ЮЩЕНКО ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ТАҢДАДЫ

ЮЩЕНКО ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ТАҢДАДЫ

ЮЩЕНКО  ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ТАҢДАДЫ
ашық дереккөзі
273

Украина мен Ресей арасындағы газ бағасына қатысты туындаған газ дауы шешімін тапқан тәрізді. Қашан да пайдасына бүтін Кремль бұл жолы да Украинаға есесін жіберген жоқ. Бірнеше күнге созылған дау екі тарапқа бірдей тиімді шешілгендей көрінгенмен Киевке қарағанда, Мәскеудің «мұрты» көбірек майланды деп қалуға болады. Оған қазақ газы да өз үлесін қосты. Ющенконы тізерлетпекші болған Путиннің қоқан-лоққысынан түк те шықпады. Сөйтіп, экономикалық мүдде мен мемлекет тәуелсіздігі, ұлттың рухын биік қойған Ющенко қысылтаяң шақта намысқойлығын танытты.

«Қарыз алмаймыз!»

Осыдан сәл уақыт бұрын ресейлік монополист – «Газпром» Кремльдің келісімін ала отырып, Украинаға жіберілетін газды тоқтатуға шешім шығарған. Оған себеп, орыстардың газ бағасын өсіруі. «Газпром» мың текше газға бұрынғыдай 50 доллар емес, 230 доллар сұрап, украиндарды тығырыққа тірегенде РФ президенті Путин Киевке газды жаңа бағамен (1 мың текше метрге — 230 доллар) сатып алу үшін Ресейден 6 миллиард 300 миллион доллар көлемінде ұзақмерзімдік несие алуға ұсыныс жасады. Орыс әріптесінің бұл ұсынысынан бас тартқан Ющенко: «Украина мұндай аса көп мөлшердегі несиеге мұқтаж емес. Ресейлік газдың украиндық нарықтағы бүгінгі нақты бағасы 75-80 доллардың шамасында. Жыл сайын бұл баға еуропалық есеп айырысу тәсіліне сәйкес өзгеріп отырады» деді. Ресми Киев ә дегеннен-ақ орыстар газды тоқтатып тастаған жағдайда не істеу керектігін ойластырып қойғандықтарын мәлімдеген. Халықаралық сарапшылардың кейбірі газ дауына Еуропалық одақ араласуы мүмкін деп тон пішкен. Алайда Еуроодақ көршілердің арасына түспейтіндіктерін жеткізді. Орыстар қанша жерден ақталып бақса да, экономикалық қысымның астарынан саяси сарын іздеген батыстық сарапшылар: «Еуропа мен АҚШ-қа қарай бүйрегі бұрып кеткен Украинадан Кремль газ бағасын өсіру арқылы кек қайтарып жатыр. Әрі бұл орталықазиялық аймақтағы Кремльге бас игісі келмейтін өзге елдерге де сабақ болмақ» деп қыжыртуда.

Екіұдай күй кешті

Мамандар қауымы қазіргі ресейлік экономикалық ахуалдың жақсаруын әлемдік нарықтағы мұнай бағасының өсуімен байланыстырады. Ал халықаралық сарапшылар Кремль жүргізіп отырған экономикалық саясаттың Ресей экономикасының келешегіне жарқын жол ашатынын айтады. Финляндиядағы Өтпелі кезең экономикасын зерттеу институтының маманы Йоуко Раутава: «Бүгінгі таңдағы ресейлік экономикалық саясат әлемдік нарыққа ықпал етуге қабілетті» дейді. Раутаваның пікірінше, билік басына келген алғашқы жылдары ешкім де Путинді әлемдік экономикаға үстемдік жүргізуге ұмтылады деп күтпеген көрінеді. Шынында, орыстар украиндарға газ беруді тоқтатқан жағдайда Киев Еуропаға бағытталған газды өзі тұтынуға мәжбүр болатын еді. Ал неміс халқы тұтынатын газының 30 пайызын Ресейден тасымалдайды. Сондықтан Германияның канцлері Ангела Меркель дау жанжалға ұласып бара жатқанда «Мәскеу жауапкершілікті сезіне отырып әрекет етуі тиіс» деп мәлімдеген. Өз кезегінде Путин Еуропаға газды жеткізуге кедергі жасағанына өтемақы ретінде Батысты қосымша газбен қамтамасыз етуге уәде берді. Мамандар пікірінше, бұл Кремльдің «жаздым-жаңылдым« деп кешірім сұрауынан гөрі, «Енді қайда барар екенсің?» деген қулыққа ұқсас. Сондықтан Батыс Ресейге дауыс көтерерін не көтермесін білмей, дымы құрып отыр.

Парадокс…

Алдағы жексенбіден бастап Ресей әлемнің дамыған әрі демократиялық алпауыт елдері мүшелікке өткен «үлкен сегіздікке» басшылық етуге кіріседі. «Керек кезінде» заң бұзушылықтар мен арандатушылыққа, тіпті, зорлық-зомбылыққа көзжұмбайлықпен қарайтын Батыс орыстар мен укранидар арасындағы газ дауына да араласпады. Ал батыстық сарапшылар: «Егер Ресей әлемдегі дамыған әрі өркениетті елдер қатарына қосылам, сондай мемлекеттермен иық теңестірем десе, заңсыздықтар мен қысым жасауын доғарсын» деп наразылық танытуда. Олардың кейбірі Ұлыбритания Ресейден газ тасымалдамаса да, Кремльдің Украинаға жасап отырған қысымына араша түсуі тиіс деген пікірде. Алайда шикізат қоры ерте ме, кеш пе түгесіледі деп болжам жасап қойған премьер Тони Блэрдің «буынсыз жерге пышақ ұрған» Путинге тізе батыра қояры күмәнді. «Дейли Телеграф» газеті Ресей дипломатиялық тұрғыда тәуелсіздікті таңдаған көршілес Украинаны тезге салып алуды көздейді» десе, «Таймс» басылымы «Бұл оқиға Еуропаға сабақ болуы тиіс. Өйткені, энергоқорларды тасымалдауда еуропалық елдер ешқашан Ресейге тәуелді болмауы керек» деп ескертеді. Себебі, «Ресейден тасымалданатын газ дағдарысы Батыс Еуропаны әбігерге салмауы тиіс» («Дейли Миррор»). Батыстық басылымдардың көпшілігі ресейлік газды тасымалдауда туындаған дау мен қиындықтар ішкі нарық пен өндіріс орындарының жұмыстарына кері әсерін тигізуі мүмкін деп қауіптенеді. «Индепендент» басылымы «Мәскеу мен Дүниежүзілік сауда ұйымы арасында жүргізіліп жатқан келіссөздерде энергоқорлардың сыртқы нарықтағы бағасын жүйелеуге қатысты талаптар айқын көрсетілгендіктен, Украина мен Ресей арасындағы газ дауында да солқылдақтық танытпау керек» деген пікірде.

Ұтқан кім, ұтылған кім?

Кеше «Газпромның» басқарма төрағасы Алексей Миллер мен Украинаның «Нафтагаз» жетекшісі Алексей Ивченко бірнеше күнге созылған келіссөздер нәтижесін қорытындылады. Баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері күтпеген сенсациялық мәлімдеме жасалды. Әлем назарын өзіне аударған газ дауы жүйеленді, бірақ ресейлік шенеунік пен украиндық шенеуніктің мың текше газға қатысты айтқан бағасы екі түрлі болды: Миллер – 230 доллар, ал Ивченко – 95 доллар… Мәселенің мән-жайы сәл кейінірек анықталды. Газ дауын шешуде Киев пен Мәскеу «Rosukrenergo» компаниясын («ГазпромБанк» пен «Райффайзенбанктің» біріккен кәсіпорны) арағайындыққа салыпты. Яғни, Украинаға газды аталған компания тасымалдайды. Ал мың текше газды 95 долларға сатып алған Киев «Бұл газ орыстікі ме, әлде түркімендікі ме?» деген сұрақпен бас қатырмайтын болады. Путиннің «қарызынан» бас тартқан Ющенконың 95 доллардан артық көк тиын да бермейтінін білген орыстар украиндармен 5 жылдық мерзімге келісім-шартқа отырды. Құжатта Украинаға арналған ресейлік газдың 1 мың текшесі 230 доллар екендігі көрсетілген. «Газпромнан» 230 долларға сатып алған газын «Нафтагазға» 95 доллардан «қайта сататын» «араағайын» («Rosukrenergo») шыққан шығынын қазақ, түркімен және өзбектің арзан газының есебінен қайтарып алмақ. Бұған дейін «Rosukrenergo» түркімен газын Украинаға Ресей арқылы тасымалдаумен айналысатын. Өз өнімін «Газпром» алдымен «Итеру», одан кейін венгрлік «Eural TG» арқылы, сосын «RosUkrEnergo» компаниясы арқылы тасымалдап келген. Сарапшылар қыруар қаржыны бір қалтасынан алып, екіншісіне салған «Газпромның» мұрты енді шындап майланатынын айтады. Өйткені, «Rosukrenergo» компаниясының 50 пайыздық акциясы «Газпромға» қарайтын «ГазпромБанктің» еншісінде. Оның үстіне, орталықазиялық газдық орыстарға су тегінге түсері сөзсіз – мың текшесі 55-65 доллар. Осыдан кейін-ақ, кімнің ұтып, кімнің ұтылғанын өзіңіз бағамдай беріңіз…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары