МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ СӨЙЛЕУГЕ НЕГЕ НАМЫСТАНАМЫЗ?
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ СӨЙЛЕУГЕ НЕГЕ НАМЫСТАНАМЫЗ?
Бірде автобусқа қысылып, қымтырылып әрең міндім. Менің “кішкене жоғары көтеріліңізші?” деген сөзімді ешкім елең қылмады. Өйткені, шопыр автобусты тура басына көтерерліктей етіп шетелдің және орыстың әндерін айғайлатып қойған. Ол ол ма, есік аузындағы кондуктор қыз да қарадай елдің жынына тиіп тұр. Себебі, бәрі жұмыстан шаршап-шалдығып бара жатқан адамдар емес пе?! Өзі уыздай қазақтың қызы, аузында шайнаңдаған сағыз. Онысымен қоймай, аялдамаларды орыс тілінде хабарлап, сарнайды. Бір кезде “Следующая остановка Саина” деп айта бергені сол еді, түсуге уақыты таяған бір Апа есік аузына аяңдады. Тағы да даусы саңқылдаған әлгі кондуктор қыз “Вы на Саина выходите” деп шайнаңдап қоя берді. Жүзінен аналық пейіл мен намыстың лебі есіп тұрған Апа ашуланып кетті-ау деймін. Бірақ сөзін ақылға салып, сабырмен бастады: “Қызым, біріншіден, мен Саина емес, Сайын көшесінен түсемін. Өзің әп-әдемі қазақтың қызысың, неге қазақша, өз ана тіліңде сөйлемейсің?! Екіншіден, анау шопырың орыс па, әлде ағылшын ба? Ау, көкелерім, өзіміздің қазақша хабар беретін, ән айтатын “Қазақ радиосы” бар емес пе, соны неге қоймайсыңдар, мына орыстың әнін дыңғырлатқанша”, деген апамызды автобустағы өз тілін құрмет тұтатын азаматтар қоштап-ақ кетті. “Сіздікі дұрыс” деген, жұрттың даусы әр жерден ашық, анық шығып жатты. Бір таң қаларлығы, өзінікін жөн көрген әлгі қыз “Иә, шопыр ағылшын ” деп, беті бедірейіп тұрып алғанын қайтерсіз?! “Мәдениеттен жұрдай, қандай көргенсіз едің” деген ұнатпаушылықтан туған ішкі ой өзіміз секілді қазақтардың жүзінен де байқалды. Одан ары ашуын жасыра алмаған Апам: “Қашанғы біз ұлттық намысымыз бен арымызды таптата береміз, осы уақытқа дейін жетер именгеніміз, осыны мына сен секілді жастар неге түсінбейді?” деді де, қажетті аялдамасынан түсіп қала берді. Жұрттың жаңағы апама риза болғандығы соншалық, олар кондуктор қызға көздерін алартып, атарға оғы болмады. Бірақ, түйсігіне ештеңе енбеген кондукторымыз ары қарай аялдамаларды орысша хабарлай берді. Әлгі апамның айтқан сөзінің бәрі желмен ұшқандай сезілді. Оның өз ана тілінде сөйлемегені үшін автобустағы басқа ұлт өкілдерінен намыстанып, қатты ұялдым. Тағы бір кеудесін намыс оты кернеп, өз ойын білдіргісі келген ер азамат та “Қарағым, жаңа апаңның айтқан сөздерін құлағыңа құйып ал. Ол кісі расымен дұрыс айтты. Сен қазақша айт, түсінсе түсінсін, түсінбесе қойсын, қалғаны өздерінің мәселесі. Керек болса, Қазақстанда өмір сүреді, қазақ тілін үйренсін! Заман солай. Күнде теледидар, газеттерден қақсап жатыр ғой, қазақ қазақ тілінде сөйлесін, өз Ана тілімізді биік тұғырға шығарайық деп. Не үшін біз өз тілімізді басқа тілдерден кейін қоямыз. Оған міне, сен де жол беріп отырсың” деп әңгімесін тәмамдады. Қыз сасқанынан басын қайта-қайта изей берді. Онысы бәрін түсіндім деген кейпі болар деп біз тұрдық.
Әттең, қор болған ана тілім-ай! Өз тілін өз елінде жетім баладай өгейсіткен осындай жастарға не дейсің? Бір бұл қыз емес, талай қазақ жастарының Ана тілімізде сөйлемей, басқа тілде шүлдірлегенін көрсең, бойыңды ашу мен кек қысады. Осы оқиға еліміз тәуелсіздік алғанына 14 жылдан астам уақыт өтсе де, қазақ тілі сол баяғы теперішті көріп жатқанына көзімізді жеткізді. Бұған кім кінәлі?! Заман ба, әлде, заманды жасайтын адам ба? Қалай десек те, тіліміздің өрісін кеңейтіп, өресін биіктету ертеңгі елдің болашағы жастардың адал борышы емес пе?!
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ