Бюллетеньге бүйрегі бұрған елдің жаңа жүйеге бойы үйренбеген секілді
Бюллетеньге бүйрегі бұрған елдің жаңа жүйеге бойы үйренбеген секілді
Сайлау барысындағы процестерге тоқталсақ, сайлау учаскелері әдеттегідей екі жүйемен жабдықталған. Олар қағаз бюллетені және электронды дауыс беру жүйесі. Бұл жаңа жүйе 2004 жылғы 19 қыркүйекте болған Парламент Мәжілісінің сайлауында эксперимент ретінде қолданылған-ды. Мұны сол кездегі Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрайымы Зағипа Балиева енгізгені есімізде. Сондықтан да болар, кешегі президенттік сайлауда Зағипа ханым өз таңдауын осы жүйемен таңдауын жасады. Әрине, электронды жүйені қолданбаған жағдайда өзіне сын болар деген жәйтті ескерген де шығар.
Мамандардың айтуына қарағанда, электронды сайлау жүйесі әлемде тек 4 елде ғана бар екен. Бұл жүйе әу баста Беларуссиядан сатып алынды. Ал, аталмыш жүйені бұл ел мүлде пайдаланып та жүрген жоқ. Сондай-ақ, мұны сайлау жүйесіне енгізген Голландияның өзі де бас тартып отыр. Былтырғы сайлауда электронды дауыс беруге байланысты ОСК тарапынан қабылданған өзгеріс — қағаз арқылы дауыс беруге рұқсат беруді жойған жоқ еді. Бұған сол кезде ЕҚЫҰ-ның өкілдері де “табылған ақыл” деп баға берген болатын. Осыған байланысты бәзбіреулердің электронды дауыс беру, штрих-код деген нәрсенің қағаз бюллетеньдерін ысырып тастауы мүмкін деген болжамы керісінше болып шықты. “Сайлау” автоматтандырылған жүйесін пайдалану тәжірибесіне бақылаушылар бірауыздан қанағаттандық десе де, оны енгізу алдында көбірек дайындық пен сақтық қажет дегенді ашып айтқан еді. Дегенмен, ОСК-нің өзіндік пікірі бар. Электронды дауыс беру жобасына шаң жуытқан жоқ. Мұны қанша дәріптесе де, көптеген халық қалаулылары мұны қолдамайтындығын жасырып қалмады. Соған қарағанда депутаттардың өзі де бұл жүйеге құлықсыз ба деп қалдық. Сондай-ақ, электронды дауыс беруде жастардың үлесі басым болады деген тұспал да өзін ақтамаған сыңайлы. Өйткені, жастар мен 50 жасты алқымдаған адамдар да қағаз бюллетеньдерін дұрыс деп тауыпты. Бұл жүйе тек Астана мен Алматы қалалары мен бірқатар ірі облыс орталығында ғана жүзеге асып, ал аудандық және ауыл аймақтарына мүлдем жетпеген. Сайлаушы үшін электронды дауыс беру жүйесі әлі күнге күңгірт секілді. Өткен сайлау науқанында жаңа жүйені түсіндіретін адамдар жүрген болса, кешегі сайлауда сайлаушылар біршама жаттығып, емін-еркін даусын берді дейді, бақылаушылар. Дегенмен, біз барған 8-9 сайлау учаскелерінің әрқайсысында кешке дейін жаңа жүйені 200 сайлаушы ғана таңдады. Бәлкім, оның өзі электронды жүйеге деген қызығушылықтан туған шығар. Сондай-ақ, электронды дауыс беру үшін әр азаматтың жеке куәлігіне ОСК бекіткен өз штрих-коды жапсырылуы керек екені белгілі. Бұл бір-ақ рет берілетін штрих-кодты алмаған сайлаушылар, керек десеңіз, бұл жүйеге аса қызықпайтындығын білдірді. Сондықтан да болар, кешегі Президенттік сайлауда сайлаушылардың дені қағаз бюллетенімен дауыс беруге ынталы екендіктерін жасырмады.
Сондай-ақ, ОСК төрағасының сайлаудан кейінгі дерегіне сүйенсек, еліміз бойынша 9 мың 580 сайлау учаскесінде дауыс беру процесі өткізілді. Олардың 1147-сінде, яғни, 15 пайызында сайлаушыларға электрондық дауыс беру жүйесінің көмегімен дауыс беру мүмкіндігі берілген. Бұл жаңа жүйемен 2 млн. 800 мың сайлаушы дауыс береді деп жоспарланған еді. Аумақтық сайлау комиссияларынан түскен мәліметтер көрсеткеніндей, сайлаушылардың басым көпшілігі бұл жүйеге тәуекел ете алмады. Дегенмен, электронды дауыс беру жүйесін пайдаланған сайлаушылардың саны небәрі 399054 адамды құрады.
Бізге сайлау барысындағы техникалық кемшіліктерді бақылау үшін бірнеше сайлау учаскелерін аралауға тура келді. Есептеуімізше, Алматы қаласында 443 сайлау учаскесі осы күні таңертеңнен бастап жұмысын қызу бастап-ақ кетті. Мысалға, Алматы қаласының Медеу ауданында №317 сайлау учаскесінде сайлаушылардың 30 пайызы ғана электронды жүйемен дауыс берсе, 70 пайызы қағаз бюллетенімен конституциялық міндетін атқарған. Аталмыш учаскенің комиссия төрағасы Каракальчев Александр мырзаның айтуынша, сайлаушылар өте белсенді. Таңертеңнен бері кезекте тұрып дауыс берушілердің саны бір толастамай жатыр дегенді айтады. Ал, Әуезов ауданына қарасты №117 сайлау учаскесінде кешкі сағат 5.30-да электронды дауыс бергендердің жалпы саны 209-ға ғана жеткен. Комиссия төрайымы Қасымбекова Айгүл Жұмабекқызы былай дейді:“Бұл сайлауда дауыс беру өте оңай болды. Өйткені, былтыр болған Парламенттік сайлау кезінде кандидаттардың тұсына штрих-код енгізілген еді. Ал мына кандидаттардың аты-жөнінің қасында бұл нәрсе жоқ”. Сол сияқты ауылды елді мекенде сайлау барысы қалай жүріп жатыр деген ниетпен Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Абай ауылына баруға жол түсті. Мұндағы №410 сайлау учаскесінде кешкі сағат 7-ге дейін 2 мың 606 сайлаушы қағаз бюллетенімен дауыс берді. Ескеретін нәрсе, мұнда электронды жүйе атымен жоқ. Ең ірі қалалардың бірі болып саналатын Алматы қаласының маңайындағы ауылды аймақтардың өзінде жоқ электронды дауыс беру жүйесі шалғайдағы елді мекендерде қайдан болсын?!
Жаңа электронды сайлау жүйесі жайында бақылаушылардың да өзіндік пікірі бар. РФ Мемдумасынан келген байқаушылар тобына жетекшілік ететін Мемдуманың вице-спикері Владимир Пехтиннің сөзіне қарағанда, “Қазақстан сайлаудың тазалығын қамтамасыз ету және сайлау процесін демократияландыру үшін қажеттінің бәрін жасады”. Атап айтқанда, деп анықтама берген делегация жетекшісі, “дауыс берудің электрондық желісі жетілдірілген, сайлауды қадағалау жөніндегі қоғамдық комитет құрылған, мұның бәрі демократияны дамытудың дәлелі”— деп мәлімдеді Пехтин мырза.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ