеледі. Бүгінгі таңда әлемдік сауда жүйесі негізгі бес ұстанымға сәйкес келуі тиіс:

– Саудада еш кемсітушіліктің болмау шарты, яғни бірде-бір мемлекет қайсыбір мемлекетке экспорт пен импортқа шектеушілік қоюға құқығы болмайды;

– Сауда кедергілерін азайту, немесе қайсыбір елдің нарығына шетелдік тауарлардың келуіне кедергі келтіретін факторларды жою, оларға бірінші кезекте кедендік алымдар мен импорттық квоталар жатады, басқаша айтқанда импортқа қойылатын көлемдік шектеулер;

– Тұрақтылық пен сауда шартының алдын-ала болжамдылығы, бұл шетелдік компаниялар, инвесторлар мен үкіметтер қолданыстағы сауда шарттарының кенеттен және бір тараптың еркімен өзгерілмейтініне кепілдік береді;

– Халықаралық саудадағы бәсекелестікті ынталандыру, яғни түрлі елдер фирмаларының тең құқықты бәсекелестігі үшін «әділетсіз» тәсілдерді жою, оған экспорттық субсидиялар (экспортшы-фирмаларға мемлекет демеушілігі), жаңа сату рыноктарын иелену мақсатында демпингтік бағаларды (арнайыландырылған төмен бағалар) пайдалану;

– Жоғары дамымаған мемлекеттер үшін халықаралық саудада жеңілдіктер жасау. Нақ осы бап жоғарыда көрсетілген ұстанымдарға кереғар келеді, алайда ол әлемдік шаруашылыққа осал дамыған елдерді тарту үшін қажет болды. Бұл елдер алғашқы кезеңде дамыған мемлекеттермен бәсекелесе алмайтыны айдан анық, сондықтан да нашар дамыған елдерге ерекше жеңілдіктер қарастыру «әділетті» болар деп есептеледі.

Экономикалық сарапшылардың пікірінше сауда ұйымына мүшелікке кіргенде алар пайдамыз – біз аталған ұйым шарты негізінде ел экономикасын «ашық немесе жариялы» жасауымыз тиіс. Бұл бұрын-соңды орын алып келген «көз қысты, бармақ басты» келісім-шарттардың немесе басқа да «қараңғы» іс-қимылдардың болдырмауын талап етеді. Небәрі бір-екі жылдың ішінде бір талай «көлеңкелі» салаларды жарыққа шығару мүмкіндіктері пайда болады. Сайып келгенде, ДСҰ-ға кіру экономиканың көлеңкелі секторымен күрес жүргізуде үлкен ілгерілеушілік ретінде қарастырылады.

Сонымен қатар, халықаралық нарықтарға шығу жолдарын жеңілдетумен бірге, ұйымға кіру процесі Қазақстан да экономикалық және саяси реформалардың одан әрі дамуына ықпал етіп, еліміздегі инвестициялық климатты жақсартып, нарық реформаларын кері кетпейтіндей процеске айналдырады.

Сарапшылар алға тартып отырған келесі артықшылықтардың бірі Қазақстанды экспортты квоталау немесе мөлшерлеуді алып тастаудан түсер пайда, атап айтқанда, еліміздің металлургия, мұнай өңдеу сияқты салалары, жалпы алғанда бүкіл шикізат өңдеу секторы күмәнсіз ұтатын болады. Қазақстандық кәсіпорындар өз өнімдерін тасымалдауда байыпты артықшылықтарға ие болады. Қолданыстағы сауда ережелерін жеңілдету, оларды халықаралық нормаларға байланыстыру Қазақстанда жаңа өндірістерді ашуға ынталандыратын болады. Жаңа тәртіп компанияларға да, тұтынушыларға да тиімді болары көзге ұрып тұр, себебі қарапайым тұтынушылар едәуір арзан және сан алуан түрлі тауарлар мен қызметтерге қол жеткізе алатын болады.

Біз жоғарыда ұтымды жақтарын тізіп өттік, алайда ұтылатын тұстарымыз да жоқ емес екенін жасырмағанымыз абзал. Сауда ұйымына мүшелік мәртебесінен ең әуелі ірі бизнес ұтады, ол қазақстандық та, шетелдік те болуы мүмкін және де бірінші кезекте шикізаттық сектор. Мұнай өндірушілер квоталау тәртібінен «құтылған» соң, оларды бүгінгідей бензинді елден тыс шығармауға мәжбүрлей алмаймыз. Ал, кедендік тарифтер жалпыға бірыңғай жасалған соң, өз өнімдерін сату рыноктеріне тасымалдаудан жеңілдік алған металл мен көмір өндірушілер үшін де «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» заман туады. Осы тұста Қазақстанның басқа кәсіпкерлерінің халықаралық нарықтың талаптарына сай келе алу мәселесі көлденең шығады. «Ауылдас» инвесторларымыз әлемдік бизнестің «қырандарымен» салыстырғанда әлсіз позицияда қалары айдан анық, ал қайта өңдеу саласын алар болсақ бұл тарапта қазақстандық кәсіпорындар технологиялар мен сапа жағынан да, өнімге кететін шығыстар жағынан да бәсекеге қабілетсіз болып қаларын жасыра алмаймыз.

Бұл проблемалардың бәрін Үкіметіміз жақсы біледі. «Кеңесті ел кем болмас» демекші, бірнеше жыл осы ұйымның бақылаушысы ретінде, біз ұйымға мүше-мемлекеттермен еліміздің мүддесіне мүмкіндігінше зиян келтірмеу мақсатында жеңілдіктер мен ерекше жағдайлардың берілуі үшін келіссөздер жүргізіп келеміз.

Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жөніндегі жұмысшы топқа осы ұйымның 38 мемлекеті кіреді, сонымен бірге рынокке тауарларды шығару жөніндегі келіссөздерге 14 ел, ал қызмет рыногіне қатысты 10 ел қатысады.

Келіссөздер Женевада орналасқан ДСҰ Хатшылығында көпжақты және екіжақты негізде жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда қазақстандық делегация төрт негізгі бағыттар бойынша келіссөздер жүргізуде:

– Тауарлар рыногіне шығу келіссөздері ұйымға кіргеннен соң Қазақстан пайдалануға құқық алатын импорттық кедендік алымдарды барынша байланыстыру деңгейлерін ДСҰ-ға мүше-елдермен анықтау және келісуді көздейді;

– Қызметтер рыногіне шығу туралы келіссөздердің мақсаты қазақстандық рынокке шетелдік жеткізіп берушілердің шығу шарттары болып табылады;

– Ауыл шаруашылығына қатысты арнайы көп жақты келіссөздер, тарифтік аспектіден бөлек, ауыл шаруашылығын іштен қолдау білдіру мен экспорттық субсидиялардың мөлшерін келісуді көздейді;

– ДСҰ қатысушысы ретінде өз міндеттемелерін орындау үшін заңнамада қолдануға тиіс шараларды анықтау мақсатында жүргізіліп отырған жүйелік мәселелер бойынша келіссөздер;

Жеке елдермен өткізілген екіжақты келіссөздердің 14 раундының қорытындылары бойынша Қазақстан тауарлар рыногіне шығу жөнінде келіссөздердің соңғы мәресіне жетті. Бүгінгі таңда тарифтік міндеттемелерді егжей-тегжейлі талқылап, АҚШ, Еуропалық Одақ, Канада сияқты елдермен диалог құруға қол жеткіздік. Сонымен қатар қызметтер рыногіне шығу жөніндегі келіссөздер процесін одан әрі қарқынды жүргізуге негіз қаланды.

Бүгінгі таңда, Грузия, Пәкістан, Түркия, Оман Сұлтанаты, Корея, Жапония, Куба, Мексика Қырғыз Республикасымен екіжақты келіссөздердің аяқталуы туралы Хаттамаларға және ҚР Индустрия және сауда министрлігі мен Египет Араб Республикасының Индустрия және технологиялық даму министрлігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. ҚР мен ДСҰ арасындағы ынтымақтастықтағы маңызды оқиғалардың бірі 2004 жылғы тамыздағы ДСҰ Бас хатшысы С.Паничпакдидің Қазақстанға сапары болды. Осы тұста айта кетер бір жай ДСҰ басшылығы әдетте бір елге арнайы сапар ұйымдастырмайды, қалыптасқан тәжірибе бойынша бірнеше мемлекетті аралап шығады. Осы сапардың барысында ұйым басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, елдің бірқатар министрлерімен кездесіп, ДСҰ келісімдерінің міндеттемелерін қабылдау жөніндегі Қазақстанның ортақ ұстанымын түсінісуге қол жеткізілді.

Бүгінгі таңда Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру процесі маңызды сатыда тұр. Келіссөздер жүргізу тұрғысында Қазақстан үшін бес мемлекет, атап айтқанда, АҚШ, Еуропалық Одақ, Канада, Австралаия және Болгария ең маңызды болып табылады.

Келіссөздер процесінде уағдаластыққа жету қиыншылықтары тауарлар мен қызметтер рыногіне шығуда көп жағдайда олардың нақты коммерциялық мүддені қозғамайтын, тіпті еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әсіреқатаң талаптар қоюынан туындауда. Аталған проблемаларды реттеу үшін Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздер мен ресми кездесулер кестесі әзірленді. Бұл тұрғыда Сыртқы істер министрлігінің шетелдік мекемелері де ДСҰ мүшелері болып табылатын жеке елдерге саяси ықпалды күшейтуге барлық мүмкіндіктер жасауда.

Болат ЫБРАЙХАНОВ