1043
Қазыбек биден қалған алтын шапан
Қазыбек биден қалған алтын шапан
Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында қазақтың ұлы биі, қоғам және мемлекет қайраткері Қазыбек бидің өмірі мен қоғамдық қызметі туралы деректі фильмнің тұсаукесер рәсімі өтті. Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойына орайластырылған бұл деректі туынды «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түсірілген.
«Əуелі Қарағанды облысын көктей өтіп, сонан соң Павлодар облысына шықтық. Бұл өлкелерде Қазыбек би бабамыздың ізі қалған. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарында да түсірілімдер жүргіздік. Сонан соң, Астана асып, Қаз дауысты Қазыбек бидің өмірі мен қоғамдық қызметін зерттеген ғалымдармен сұхбаттастық. Ұлы биден қалған жалғыз жәдігер – алтын зерлі шапанды таспаладық. Қайта айналып, Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдық тойына қатыстық», – деді сценарий авторы әрі фильмнің тең режиссері Ерлан Төлеутай.
Фильмде Қытай мен Ресейдің мұрағатынан Қазыбек биге қатысты деректер мен ел аузындағы аңыздар қолданылған. Тарихи құжаттармен қатар, қойылымдық сахналар енгізілген бұл фильмге еліміздің театр және кино актерлері түсті. Қазыбек бидің рөліне ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер, Керей хан рөлімен қалың көрерменге танылған Қайрат Кемалов шақырылған. Сонымен қатар, фильмде Алдабек Шалбаев, Саят Мерекенов, Іңкәр Әбдіраш, Зарина Кәрмен және Абылай ханның ұрпағы Абылай Қашқынбаев та өз өнерлерін ортаға салған.
Ал фильмнің басты кейіпкерлерінің бірі – Қазыбек бидің ұрпағы, белгілі қоғам қайраткері, антиядролық қозғалыстың белсенді мүшесі, суретші Кəріпбек Күйіков.
«Қаз дауысты Қазыбек би 1764 жылы ақпан айында қайтыс болады. Қыс қаһарлы, қар қалың болғандықтан, жер аяғы кеңігенше баласы Бекболат пен Едіге би ұлы бидің мəйітін сөреге сақтауға ұйғарған. Осы қыс айында болған оқиғаны суреттеу үшін Алатаудың асқар биігі – 3800 метрлік «Молодежный» аталатын биік шыңына шығып, алты қанат үй тіктік. Өйткені мезгіл тамыздың соңы, Алатауға қар түсіп үлгермегендіктен, осылай жаннан безіп, мəңгі мұздықтарға көтерілуге мәжбүр болдық. Алатаудың құлама жартасты, түпсіз шыңырауларынан асып өткеніміздің өзі бір ғажайып хикая», – деді Ерлан Төлеутай.