Елдос Сметов ұлттық құраманың әлем чемпионатындағы құрамынан шығып қалды

/
Елдос Сметов ұлттық құраманың әлем чемпионатындағы құрамынан шығып қалды
Buda Mendes/Getty Images

Олимпиада чемпионы Елдос Сметов қазан айында Әзербайжанның Баку қаласында өтетін дзюдодан 2026 жылғы әлем чемпионатына қатыспайды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметінше, 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионатында Қазақстан намысын Бақытжан Аман мен Шерзод Давлатов қорғайды. Ал Елдос Сметов осы салмақ дәрежесінде Азия ойындарына қатысатын ұлттық құрама сапына енгізілген.

Жалпы, әлем чемпионаты мен Азия ойындарына баратын Қазақстан құрамасының тізімі бірқатар салмақ дәрежесінде ерекшеленеді. Дегенмен екі жарысқа да қатысатын спортшылар бар.

Олардың қатарында 48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Әбиба Әбужақынова мен 63 келіге дейінгі салмақтағы Эсмигүл Куюлова бар.

2026 жылғы әлем чемпионатында ерлер арасында 60 келіде Бақытжан Аман мен Шерзод Давлатов, 66 келіде Нұрқанат Серікбаев пен Асылжан Жұбатқанов, 73 келіде Есет Қуанов пен Аңсарбек Ғайнуллин сынға түседі.

81 келіде Жалғас Қайролла мен Абылайхан Жұбаназар, ал 90 келіге дейінгі салмақта Данил Крылов ел намысын қорғайды.

Әйелдер арасында 48 келіде Әбиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева, 63 келіде Эсмигүл Куюлова, 78 келіде Аруна Жангелдина бақ сынайды.

78 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Ақерке Рамазанова мен Камила Берліқаш татамиге шығады.

Азия ойындарындағы дзюдо бәсекесі 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтсе, әлем чемпионаты 4-11 қазанға жоспарланған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар