511
3,5 мың шақырым қашықтықтағы келіссөздер
3,5 мың шақырым қашықтықтағы келіссөздер
Биылғы жылды қорытындылағанда, атап айтуға тұрарлық, елдік қана емес, халықаралық маңызға ие екі ірі оқиғаның бірі – ЭКСПО көрмесі болғанда, екіншісі сөзсіз, Астанадағы Сирия келіссөздері болар. Қаңтардың 23-24 күндері басталған келіссөздер жыл бойы жалғасып, 21-22 желтоқсанда сегізінші кездесу болып өтті. Астананың аты әлемдік ақпарат құралдарының жаңалықтарында жиі қайталанып, БҰҰ деңгейіндегі Женева келіссөздеріне пара-пар алаңқай ретінде санасуға лайық болса, бұл – осы келіссөздердің жаңғырығы.
Астаналық кездесулердің бұған дейінгі Женева келіссөздерінен үлкен айырмасы – сириялық қарулы топтардың Сирия ресми үкіметінің өкілдерімен бейбіт жағдайда бетпе-бет келіп, дөңгелек үстел басында пікір алысуға көнуі болатын. Әлбетте, сегіз дүркін өткізілген келіссөздердің бәрі бірдей жемісті дей алмаймыз, ара-тұра өзара келіспеушілік, қабақ шыту мен дөңайбат көрсетулер де болды. Кейбір кездесулер күні бойы тек жабық есік жағдайында жүргізіліп, журналистерді дәліздерге жіпсіз байлады. Әйтеуір, астаналық келіссөздердің Сирия дағдарысын оң шешуге үлес қосқаны анық. Себебі бұл кездесулер Женева келіссөздерінің қайта жандануына түрткі болды, қарулы қақтығысты бейбіт түрде дипломатиялық жолмен шешудің үміті әлі де мол екеніне сендірді. Екіншіден, бұл келіссөздер БҰҰ деңгейінде шешімін таппаған күрмеуі қиын мәселелерді аймақтық деңгейде талқылаудың тиімділігін көрсетіп берді. Әсіресе, Ресей, Түркия мен Иран мемлекеттерінің бастамашылдығы АҚШ пен Еуропалық одақ елдерінің халықаралық мәселелерде тоқтам айтудағы көшбасшылығы ұдайы табысты бола бермейтінін, кейде тіпті кері әсер ететінін айқындап берді. Бірнеше жыл бойы Женевада өткізілген АҚШ, Ресей, Еуропалық одақ, Араб елдері лигасы, Таяу Шығыс елдері, Сирия үкіметі мен оппозициялық топтар қатысқан кездесулер оң нәтиже бермеді. Соның көрінісі болар, АҚШ әуелгіде Астана келіссөздерін сырттай бақылап қана отырғанымен, бірнеше кездесулерден соң оның тиімділігін мойындап, онда қабылданған шешімдерге сілтеме жасауға көшті.
Астана келіссөздер алаңқайының ең үлкен жетістігі – Сириядағы атыс-шабысты уақытша тоқтатуға қатысты келісімдерді пысықтап, оқ атылмайтын төрт бірдей аралық аумақ құру туралы шешім қабылдау және олардың шекарасын белгілеу болатын. Бұл аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үш мемлекет – Ресей, Түркия мен Иран кепіл болды. Бұдан бөлек, халыққа гуманитарлық көмекті жеткізу мәселелері, Сирия Конституциясын дайындау үшін бірге жұмыс істеудің шарттары талқыланды. Сегізінші кездесуде тұтқындар алмасу, жоғалған немесе із-түзсіз кеткен адамдарды іздеуге көмектесу жұмыстарының тәртібі талқыланды.
Бастысы, Астаналық келіссөздер тек осы жиындармен тұйықталып қалмай, Женева келіссөздеріне жалғасты және Иранда, Ресейде өткен жұмыс топтарының қызу талқылауларына ұласты. Енді келесі жылы 29-30 қаңтарда Ресейдің Сочи қаласында Сирия ұлттық диалогы конгресінің өтуіне түрткі болғалы тұр. Қазақ даласынан тараған үннің жаңғырығы осылайша әлемнің әр түкпірінен естіліп жатыр.
Жаңғырық демекші, әлемдік ақпарат құралдарында Астана келіссөздері туралы не айтылып, не жазылып жатқанына қысқаша тоқтала кеткеніміз жөн болар. «Сырт көз – сыншы» демекші, өзіміздегі оқиғаға өзгенің көзімен қараудың әбестігі жоқ.
Мысалы, Сирияда әскери іс-қимылдарды тоқтатуға кепіл мемлекеттің бірі Иранның «FARS News Agency» агенттігі осы күндері бұл келіссөздердің игі ықпалы туралы былай деп хабарлаған:
«Syrian Peace Talks, which started in February 2017 and held its 8th round of its 2-day talks in Astana, has achieved positive results in the field of holding ceasefire and reduction of tensions in populated area of Syria».
«2017 жылдың ақпан айында басталған және екі күнге созылған сегізінші кездесуі өткен Сирия бейбіт келіссөздері оқ атуды тоқтатуда және Сирия елді мекендеріндегі ауыр жағдайды жеңілдетуде оң нәтижелерге қол жеткізді».
Ал халықаралық «Reuters» агенттігі Сириядағы адам шығыны азаймай, ал гуманитарлық дағдарыстың әлі де ушығып тұрғанын хабарлап, БҰҰ деңгейінде Астана келіссөздерінің тиімділігіне мол үміт артылатынын жеткізген.
«He hoped Astana might bring a cessation of hostilities in the rebel-held enclave of Eastern Ghouta, where Assad’s forces are besieging almost 400,000 people. U.N. aid convoys are waiting for Syria’s government to give them a green light. Food prices have risen eightfold since August, Egeland said. «495 people were on the priority lists for medical evacuations. That number is going down. Not because we are evacuating people, but because they are dying».
«Ол (Де Мистураның кеңесшісі Ян Эгеланн – Г.О.) оппозицияшыл күштердің иелігіндегі Шығыс Гута аймағындағы қарулы қақтығыстарды тоқтатуға Астана сеп болады деп үміттенеді, бұл жерде Асадтың әскері 400 000 адамды қыспақта ұстап отыр. БҰҰ-ның көмек көліктері (осы аймаққа – Г.О.) өту үшін Сирия үкіметінің рұқсатын күтіп тұр. Тамыз айынан бері азық-түліктің бағасы сегіз есе қымбаттап кетті деді Эгеланн. «495 адам медициналық себеппен көшірілетіндер тізімінде болған еді, олардың саны азайып барады. Біз оларды көшіріп болғанша, олар өліп жатыр».
Сириялық «Syrian Arab News Agency» жаңалықтар агенттігі астаналық сегізінші кездесудің ішкі иірімдерінен құлағдар етеді:
«The eighth round of talks on Syria in Astana has kicked off with the participation of the Syrian Arab Republic delegation, headed by Dr. Bashar al-Jaafari, and delegations of the three guarantor states of the cessation of hostilities agreement (Russia, Iran and Turkey.) ...A Russian source close to the Astana 8 meeting said that the guarantor states decided not to expand the list of the participants in Astana process».
«Астанадағы Сирия бойынша келіссөздердің сегізінші раунды доктор Башар әл-Джафари бастаған Сирия Араб Республикасының делегациясының және әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы келісімдерге кепіл-мемлекеттер (Ресей, Иран мен Түркия) делегацияларының қатысуымен басталды. ...Астана-8 кездесуінің жай-жапсарына қанық ресейлік өкілдің айтуына қарағанда, кепіл мемлекеттер Астана процесіне қатысушылар қатарын ұлғайтпауға уағдаласқан».
Астаналық келіссөздерге Сирияда әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы келісімдерге кепіл үш мемлекет – Ресей, Түркия мен Иранның ресми өкілдері, Сирия үкіметтік делегациясы мен оппозициялық топтардың басшылары және бақылаушы ретінде БҰҰ, АҚШ пен Иордания мемлекеттері қатысқаны мәлім. Осы орайда, «The Jordan Times» газеті бақылаушы ел – Иорданияның ұстанымынан хабар береді:
«This is not the first time Jordan partakes in the talks as a direct neighbour of Syria and a main host of Syrian refugees, whose total number has exceeded 1.3 million... During his talks with French President Emmanuel Macron on Tuesday, which covered the developments in Syria, His Majesty King Abdullah said that after substantial progress on the ground in the northern neighbour, the «next stage calls for further efforts to build on the Astana talks to reach a political solution that guarantees the stability, unity, and future of Syria».
«Бұл Сирияның құдайы көршісі әрі сириялық 1,3 миллион босқынды паналатып отырған ел ретінде Иорданияның келіссөздерге қатысып отырғаны бірінші рет емес... Франция президенті Эммануэль Макронмен сейсенбі күні өткен келіссөзінде Сирия мәселесі айтылған тұста король Абдулла көрші мемлекеттің солтүстігіндегі бірқатар жақсы өзгерістерден соң «келесі қадам Астана келіссөздері негізінде тұрақтылық, біртұтастық пен Сирияның болашағына кепіл болатын саяси шешім табуға күш салу екендігін» атап өтті».
Шам елінің қанға бөккеніне жеті жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде «жетпіс мемлекеттің мүддесі тоғысқан» елде бейбіт тірлік пен тыныштықты қайта орнатудың талай талпынысы сәтсіздікке ұшырады. Әйтсе де, Астана Сирия бейбіт келіссөздерін өз жерінде өткізу арқылы игілікті іске тамшыдай болса да өз үлесін қосуға бейіл екенін танытып отыр. Соғыс өртіне оранған Сириядан үш жарым мың қашықтықта жатқан қазақ даласы бейбітшілік пен ынтымақтың мекені болса, Қазақстан бірлік пен татулықтың жаршысы екенін әйгілеп келеді. Он екі айда өткізілген сегіз бірдей кездесудің оң ықпалы болар-ақ. Ендеше, жыл босқа өткен жоқ.