НАРАЗЫЛЫҚ БIЛДIРДI

НАРАЗЫЛЫҚ БIЛДIРДI

НАРАЗЫЛЫҚ БIЛДIРДI
ашық дереккөзі
440

Белгiлi қоғам қайраткерi Заманбек Нұрқадiлов қаза тапқалы айдан астам (12.11.2005 ж.) уақыт өттi. 3 оқпен қазақтың бiртуар ұлының түбiне жеткен қылмыскер әлi табылған жоқ. Абайсызда ажал құшқан арыстың жесiрi – ҚР Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi, Қазақстанның Халық әртiсi, танымал әншi Мақпал Жүнiсова бүгiнде тергеушiнiң сұрағына жауап берiп жүр. Тағы бiр маңызды жайт, осыдан 1 айдай уақыт бұрын «Хабар» телеарнасынан өзiн марқұм Заманбек Нұрқадiловтiң әпкесiмiн деп таныстырған Парнагүл «Кейiнгi кездерi Нұрқадiловтер отбасында ұрыс-керiс жиi болатын. Мақпал сахнаға шығамын, ән айтамын. Тым болмаса зейнеткерлiкке дұрыс шықпадың деп мазасын жиi алатын» деп мәлiмдеме жасаған. Парнагүлдiң осы мәлiмдемесiне наразылық бiлдiрген бiр топ азамат сейсенбiде баспасөз мәслихатын өткiздi.

Белгiлi композитор, «Жас Қазақ журналының» бас редакторы Қалдыбек Құрманәлi, танымал жазушы Ғаббас аға Қабышұлы, Мақпал Жүнiсоваға арнап жиi ән жазатын композитор Владимир Питерцев пен Мақпалдың продюсерi Закира Молдабаевалар Парнагүл айтқан деректер шындыққа жанаспайтындығын айтып, бейнетаспаларға жазылған дәлелдер келтiрдi. Қалдыбек Құрманәлi: «Парнагүл – Заманбектiң туысқан әпкесi. Туғаны емес. Туу туралы куәлiгiндегi есiмi Паша Кебекбаева. Ол кезiнде қылмыстық әлемде аты шыққан Қара Алмастың анасы» дедi…

«Мен Мақпал мен марқұм Заманбек Нұрқадiловтiң бiрiн-бiрi шексiз сүйгенiн, бiрiн-бiрi құрметтеп, сыйлағанын барлық адам жақсы бiледi деп ойлайтынмын. Сондықтан екеуiнiң махаббатын дәлелдеп, баспасөз мәслихатын өткiземiн-ау» деген ой үш ұйықтасам, түсiме кiрмеген» деп қынжылған Закира Молдабаева бiздiң «Гастрольдiк сапарлар мен концерттер алдында отбасылық кикiлжiңдер болатын ба едi?» деген сауалымызға: «Заманбек Қалабайұлы әрбiр концертке, әрбiр гастрольдiк сапарға қуанбаса, ренжiмейтiн. Себебi, соңғы жылдары Мақпал сахнаға өте сирек шығып жүргенiн бiлесiздер. Қайғылы оқиға болардан аз ғана уақыт бұрын Қытайдың 5 қаласына гастрольдiк сапарға аттандық. Заманбек Қалабайұлы өзi шығарып салды, 3 қараша күнi бiз ұшақтан түскенде қолында гүл шоғы бар қарсы алды. Жалпы әр сапардан оралғанда, екi гүл шоғымен әуежайдан табылатын. Қытайға кетердiң алдында Мақпалға арнайы телефон сатып алып берген. Сол телефонға жиi хабарласып тұрды. Таңертең амандасады, түсте қайда баратынымызды сұрайды, кешке концерттiң сағат нешеде басталатынын сұрайды, түнде қайырлы түн тiлеп, тоқтаған қонақ үйде бiздiң жаурап қалмауымызды қатаң қадағалайды… Жиi хабарласып тұрғасын ба, оны жанымызда бiрге жүргендей сезiнгенбiз. Сондықтан «екеуiнiң арасында ұрыс-керiс болды» деген сөз – жел сөз. Егер көңiлдерiңiзде күдiк болса, жанымызда жүрген Саят Медеуов пен Досымжан Таңатаровтан сұрауларыңызға болады» деп жауап бердi. Өз кезегiнде Ғаббас аға Қабышұлы марқұм мен оның жарының арасындағы татулық пен сыйластыққа бiр емес, бiрнеше рет куә болғанын және Заманбек Нұрқадiловтiң үнемi «Мақпал – өнер адамы. Оған қамқорлық керек» деп жарына жанашырлық танытып жүретiнiн айтты. Ал Владимир Питерцев әншiнiң «iшiмдiкке салынғанын» да жоққа шығарды: «Гастрольдiк сапарда жүргенде жүйкеге салмақ түсiретiн жағдайлар көп кездеседi. Әрқашан ширығу үстiнде жүресiң. Мұндайда iшiмдiктi татып алу мүмкiн емес. Мен Мақпалды бiрнеше жылдан берi жақсы танимын. Гастрольдiк сапарларда, концерттерде оның iшiмдiк iшкенiн ешқашан көрген емеспiн».

Заманбек Нұрқадiловтiң қазасынан кейiн оның жары Мақпал Жүнiсова БАҚ өкiлдерiнiң басын қосып, белгiсiз бiреулердiң үйiне тың тыңдайтын арнайы қондырғылар орнатқанын, өз өмiрiне қауiп төнгенiн, жеке басының қауiпсiздiгiне кепiлдiк жоқтығын айтып жылаған. Кешегi баспасөз мәслихатында журналистер тарапынан Жүнiсованың бүгiнгi жағдайына байланысты қойылған сұраққа Қалдыбек Құрманәлi: «Мақпалдың қазiргi жағдайы жақсы. Жанында жанашыр адамдары бар. Өкiнiшке қарай, кезiнде Нұрқадiлов жақсылық жасаған қаншама адам тiптi осы жерге келiп отыруға қорықты» дей келе, марқұмның қырқына дейiн ҚР Президентi Н.Назарбаевтың атына ашық хат жолдайтындықтарын мәлiмдедi.

«Әрiптестер, Мақпал Жүнiсованы жақсы танитындардың пiкiрiн естiдiңiздер, ендi осыны БАҚ-та жарияласаңыздар» деп өтiнген Қалдыбек Құрманәлiге «Алматы-инфо» басылымының өкiлi қарсы уәж айтты: «Ол журналистерге емес, олардың басшылығына байланысты. Кеше ғана редакциямызға арнайы келген Мақпал Жүнiсова телефон арқылы 1 жарым сағат бойы оқырмандар сауалына жауап бердi. Сұхбатты отандық телеарналар бейнетаспаға түсiрген болатын. Бiрақ эфирге шығаруға ешқандай телеарна басшылығы рұхсат етпедi».

P.S. Баспасөз мәслихатына бiр емес, бiрнеше телеарна өкiлдерi қатысты. Бiрақ сол күнi бiрде-бiр телеарнадан ар-намысы мүдделi топтың аяғына тапталған Мақпал Жүнiсоваға араша түскен азаматтардың дауысы естiлмедi. Сiрә, «басшылық рұхсат етпеген болар»…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары