БАЙЫППЕН БАҒАЛАП, САБЫРМЕН САРАПТАСАҚ

БАЙЫППЕН БАҒАЛАП, САБЫРМЕН САРАПТАСАҚ

БАЙЫППЕН БАҒАЛАП, САБЫРМЕН САРАПТАСАҚ
ашық дереккөзі
631

Ел үшiн еркiндiк, егемендiктен қымбат ештеме жоқ

Империя дәрежесiне жеткен кез келген мемлекет дәуiрлеудiң белгiлi бiр биiгiне көтерiлгенде үлкен бiр сiлкiнiске тап болатынын, оның соңы құлдырауға, құлдыраудың ақыры құрдымға тiрелетiнiн тарлан тарих талай рет алға тосқан. Бiрде бетiн, бiрде сыртын беретiн тағдырдың мұндай тәлкегiне таңданатын дәнеңе жоқ; таңдансақ, тарихтан сабақ алмаған, диалектика заңын бiле тұрып бiлгiсi келмеген, көзi шелденген, көңiлi майланған, аз күнгi бақты көтере алмай талтаңдаған Астамшылық деген алпауыттың аранына таңдануымыз керек. Шындығында, кезiнде төрткүл дүниенiң төбесiнде ойнаған небiр империяның түбiне осы Астамшылық жеткен ғой. Бұған «бағзы» мен «баяғыдан» сан мысал келтiрудiң де қажетi жоқ, кешегi бiр ғана Кеңестер Одағының ақыры немен бiткенiн еске алсақ та жетер!

Қоғамдық аса iрi оқиғаларға сол сәтiнде, дер кезiнде баға беруге ұмтылу әмсе әдiл кесiмге жеткiзе бермесе керек; яки әлеуметтiк ұлы сiлкiнiстердiң дүмпуi басылмай жатып айтылған ойлардың, көп жағдайда, берiсi – болжам, әрiсi – сәуегейлiктен аса алмайтыны бар. Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейiнгi алғашқы жылдарда бiз осындай болжамдар мен сәуегей сөздердiң сан қилысын естiгенбiз. Әлi де ести беруiмiз мүмкiн. Дегенмен жетпiс үш жыл бойы сан ұлт пен ұлысты жұмса – жұдырығында, қысса – уысында ұстаған, Жердiң арғы-бергi бетi қорыққаннан болсын мойындаған, сәтi келгенде санасқан КСРО-ның (дұрысында – СССР-дың) ойламаған жерде не үшiн «опат» болғаны туралы жыл өткен сайын дәйектi, тұжырымды, тұщымды пiкiрлер айтыла бастады. Бiздiңше, бұл әр күнгi әр оқиға қағазда қатталып отыруға тиiс кәрi тарих үшiн ғана емес, сол тарихтан әр кезде әр ұрпақ сабақ алып отыруы үшiн, яки ең бастысы, әлеуметке тағлым үшiн керек! Ендеше осы тұрғыда, орайы келiп тұрғанда, бiз де кейбiр ойларымызды ортаға салсақ деймiз.

Шындығында, СССР-дiң түбiнде бiр ыдырайтыны кешегi 80-жылдардың ортасынан бастап сезiле түскендей едi. Бiрақ басы – Еуропада, аяғы – Азияда шалжиып жатқан осыншама алып мемлекет таяудағы төрт-бес жылда бөлек-бөлек боп ыдырап кетедi деген ой есi дұрыс ешкiмнiң басына келмегенi анық. Келмегенi ғой, 89-жылдың күзiнде «Қазақ әдебиетi» газетiнiң қызметкерлерiмен әңгiмелесуге келген Орталық партия комитетiнiң үлкен бiр басшыларының бiрi: «Коммунистiк партияның болашағына ешкiм күмәнданбауға тиiс! Ол Советтер Одағымен бiрге жасай бередi!» деген. Құдайсыз сөйлеу! Астамшылық деген мiне осы! Алайда Алла мейiрiмдi, кейiн ол кiсi де жерде қалған жоқ…

Астамшылық! Ханның да, қараның да, пақыр мен патшаның да көзiн байлап, көкiрегiне жел бiтiрген – астамшылық! Ақыры олардың түбiне жеткен – астамшылық! Ал егер жеке адамдардың басындағы бұл желiк көптiң iшiндегi бiр халық, бiр ұлттың басына көшсе – қасiреттiң атасы сонда. Советтер Одағының күйреуiне сыртқы күштердiң зор ықпалы болғаны сөзсiз, дегенмен iшкi факторларды естен де, есептен де шығармауымыз керек. Соның бастыларының бiрi – СССР құрамына кiрген 15 республиканың iшiнде РСФР-дiң астамшылығы. Бұрынғы Патшалық Ресейдiң негiзгi мұрагерi сол болды. Экономиканың, қаржының басты ресурстары сонда шоғырланды. Бюджеттiң қомақты бөлiгiн сол иелендi. Соқыр көз де көретiн сол ынсапсыздық басқа республикалардың iштей нарызылығын туғызды. Бұл наразылық, бұл ренiш негiзiнен орыс атымен байланыстырылды. Өйткенi, басқалардың ұғымында РСФСР дегенiмiз – алдымен орыс едi. Орыс! Табиғатынан қарапайым, еңбекқор, елгезек, көмпiс халық! Жалпы, менталитет жағынан еуропалықтармен қоса азиялықтардан бойға сiңiргенi өте көп. Бiрақ, амал не, Көне Русьтен берi мемлекет атауына ие болып, империялық мiнезге баяғыдан бой ысытып, дүниенiң төрт түстiгiне «ерте, ерте, ертеден» орыс атымен танылып, өзiне өзгелердiң бас шұлғып тұруына әбден үйренген халық астамшылықтың биiгiне тым көтерiлiп кеткен-дi. Тiптi дәл осылай болмаса да бiзге солай көрiнген. Оларды солай етiп көрсетуге бiреулер тым қатты жұмыс iстеген… Өйткенi сол «бiреу» деген белгiсiз күштер басқаларға орыс халқын жек көргiзу арқылы СССР-дi тұқыртып, ретi келсе оны құртып, күйретiп тынуды түпкi мақсат тұтқандай. Сол үшiн де олар орыс халқына көпшiктi әр сәтте аямай қойған секiлдi. Бұның қатарында жағымпаздық және бар. Мәселен, баяғы Қазақ ССР-i Гимнiндегi: «Көп алғыс айтамыз ұлы орыс халқына» деген сөз есебiн тауып Мәскеуге бiр жағынып қалудан басқа ештеңе емес едi. Халықтың атынан, Республика басшыларының бiрi орайына қарай қыстырып жiберген. Әйтпесе бұны авторлар әдейi жазды дейсiз бе?! Авторлар демекшi, Сол Гимннiң негiзгi авторы (ресми жазбадағы қосалқы емес) Қайым Мұхамедхановтың айтуынша, аталған Гимннiң о бастағы бiрiншi жолы «Ер қазақ ежелден…» деп жазылған көрiнедi. Орталық Комитет оны «Бiз қазақ…» деп өзгерткен. Дәйегi – «ұлы орыс халқының қасында қазақты «ер» деу қалай болар екен»… Мықтыны құтырту, өзiңдi тұқырту деген – осы. Мықтыны құтыртудан тiптi алпыс екi айлалы Сталин де қашпаған. Германиямен соғыс жеңiспен аяқталып, ұлы дүрмек тойдың алғашқы сөзiн өзi алған ол я абайсыз я әдейi «Ұлы орыс халқына рахмет» дегендi айтып қалған. Соған қарағанда ол кiсi де орынтақ үшiн ештемеден қысылмаса керек.

Осындай орынды-орынсыз айтылған көпшiктер мен мақтау-мадақтар орыс халқының даңғой, даңғаза бөлiгiн мастандырып, әспенсiтiп жiбердi. Оларда дүниенiң тiрегi бiз деген асқақ пиғыл пайда болды. Бұл ақыр-соңында басқалардың оянуына ықпал еттi. 80-жылдардың екiншi жартысында мына жақтағы әспенсу мен ана жақтағы оянудың пiсуi жетiп, терiсi әбден жұқарып, жарылудың аз-ақ алдына жеткен. Ақыры жарылды! 1986 жылы – желтоқсанда!

Ұлт республикасының бiрiншi басшылығына айналасы 17 минуттың iшiнде айдаладағы бiреудi отырғыза салу – Кремль астамшылығының асқақ биiкке көтерiлуi едi. Бұдан әрi оның шырқайтын да жерi қалмаған. Тек құлдыраудан басқа…

Орыстың алдыңғы қатарлы зиялы қауымы қай уақытта да өз ұлтына парасатты пайыммен, сын көзбен қарай бiлген ғой. Сонау ХIХ ғасырдың өзiнде-ақ В.Г.Белинский әйгiлi «Гогольге хатында»: «Икона алдында бiр қолымен шоқынып, бiр қолымен артын қасып тұратын орыс мұжығы қашан дiншiл болып едi», десе, Л.Толстой сол мұжықтардың өзгенiң жерiн иеленуге деген ашкөздiгiн бiр ғана әңгiмесiнде («Адамға қанша жер керек?») шегiне жеткiзе, өлтiре жазуы – осы сөзiмiздiң дәлелi болса керек.Бұны айтып отырған себебiмiз, бiр қызығы, Алматыдағы Желтоқсан, сонан соң Тбилиси, Рига оқиғаларынан кейiн орыстың әдебиет, мәдениет қайраткерлерiнiң көбi негiзiнен әдiлдiк жағына шыққан. Бұған мысал өте көп. Бiз соның бiрiн ғана алға тартсақ та жеткiлiктi. 80-жылдардың соңына қарай Мәскеуде өткен СССР халық депутаттарының бiр сьезiнде сiбiрлiк жазушы В.Распутин: «Қазiр бiздiң одақтас республикаларда СССР құрамынан шығу ниетi байқалады. Егер осы ниет тұрғысынан қарасақ, сол Одақ құрамынан бiрiншi болып бiздiң шығып кеткенiмiз, яки РСФСР-дiң шығып кеткенi жөн шығар» деген-дi. Бұл сөзде үлкен мән бар едi. Жазушының жан дүниесiнде: «Осыншама үлкен жер, үлкен елден орыс халқының тапқан пайдасы қайсы?! Жалпы, империя бiзге не бердi?!» деген ойлар бұрқ-сарқ қайнап жатқандай едi.

Империя атаулының қайсысы болмасын қанды жолмен келетiнi белгiлi. Кеңестiк империяның жолы тiптен бөлек. О бастағы идеясының өзi ашық түрде диктатураға (!) негiзделген. Оның түбi – үстемдiк, зорлық, зомбылық, күштеу. Осы тәсiлмен құрылған мемлекеттi тек осы жолмен ұстап тұруға болатын едi. Сөйтiп ұстап тұрды да. Жетпiс жыл бойы! Сосын тiзгiндi сәл босатып, тiлге ерiк, сөзге бостандық берiп көрiп едi… iрге бiрден шайқала бастады… Билiк басындағылар бұның мөлшерiнен де, өлшемiнен де жаңылып қалған секiлдi. (Қай қоғамға да тәртiп, бақылау, есеп деген дүниелер керек-ақ!..).

Сосын… өзiне ұзақ жыл сара жол, дара бағыт болған коммунистiк идеологиядан бiрден басқа арнаға бұрылу да империяны өзi қазған көрге жақындата түскен.

Ең соңында… Саяси Бюродағы хатшыдан бастап жергiлiктi жерлердегi бiрiншi хатшыларға дейiн жағы түскенше бiр орында отыруы да көп дүниеге тежеу болды… Ақыры бұл да алыптың буын-буынын босатуға айтарлықтай «септiгiн» тигiздi!..

Сонымен… империя құлады. Жетi басты аждаһа өлдi. Бар бәледен құтылғандай болдық. Он төрт жыл!.. Бiрақ… сөз ыңғайы келгенде айта кетейiк, өз қолымыз өз аузымызға тигендей көрiнетiн осы он төрт жыл туралы ой қорытқанда, бiз көбiнде бiр нәрсенi ескере бермеймiз. Ол – әлгi «өлдi» деген аждаһадан қалған мұра: көзден кетсе де көңiлден кетпеген оның сұмдық бейнесi, ой мен бойда қалған қорқынышты үрейi (Е.Шварц), сол аждаһа заманында ес бiлiп етек жиған бiрнеше буын ұрпақтың жүректерiнде қалған сыз бен iз, санаға сарытап боп сiңген тәрбие, өмiрдiң әр саласындағы зардаптар, т.б. Ондаған жыл бойы негiзiнен шикiзат қана өндiрiп келген республикалар экономикада қалай бiрден бауыр көтерiп кете алады! Тiлiмен бiрге жаны да жаттанып кеткен мың-мыңдаған ағайындар бiрден қалай қазақ тiлiңдi мойындай қояды. Қай уақытта да күштiге жалпаңдап, жағымпазданып, жарамсақтанып үйренген сана қайтып бiр күнде өзгере қалады! Мiне, империяның осындай зардаптарын бiз әлi күнге көрiп келемiз. Бiрер ұрпақ ауысқанша көре беруiмiз де мүмкiн…

Ал Тәуелсiздiк бiзге не бердi? Он төрт жылға жуық уақытта қандай биiктерге көтерiлдiк? Ненiң, кiмнiң арқасында? Шүкiршiлiк, бұл сұрақтарға бiздiң әрiптестерiмiз күн сайын жан-жақты мысалдармен жауап берiп жатыр! Дұрыс! Жақсылыққа бiз де қуанамыз. Бiрақ осы жақсылықтарды қалай баянды етсек? Қайткенде құдайдан сұрап жеткен, жылап жеткен Тәуелсiздiгiмiздi тұрлаулы қыламыз? Бiздi алдымен осы сұрақ толғандырады.

Ең қуаныштысы, биыл және бұрын да мемлекеттiк шекарамызды бiраз ресми заңдастырып алдық. Жақсы! Алайда сол шекара сызығының бергi жағы жыл өткен сайын қаңырап, бос қалып бара жатқанын бiлемiз бе? Иә, соңғы жылдары шекара бойы селдiреп қалды. Әсiресе, Қытаймен екi арадағы. Бұның басы сексенiншi жылдардың аяғында – нарықтық экономикаға аяқ басқан кезде басталды да, сосын 1996 жылы аудандарды, облыстарды бiр-бiрiне қосқан кезде мүлде қарқын алып жүре бердi. Мысалы, сол уақытта аудан орталығы Нарынқолдан – Кегенге, Мақаншыдан – Үржарға (Алматы облысы), Ақжардан – Ақсуатқа, Марқакөлден – Күршiмге, Қатонқарағайдан – Үлкен Нарынға көшiрiлгенде, бұл iрiлендiрген аудан орталықтарының әр қайсысы шекарадан кемiнде 120-150 шақырым алыстап кеттi. Жұмыс, қызмет iздегендер солармен бiрге кеттi. Бұл «көш» әлi тоқтаған жоқ. Демек алдағы жылдары шекара бойында аң-құстан басқа ештеме қалмауы мүмкiн. Ойланатын мәселе! Кезiндегi iрiлендiру кейбiр әлеуметтiк-экономикалық жағдайларға сәйкес қажет болған шығар. Ал ендi еңсе көтерiп, ес жиған сәтте бұрынғы тарап кеткен, қосылып кеткен аудан, облыстарды қайта қалпына келтiру әбден керек-ақ!

Ел тәуелсiздiгiн ойлағанда, жүз рет айтса да артық етпес бiр мәселе – шетелдегi қандастарымызды тарихи отанына қайтарып алу. Құрығанда жартысын. Әйтпесе басым бөлiгiн. Бұл мәселе дұрыс шешiлсе, тiл, дiл, дәстүр-салт, жұмыс күшi деген өзектi жайлардың көбi өздiгiнен-ақ шешiлерi сөзсiз. Осы орайда қазақтың мына даналығы әмсе есте тұрса: «Өз балаң өзекке тепсең кетпейдi, кiсi баласы кiсендесең тұрмайды», немесе «ағайын дауға қиса да жауға қимайды», қырғызшалап қайырсақ – «дос айрылады, қарындас қайырылады»… Билiк те, оппозиция да ұмытпайтын-ақ сөздер!

Бiз – зайырлы мемлекетпiз. Оңды! Бiрақ ашықтықтың жөнi осы екен деп, кейде шашық боп кетер жерiмiз жоқ па?!Әсiресе, дiн өрiсiнде. Бұл туралы жазудан да жалығатын жағдайға жеткендеймiз. Дегенмен нәтиже жоқ. Ал нәтиже болу үшiн «Дiн туралы» заңды тезiрек қабылдауымыз керек. Ол және көптiң көңiлiнен шығатындай болу керек!

Бүгiнде билiк те, оппозиция да өздерiне сүйенiштi алдымен орыстiлдi ортадан, қала бердi Ресейдiң қабағынан iздейдi. Осы уақытқа дейiн бұл әрекеттiң азды-көптi жемiсiн де көрген шығар, ал алдағы уақытта әдемi үмiт ақталмауы әбден мүмкiн. Өйткенi, шүкiршiлiк, жыл өткен сайын Қазақстан халқы кiмнiң кiм екенiн, ненiң дұрыс, ненiң қате екенiн түсiне бастаған жайы бар. Екiншiден, Қазақстан халқы демекшi, республикамызда әзiрге осы аттас бiртұтас халық қалыптаспай тұрғанда, қазақ халқы қалай десеңiз де негiзгi тұлға, басты фактор боп қала беретiнi сөзсiз. Және… билiк те, оппозиция да елiмiздегi қай халықтың да саналық деңгейi бұдан әрi биiктей беретiнiн ескеруi қажет.

Ендiгi бiр сөз бұқаралық ақпарат құралдары туралы. Егер бiз шын мәнiнде ел бiрлiгiн, тәуелсiздiгiмiздiң баянды болуын ойласақ, ең алдымен, демократия атын жамылып, аузына келгенiн сөйлеп жүрген БАҚ-тарға тежеу жасауымыз керек. Бүгiнде кейбiр басылымдар мен телеарналар жеке адамдарды былай қойғанда, тұтас бiр ұлттың намысы мен арына тиюден де шiмiрiкпейдi. Оларға ай дейтiн әже, қой дейтiн қожа жоқ! Түбiнде бiр от осыдан шықпасын дейiк!…

Бiз Тәуелсiздiк атымен аталған бұл күндi – мейрамдардың мейрамы, мерекелердiң мерекесi деп бiлемiз! Сан ұрпақтың қанымен, терiмен жеткен Тәуелсiздiгiмiздi қашан да тәу етемiз! Бiрақ екi қолды көкке көтерiп айқайлаудан бұрын бiр қолды кеудеге басып: «Жаратқан ием, бергенiңе шүкiр!» деймiз!

Дидахмет Әшiмханұлы

Серіктес жаңалықтары