ЕҚЫҰ-ға РЕФОРМА КЕРЕК

ЕҚЫҰ-ға РЕФОРМА КЕРЕК

ЕҚЫҰ-ға РЕФОРМА КЕРЕК
ашық дереккөзі
307

Қазақстанда өткен президенттiк сайлауға халықаралық сарапшылар бiрауыздан жоғары баға берген болатын. Тек Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымы тарапынан келген бақылаушылар ғана дауыс беру процесiнiң заңсыз және халықаралық стандарттарға сәйкес болмағанын мәлiмдедi. Ал қазақстандық билiк пен отандық сарапшылар керiсiнше, негiзгi қызметiнен ауытқып кеткен ЕҚЫҰ-ның өзiн реформалау керек деген ұстанымда.

«Мемлекет тәуелсiздiгiне қатер төндiрдi»

Кейiнгi кездерi Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымын (ЕҚЫҰ) реформалау туралы ұсыныстар мен аталған ұйымның атына сын-ескертпелер жиi айтылып жүр. Бастапқыда кәрi құрлықтағы қауiпсiздiк пен ынтымақтастық мәселелерiн қамтамасыз ету мақсатында құрылған халықаралық ұйым қазiр Батыстың көптеген елдерiне (кейде тiптi Еуропаға «үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын» мемлекеттерге) қатысты саяси мақсаты мен мүддесiн жүзеге асыруда басты құралға айналды. Сарапшылар қауымы ЕҚЫҰ-ның тым саясиланып кеткендiгiн, асыра сiлтеушiлiкке жиi ұрынатындығын, қазiргi заман талабына сәйкестелуде шабандығын және өзiне тиесiлi кеңiстiктегi қауiпсiздiк пен ынтымақтастық мәселелерiне қатысты тиiмдi шешiм қабылдауға қабiлетсiздiгiн сынға алады. Әрине, ұзаққа созылған кереғарлық соңы ұйым iшiндегi алауыздық пен бiрқатар мүше мемлекеттердiң ашық наразылығына әкеп соқты. Қарапайым мысал, Әзiрбайжандағы парламенттiк сайлауда ЕҚЫҰ Парламенттiк ассамблеясының президентi Элси Гастинге: «Дауыс беру процесi халықаралық стандарттарға сәйкес емес және сайлау заңсыз өттi» деп мәлiмдесе, оның орынбасары, ЕҚЫҰ Парламенттiк ассамблеясының вице-президентi, Түркия Мәжiлiсiнiң депутаты Невзат Ялчынташ керiсiнше, сайлау демократиялық қағидаларға және халықаралық стандарттарға сәйкес, әдiл де ашық, заңды өттi деген пiкiр айтты. Негiзi, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы пiкiр қайшылығы алғаш рет 2004 жылдың 8 шiлдесiндегi туындаған болатын: Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымы Тұрақты кеңесiнiң Венадағы отырысында ТМД тарапынан келген ЕҚЫҰ-ға мүше елдердiң өкiлдерi аталған ұйымды қатаң сынға алды. Әскери-саяси, экономикалық және экологиялық проблемаларға емес, Тәуелсiз мемлекеттер достастығы елдерiндегi адам құқығы мәселелерiне баса назар аударатыныны айтылған сында ЕҚЫҰ-ның Хельсиндiк қорытынды хаттамасы (1975 ж.), Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясы (1990 ж.), Еуропалық қауiпсiздiк хартиясы (1999 ж.) мен әрбiр мемлекеттiң iшкi саясатына қол сұқпау, ел тәуелсiздiгiне құрметпен қарау сияқты мәселелердiң назардан тыс қалып қойғаны жайлы мәлiмдеме жасалды. Осы отырыста ЕҚЫҰ-ға мүше болған немесе серiктестiк пен ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қойған мемлекеттерде өткiзiлетiн сайлаулардың заңды немесе заңсыз өткенi туралы мәлiметтермен шектелетiнiне наразылық бiлдiрушiлер тобы ұйымды реформалау керектiгiне тоқталды.

Диктаторлардың түбiне жеткен де – ЕҚЫҰ…

Сырт көзге демократияшыл көрiнетiн ЕҚЫҰ өз атына сын айтқан кез келген мемлекеттi «қара тiзiмге» iлiктiрiп, әлемдiк ақпарат кеңiстiгiнде батыстық демократиялық қағидаларға қарсы шыққан елдер қатарына қосатын әдетi бар. Өкiнiшке қарай, әрине. Мұндай үстемдiк ТМД елдерiне (әсiресе, күнi кешегi қорытындысы көңiлге күмән ұялататын парламенттiк-президенттiк сайлаулар өткiзiлген мемлекеттерде) қатысты қозғалатын мәселелерде айқын байқалады. Мысалы, ЕҚЫҰ тарапынан келген тәуелсiз бақылаушылар миссиясының тiкелей араласуынан және ұйымның жiтi бақылауының әсерiнен Сербиядағы С.Милошевичтiң, Грузиядағы Э.Шеварднадзенiң, Украинадағы Л.Кучманың, Қырғызстандағы А.Ақаевтың үстемдiк құрған билiгi құлады. «Бұл — кездейсоқтық па, әлде…» деген сауалға сарапшылар қауымы әлi күнге жауап таба алмай отыр. Ал Батыс барлық күш-жiгерiн салса да, құлата алмаған Белоруссиядағы Лукашенко режимi мен беларустiк саяси билiк туралы жағымсыз пiкiр ендiгi қалыптастырылып үлгердi. Көктемдегi әндiжандық қанды оқиғадан кейiн Өзбекстан президентi Ислам Кәрiмов те «қара тiзiмге» енгiзiлген. Аталған тiзiмдi екiншi рет президенттiк сайлауға түсуге ниет бiлдiрген Ресей Федерациясының президентi Владимир Путин мен саяси додада қайта бақ сынасуға бел байлаған Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев толықтырды. Осыдан кейiн Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына деген пiкiрдiң кереғарлығына таңғалуға әсте болмайды. Есесiне, Грузия, Украина мен Қырғызстанда билiктiң бишiгiне күнi кеше ғана қол жеткiзгендер ЕҚЫҰ-ны қоғамдарын демократияландыруға ықпал етушi күш ретiнде қарастырады, ал посткеңестiк кеңiстiктегi өзге республикалар аталған халықаралық ұйымның атқарып жүрген қызметiне көңiлдерi толмағандықтан, қатаң сынға алады. Мысалы, ресми Минск алдымен ЕҚЫҰ жүргiзiп отырған саясатпен және оның ұстанған бағытымен келiспейтiндiгiн ашық мәлiмдедi, содан кейiн беларустiк билiк тарапынан ЕҚЫҰ атына елдегi саяси ахуалды жасанды түрде тұрақсыздандыруға, беларустiк оппозицияны қолдау және оны қаржыландыруға қатысты айып тағылды. Кейiннен, яғни, қазiргi уақытта ЕҚЫҰ қызметiне сенуден қалған Лукашенко әкiмшiлiгi ұйымның әр қадамын жiтi бақылауға көшкен, әрi үлкен қауiппен қарайды. Әрине, екiжақты қатынастың кейде тым ушығып кететiн кездерi де ұшырасады. Алайда беларустiк билiк ЕҚЫҰ-ға қатысты проблеманы миссия мүшелерiнiң кандидатураларын Белоруссияның сыртқы iстер министрлiгi арқылы келiсiп, бекiту арқылы оп-оңай шешiп алды.

Кремльге құлақ асты

Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының қызметi мен мақсатына қатысты наразылығын ТМД кеңiстiгiндегi өзге елдер де мәлiмдеген. Бiрақ олар мәселенi Беларустегi билiк сияқты төтесiнен қойған жоқ. Керiсiнше, «тең құқылы серiктес» ретiнде шешуге тырысты. Солардың бiрi – ЕҚЫҰ-ны реформалауға қатысты айтылған ұсыныс. Ұйым ұстанған саясатқа әлсiз қарсылықты алғаш рет 2003 жылы Қазақстан тарапынан бiлдiрiлген болатын: «Аймақтардағы ЕҚЫҰ әрекетiн реформалау туралы мәселе». Бұл бастама қабылданған құжаттың тым солқылдақтығынан ба, әлде басқа себептен бе, әйтеуiр соңы құмға сiңген судай сиырқұйымшақтанып кеттi. Алайда ұйымды реформалауға қатысты туындаған дау-дамай тыйылудың орнына, басқаша қырынан көрiнiс бере бастады. Белсендiлiк танытқан – Ресей. Кремльдiң табандылығынан ба, әлде оның ұзақ дайындықтан өткендiгiнен бе, аталған мәселе кең ауқымда қозғала бастады. Мысалы, 2004 жылдың соңына қарай Софияда өткiзiлген ЕҚЫҰ Министрлер кеңесiнiң отырысында РФ Сыртқы iстер министрi Сергей Лавров «ЕҚЫҰ Батыстың мүддесiне сәйкес қорытынды шығару үшiн посткеңестiк кеңiстiктегi сайлаулармен ғана айналысады. Ұйым түрлi мемлекеттер мен халықтарды бiрiктiретiн форум болудан қалды. Керiсiнше, олардың (мемлекеттер мен халықтардың – Н.Ж.) арасында алауыздық тудырып, бiр-бiрiне қырын қаратуды көздейдi» деп ашық түрде айып тақты. Лавровтың көздi бақырайтып қойып сынағанына шыдамай, «шалқасынан түскен» ЕҚЫҰ-ның «жандайшаптары» ресейлiк шенеунiкпен айқаса кеттi. Жүйкенi «қытықтаған» осы оқиға соңы ешқашан бiтпейтiн айқайға, дұрысы, дипломатиялық ұрыс-керiске кеп соға жаздады. Қызыл тiлдi аяусыз безескен екi тараптың бiр-бiрiне ашуланғандары соншалық, отырыс соңында қорытынды меморандум қабылдауға шамалары келмедi.

ЕҚЫҰ мен ЕҚЫК

1975 жылдың 1 тамызында Хельсинкiде Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық жөнiндегi кеңестiң (ЕҚЫК) Қорытынды хаттамасына қол қойылды. Аталған құжатты қабылдамас бұрын Еуропаның 33 мемлекетi, АҚШ пен Канада 3 жыл бойы кеңескен болатын. Халықаралық ынтымақтастықтың жаңа қағидалары мен талабын қамтыған осы Хаттамамен бiрге ЕҚЫК-ге мүше мемлекеттердiң өзара қатынас барысында мойынсұнуға тиiс талаптар көрсетiлген Декларация бiрге қабылданған едi. Олардың арасында II Дүниежүзiлiк соғыстан кейiн пайда болған шекара қауiпсiздiгi, кез келген дау-дамайды бейбiт жолмен шешу, адам құқығы мен бостандығын құрметтеу және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық мәселелерi бар. Сонымен қатар, аталған құжатта кез келген шешiмнiң ЕҚЫК-ге мүше елдерi бiрауыздан құптаған жағдайда ғана қабылдануы көрсетiлген. Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық жөнiндегi кеңес 1995 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымы болып қайта құрылды. Мемлекет пен үкiмет басшыларының ЕҚЫҰ шеңберiндегi кездесулерi 2 жылда бiр рет өткiзiледi. Ал ЕҚЫҰ Парламенттiк ассамблеясының мүшелерi жылына 1 рет бас қосады. Ұйымның жетекшi органы – ЕҚЫҰ-ның Министрлер кеңесi (төрағасы жыл сайын сайланып отырады). Негiзi, Министрлер кеңесiн құру туралы ұсыныс 1990 жылы 19-21 қарашадағы ЕҚЫК-нiң Париждегi кездесуiнде айтылған едi. 55-ке жуық мемлекет мүшелiкке өткен ЕҚЫҰ-ға 2009 жылы төрағалық етуге өз ұсынысын бiлдiрдi. Алайда 2005 жылдың 4 желтоқсанындағы президент сайлауын сынға алған ЕҚЫҰ өкiлдерi Қазақстанның ұсынысына қалай қарайтыны белгiсiз.

Шөмiштен қақты…

Сырт қарағанда, кез келген қоғамға демократиялық құндылықтарды енгiзуге, адам құқығын қорғауға, сайлау барысындағы заң бұзушылықтарды ашып көрсетуге мүдделi әрi ынталы көрiнгенмен, iшкi қарама-қайшылықтарының салдарынан жиi жеңiлiске ұшырап жүр. «Қырғи-қабақ соғыс кезiнде Шығыс пен Батысқа қол ұшын беру және тығырыққа тiрелген қиын сәттердiң өзiнен жол тауып, келiссөздер жүргiзудi көздеген ұйым бүгiнгi таңда көмек қолын созатын жанашырға зәру. Негiзгi қызметi аяқталғалы берi ЕҚЫҰ екi бағытта жұмыс iстейдi. Жалпы «Ресей үкiметi мен оның Қазақстан, Беларус, Армения сияқты жақтастары Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымын дағдарысқа тап болған шақтарда тығырықтан шығар жолды саралайтын және тиiстi қарарлар қабылдайтын дипломатиялық форум ретiнде қарастырады» («Tagesanzeiger» газетi, Швейцария). Батыстық үкiметтер бiр кездерi ЕҚЫҰ-ны тiптi Бiрiккен Ұлттар Ұйымына балама ретiнде бағалаған болатын. Ұйымды құрғандағы басты мақсат – Босния мен Руандадағы дауды тиiмдi шеше алмай, беделiне нұқсан келтiрiп алған БҰҰ-ны он орап алатын ұйым жасау және бұрынғы диктаторларды демократиялық билеушiге айналдыру, қоғамда әдiл де ашық сайлау өткiзу, елде сөз бостандығын қалыптастыру. Балқаннан бастау алған ЕҚЫҰ қызметi жайлап Қап тауының етегi мен Орталық Азия аймағына жайыла бастады. Қазiргi таңда ұйымның Грузияда, Әзiрбайжанда, Арменияда, Өзбекстанда, Түркiменстанда, Тәжiкстан мен Қырғызстанда миссиялары бар. Кез келген мәселеде қожайындық жасап үйренiп қалған Кремль ЕҚЫҰ-ның жаңа құрылымына ықпал ету мәселесiне келгенде, «қолын мезгiлiнен кеш сермеп» қалды. Өзiнiң дәрменсiздiгiне Мәскеу Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының миссиясы Украина мен Қырғызстандағы сайлауды сынға алғанда араша түсе алмағанда көз жеткiзген. Ұйыммен арадағы қатынастың қазiр де оңып тұрғаны шамалы. Ресей үкiметi ЕҚЫҰ-ның көбiнесе бiр жақты пiкiрге сүйенетiндiгiн айтып, қатаң сынға алғанымен қоймай, үстiмiздегi жылы бюджеттi қабылдауда кешiгiп, ұйымның жұмысына тұсау салуға себеп болды. «Шыбық тимей, шыңқ ете қалатын» батыстық сарапшылар «қырғи-қабақ соғыстың» жаңа кезеңi басталғанын айтып, дабыл қақты. 2005 жылдың жаз айында ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң 300-ге жуық парламентарийi Вашингтондағы отырыста дағдарыстан шығар жолды iздеп, бас қатырған болатын. Депутаттардың басты назарға алғаны Венада қабылданған «Common Purpose» деп аталатын реформалар жиынтығы едi. Алғашқыда аталған құжатты жүзеге асыруға бел шеше кiрiсуге құлшынған мүше елдер өкiлдерiнiң екпiнi сәлден кейiн-ақ басылып қалған. Оған себеп болған әркiмнiң көкейiндегi күдiк: «Бiздiң ортақ мақсатымыз шынымен бар ма, әлде жоқ па?»…

«Жомарттың қолын жоқтық байлайды»

Қағаз жүзiнде тең құқылы 55 мемлекет мүше болғанымен, iс жүзiнде еуропалық дипломаттар, заңгерлер мен адам құқығы жөнiндегi сарапшылар басқаратын ЕҚЫҰ-ның 17 миссиясына 190 миллион Швейцария франкi кетедi. Оның 13,6 пайызы АҚШ, 11,3 пайызы Германияға жүктелсе, Ұлыбритания, Франция мен Италия – 10,4 пайыздан, Ресей 3,7 пайыз бөлiгiн құрайды. Қаржыға келгенде қолы тарыла қалған Кремль ұйымда қызмет ететiн маманы аз, ықпалы төмен. Мысалы, ЕҚЫҰ-да жұмыс iстейтiн 750 халықаралық сарапшының небары 18-i ғана ресейлiк, ал 93-i – америкалықтар. Сондай-ақ, Ресей ұйымның 1 ғана миссиясына басшылық етсе, АҚШ-тың ЕҚЫҰ-ға тиесiлi 3 миссиясы бар. Батыстық басылымдар «ЕҚЫҰ-ның бұрын КСРО құрамында болған елдерге баса назар аударуына Ресейдiң өзi кiнәлi. Егер Әзiрбайжан мен Арменияның талай жылғы жер дауына айналған Таулы Қарабақ, Молдовадан бөлiнiп кеткен Приднестровье мен Осетияға қатысты ұрыс-керiс пен проблемаларды шешуге мүдделiлiк танытып, уәдесiн жүзеге асырғанда, қазiргiдей өкiнбес едi» деп жазуда. Ал батыстық үкiмет шешуге қауқары жетпейтiн тапсырма мен мiндеттердi үстi-үстiне үйiп-төгiп берудi доғарар емес. Демократияны нығайту, кәсiби бiлiктiлiгi мен бiлiмi аса жоғары полиция қызметкерлерi мен соттарды дайындау, өткiзiлетiн сайлауларға бақылау жасау, шекара қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, халықаралық лаңкестiкпен, адам саудасымен және сыбайлас жемқорлықпен күресу сияқты толып жатқан мiндеттемесi бар ЕҚЫҰ жоғарыда тiзбектелген мiндеттерiн толық орындауға күшi де жетпейдi, қаржылық тұрғыдан қарастырсақ, «қалтасы да тесiк». Мұндайда бiлiктi мамандар тапшылығы мен ұйымға мүше елдер арасында туындаған алауыздықты айтудың өзi артық… Мысалы, күнi кешегi (2005 ж. 27 қараша) Чешенстандағы парламенттiк сайлау кезiнде ЕҚЫҰ тарапынан келген бақылаушылар елден түре қуылса, Өзбекстанның Әндiжан қаласындағы қанды қырғында жазықсыздардың жандарына араша түсе алмады. Ол аз десеңiз, демократияның жаршысы болуға талпынған ЕҚЫҰ Өзбекстанда зерттеу жұмыстарын да жүргiзуге құқығы жоқ. Ал Түркiменстанда Ленин «бабадан» кейiнгi екiншi «күн көсем» – Түркiменбашының диктаторлық режимiнен қаймығып, үнiн шығара алмай, дымы құрып отыр. Сөздiң қысқасы, ЕҚЫҰ миссиясы өз мiндетiн толық атқаруға дәрменсiз. Дипломатиялық қағидаларды берiк ұстануға мәжбүр миссия өкiлдерi қылмыскерлердiң аты-жөнiн ашық айтуға да құқығы жоқ. Сондықтан кез келген елде, кез келген қоғамда миссия тарапынан ұйымдастырылған әрбiр баспасөз мәслихатының соңы «демократияға бастар жолдағы маңызды қадамдармен» шектеледi. Демек, өзге елдердегi адам құқығы мен әдiл де ашық сайлауларға келгенде, «екi иығын жұлып жейтiн» ЕҚЫҰ өз iшiнде реформа жүргiзуге және мүше мемлекеттермен кеңесе отырып, ортақ қарар қабылдауға мүдделi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары