ТАРАЗДАҒЫ ТАС МҮСIНДЕРГЕ КӨПТIҢ КӨҢIЛI ТОЛА МА?

ТАРАЗДАҒЫ ТАС МҮСIНДЕРГЕ КӨПТIҢ КӨҢIЛI ТОЛА МА?

ТАРАЗДАҒЫ ТАС МҮСIНДЕРГЕ КӨПТIҢ КӨҢIЛI ТОЛА МА?
ашық дереккөзі
404

Ескерткiш не үшiн қойылады? Мейлi мыстан, не тастан, басқа да материалдан сомдалған бейне кешегi тарихымыздың бiр белгiсi емес пе? Сол заманнан естелiк болсын, кейiнгi ұрпақ өткен тарихын бiлiп, даналарын құрметтей жүрсiн деген мақсатпен ескерткiш орнатылады. Жақында Тараз қаласында Желтоқсан оқиғасының құрбаны Қайрат Рысқұлбековтың ескерткiшiн ауыстырды. Негiзi, Қайратқа ескерткiш осыдан 9 жыл бұрын қойылған-ды. Бiрақ, ол ескерткiшке кәсiби мамандардың ғана емес, қарапайым жұрттың да көңiлi толмай, бұл мәселе талай әңгiмеге тамызық болған. Ақыры араға тоғыз жылды салып барып, Желтоқсан құрбанының ескерткiшiн жаңартты. Бұл жолғы мүсiн алдыңғысына қарағанда бiршама дұрыстау.

Жалпы алғанда, Тараздағы тас мүсiндердiң қызық-қызық тарихы бар. Көше сайын қолын созып күн көсемнiң ескерткiшi тұратын заман өтiп, батыр, билерiмiздiң бейнесiн жасап, оны жаппай тас мүсiнге айналдыра бастаған қызу тiрлiктiң ырымалдысы ретiнде Таразда қолбасшы Қойгелдi батырдың ескерткiшi орнатылды. Бұл 1998 жыл болатын. Атақты қолбасшының қолында әдеттегiдей найза, үстiнде сауыт, бәрi жарасып тұр. Ал астындағы аты мәстек, тiптi, қотыр тай деуге де келедi. Көптiң көзiн байлап қоя алмайсың ғой. Ел ескерткiшке қарап күлдi. Күлсе де амал жоқ, қолбасшының «бiртүрлi» ескерткiшi қаланың қақ ортасында бiраз уақыт қасқайып тұрды. Тек Таразға келген бiр сапарында Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Мына ескерткiштi өзгертiңдер» деп тапсырма берген соң ғана жергiлiктi басшылық ескерткiштi ауыстырды. Бұл жолғысы алдыңғысына қарағанда әжептеуiр жетiлген. Жетiлгенде батырдың мүсiнiнде мiн жоқ, ал, мiнгенi бұрынғыдан өсiңкiрептi. Иә, иә, қолбасшының астындағы атының дене тұрқы шағындау екенiн кәсiби мамандар да айтты, көзге ұрып тұрған соң қарапайым жұрт та әңгiме қылды. Бiрақ, ескерткiш сол күйi әлi күнге дiн аман тұр. Бәлкiм, тағы да Елбасының бiр сапарын сарыла күтiп тұрған болар.

Ендi бiр қызық. Елбасының айтуымен алынған Қойгелдi батырдың алғашқы жарамсыз ескерткiшiн Билiкөлге орнатуға жiберiлiптi. Бұл саланың басшылары «аталмыш ескерткiш ауылға жарай бередi» деп шешсе керек. Бұл сонда алтын бесiгiмiз – ауылды, оның адамдарын мазақ ету, қорлау емес пе?

Иә, айта берсең, Таразда тас мүсiндер жайлы талай әңгiме қозғауға болады. Достық алаңындағы Бәйдiбек баба мен Қойгелдi батырдың ескерткiштерi бiр-бiрiне тым қатты ұқсайды. Тағы да мұндай ұқсас ескерткiштер тым құрығанда басқа қала демей-ақ қояйық, қаладағы басқа көшенiң бұрылысына қойылса да көз алданыш қой. Жоқ, бұл ұқсас ескерткiштердiң аралығы жарты-ақ аялдамадай жер. Тiрiсiнде басы «ноқтаға» сыймаған Баукеңнiң ескерткiшi неге екенi белгiсiз, өз атындағы көшеден қашықта, облыстық драма театрдың алдына орнатылған. Мұны көрген көпшiлiктiң арасында «театрдың атын Баукеңе беретiн шығар» деп жорамал жасағандар да кездестi. Тағы да батырдың қанжары оң жақ жамбасына жапсырылған. Былайша айтқанда, мүсiншiлердiң бiлiмсiздiгiнен әскери тәртiпте тиым салынған қағида өрескел бұзылған. Алайда, тапанша орнында салақұлаш семсер.

Ендi бiр мәселе. Ескерткiштер өзiнен-өзi орнамайды. Бiреулер жасатқызады, екiншi бiреулер жасайды. Жоғарыда тiлге тиек еткен кемшiлiктiң бәрiн жасаған да, жасатқызған да бiреу болуы тиiс қой. Мұның бәрi облыстың бұрынғы бас сәулетшiсi Салауат Дембайдың кезiнде дүниеге келген тiрлiктер. Дембайдың демеуiнiң арқасында шымкенттiк екi мүсiншi Н.Рүстемов пен Ұ.Әлдеков дегендерiн iстедi. Бұл екеудiң ескерткiштердi жасауға тапсырыс беруге арналған байқауларда бақтары да жанғыш болды. Әрине, С.Дембайдың көмегiнiң арқасында. Мейлi ғой, мына тұрған Шымкент түгiлi, алыстағы шет елден әкелсе де, туындылары ел көңiлiнен шығып жатса, қанеки… Осы Әулиеата топырағында жап-жақсы-ақ мүсiншiлер бар сияқты едi. «Ескерткiш жасатушылардың «қаламызда жергiлiктi суретшi-мүсiншi мамандар болмады, сондықтан Шымкент суретшiлерiне жасаттық» деген жалтарма жауаптары өздерiн ақтай қоймас. Ең болмағанда жергiлiктi 25-тен асатын маман суретшiлердi былай қойғанда, осындағы ең үлкен бiлiм шаңырағы – М.Х.Дулати атындағы мемлекеттiк университеттегi «Бейнелеу өнерi мен сызу» кафедрасының маман ұстаздары мен Абай атындағы педагогикалық колледждiң ұстаздарын неге елемейдi?» дейдi белгiлi суретшi, «Әруақ» қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Айдархан Сихаев.

Иә, ескерткiш деген өткеннен естелiк болсын деп орнатылады деп айттық. Әрине, Салауат Дембай қызметiнен босады, дегенмен де оның қойыртпақтары естелiк болып қалып қойды емес пе? Ендi оны түзетуге болады ма, жоқ па? Қайрат Рысқұлбековтың ескерткiшiн араға тоғыз жыл салып барып түзеттiк. Басқа-басқа, әйтеуiр, осы өткен тарихымыздан сыр шертетiн тас мүсiндерiмiздi жасауда абай болайықшы. Ел-жұрт қолын шошайтып, күлiп жүрмесiн. Жеме-жемге келгенде бұл әруақтарды мазақ еткенiмiз емес пе?

Гүлнәр IЛИЯСҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары