ЕУРОПАЛЫҚТАР НЕГЕ ЕКIГЕ БӨЛIНДI?

ЕУРОПАЛЫҚТАР НЕГЕ ЕКIГЕ БӨЛIНДI?

ЕУРОПАЛЫҚТАР НЕГЕ ЕКIГЕ БӨЛIНДI?
ашық дереккөзі
347

Бірнеше ай бойы республика халқының көңілін күпті еткен, шетелдік бақылаушылардың көзін телмірткен президенттік сайлау бір күннің ішінде көзді ашып-жұмғандай болмай, өтті де кетті. Президенттік сайлаудың қорытындысын күтіп Орталық Сайлау комиссиясы ғимаратында түнегендей болған журналистерге соңғы ақпаратты жеткізген Оңалсын Жұмабековтың түрі аса шаршаңқы.

«БҰЛ… БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК»

Бұл сайлау республиканың сайлау құқығына ие 8 млн. 949 мың 199 тұрғынын қамтыған. Республика бойынша 8 720 381 бюллетень таратылған. Ал дауыс беруге қатысқан сайлаушылар саны – 6871571. Сайлау жәшігіне салынған бюллетеньдердің 127304 жарамсыз болып табылған. Ал артық қалған 2183977 бюллетень жойылған. Сайлаушылардың 79 пайызын немесе 6 млн. 871 мың 551-ін қамтығандығын ескерсек, Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегені еске түседі. Өйткені, соңғы 15 жыл ішінде өткен сайлауларда жұрттың бұлайша белсенділік танытқаны ешкімнің есінде жоқ шығар. Бұрындары сайлаушыларды мүдделі жандар желкесінен түйіп апаратын болса, бұл жолы жұрт сайлау учаскелерінде біраз уақыттарын жоғалтқандығына қарамастан кезекке тұрып, дауыс берді.

Қалаларға қарағанда, ауылдық жерлердің белсенділігі өте жоғары болды. Сайлауға ең белсенді қатысқаны Ақтөбе облысының тұрғындары, сайлау учаскелеріне облыс халқының 86,5 пайызы келген. Ал сайлауға ең немқұрайлы қарағаны алматылықтар. Қала халқының 52 пайызы ғана дауыс беріпті.

Алайда, бір жарым миллион халқы бар Алматы үшін тұрғындарының жартысының сайлауға қатысуы да жаман көрсеткіш емес.

Ал электрондық «Сайлау» жүйесінің биыл елдің сайлау учаскелерінің 15 пайызында қолданғандығын ескерсек, бұл жүйе бойынша, Қостанай облысының тұрғындары саяси белсенділігі жөнінен оқ бойы озық тұрды.

БАҚЫЛАУШЫЛАР НЕ ДЕЙДI?

Айналамыздағы елдерде сайлаудың аласапыранмен жалғасатындығына үйреніп қалғандықтан ба, әйтеуір, халықаралық бақылаушылар біздің елдегі президенттік сайлауға аса ерекше ден қойған. Елдегі сайлау науқанын қадағалауға мүдделі болғандардың бірді-екісінің ғана бетін қаққаны болмаса, Орталық сайлау комиссиясы халықаралық бақылаушылардың барлығының дерлік өтінішін қанағаттандырды. Халықаралық ұйымдардың 1227 бақылаушысы мен шетелдік БАҚ-тың 407 өкілін тіркеген Орталық сайлау комиссиясына олардың арасындағы екі ұйымның – ЕҚЫҰ/ДИАҚБ (ОБСЕ/БДИПЧ) миссиясы мен ТМД миссиясының жасайтын қорытындылары маңызды болып есептелінеді. Сонымен, сайлаудың алғашқы қорытындылары жарияланып бітісімен, халықаралық бақылаушылар да өз ұстанымдарынан хабардар ете бастады. Сайлау процесін аса қатаң бақылаған Халықаралық қадағалаушылар негізінен «Сайлау ел заңдылығына сәйкес әділ, әрі ашық өтті» деген қорытынды жасады.

«БҰРЫН-СОҢДЫ МҰНДАЙ САЙЛАУ ТМД КӨЛЕМIНДЕ БОЛМАҒАН»

ТМД сайлаушыларының 420 адамнан құралған бақылаушыларын бастап келген Владимир Рушайло: «Сайлау өте әділ өтті. Заң аясынан еш ауытқыған жоқ. Демократиялық қағидаларға сай болды. Халықтың да сайлауға деген ниетінің аса жоғары екендігін, сайлау учаскелерінің ашық болғандығын көзіміз көрді. Жалпы, бұл процеске жұртшылықтың назары мықтап ауды. Уақ-уақ заң бұзушылықтар болды. Бірақ, оларды заң бұзушылық деп атауға да тұрмайды. Бұл сайлауда халық өз таңдауын жасады» дейді ТМД-нің атқарушы хатшысы, ТМД- нің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің Бас хатшысы Михаил Кротов. «Мұндай сайлау ТМД- де бұрын-соңды өтпеген. Мұны ТМД-дегі ең демократиялық сайлау деп айтуға болады. Басқа елдер осы сайлаудан үлгі алсын!» деп те салды. Алайда, естіген құлақта жазық жоқ. Мұндай сайлаудың Түркіменстанда ғана болу мүмкіндігін айтқан саясаттанушылардың дауыстарын да естіп қалдық.

Ал Шанхай ұйымының атынан келген бақылаушылардың басшысы, осы ұйымның атқарушы хатшысы Чжан Дэгуан: «Президент Назарбаевтың қайта сайлануы мемлекеттер арасындағы қарым- қатынасты, аймақтағы жағдайды онан бетер жандандыра түседі. Сайлау қорытындысына сәйкес Назарбаевқа мандатты өз елі тапсырды. Сайлау процесінен тұрақтылықты байқадық» дейді.

АҚШ Конгресінің өкілі Чарли Мелансон мен Роберт Бэрри бастаған америкалық бақылаушылар да арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, «Біз жиырмаға тарта сайлау учаскесінде болдық. Жүзге тарта адаммен сөйлестік. Бюллетеньдерді санау процесіне де араластық. Бәрі де ойдағыдай өтті. Бұл сайлау арқылы Қазақстан демократиялық жолмен дамуы үшін және саяси реформалар жасауы үшін бір қадам алға жылжыды» дейді Америкалықтар оппозицияның аз дауыс алып қалғандығына жанашырлық білдіргендей болды. Олар: «Бұл сайлауға бірегей, ұйымдасқан оппозицияның қатысқандығына қарамастан, президенттің аса үлкен дауыс айырмашылығымен жеңуі таң қаларлық-ақ көрінді» дейді. Америкалықтардың «президенттік сайлау былтырғы парламенттік сайлаумен салыстырғанда, өте жоғары дәрежеде өтті. Iлгері жылжушылықты байқадық» дегені Балиеваның позициясын кемітіп, Жұмабековтың мәртебесін арттыратын секілді.

ЕУРОПАЛЫҚ БАҚЫЛАУШЫЛАРДЫҢ ДА КӨҢIЛI ТОЛДЫ

Елдегі президенттік сайлауды өз көзімен көруге келген шетелдік бақылаушылардың арасында ЕҚЫҰ (ОБСЕ) бақылаушыларының орны бөлек. Ал Ұлыбританиядан келген бақылаушылардың абыройлары анау айтқандай жоғары емес. Олар белгілі бір ұйымды емес, жеке бір мемлекеттің ғана позициясын білдіреді. Еуропада орналасқан ұйым мен сол аймақтағы ең қуатты мемлекеттің бақылаушылары Қазақстандағы президенттік сайлауға келгенде позицияларын теңестіре алмады. Сонымен, осы британдық делегация ЕҚЫҰ -ның ескертпелеріне өзіндік дау айтты. ЕҚЫҰ бақылаушылары Қазақстанның «Сайлау туралы» Заңындағы 44 баптың 6 тармағына шүйліккен еді. Онда «Сайлау қорытындылары ресми түрде жарияланғанынша, бірлескен түрдегі митингілер жасауға болмайды» делінген. Ал ЕҚЫҰ өкілдері бұл адам құқығына қайшы келетін бап деп, ол баптың алынып тастауына септігін тигізген. Ал ағылшын делегациясы болса, «Мұндай сайлау кезінде адамдардың митинг жасау құқығын уақытша түрде тоқтатып тастау адам құқығына еш әсер етпейді» деген мәлімдеме жасап кетті. ЕҚЫҰ талаптарының ағылшындарға ұнамай қалған тағы бір тұсы: осы ұйымның ДИАҚБ/БДИПЧ миссиясы біздің елдегі «Сайлау» автоматтандырылған жүйесін аса қолай көрмеген еді. Себебін қағаз бюллетеньдердің ашықтыққа жақын екендігімен байланыстырған. Ал ағылшындар болса, «Біз ЕҚЫҰ-ның айтқандарымен келіспейміз. Қазақстан болашақта мұнан да жоғары технологияны сайлау жүйесіне енгізеді деп ойлаймыз» деп Орталық Сайлау комиссиясына «дем беріп» кетті.

Британдық бақылаушылар алғашқы кезде сайлау процесіне қатысты өздерінің сыни көзқарастарымен ерекшеленген еді. Бірақ, сайлаудың қорытындысы жайлы жасаған мәлімдемелері аса жағымды болып көрінді. Ағылшын бақылаушыларын бастап келген Лорд Паркинсонның өзі уақытының тығыздығына байланысты, сайлау қорытындысын күте алмай, еліне ұшып кетті.Соған қарағанда, оның қолы қойылған қорытындының мерзімінен бұрын, ертерек дайындалып қою мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Лорд Паркинсонның серіктестері: «Бұл сайлауға халықтың аса белсенді түрде қатысуын халықтың көп уақыт бойында жоғалтып алған позициясын орнына келтіруі үшін жанталасқандығы деп түсіну керек. Президент Назарбаевтың бұлайша жоғары пайыз дауыс алуының астарынан күмән іздеудің қажеті жоқ. Бұл арада әкімшілік ресурстардың араласқандығын да көріп тұрғанымыз жоқ. Бұл ең алдымен, оның жүргізген экономикалық саясатының жемісі болар» дейді. Дәл осы делегация Британиядан ұшып келе салысымен Алматыға аттанып, онда оппозиция мүшелерімен кездескеннен кейін ғана Орталық Сайлау комиссиясына ат басын тіреген. Сол кезде Жұмабековке сауалдарды көбірек қойып, комиссия төрағасын біршама әбіржіткен. Ол кезде ағылшындар «Сайлау кампаниясы кезінде президентті жарнамалауға үлкен көңіл бөлініп отыр, оның штабының мүмкіндіктерін Демократиялық Күштер лидерінің штабымен салыстыруға да келмейді» деген еді. Ал сайлаудан кейінгі жасаған баяндамалары жібектей есіліп тұр. «Оппозиция мүшелері шағымданғандай жайттарды, яғни, президенттің пайдасына шешілетіндей жайттарды дәл сайлау кезінде көрмедік» дейді ағылшындар. Алайда, олар «Орталық Сайлау комиссияларының бірнеше мүшелерін тәуелсіз түрде сайлау жүйесін қалыптастыру керек секілді. Өйткені, сонда ғана қоғам мен оппозиция тарапынан Орталық Сайлау комиссиясына деген сенім нығая түсер еді» дейді. Дәл бүгінгі күні Орталық Сайлау комиссиясы төрағасы мен мүшелерін Президент ұсынып, Парламенттің бекітетіндігін еске саламыз.

АЛ, ЕҚЫҰ-НЫҢ АЙТАРЫ БАР…

Өздерінің объективті қорытындыларымен, салмақты байламдарымен ерекшеленетін ЕҚЫҰ/(ОБСЕ) ұйымы Қазақстанға құрамында 43 елден жиналған 460 бақылаушысын жіберген. Бұл бақылаушылар контингенті — ДИАҚБ/БДИПЧ (Демократиялық институттар мен Адам құқықтары жөніндегі бюро) миссиясы, ЕҚЫҰ ның Парламенттік Ассамблеясы мен Еуропа Кеңесінен және Еуропалық Парламенттен құралған. Алайда, Қазақстандағы сайлау процесі атынан ат үркитіндей Халықаралық Бақылаушылар Миссиясының көңілінен шықпапты. Миссия төрайымы Одри Гловэр: «Сайлау кезіндегі ұйымдастырушылық жұмыстардың сапасы жақсарғандығына қарамастан, Қазақстан демократиялық сайлау өткізу үшін ЕҚЫҰ алдындағы міндеттемелерін толық орындаған жоқ» деді. Оның айтуына қарағанда, сайлау кампаниясы кезінде шектеулер көп орын алған. Үгіт-насихатшыларға қысым жасау, қорқыту әрекеттері де жеткілікті болған. «Ал бұл билік тарапынан жасалынған толыққанды бәсекені шектеген әрекеттер еді» дейді ол. Елші Одри Гловэр: «Демократиялық сайлау өткізу үшін кандидаттарға бірдей дәрежеде мүмкіндік беру керек еді. Сонда ғана, сайлаушы өзінің таңдауын дұрыс жасайтын еді. Бірақ, Қазақстан президентінің «Сайлау әділ өткізіледі» деген уәдесіне қарамастан біраз олқылықтарға жол берілді. Кандидаттар арасында өткізілген теледебатқа президенттің қатыспағаны – электорат алдында бұл дебаттың маңызын түсіріп жіберді. Студенттерді бір кандидатқа дауыс беруге күштеу оқиғалары көптеп орын алды. Электрондық дауыс беру жүйесі ашық түрде өтпеді. Бұл қоғамның осы жүйеге деген сенімін жоғалтты» дейді ол.

Дегенмен, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының баяндамалары бұрынғы сайлауларда айтылған қорытындылармен салыстырғанда, әлдеқайда жұмсақтау. Өйткені, былтырғы парламенттік сайлауда осы миссия қорытындыларын аса қатаң түрде тізіп, тіпті бұл мәселеге елдің бас дипломаты Тоқаев араласып, оның берген жауаптарының өзі дипломаттық қызметінің аясынан шығып кете жаздаған еді. Бұл жолы ЕҚЫҰ өкілдері «Қазақстан болашақта демократиялық талаптарға сай, сайлау өткізетін болса, біз бұл елге қолғабыс жасауға дайынбыз» деген мәлімдеме жасады.(Айтпақшы, бет қатталып жатқанда, Люблянада жүрген ҚР Сыртқы Iстер министрі Тоқаев: «Қазақстан ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының сыни баяндамаларын артығырақ айтылған деп есептейді. Бұған бола, жағдайды қиындатуға мүдделі болып отырғанымыз жоқ» деген мәлімдеме жасап үлгерді.

Ал миссия біздің елдегі сайлау жайлы толық қорытындысын екі айдан кейін ғана жасайды. Дәл қазіргі күн миссияның айтқан сыни пікірлері аса көзге ұрып тұрған жоқ. Тек миссия төрайымы Одри Гловэр кандидаттар арасындағы аса үлкен айырмашылық жөніндегі өз таңданысын жасырмады. «Шынымды айтсам, президенттің 90 пайыз дауыс алғандығынан бұрын оппозиция лидерінің өте аз дауыс алғандығына қатты таңғалдым. Президенттіке кандидаттардың өздерінің сайлау алды кампаниясына жұмсаған қаржысын толық ашып көрсетпейтіні дұрыс емес екен. Есеп беру жүйесі болуы керек ғой. Біз әлі де толық қорытындыны жасаған жоқпыз. Әлі де зерттейміз» дейді ол.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары