Қаһар төккен полицей – көзге шыққан сүйелдей
Қазіргі уақытта елімізде 35 мың жергілікті полицей бар екен. Ал Алматы қаласында 2017 жылы жергілікті полиция қызметінде 2308 қызметкер жұмыс істеген. Дәл осы жергілікті полиция өкілдері қоғамның тыныштығын күзетіп, тәртіп сақшыларының жұмысын бір жүйеге келтіреді деп сенгендер аз болмаған. Сенім ақталмады, жоба нәтижесіз аяқталды. Бюджеттің қыруар қаржысы жұмсалған реформа аяқсыз қалды. Ішкі істер министрлігінің бастаған шаруасын мандыта алмағаны өкінішті-ақ. Министрлік «жергілікті полиция қызметі құрылады» деп хабарлағанда, ел тарихында бұрын-соңды болмаған бұл құрылымның жұмысы қалай болар екен деп алаңдағандар көп болған. Тіпті, олардың қызметі қандай боларынан да көпшілік хабарсыз еді. Уақыт өте келе ұққанымыз, жергілікті полицейлер Голливуд фильмдерінен көзіміз үйренген шерифтер екен. Олардың міндетіне қоғамдық тәртіпті қорғау мәселелері, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол-бақылау қызметі, ұсақ құқықбұзушылыққа қарсы тұру енгізілген болатын. Сонымен бірге, олар жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беруге міндеттелді. Реформаны алғаш таныстырған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов: «Жергілікті полиция қызметін құру ішкі істер органдары құрылымын оңтайландыру жолымен жүзеге асырылады», – деген еді. Бірақ екі жыл ішінде жұртшылық оңтайланған жүйені де, нәтижелі жұмыс жасаған тәртіп сақшыларын да көрмеді. Баяғы жартас – сол жартас. Әлі де көпшілік тәртіп сақшыларының жұмысына күдікпен қарап, олардың жұмысына шағымданумен келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында: «Ел азаматтары полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінуі тиіс», – деген болатын. Бірақ Елбасының бұл тапсырмасы әлі де орындалмай келеді. Жергілікті полиция қызметін құрып, министрлік олардың атқаратын нақты міндеттерін шегелеп бергенімен, екі жыл ішінде нәтижелі жұмыс жүрмегенін реформаның аяқсыз қалғандығынан-ақ байқауға болады. Оның үстіне, бірқатар өңірлерде жергілікті полиция қызметінде мамандардың жетіспейтіндігі де сөз болған. Мәселен, жыл басында Жамбыл облысында қоғамдағы құқық бұзушылықтың алдын алуға кедергі болатын жайттардың көп екені айтылған-ды. Тіпті, мұндағы кей ауылдарда қызмет ететін учаскелік полицейлер облыс орталығынан қатынап істейді екен. Ал мұның ауыл-аймақтардағы тәртіпсіздікке тосқауыл бола қоймайтыны айтпаса да түсінікті. Дәл осындай жағдаят Ақтөбе полицейлеріне де жақсы таныс. Биыл Ақтөбеде жол-патрульдік полиция қызметіне жаңадан 100 көлік сатып алынған. Мамандар да жеткілікті. Алайда жалақының аздығы мен баспанасы жоқтықтан полицейлер тұрақтамай отыр. Жалақылары аз, көбісі пәтер жалдап тұрады. Қазір 226 жол-патрульдік полиция қызметкерінің баспанасы жоқ. Олар жағдайлары жоқ болғандықтан, арыз беріп, жұмыстан жиі шығып кетеді. Жалпы, жалақы көлемінің жеткілікті болуы өте маңызды екенін түсінетіндер қоғамда аз емес. Егер полицейлердің жалақысы өздері қалағаннан төмен болса, онда жұмыстың өтімділігі мен тиімділігі төмендейді, ал егер көп болса артады. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықты төмендетеді. Кейбір дереккөздеріне жүгінсек, Ресейде полиция қызметкерлерінің ең төменгі жалақысы 9000-10500 рубльді құрайды. Аға полиция, инспектор, орынбасар қызметіндегілердің және 100 мың тұрғын тұратын қалада жұмыс істейтіндер жалақысы – 11 000-12500 рубль. Болгарияда бюджеттен бір полиция қызметкері үшін жылына 25,3 мың доллар ақша жұмсалады. Латвия полицейлері 585 доллар айлық алады. Сондай-ақ, беделі мен жетістіктері үшін де қосымша ақшалар қосылады. Подполковник – 136 доллар, майор – 127 доллар, кіші инспектор 487-624 доллар, жоғарғы инспектор 573-1625 доллар көлемінде жалақы алады. Ал біздің елде 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап ішкі істер органдарының қызметкерлеріне арнайы атақтар үшін қосымша ақы төлейтін болды. Ішкі істер бөлімінің бастығы орта есеппен айына 226 405 теңге жалақы алады. Еңбекақы көлемі 28 пайызға көбейді. Полиция капитаны 5-7 жыл көлемінде жұмыс істесе 34 пайыз, ал майор қызметкері 62 пайыз қосымша айлық алады.Тәртіпсіз тәртіп сақшылары көбейді
Халықтың тыныштығын күзетіп, қоғамдағы тәртіпсіздіктермен күресу – полиция қызметкерлерінің басты міндеті. Мұны қанша айтқанымызбен, полицейлердің қоғамдағы құқықбұзушылықтардың алдын алудың орнына өздерінің де талай «былыққа» батып жүргенін көз көріп, құлақ естіп жүр. Тәртіп сақшыларының тәртіп бұзуына не себеп? Әлде олар өз қызметіне немқұрайлы қарайтын болғаны ма? Қызметте жүріп, тәртіп бұзатын полиция қызметкерлерін қалай тәртіпке келтіруге болады? Құқық қорғау қызметкерлеріне келгенде, көкейде қордаланған сауал көп. Алайда сол сауалдарға мардымды жауап беретін бірде бір жан жоқ. Өткен жылы Алматы қаласында тәртіп бұзған 148 полицейдің жұмыстан қуылғаны белгілі болды. Оның төртеуі сыбайлас жемқорлыққа барғаны үшін істі болыпты. Өткен жылы полиция қызметі 90-нан астам ішкі тексеру жүргізіп, өз құрылымындағы талай былықты әшкере еткен. Былтыр 91 ашық және бес жабық тексеру жүргізіліп, жол полициясының 35 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Тәртіп сақшылары көбінесе жемқорлыққа барып, құзыретін асыра пайдалану арқылы түрлі заң бұзушылық жасаған. Әскери ереже мен этика ережелерін бұзғандар да бар. Сондықтан 700-ге жуық полицей тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Погон таққандардың мұндай былығынан соң, бақылау күшейтілмек. Бірінші кезекте учаскелік полицейлерді тексеруге басымдық беріледі. Бірақ мұндай тексерулер тәртіп сақшыларын тәубеге келтіре алар ма екен? Оңтүстік Қазақстан облысында да тәртіпке бағынбайтын сақшылар жоқ емес. Өткен жылдың 9 айында өңірде 58 полицей түрлі құқықбұзушылық әрекет жасағаны үшін қызметінен шеттетілген. Олардың ішінде 33-і қылмыс жасағаны үшін қызметтік орнын босатса, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін 3 адам, қызметтік тәртібін адал атқармағаны үшін 1 адам, қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін 1 адам, себепсіз жұмысқа шықпағаны үшін 6 адам, спирттік ішімдік ішіп автокөлік басқарғаны үшін 7 адам, қызметтік орында спирттік ішімдік ішкені үшін 3 адам, есірткілік мас хәлде болғаны үшін 3 адам, әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін 1 адам жұмыстан босатылды. Қылмыс жасағаны үшін қызметінен шеттетілгендердің арасында «пара алған» және «есірткі бизнесіне қатысқан» полицейлер де бар. Деректерге қарап отырсақ, елімізде әлі де болса тәртіп сақшыларының өздерін тәртіпке салу керек секілді. Құқық қорғау саласының қызметкерлеріне қарапайым халықтың тісі бата бермейтінін ескерсек, олардың тәртібін реттейтін Ішкі істер министрлігі ғана. Ал министрлік жаңа полиция қызметін құрып, қайта таратумен бас ауыртып жүргенде, қарамағындағылардың тәртібіне көңіл бөле қояр ма екен?!.