375
Араша
Араша
Желтоқсан оқиғасы – жазылмайтын жара. Қызыл империяның қазақ халқына жасаған соңғы озбырлығы жылдар өткен сайын куәгерлердің көз алдында мәңгілікке қалып, еске түскен сайын жүректерін сыздатары рас. Сондай-ақ, бұл сілкініс кезінде қызмет бабына, партиялық тәуелділігіне қарамастан ұлттық намысы мен азаматтық арын жоғары қойған жандар да табылған. Сондай жандардың қатарына көрнекті жазушы, ғұлама ғалым Ақселеу Сейдімбеков пен әйгілі ақын Фариза Оңғарсынованы да қояр едім.
«Түркістан» саяси апталығында қызметте жүрген кезімде Желтоқсан көтерілісінің 15 жылдығына арнап жазылған шағын естелікке кезінде бас редактордың бірінші орынбасары марқұм Дидахмет Әшімханұлы басылым бетіне шықсын деп қол қойған екен. Бірақ белгісіз себеппен жарық көрмей өз архивімде сақталып қалыпты. Тұтас ұлттық мәселеде ғана емес, жеке адамның тағдыры әділетсіздікке ұшырап, талқыға түскен тұста арашаға жарап, ақиқатты айта білген ағамыз бен апамыз жайлы жазбаны кешіктірсек те оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.
Желтоқсан айы әр жылда оралып келген сайын мен де 1986 жылғы желтоқсанда көрген, куә болған жайларды көңіл көзімнен бір өткізіп аламын. Сол оқиғалардың бірі – балалар мен жасөспірімдер редакцияларының бастауыш партия ұйымының жиналысы еді. «Балдырған», «Қазақстан пионері», «Пионер», «Дружная ребята», «Білім және еңбек», «Спорт» газет-журналдарының бастауыш партия ұйымының кезектен тыс жиналысы шұғыл ашылды. Алматының Фрунзе аудандық партия комитетінің хатшысы (кезінде атақты жіп иіруші) Күләйхан Шойбекова мен бөлім бастығы – бір орыс жігіті келді (аты-жөні есімде қалмапты) .
Жиналысқа қатысып отырған жиырма шақты партия мүшелерінің онсыз да таяуда болған желтоқсан оқиғасы көңіл-күйлерін алай-дүлей еткені аздай, өткен партия жиналысында (мөлшері бір ай бұрын ғой деймін) партия мүшелігіне кандидат етіп қабылдаған «Пионер» журналының қызметкері Мейірхан Ақдәулетовті көзінің айналасын көгертіп, бет-аузын көк ала қойдай етіп алып келіп, енді оны партиядан шығару қажеттігін түсіндірген жиналыс мақсаты – одан әрі үркіту сияқты.
Сөйлеуге шамасы келмей тұрса да, басынан кешкен оқиғаны байыппен баяндаған Мейірханның әңгімесінен ұққанымыз, оқиға болып жатқан Брежнев алаңының сыртынан өтіп бара жатып сақшылардың қолына түскенін, оны ішкі істер бөліміне апарып соққыға жыққандығын, ешбір сөзіне сенбей, көрсеткен журналистік құжатына қарамастан «гад» деп бір полковниктің тепкілегенін, содан екі қабырғасы сынып, әзер сөйлеп тұрғанын айтып өтті.
Аудандық партия комитетінен келген орыс жігіті Ақдәулетовтің алаңға барғаны дәлелденгендіктен партия қатарынан шығарылғанын, ал бастауыш партия ұйымы тек сол қаулыны бекітуі қажеттігін қадап сөйледі.
Бізден сөйлеушілер алдыңғы жиналыста ғана Ақдәулетовті мақтап-мақтап партия қатарына алғанымызды, енді екінші жиналыста оны жамандап, партиядан шығарамыз деу қатерлі болатындығын, сондай-ақ, Жарғы бойынша алдымен партия мүшесінің мәселесі бастауыш ұйымда қаралып, сосын барып аудандық комитетте бекуге тиістілігін баса айтты. «Пионер» журналының бас редакторы Фариза Оңғарсынова Мейірханды жақтай сөйлеп, аудандық партия комитеті тарапынан келген бұл ұсыныстың әділетсіз екендігін айыптады.
Жиналыста батыл сөйлеп, ерекше қайрат көрсеткен Ахаң – Ақселеу Сейдімбеков еді. «Білім және еңбек» журналының бас редакторы Ахаңның бүкіл шығармашылығы ғана емес, оның азаматтық болмысы да ұлтым дегенде өзегін жарып беруден тайынбайтын кесек мінезді азамат екендігіне дәлел еді. Орнынан тұрып сөйлеген Ахаңның бойы ғана емес, ойы да бәрімізден биік екенін сонда көрдік. Әшейінде күлімсіреп, әзіл айтуға әзір тұратын мейірімді жанның қоңыр жанары ашуланғанда бет қаратпас от шашып кетеді екен. Төрде отырған аудандық партия комитетінің өкілдеріне оқты көздерін қадап тұрып, қадау-қадау сөздерін нысанаға дәл тигізе түйдек-түйдегімен төксін-ай. Ақселеу ағамыз, жалпы желтоқсан оқиғасында өкімет тарапынан жастарға жасалған қиянатты айыптай келе, соның бір жазықсыз құрбандығы болып бара жатқан Мейірхан інісін мейлінше қорғай сөйледі. Сұр мергеннің шірене тартқан жебелеріндей Ахаңның сөздері партия өкілдерінің өңмендерінен өтіп жатты... Отырған жұрт түгел Ахаң мен Факеңді қолдадық.
Екі оттың ортасында қалғандай болған хатшы Күләйхан Шойбекова сөзін бастап, аяқтай алмай жылап жіберді... Бөлім бастығының жүні жығылып қалғандай еді. Бастауыш партия ұйымынан қолдау таппай аудандық партия комитетінің өкілдері өз жолдарымен кетті...
Міне, содан бергі он бес жылда сол жиналысқа қатысқандардың өмірінде талай өзгерістер болды. Фариза апамыз халқының сүйікті ақыны ғана емес, парламент мүшесі, қоғам қайраткері. Ақселеу ағамыз ғылым докторы, ұлтының ардақты азаматы. Ал, Факең мен Ахаң сенген Мейірхан Ақдәулетов болса бүгінде республикаға атышулы «Алтын орда» газетінің бас редакторы, танымал публицист.
Р.S. Желтоқсанға қатысты көптеген басылымдарда міне, 31 жыл бойында сансыз мақалалар мен естеліктер жарияланып келеді. Бірнеше авторлардың кітаптары басылып шықты. Бәлкім, біздің партия ұйымының осы жиналысына қатысқандардың бірінің қаламына бұл оқиға бұрын іліккен де болар. Тасқа басылған барлық дүниелерді қадағалап оқып отырмағандықтан егер менің жазғаным қайталау болып шықса, кешірім өтінемін.
Ең өкініштісі, Ақселеу Сейдімбеков сынды Алаштың арда ұлы мен Фариза Оңғарсынова сынды арқалы ақыны бүгінде арамызда жоқ. Алаштың алыптары азайып барады ғой...
24.12.2001ж.
Еркін НҰРАЗХАН