Әлеуметтік желіде Елдос "Колобок" деген атпен танымал актер әрі блогер Елдос Қадірханов қазақ киносы саласындағы кейбір әріптестеріне ренішін білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол Threads желісіндегі пікірталаста отандық фильмдерді сынап, өз жобасын алға шығаруға тырысатын адамдардың әрекетін құптамайтынын айтты.
Пікірталасқа продюсері Айсәуле Әбілда да араласып, Елдостан нақты кім туралы айтып отырғанын ашық көрсетуді сұраған.
"Ашып, нақты кім, қай жерде айтқанын көрсетіп салу керек сияқты, әйтпесе мұның бәрі бос сөз ғой", – деп жазды Ойсәуле.
Бұған жауап берген Елдос Қадірханов "Болған оқиға" фильмін сынаған адамдарды мысалға келтірді.
"Алғашқы "Болған оқиға" киносын көрмесе де, көрдім деп құлағы дәу бір ер адам сынап, елді шатастырып пікір айтып отырды. Сонда да ел адаспай, киноға келіп көріп кетті, ал оның киносын ешкім байқамады да шыққанын. "Болған оқиға 2" киносын шашына петличка тағып алып, бір жігіт жамандап отырды және ол сол уақытта шығып жатқан екінші киноның маркетингіне тікелей қатысты адам болды. Аққа құдай жақ, сонда да киномызды ұнататын адамдар келіп көрді. Бұл бос сөз емес, видеолары жүр ғой әр жерде", – деп жазды ол.
Ол бұған дейінгі фильмінің кассалық көрсеткішіне де тоқталды.
"Киномыз былтыр 1 млрд-қа сәл жетпей қалып тоқтады. Өтпей қалғанға жата ма ол? Біз Аллаға шүкір, рахмет деп қуандық. Биылғы кино елдер кинотеатрға бармай жатыр дегеннің өзінде ақталып қойып, ары қарай да көрсетіліп жатыр. Кино көргенді өзім жақсы көремін, жанр таңдаймын. Дәл солай халық та ұнатқанын көреді, қинап ешкім көрсетпейді ғой. Бірақ кино саласында бет көрсететін жандар өзінікін тығып, басқаны жамандай салу үлкен қателік. Өзім үшін ғана емес, бүкіл қазақ киносына қатысы бар жандар үшін жаздым", – деді Елдос Қалабек.
Оның жазбасы желі қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр.