Көрнектi ақын Жұматай Жақыпбаевтың туғанына 60 жыл ШҰҒЫНЫҚ ГYЛГЕ ҒАШЫҚ БОЛАТЫН СОЛ АҚЫН

Көрнектi ақын Жұматай Жақыпбаевтың туғанына 60 жыл ШҰҒЫНЫҚ ГYЛГЕ ҒАШЫҚ БОЛАТЫН СОЛ АҚЫН

Көрнектi ақын Жұматай Жақыпбаевтың туғанына 60 жыл ШҰҒЫНЫҚ ГYЛГЕ ҒАШЫҚ БОЛАТЫН СОЛ АҚЫН
ашық дереккөзі
477

12 желтоқсан күнi Ғ.Мүсiрепов атындағы Қазақ Мемлекеттiк Академиялық балалар мен жасөспiрiмдер театрында аса талантты ақын, қазақ поэзиясының жарық жұлдыздарының бiрi Жұматай Жақыпбаевтың 60 жылдығына арналған салтанатты кеш болып өттi.

Бұл кеш ұлы Абай айтатын «самародный сары алтын» –қасиеттi сөздiң, нәзiк те жауһар жырлардың қадiрi қашқан мынау өлiара кезеңде көзi тiрiлердiң арамыздан тым-тым ерте озған бұла талант, бекзат ақын аруағына тағзым етуi едi; тау бұлағындай таза, нәзiк те тәттi, мәңгiлiк кәусар жырлары қасиеттi өнер ордасы – театр сарайында дүрiлдетiп қайтадан оқылуы ақынның өлмес творчествосына құрмет болатын. Бұл кеште бiртуар азамат, жастық жырдың қағаны – Жұматайдың сырбаз да сыпайы, сұлу қалпымен арамызға қайта тiрiлiп келгендей болғаны қандай қиын, қайшылықты кезең туса да құдiреттi қазақ поэзиясының алауы сөнбейтiнiн тағы да дәлелдедi. Жанға жайлы, жүрекке жылы осындай естелiк кештерi өлгендерге емес, өмiрде жақсылық, адамдық, мейiрiм, тазалық, сұлулыққа ғашықтық сынды iңкәр сезiмдердiң тiрi екенiн сезiнуi үшiн мына бiздер – тiрiлерге көбiрек керек. Уланған санамыздың тазаруы үшiн қажет!

Ал Жұмағаң поэзиясы туралы: «Оның өлеңдерiн оқығанда көз алдыңызға он жетiншi ғасырдағы қайыңның безiнен жасаған қымыз-ожаудың түбiне жiңiшке, болат бiзбен әлденендей өрнектер салып отырған әккi шебер елестейдi»,–деп жазған ұлы ақын Жұмекен Нәжiмеденов ағадан асырып айту қиын.

Кенежирен мен шұғынық гүлдерге, өлең – Ләйлаға, әйбат тауларға ғашық Жұматай Жақыпбаевтың кiршiксiз жанын – сыршыл поэзиясын күлбiлтесiз түсiнiп, шын бағалайтын айтулы күндер әлi де алда.

Осы кеште оқылған жырдың бiрiн оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.

ҚАҒАНАТ

Жұматай ЖАҚЫПБАЕВҚА

Жұмағұл–Шора азан сап қойылған аты,

Жұматай ағам, ғажайып шайыр болатын.

Қырыққа келген кезiнде бекзаттық қонып,

Қырандай еркiн қағатын дәйiм қанатын.

Көрдiм мен оны – жiгiттiң сұлтаны едi,

Ләйләдай әнiн көзiнше шырқады елi.

Төркiнiн бүгiн iздейдi шұғынық гүлдер

Қызғалдақ толы қазақтың қырқасы, белi.

Қияқ мұртыңыз есiмде қиылып тұрған,

Күлкiңiз менiң жадымда жымиып тұрған.

Жаратқан тәңiрiм ертерек алып кеткенi-ай,

Жаралған жандай жүрушi ең құйылып нұрдан.

Костюм киюшi ең жарасты былғары қара,

Өзiңдi шыңға шығарып шыңдады дала.

Түтiнiндей боп шылымның санаңды улап,

Шырмауықтайын жаныңды шырмады қала.

Көрдiм мен сенi Олжаспен, Асқармен көрдiм,

Аласармайтын Өтежан-Аспанмен көрдiм.

Қаламын тастап, шарабын сiмiрiп тұрған,

«Қаламгердегi» әр түрлi бастармен көрдiм.

Сен бiрақ Төрем, бұзылмас қағанат құрдың,

«Саратаныңмен-ақ» даусыңды даралап тұрдың.

Мейiрхан мен Әбiштi «илхам« деп танып,

«Сайд» деген шендi бiр кеште маған лақтырдың.

Нояндар және қаншама қасыңа ерген,

Қайтқанда сенiң жер құшып басыңа келген.

Бауыржан, Есжан, Нұрландар жарқырап жанып,

Өз ұшқындарың едi жұлдыздай шашырап өлген.

Кәдiрбек, Нұрлан, Қазбектер нояндарың ғой,

Қызығына мынау өмiрдiң тоя алмадың ғой.

Мұратбек, Қайрат, Светтер жоқтаса-дағы,

Оянбадың ғой, қағаным, оянбадың ғой.

Есенқұл, Ертай, Тимурлар нояндарың ғой,

Балына мынау өмiрдiң тоя алмадың ғой.

Айсұлу, Гүлнар, Жания жыласа-дағы,

Оянбадың ғой, қағаным, оянбадың ғой.

Өтiрiк емес, Қажытай, куә бәрiне,

Iнiлерiңнен жәуһар жыр туады әлi де.

Кенежиренiңдi ерттеп-ап шықшы бiр күнi,

Сарноқайдағы сағынған құба белiңе.

Күйсiз мен күттiм өзiңдi әуенсiз күттiм,

Қазағыма қонған ақ қанат өлеңсiз, құттым!

Өзегiмiздi өртейдi жалғыз өкiнiш,

Тата алмай кеттiң тұз-дәмiн тәуелсiздiктiң.

Ата алмай кеттiң Айкүннiң ақ таңы болып,

Жана алмай кеттiң Астана оттары болып.

Сiз жазбай кеткен жырларды қалы кiлемдей,

Бiз отырамыз түндерде топталып өрiп.

Сағындым сенi, Ағатай, түсiмде көрдiм,

Қызғалдақтардың қаптаған iшiнде көрдiм.

Кететiнiңдi, өмiрден өтетiнiңдi,

Бiлмеймiн бұрын қалайша түсiнбегенмiн.

Биiктен қарап тұрасың үзбеген гүлге,

Жырыңнан сенi табамыз iздеген күнде.

Құттықтаймын сiздi Жұмаға, жарқырап тұрып,

Жаңа ғасырға келдiңiз, бiзбенен бiрге!

Бауыржан ЖАҚЫП, Мемлекеттiк

«Дарын» сыйлығының лауреаты

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары