417
Қазақ тілін меңгерген қазақстандықтардың үлесі қанша?
Қазақ тілін меңгерген қазақстандықтардың үлесі қанша?
Бүгін Үкімет отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» өткен жылғы қорытындысын жариялады. Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде қазақ тілін меңгергендердің үлесі 83 пайыздан асты.
«Жыл сайынғы жүргізілген зерттеулер нәтижелері тұрғындардың мемлекеттік тілді меңгеруінде оң динамиканы көрсетті. 2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 83,1 пайызды құрады. 2016 жылы көрсеткіш біршама төмен болатын. Үш тілді меңгерген ересек тұрғындар үлесі 22,3 пайызды құрады», - деді министр.
Министрдің айтуынша, «Үш тілді меңгеру аясында мемлекеттік қызметшілерді оқытуды ұйымдастыру» қызметін жүзеге асыру мақсатында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылған. 2017 жылы жоба аясында орталық атқарушы органдардан мемлекеттік тілді оқыту курсына 610 адам қатысты.
«Сонымен қатар республикада 89 аймақтық мемлекетті тілді оқыту орталығы жұмыс істейді. Оқыту орталықтары Тіл туралы заңға сәйкес Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеруі мақсатында оқыту курстарын ұйымдастырады. Осы мақсатта өткен жылы тіл оқыту орталықтарында 58348 адам мемлекеттік тіл оқыту курстарынан өтті. «Қазтест» жүйесі негізінде қазақ тілін білу деңгейін анықтау мақсатында 2017 жылы тестілеуден өткендердің жалпы саны 94458 адам, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер саны - 22837 адам», - деді ведомство басшысы.