СЫР ПЕРЗЕНТIНIҢ ЖАН СЫРЫ
СЫР ПЕРЗЕНТIНIҢ ЖАН СЫРЫ
Талай абыз бен сүлейдi тудырған Сыр өңiрiнiң айтар әңгiмесi де, аңыз-ертегiсi де таусылмақ емес. Бұл өңiрде туып-өскен әрбiр жанның өнердiң қай бiр саласында болмасын, әйтеуiр бiр айтпағы болуы керек. Сұлу, сыршыл Сырдың тағы бiр перзентiнiң зерттеу мен зерделеуге құралған шығармашылық өмiрiнiң бiр қырымен таныстырғанды жөн көрiп отырмыз.
Сөз жақында «Арыс» баспасынан жарық көрген Тынышбек Дайрабайдың «Сырдың сырлы сыры» атты жинағы туралы.
Тынышбек Дайрабай – мұрағаттардағы көне жазба-сызбаларды ерiнбей ақтарған, қазақтың бiраз жер-суының тарихын зерттеп, ой-түйiнiн газеттерде жариялап, тынымсыз еңбек етiп жүрген зерттеушi-ғалым. Оңайлықпен табыла бермейтiн Қазақстанның өткен ғасырлардағы картасы, жер-су аттары, шежiре-тарих – Тынышбек ағаның жеке мұрағатында. Әлi күнге дейiн энциклопедиялық жинақ жасаушылар Тынышбек Дайрабайдан мәлiмет сұрап, «Түркiстан» газетiне келiп жатады, телефон арқылы сұрап жатады, үйiне iздеп барып жатады. Олардың бiрде-бiрiн Тынышбек аға құр қол қайтарған емес, сұрағанын қолына ұстата қоймаған күннiң өзiнде «iздегенiңдi бәлен жерден табасың» деп жөн сiлтеп жатқаны.
«Сырдың сырлы сыры» – әр тарап, әр саланы қамтыған зерттеушi-ғалымның бiлiм қазынасы сияқты тынысын кең алған шығарма. Мұнда пiрлер, ахундар, билер, батырлар туралы зерттеу мақалалар, Балқы базар, Дүр Оңғар, Қаңлы Жүсiп, Кете Жүсiп сияқты Сыр сүлейлерi туралы деректер, Жалаңтөс баһадүр, Қорқыт ата, Алмат Сардар туралы шежiре тарих топтастырылған. Бұдан басқа зерттеушiнiң әр кездерi, әр жылдары жазылған еңбектерi, республикалық басылымдарда жарық көрген мақалалары да осы кiтапқа енгiзiлiптi.
«Сырдың сырлы сыры» – Сұлу Сыр өңiрiнiң тарихы ғана емес, Тынышбек Дайрабайдың өмiрлiк зерттеулерiнiң нәтижесi, жан сыры iспеттес. Бұл бiр ғұмырға созылған зерттеулердiң орынды қорытындысы болса да, соңғы нүктесi емес шығар. Осы тiлекпен автордың кiтабына берер бағаны оқырман еншiсiне қалдырамыз.
Гүлбиғаш Омарова