ҰЛЫ КҮНГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҰҒЫМДАРДЫ БІЛЕМІЗ БЕ?
ҰЛЫ КҮНГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҰҒЫМДАРДЫ БІЛЕМІЗ БЕ?
Наурыз — шығыс елінің бүкілхалықтық мейрамы, Ұлыстың ұлы күні. Наурыз бұған дейін мыңдаған жыл бұрын шығыс халықтарында жыл басы мерекесі, жылдың құт мезгілі — төл басы ретінде тойланып, ерекше күн ретінде атап өтілетін болған. Міне, сол кезден бастап қазақ халқы да Наурыз мерекесін жыл басы — жаңа жыл, ырыс береке ретінде айрықша бағалады. Шығыстың Махмұт Қашғари, Әбу Райхан Бируни, Фирдоуси, Омар Хайям секілді данышпандары және қазақтың Абай, Сәкен, Міржақып, Ахмет сынды ғұламалары наурыз туралы өз өлеңдерінде, еңбектерінде ұлағатты, жақсы сөздер қалдырды. Наурыз — бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің мерекесі ретінде қастерлі. Сондықтан да болар, бұл күні мейірі түсіп қуанбайтын жан болмайды. Сол сияқты наурыз күні жақсы тілек тілеу, бір-бірінен кешірім сұрап, табысу секілді адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болды. Мұның бәрі әр адамды саналылыққа, әдептілікке, көрегенділікке, білімділікке баулитыны хақ. Наурызды әр халықтың асыға күтетіндігі де содан болса керек. Бір қызығы ертеде ұлыстың ұлы күнінде жұрт жұмыс істемейді, іс бастамайды, сапарға шықпайды және ешкімді ренжітпей, дауыс көтеріп жаман сөз айтпайды, сондай-ақ, құран оқып, құрбандық шалмайды деп есептеген. Осы күні барлық жаһанды Қыдыр ата аралайды деп сенімділік білдірген.
Ұлы күн — Наурызға байланысты халықтың әдет-ғұрыптары мен жөн-жоралғылары да назардан тыс қалмаған. Солардың басты-басты дегендеріне арнайы тоқталып өтсек:
Наурызнама — ойын-сауыққа арналған шат-шадыманды мереке. Ұлы Абай: “Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп той-тамаша болады екен” – деп, “Абай жолы” романында да жазыпты. Ал Мәшһүр Жүсіп еңбегінде: “Ол күні қожаларға оқытатын наурызға арналған кітап болады. Оны “Салдама” деп атағандығын мысалға келтіреді. Бұл күні үлкен болсын, кіші болсын мейрамға келіп, көңілді ойын-сауықтар өткізеді. Наурызнамада үлкендерден бата алып, 3-9 күнге созылатын халықтың ұлттық дәстүрі мен әдет-ғұрпы кеңінен орын алатын үлкен той. Наурызнамада қыз-жігіттер жиналып “ұйқы ашар” дайындайды. Ал жігіттер қыз-қырқынға сақина, сырға, айна, тарақ секілді заттарды тарту барысында “селт еткізер” дәстүрін ұйымдастырады екен. Қарт-қарияларға арналған “бел көтерерде” тіске жұмсақ, тілге майда тағамнан дәм тартылады. Бұл “наурыз көжеге” жалғасады.
Наурыз көже — бұл тек наурыз тойына ғана тән, барша жиналған жұртқа арналған мерекелік тағам. Оны әр үй жеті түрлі дәмнен: сүт, ет, тұз, тары, құрт, т.б сол секілді тағамнан басқа қазы, шұжық қосылып, сый ретінде қонақтарға ұсынылады.
Наурыз жыры — халық ауыз әдебиетінде айтылатын жырдың бір саласы. Оның түрлері халық арасында өте көп тараған. Мәселен;
Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар,
Ұлы кісіден бата алсаң,
Сонда олжалы жол болар, – дегендей кете береді.
Наурыз бата — батаның ішінде халық наурыз батаға ерекше мән берген. Той-мерекеге жиналған жас талантқа, өнегелі ұрпаққа, өнер көрсеткен әнші, ақын, палуандарға ел ағасы, көнекөз ақсақалдар бата береді. Наурызда алған батаның орны бөлек деп жастар үлкендерден бата алуға тырысады.
Наурыз тілек – әр адам өзіне, отбасына немесе жақын туыс-туғандары мен дос-жарандарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жақсы тілек тілейді, бір-бірінің үйіне кіріп дәм татады. Бұл тілек — достық көңіл мен тілектестіктің, адамгершіліктің белгісі, әр тойдың жарасты салтының бірі ретіндк айтылатын болған.
Наурызкөк — наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Оны алғаш көргендер “Наурызкөгім келдің бе?” деп шақырып, жем шашады. Оны ешкім үркітпейді және қумайды.
Самарқанның көк тасы жібиді. Бұл да наурыз күніне байланысты айтылған сөз. Оның бірнеше мәні бар. Бірінші, аңызға айналған астроном Ұлықбек обсерваториясындағы көктасқа дәл 22 наурыз күні күн сәулесі түсетін болған. Сол сәуледен түскен жылу тасты жібітеді-міс. Екінші, бұл күні әр адам қателігі болса, кешірім сұрауға және кешірім беруге тиіс. Ал егер кешірмесе “бұл күні Самарқанның көк тасы жібиді, сен тастан қаттысың ба?” деп тоқтатады екен.
Шығыс елінің ұғымы бойынша күн мен түннің теңелер тұсында, яғни, 22 наурыз күні жер-көкті жарып ерекше бір дыбыс өтетін көрінеді. Оны халық жан-жануар ішінде жұмақтан шыққан қой ғана сезеді деген. Демек, осы күні барлық жаратылыстың, оның ішінде адамның бойында ерекше бір қасиет болады деп есептеген. Сол себептен Ұлыстың ұлы күні әркім өзін жаман әдеттен аулақ ұстағаны жөн.