АҚ ОЛИМПИАДА АСТАНАСЫ — Алматы дайындықты бастады
АҚ ОЛИМПИАДА АСТАНАСЫ — Алматы дайындықты бастады
Жаңа басталған 2006 жыл қазақ спортшылары, спорт мамандары, миллиондаған жанкүйерлер, жалпы қазақстандықтар үшін зор қуанышқа ұласты. Жүрек жарыла қуанудың да жөні бар! Өйткені, бірнеше жылдан бері Қазақстанда, әсіресе, Алматыда Олимпиада ойындарын өткізу мәселесі миллиондаған отандастарымызды толғандырып, жүректерде үміт пен алаңдау қатар ұялаған болатын. Соңғы жылдары елімізде Олимпиада қозғалысының кең өрістеп, қанат жаюының тағы бір дәлелі – 2011 жылы Алматы VII қысқы Азия Ақ Олимпиадасының астанасына айналғалы отыр.
Бұл мәртебелі атаққа ие болу үшін спорттық ойындардың ежелден тарихы, берік дәстүрлері қалыптасқан Азия құрылығындағы экономикалық жағынан аса қуатты, өркениетті Жапония, Оңтүстік Корея, тағы басқа бірқатар мемлекеттердің соңғы заманға сай, инфрақұрылымдары жетік қалыптасқан ірі қалалары тайталасқа түскен болатын. Қалалар мен мемлекеттер арасындағы осынау талас бірталайға созылып, нәтижесінде ақ түйенің қарыны жарылып, әйбат Алматы жеңіске жетті. Асқақ Алатаудың баурайындағы әсем Алматы қысқы Олимпиаданың астанасы болуының басты себебі – Қазақстандағы аса ірі мегаполисте салауатты өмір сүру салтының берік орныққаны, адамдардың қысқы спорт түрлеріне деген құлшынысының артуында. Алматы іргесіндегі Медеу мұз айдынының, Шымбұлақтағы тау шаңғысы кешенінің даңқы әлемнің төрткүл бұрышына әбден мәлім.
Алматыда VII қысқы Азия ойындарына дайындық барысында бірқатар ірі спорттық кешендер ашылмақшы. Атап айтқанда, таяу жылдары ару қаламызда 20 мың адамдық мұз сарайы мен 400 метрлік жарыс жолдары бар мұз айдыны, шаңғы және биатлон стадиондары, 20 мың адамдық К-90 және К-120 трамплиндері, жаңа тау шаңғысы базасы, бобслей трассаларының соңғы заман талаптарына сай құрылыстары басталып, қысқа уақытта аяқталмақшы. Ұлттық олимпиада комитетінің (ҰОК) төрағасы Тимур Досымбетов мырза баспасөз мәслихатында: «Бұл нысандар бүгінгі күні жоспарланып отырған спорттық құрылыс кешендерінің аз ғана бөлігі. Әрбір нысан жан-жақты сарапқа салынып,қажетті жобалық-қаржылық құжаттар мұқият тексеруден өткізіледі», – деп мәлімдеді.
«VII қысқы Азия ойындарын Алматыда ұйымдастыру мен жоғары деңгейде өткізу үшін 1 млрд. долларға жуық қаржы жұмсалмақшы», – деп мәлімдеді қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов мырза. 2011жылғы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің де басшысы болып табылатын И.Тасмағамбетовтың айтуынша, бұл қаржылардың басым бөлігі, 600-700 млн. доллар қаржы құрылыс нысандарын салуға жұмсалады. Аса ірі қысқы Олимпиаданы жоғары деңгейде өткізуге қажетті қаржы көздері де белгілі. Ол қала бюджеті, республика бюджетінен бөлінген қаржы есебінен құралмақшы.
Жалпы алғанда, аталмыш бірегей құрылыс кешендері одан әрі ХХII қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге де ыңғайлы етіп жасалмақ. Қысқы Азия ойындары 2011 жылғы 30 қаңтар және 6 ақпан аралығында өткізілмек. Бұл жарыстарға Азия құрылығынан 800-ден астам спортшы, 700 жаттықтырушы, 1 мың БАҚ өкілдері келеді деп күтілуде.
Бұл ойындар спорттың 14 түрі бойынша өткізіледі.
Ұлттық олимпиада комитетінің төрағасы Тимур Досымбетов мырзаның айтуынша, Қазақстан 2014 жылғы Ақ Олимпиада өткізуге үміткерлігі үшін 150 мың доллар, ал Азияның қысқы ойындарын өткізуге үміткер қала – Алматыны қолдауға 10 мың доллар жарна төлеген. Бірақ, мәселе жоғарыда сөз болған шығындарда емес. Азияның Ақ Олимпиадасы біздің Отанымызда алғаш өткізілгелі отыруы – Қазақстанның халықаралық беделі жылдан-жылға ұлғайып келе жатқандығының айқын белгісі.