277
Алаш ақиқатын кім айтады?
Алаш ақиқатын кім айтады?
«Qazaqstan» тек қана мемлекеттік тілде хабар тарататын ұлттық арна. Сондықтан да болар, көрермен қауым бұл арнаның әрбір жаңа маусымын тағатсыздана күтетіні айдан анық. «Көптің көңілінен шығатын, жандүниесін байытып, рухани азық болатын қандай жаңа жобалар эфирге шығады екен?» деп асыға күтіп отырған көптеген көрермендердің көкейіндегі сауалдарға «Qazaqstan» РТРК» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Ерлан Қарин осы жолы жан-жақты жауап берді десек, артық айтқандық емес.
Бұл – жылдағы дәстүр. Атқарылған жұмыстар сараланып, жаңа жобаларға байланысты таныстырылым болады. «Qazaqstan» телеарнасы 2017 жылы көрермендерге қандай жобалар мен телехикаяларды ұсынды? Ұлттық арна алдағы уақытта көрермендерді қандай жаңа жобалармен қуантпақ? Алдағы жоспарлары қандай? Бұл туралы «Қазмедиа» орталығында өткен басқосуда Басқарма төрағасы Ерлан Қарин айтып берді.
«Qazaqstan» ұлттық арна болғандықтан, халқымыздың төл өнерін насихаттауға ерекше көңіл бөлуі тиіс екені айтпаса да түсінікті. Басқарма басшылығы осыны әсте естен шығарған емес. 2017 жылы да солай болды. Қазақтың төл өнерін дәріптейтін «Мен қазақпын» музыкалық жобасы көптің көңілінен шықты. Бұл – халықаралық жоба. Ел ішінде танылмай жүрген хас таланттардың жарқырап топ жарып шығып, олардың өрелі өнерлерін паш ету мақсатында дайындалған жобаны қолдаушылар мен тамашалаушылар аз болмағаны анық. Бір сөзбен айтқанда, «Мен қазақпын» - көрермендердің көзайымына айналған, ұлттық телеарнаға тән бірегей бағдарлама.
Көрермендер жоғары баға берген тағы бір бағдарлама - «SilkWayStar» мегажобасы. Бұл да Қазақстанның аясынан асып, басқа да мемлекеттерді қамтыған халықаралық жоба. Оған 8 мемлекет қатысқан. Тағы бір ерекшелігі – тікелей трансляция арқылы көрсетілген. Бұл оңай емес. Тележурналистер мен техникалық қызметкерлердің шеберлігі сыналатын, жауапкершілігі жоғары жұмыс. Сол сынақтан ұлттық арнаның ұжымы сүрінбей, «SilkWayStar» мегажобасы көрермендердің жоғары бағасына ие болды. Ерлан Қариннің айтуына қарағанда, өткен маусымның басты жаңалығының бірі осы жоба.
2017 жылы бірнеше қоғамдық-саяси, ақпараттық-сараптамалық хабарлар эфирге шыққан. Атап айтатын болсақ, «Парасат майданы», «1студия», «Басты тақырып», «Мәселе», «Елден хабар» және тағы басқа бағдарламаларда ел-жұрт өміріне қатысты маңызды тақырыптар мен көкейкесті мәселелердің көтерілгенін көрермендер жақсы біледі.
Қай телеарнаның болсын көрермендерін көбейтіп, рейтингін жоғарылатын жолдың бірі – тікелей трансляция. Жасыратыны жоқ, көптеген телеарна мұндай тәуелкелге бара бермейді. Өйткені тікелей эфир жүргізу үшін үлкен дайындық пен шыңдалған шеберлік, техникалық мүмкіндік қажет. «Qazaqstan» ұлттық арнасында осының бәрі бар. Сондықтан да болар олар тікелей эфирде хабар жүргізуге әбден төселіп алды. Мемлекеттік маңызы жоғары түсірілімдер тікелей трансляция арқылы көрермендерге көрсетіледі. «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы сол дәстүрден 2017 жылы да айныған жоқ. Қысқы Универсиада, Әскери шеру, халықаралық мамандандырылған «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылуы мен жабылу салтанаты ұлттық арнада тікелей эфир арқылы көрсетілді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен жыл сайын Индустрияландыру бағдарламасына байланысты телекөпір өтеді. Бұл да – тікелей эфирде. Былтыр да телекөпір жалғасып, 26 нысанның тұсауы кесілді.
– Өткен жылы контентті жаңарту барысында әлеуметтік жобалардың саны артып, ақпараттық-сараптамалық бағдарламалардың форматы өзгерді. Ең бастысы, өзіміздің ішкі телеөнімнің үлесі 80 пайызға өсті. Біз әрі қарай да контентті жаңарту жұмыстарын жалғастырып, сапалы туындылардың санын арттыруға атсалысамыз, – деді Басқарма төрағасы Ерлан Қарин.
Ұлттық телеарнада жаңа телевизиялық маусым дәстүр бойынша наурыз айының басынан басталмақ. Енді санаулы күндерден кейін «Qazaqstan» телеарнасы бірнеше жаңа жобалар мен телехикаяларды көрермендерге ұсына бастайды. Әрине, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген жобалар да жалғасын таппақ.
Рейтингі жоғары, көрермені көп жобалардың бірі – «Түнгі студия». Бұл бағдарламаның тізгіншісі ауысып, жаңа форматта шыға бастайды. Енді «Түнгі студияны» актер әрі сықақшы Қайрат Әділгерей жүргізсе, «Сенбілік шоудың» тізгінін Тұрсынбек Қабатов ұстайды.
Ақпан айында эфирге шыққан «Бақытты әйел» ток-шоуы қыз-келіншектер арасында үлкен сұранысқа ие екен. Сондықтан ұлттық арна басшылары оны одан әрі жалғастыра бермек ниетте.
Алдағы уақытта еліміздің тарихынан сыр шертетін «Алаш ақиқаты» бағдарламасы эфирге шықпақ. Бұл да көрермендердің көңілінен шығатын айрықша жобалардың бірі болатын түрі бар.
Басқа халықта жоқ, қазаққа ғана тән ұлттық асқақ өнердің бірі – айтыс. Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын жан көп. Бірақ соңғы жылдары телеэкрандарда осы қасиетті дода көрінбей кетті. Бұл туралы әртүрлі әңгімелер де аз емес. Енді соған нүкте қойылатын түрі бар. «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында «Жүрсіннің жүйріктері» атты ақындар айтысы шығатын болады. «Жүрсіннің жүйріктері» бағдарламасының қазылар алқасы қатарында белгілі өнер қайраткерлері – қазақ киносының майталманы, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Асанәлі Әшімов, әнші әрі сазгер, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, профессор, ғылым докторы Намазалы Омашев пен Қазақстан Республикасының Халық ақыны Әсия Беркенова бар. Ал, жобаның басты қонағы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын әрі журналист Жүрсін Ерман. Демек, алдағы телемаусымда ұлттық арнадан дүбірлі дода – айтысты жиі тамашалауға мүмкіндік болады.
Ұлттық арна жастарды да ұмыт қалдырып отырған жоқ. Олардың талғамына сай, қызығушылығын тудыратын бағдарламаларды жаңа маусымда эфирге шығаруды жоспарлап отыр. Сондай ерекше жобалардың бірі – «Q-pop Idols». Жобаның жетекшісі – белгілі музыкант, продюсер Ерболат Беделхан. Жастар жаңа жобаға байланысты алдағы уақытта өз бағаларын бере жатар.
Соңғы жылдары «Отандық телехикаялар неге аз?», «Отандық телехикаялардың сапасы неге төмен?», «Біздің телеарналардың шетелдік телестудиялар деңгейінде сериал түсіруге шама-шарқы жетпей ме?», «Кәрістің, үндінің телесериалдарынан бас тартатын уақыт бола ма?» дегендей сын пікірлердің айтылып жатқаны жасырын емес. Ұлттық арна осыдан қорытынды шығарған сыңайлы. Жаңа телемаусым аясында бірқатар жаңа отандық телехикаялар ұсынылатын болады.
Алаш зиялылары жиырмасыншы ғасырдың басында ел тәуелсіздігі жолында ештеңеден де тайсалмай, қаймықпай, тар жол, тайғақ кешуді бастан өткергені белгілі. Олардың тағдырын баяндайтын «Тар заман» телехикаясы 26 наурызда «Qazaqstan» арнасында эфирге шығады. Одан басқа көрермендер «Туған жер», «Сүйе білсең-2», «Жараланған жүректер», «Іңкәр жүрек-3» және тағы да басқа телехикаяларды тамашалайтын болады.
Биыл Қазақ телевизиясына – 60 жыл. Осы айтулы мерейтойға орай «Qazaqstan» телеарнасы бірнеше іс шараларды өткізіп те үлгерді. «Ұлттық арнада әр жылдары көптеген танымал тұлғалар, зиялы қауым өкілдері еңбек етіп, Қазақ телевизиясының дамуына зор үлестерін қосты. Олардың атқарған еңбегін ұмытпау – біздің парызымыз. Ақпанның басынан бастап, әр жексенбі сайын Ұлттық арнаның «Алтын қорында» сақталған, кезінде көрерменнің көңілінен орын алған бұрынғы бағдарламаларды эфирге шығаруды ұйғардық. Сондай-ақ, «Таңшолпан», «Дара жол», «Келбет» және басқа да бағдарламаларда отандық телевизия ардагерлерінің қатысуымен арнайы шығарылымдар жарық көреді. Мұнымен қоса, көрермендерге тосынсый ретінде бұрынғы тележурналистер мен дикторлар жүргізуші ретінде эфирге шығатын болады», – деді Басқарма төрағасы Е.Қарин.
Міне, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы көктемгі маусымда қалың көпшілікке осындай жаңа жобаларды ұсынуды жоспарлап отыр. Бұл жобалар көрермендердің көңілінен шығады деген сеніміміз кәміл.
Ғалым Орынбасарұлы
Астана