Сағымға айналған «Студенттік баспана»

Сағымға айналған «Студенттік баспана»

Сағымға айналған «Студенттік баспана»
ашық дереккөзі
1388
Елімізде әр оқу жылының басында жоғары оқу орындарындағы жатақханалар жайы жыр болары әдетке айналған. Бұл жолы жатақханадағы орын жетіспеушілігі емес, оларды салу үшін бюджеттен қаржы бөлінбейтіндігі талқыға түсуде. Білім және ғылым министрінің хабарлауынша, алдағы уақытта жоғары оқу орындары жатақхана, кітапхана, асхана салу міндеттерін өз мойындарына алуы тиіс.

Қаржылық еркіндіктің қатаң талабы бар

Өткен аптада Ақтау қаласында білім реформалары жөнінде арнайы жиын өтіп, келелі кеңеске Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қатысты. Осы жиында еліміздің білім саласындағы он үшінші министрі алдағы уақытта студенттер үшін жатақхана, кітапхана немесе асхана салуға бюджеттен қаржы қарастырылмайтындығын кесіп айтты. Оның айтуынша, мұндай шаруаларды енді жоғары оқу орындары өздері шешуі қажет. Өйткені оқу орындарына коммерциялық емес акционерлік қоғам статусы беріліп, өздері қаражат табуына мүмкіндік берілген. «Барлық ақша онсыз да қазақстандық жоғары оқу орындарына тиесілі. Бұл тұрғыда қаржылық еркіндік қарастырылады. Мұғалімдердің алатын қаржысын бұл есептен алып тастауға тырысамыз. Біз мұны инвестициялық бағдарламалармен бірге жоғары оқу орындарына қайта сатып алу үшін береміз. Яғни, барлық қаражат жоғары оқу орындарының еншісіне тиесілі болады. Дегенмен де жоғары оқу орындарында бақылау алқасы есебінен қатаң тексеріс жүргізіліп тұрады», – деп түсіндірді жағдайды Ерлан Сағадиев. Академиялық еркіндік заңы шетелдік студенттер арқылы табыс табуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, қаржыны бөлу ережелерінен босату да жүзеге асады. Министрдің пікірінше, бұл жоғары оқу орындарына өз ресурстарын үнемдеуге және жинауға мүмкіндік бермек. Министр бұдан әрі үнемделген қаражат мемлекеттік білім беру гранттарының санын арттыруға жұмсалатынын да айтты. Айта кетейік, министрлік 2017 жылы осындай жолмен қаржы үнемдеу арқылы бакалавриат грантын 10 мыңға, магистратура грантын 1 мыңға көбейтіп, жалпы грант санын 25-30 пайызға арттырған болатын. 2018 жылы да Білім және ғылым министрлігі студенттерге арналған жатақхана құрылысына ешқандай қаражат құймайды, есесіне бар қаражат білім гранттарына жұмсалады.

Пәтер жалдап, күн өтті...

Елімізде студенттер көп жиналатын шаһардың Алматы қаласы екендігі даусыз. Сондықтан жатақханалардың тең жартысы осы шаһарда орналасқан. Ресми деректерге жүгінсек, бүгінде Алматыда 134 мың студент білім алады. Қалада 38 жоғары оқу орны бар болса,олардың 7-еуі ұлттық мәртебеге ие. Бірақ білім берумен бизнесті де қатар жалғастырып жатқан оқу орындарының көбінде студенттерге арналған арнайы жатақхана жоқ. Ал Алматыда 90-нан астам жатақхана болса, онда тұратын қызметкерлер мен ізденушілер саны не бары 30 мың. Алматы қалалық жастар саясаты басқармасының деректері бойынша, шаһарда пәтер жалдауға мәжбүр студенттердің саны 40-50 мыңды құрайды. Жалпы, еліміз бойынша 75 мың орынға арналған 237 студенттік жатақхана болса, оның 50 пайызы Алматыда орналасқан. Оның үстіне, соңғы бірнеше жылда 3601 студентті тұрғын үймен қамтамасыз етуге қабілетті жаңа тоғыз жатақхана салынып, пайдалануға берілді. Алайда бұл да білім жолындағы студенттерді толықтай жатақханамен қамтамасыз ете алмайды. Жатақхана тапшылығын жою мақсатында үкімет 2020 жылға дейін 32,6 мың студентке арналған жатақханалар желісін салуды мақсат етіп отырғаны осыдан бірнеше жыл бұрын айтылған еді. Осы жылдар аралығында Білім және ғылым министрлігіне жаңа басшы келді. Біздің министрлердің өзіне дейінгі жоспарланған шаруаларды ысырып қойып, өзіндік жаңа жоспар құратыны белгілі. Сондықтан, екі жыл бұрынғы жатақхана желісін салу жоспары қазір нендей күйде екенін тап басып айту қиын. Тіпті, министрліктің қазіргі шешіміне зер салсақ, бұл жоспардың күлі көкке ұшты деуге әбден болатын тәрізді. Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігі 2011-2015 жылдарға арналған «Студенттік баспана» бағдарламасын бекіткен болатын. Осы бағдарлама аясында Қазақстан бойынша 32 жатақхана бой көтеріп, 54 жатақхана күрделі жөндеуден өткізілуі қажет еді. Республикалық маңызы бар Алматы мен Астана қалаларында студенттік қалашықтар салу да жоспарланған еді. 2013 жылдан бастап орындалуы тиіс құрылыс жұмыстары әлі де бастала қоймаған көрінеді. Яғни, бұл бағдарлама да студенттердің жатақхана мәселесін шешуге көмектесе алмайтын түрі бар.

ЖОО-лар жер дауына дайын ба?

Алдағы жылдары жатақхана тапшылығы мәселесі мүлдем күрделене түсуі мүмкін. Себебі Қазақстанда 2005 жылы туу деңгейі күрт артқан. Демек, алдағы жылдары студенттер саны да көбейеді. Ал министрлік университеттерде студенттерге арналған жатақхана салуға республикалық бюджеттен қаржыландырудан дәл осы кезде бас тартуы қаншалықты орынды? 2017 жыл Алматы қаласында «Жастар жылы» деп жарияланған болатын. Осыған орай, мұндағы студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі қолға алынды. Алматыда жастарға арналып, 2020 жылға дейін 12 жатақхана салынбақ. Өйткені Қазақстандағы әрбір үшінші студент Алматы қаласында білім алуда. Бірақ бұл игі бастаманың қаншалықты оң нәтиже берері әзірге белгісіз. Оның үстіне, мамандар елімізде жатақхана мәселесін шешудің нақты жоспары жоқтығын айтады. Расында да, жатақхана мәселесі кешенді жоспар бойынша ғана шешімін табатын күрделі мәселе екені айтпаса да түсінікті. Ал бұл мәселемен жоғары оқу орындары қалай айналыспақ? Бұған дейін министрлік жатақхана тапшылығын толық жоя алған жоқ. Ал министрліктің қолынан келмеген дүниені университет басшылықтары қаншалықты тиімді шеше алады? Жатақхана салу бір қарағанда оңай көрінгенімен, бұл мәселенің біз біле бермейтін қыр-сыры көп. Мәселен, жатақхана салатын жерді табу да оңай емес. Оның үстіне, жердің құны да аса қымбат екені белгілі. Әрине, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті секілді өз аумағы белгіленген оқу орындары үшін бұл мәселе оңай шешілер. Қазіргі уақытта Алматы қаласының әкімдігімен ҚазҰУ келісімге келді, енді мұнда 5 мың орындық жатақхана салынуы тиіс. Жатақхана салатын орынның аумағы да белгіленіп қойған. Бірақ еліміздегі барлық университеттердің мұндай үлкен территориясы жоқ екенін ескерсек, жер мәселесі ең өзекті түйткіл болып тұр. Мұны университеттер де жоққа шығармайды. Ешбір жоғары оқу орны жатақхана жетіспеушілігін ашық түрде мойындағысы келмегенімен, жер мен қаржының жоқтығынан жатақхана салуды мүмкін емес іс санайтын білім ордалары жоқ емес. Енді мұның бәрін университет басшылықтары өздері шешуі тиіс. Бұған Білім және ғылым министрлігі жауапты емес. Сондықтан, жоғары оқу орындары бұл мәселені әкімдіктермен бірлесіп қана жүзеге асыра алады. Ал қаржының жоқтығын алға тартып жүрген университеттер министрліктің бұл шешімінен кейін қалай жұмыс жүргізеді? Жоғары оқу орындары мұндай қадамға әзір ме? Еліміздегі барлық жоғары оқу орындары жатақхана салу міндетін өз мойындарына алуға қауқарлы ма?

Жатақхана кімдерге беріледі?

Қазақстанда мұқтаж студентті баспанамен қамтуды міндеттейтін арнайы заң жоқ. Мұндай көмекті жатақханалары бар ірі университеттер ішкі ережесіне сәйкес жасайды. Мәселен, көптеген университеттерде жатақхана ең алдымен мемлекеттік грант иеленген 1-курс студенттеріне, «Алтын белгі» иегерлеріне, жетім балаларға, көп балалы отбасынан шыққан, әке-шешесі немесе өзі мүгедек студенттерге беріледі. Екінші кезекте университеттің қоғамдық жұмыстарына белсене араласатын студенттер, студенттік құрылыс жасағының мүшелері мен қабылдау комиссиясында жұмыс істеген студенттер тұрады. Бұған біздің қарсылығымыз жоқ. Алайда өзге жатақханаға мұқтаж студенттердің жағдайын кім ойлайды? Университет мамандары жоғарыда аталғандардан кейін ғана жалпы тізімде тұрған студенттердің жатақханамен қамтамасыз етілетіндігін айтады. Сондай-ақ, жатақханаға қол жеткізу үшін жалпы тізімде тұрған студенттердің келген жерінің алыс-жақындығы да ескеріледі екен. Қазір шет аймақтардан Алматыға білім іздеп келген жастардың көпшілігі жатақханаға қол жеткізе алмай, әуре-сарсаңға түсіп жүр. Мұндай жайт тіпті, соңғы уақыттарда дәстүрге айналып кеткендей-ақ. Ал ақылы оқуға түскендердің жатақханаға қол жеткізуі тіптен қиын. Өйткені оларды жатақханамен қамтамасыз етуді оқу орындары ең соңынан қарастырады. Жатақханаға жайғасу бүгінде оңай шаруа емес. Студенттердің бұл мәселемен жыл сайын бетпе-бет келетіні сондықтан. Студенттер қатары артқан сайын, жатақхана мәселесі күрделене түсуде. Оның үстіне, уақыт өткен сайын жоғары курс студенттерінің жатақханадан қағылуы әдетке айналып барады. Әуелі 1-курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз етуді мақсат тұтатын жоғары оқу орындары 4-курс студенттерін тіптен тізімге алмайды. Ал бітіруші студенттер амалсыздан жатақханадағы орындарын босатып беруге мәжбүр. Мамандардың айтуынша, жоғары курс студенттерін алдын ала психологиялық тұрғыдан даярлайды екен. «Жоғары курс студенттері қаланы біледі, өмір сүру жағдайынан хабардар. Сондықтан, пәтер жалдап күнелтуге мүмкіндік табады» дегенді желеу еткен университет қызметкерлері 4-курс студенттерін жатақханасыз қалдырады. Осындай олқылықтарды ескеріп, студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге көмек қолын созатын қалталы азаматтар да жоқ емес елімізде. Мәселен, жыл басында Павлодар қаласында «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің атынан қос қабатты жатақхана салынды. Ал 2016 жылы осында ұлдарға арналған жатақхана бой көтерген еді. Осы екі ғимараттың да электр қуаты, суы және өзге де коммуналдық төлемдерін есімін жария етпеген кәсіпкер көтеріп отыр. Жатақханада тұру тегін, студенттерге барлық жағдай жасалған, тегін азық-түлікпен де көмектесіп тұрады. Қыздар жатақханасындағы студенттер сабақтан бос уақыттарында «Мəшһүр Жүсіп» мешітінің ұстазы Кажуева Жұлдызбен қол өнер шығармашылығы жəне де ас дайындау, сонымен қатар, спорттық іс-шаралармен айналысады. 30 адамға арналған қыздар жатақханасында қазіргі таңда 24 қыз тұрып жатыр. Ал 60 ер балаларға арналған бөлмелерде 20-ға жуық жігіттер тұрады. Тегін жатақханада негізінен әлеуметтік тұрмыс ахуалы төмен отбасылардың балаларына беріледі. Сондықтан, олар үшін бұл үлкен көмек екенін айтады. Міне, осындайда көңілі кең азаматтар қолдау білдіріп, еліміздегі жатақхана тапшылығын жоюға көмек қолын созбаса, Білім және ғылым министрлігі бұл жауапкершіліктен бас тартты. Ал мұндай ауыр жүкті арқалау жоғары оқу орындарының қолынан қаншалықты келері әзірге беймәлім. Сонымен қатар, министрлік тек жатақхана емес, жоғары оқу орындарында кітапхана мен асхана салу жұмыстарына да араласпайтындықтарын мәлімдеген болатын. Ал мұның бәрінің жауапкершілігін арқалауға жоғары оқу орындарының қаржылық жағдайы жете ме? Бұл уақыт еншісіндегі мәселе. Биылғы оқу жылының соңына дейін министрліктің кезекті шешімі үлкен қиындық тудыра қоймас. Ал келер оқу жылында жағдайдың қалай болары беймәлім.

Серіктес жаңалықтары