ҒАСЫР ДЕРТІНЕ ҚАРСЫ КҮРЕС

ҒАСЫР ДЕРТІНЕ ҚАРСЫ КҮРЕС

ҒАСЫР ДЕРТІНЕ ҚАРСЫ КҮРЕС
ашық дереккөзі
576

1 желтоқсан — СПИД-пен дүниежүзілік күрес күні

Статистикалық мәлімет не дейді?

Еліміз бұл індеттің таралуы жағынан дүниежүзінде бесінші орында екен. Сондықтан дәрігерлер елімізде СПИД және адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышы ВИЧ аурулары тамырының жайылып кетуіне алаңдаушылық білдіріп, дабыл қағуда. СПИД-пен дүниежүзілік күрес күніне орай және оның алдын алу жөніндегі Астана қаласы орталығы мамандарының ресми дерегіне сүйенсек, республикада осы дертті жұқтырғандардың саны жыл сайын 690-750 адамға көбейіп отыратын көрінеді. Жалпы, ағымдағы жылдың 1 қарашасындағы мәлімет бойынша, 5 мың 440 ВИЧ жұқтырған адам тіркелсе, оның ішінде 313 адам СПИД-пен ауырғандар екен. Бір өкініштісі, олардың 254-і дүниеден озған. Ал жасы 15-ке дейінгі балалар арасында 41 сырқат анықталған.

Басқа қалалардағы мәліметтердің барлығы республикалық СПИД орталығына келіп түседі. Қатерлі дерт Қазақстанның барлық аймақтарына тарап, тамырын жая бастады. Осыған байланысты аурудың ең көп таралуы Қарағанды (1531 адам), Павлодар (953), Оңтүстік Қазақстан (637), Қостанай (371) облыстарында және Алматы қаласында (795 адам) ерекше байқалып отыр. Алматы қалалық СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының медициналық статисті Альмира Зәуірбекованың айтуынша, алғаш індет 1987 жылдан анықталғаннан бері осы күнге дейін Алматы қаласында 744 адам тіркелген екен. Мұның 500-дейі Алматы қаласының тұрғындары болса, қалған екі жүз дейі Қазақстанның басқа қалаларынан, алыс, жақын шет елден келгендер. Шын мәнінде, мамандар бұл көрсеткішті төрт есеге көбейткенде ғана нақты саны шығады дегенді айтып жүр. Ғасыр дерті республика бойынша, 20-29 жас аралығындағы ерлердің 2 мың 115-інде болса, 761-і нәзік жандарда анықталып отыр. Сондай-ақ, 72,2 пайызы әлеуметтік тұрмысы нашар отбасылар мен жұмыссыздар арасында белең алып, барлығы 3 мың 422 адамға жеткен. Олардың 2 мың 937-сі ерлер де, 987-і әйел.

Ал осыған байланысты БҰҰ-ның СПИД жөніндегі Бірлескен бағдарламасы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары да, СПИД індетінің 2005 жылғы жағдайы жайында есеп-дерегін жария етті. Олардың мәліметтеріне қарағанда, былтырғы жылғы көрсеткіш 37,5 млн. болса, ал 2005 жылы дүниежүзі бойынша ВИЧ пен СПИД жұқтырғандардың саны 40 миллион адамнан асып жығылған. Сонымен қатар 3,1 миллион адам, оның ішінде 570 мың бала осы дерттен көз жұмған екен. Бір айта кетерлігі, әлем бойынша аталмыш індеттен ең көп зардап шеккен аймақ Африка мен Сахараның оңтүстік аймақтары, мұнда ауруды жұқтырғандардың 65 пайызы тұрады екен.

ВИЧ пен СПИД-тің айырмашылығы

Кейбір жандар бұл екі ұғымды шатастырып алады. Негізінде ВИЧ инфекциясын жұқтырған адам СПИД дертіне бірден шалдыға қоймайды. Ал негізінде ВИЧ— дерттің тек алғашқы сатысы ғана болып табылады. Мұны жұқтырғандар “болды, мен емделгеннен пайда жоқ, адам болмаймын” деп, өмірден түңілуі мүмкін. Бірақ, бұл сырқатты жұқтырғаннан кейін ол адам дұрыс ем қабылдаса, кемінде 10-15 жыл өмір сүре алады екен. Бұл ВИЧ вирусы адам ағзасына еніп, адамның қорғаныш жүйесін бұзып, ұзақ уақыт бойы, тіпті, 5-10 жылға дейін білінбей, оның ең соңғы сатысы СПИД-ке айналған кезде ғана асқынып кетеді. Сол секілді мұны абайсызда жұқтырған адамның кәдуілгі жандардан ешқандай айырмашылығы жоқ. Инфекция алғаш адам ағзасына енгеннен кейін иммунитетін сатылап бұза бастайды. Одан соң адамда суық тигендей әр түрлі белгілер байқалады (тұмау, дене қызуының көтерілуі, жөтел). Бұл кезде сырқатты анықтау мүмкін болмай, тек 3-6 айдан кейін білінеді.

Нашақор мен жезөкшелік — індеттің көзі

1987 жылдан бері 2005 жылдың қарашасына дейін 327 ВИЧ жұқтырған жүкті әйел тіркеліп, 190 нәресте өмірге келді. Ал Алматы қаласында перзентханаларда жүкті әйелдер арасында осы ауруды жұқтырғандар анықталып та жатыр. Мысалы, осы күнге дейін 34 әйел анықталса, олардан 18 нәресте дүниеге келді. Оның тек біреуі ВИЧ жұқтырған болып шыққаны дәрігерлерді таң қалдырды. Мұндай сәбилер қалалық СПИД-тің алдын алу және оған күрес орталығында 2 жасқа дейін бақылауда тұрады. Демек, бұл тұқым қуаламаса да, анасы жүкті кезінде немесе ана сүтімен қоректендірген кезде жұғып кетуі ықтимал. Мұндай жағдайда ана баласына омырау сүтін беруден бас тартуына тура келеді. Соңғы кезде қалалық тексеру жүргізгенде жезөкшелердің 40 шақтысынан осы індет анықталған. Арнайы тексерулердің нәтижесінде олардың 30-ға жуығы басқа алыс-жақын шетелден келгендер болып шықты. Осыған байланысты дәрігерлер түнде арнайы рейдтерге шығып, жезөкшелерді тексеру арқылы оларға тегін ине мен презервативтер таратады. Қалалық емханаларда арнайы сенім пункттері, анонимді-тест бөлмелері ашылып, одан кез-келген сырқат кеңес алып отырады. Алғашқы жылдармен салыстырсақ, бұл дерт есірткі тұтынатындар арасында ушығып отыр. Ғаламдық қордан нашақорларға арнап тегін инелер таратылады. Яғни, осы дертпен ауыратындардың 80 пайызын нашақорлар құрайды деген сөз. Дәрігер-мамандарға оларды тіркеуге алып, ем жасау аса қиындық туғызатын көрінеді. ВИЧ — белгілі сұйықтықтар арқылы тек белгілі бір жағдайда жұғады. Ол қан, ұрық сұйықтығы, ана сүті, қынап бөлінісі сұйықтықтары арқылы үш жолмен беріледі. Яғни қан арқылы, жыныстық жолмен, анадан балаға жалғасады. Атап айтсақ, мұның 15 пайызы жыныстық жолмен беріледі екен. Олардың 50 пайызы — 20-29 жас аралығындағы жастар. Өйткені, жастар кез келген нәрсеге әуес, еліктегіш.

Iндеттің алдын алу шаралары

Сондықтан да қазір дәрігер-мамандар мектептер мен ЖОО-ның 1,2-курс студенттеріне арнайы сабақтар өткізіп, індеттің алдын алу шаралары ұйымдастырылып келеді. Тіпті, аты жаман бұл дертке қарсы күрес бесінші сыныптан бастап оқу бағдарламасына енгізілген. Осы орайда семинарлар, байқаулар өткізіліп тұрады. Ғаламдық қордан мектеп оқушыларына әр түрлі кітапшалар, әдебиеттер, ақпараттық білім беретін нұсқаулар, сауалнамалық сұрақтар тарату қолға алынып келеді. Сондай-ақ, жеті жастан бастап және балабақша балаларына мәлімет беретін әдістемелік кітапшалар бар. Бұлар балаларға түсініктірек болу үшін, суреттермен көмкеріліп, безендірілген. Сонымен қатар, бізде СПИД-тің алдын алу туралы заң бар. Осыған байланысты елімізде 2001-2005 жылдары арасында осы індетке қарсы іс-әрекеттер деп аталатын аймақтық бағдарлама қабылданды. Мұның арқасында 128 сенім пункті, ине ауыстыратын 39 бөлме, 207 анонимді тест бөлмелері және 221 әлеуметтік- психологиялық бөлімдер жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, 2003 жылдың 29-шілде айында 2003-2008 жылдары СПИД пен құрт ауруына қарсы күрес ретінде Ғаламдық қордан 22,4 млн. доллар ақша бөлінді. Аталмыш бағдарлама бойынша жер-жерде түрлі шаралар атқарылып жатыр. Дегенмен, бұл дерттің күннен-күнге жайылып бара жатқанын дәрігер-мамандар мойындап отыр. Тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл дүние жүзін жаулап алған ғасыр дертіне қоғам болып күресуіміз қажет-ақ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары