Майк Тайсон: «Мұхамед Әлиді алғаш рет түзету колониясында жолықтырдым»

Майк Тайсон: «Мұхамед Әлиді алғаш рет түзету колониясында жолықтырдым»

Майк Тайсон:  «Мұхамед Әлиді алғаш рет  түзету колониясында жолықтырдым»
ашық дереккөзі
256
Жақында елімізде өткен «Synergy Global Forum» форумында бизнес бастау, іскерлік қатынас және өзіңді дамыту тақырыбында әлемнің үздік спикерлері тәжірибесімен бөлісті. Солардың қатарында әйгілі кәсіби боксшы Майк Тайсон да көпшілік алдында бизнес жүргізудің тәртібі мен әдіс-тәсілдері жайында пікір бөлісті. Екі күндік пікір алмасудан кейін Майк Тайсон кәсіби бокс, спорттың қазіргі   дамуы жайында эксклюзивті сұхбат берген болатын. Сұхбаттың аудармасын газетімізге салып отырмыз. – Іскерлік форумында қызықты сәттер көп болған сияқты. Алматы қаласы ұнады ма? –  Алматыға бірінші рет келіп отырмын. Қазақстанда бұрын болғанмын, қызықты естеліктер көп. 2007 жылы Астана қаласына кинофестивальдің ашылуына келген болатынмын. – Болашақта көзінде оты бар жігіттерді жаттықтырып, чемпион ету ойыңызда бар ма? – Иә, бұл мүмкін нәрсе. Әлемнің бірқатар елдеріндегі фитнес орталықтарымның жұмысы жақсы жүріп жатса, неге жаттықтырушы болмасқа? – Геннадий Головкиннің болашағы жайында не айтар едіңіз? – Қалай болған күнде де, ол үлкен жекпе-жекке дайын болуы керек. Өзі қаласа алар биігі әлі алда. Қазіргі таңда Америка асуларын оңай бағындырып жүр. – Егер өз балаларыңыз бокс немесе аралас жекпе-жекті (ММА) таңдаса, қолдау көрсетер ме едіңіз? – Жоқ. Мен олардың бокспен айналысқанына қарсымын. Сондықтан балаларымның мұндай жолды таңдамауы үшін, ауыр соққыға өзімді тостым. – Бұрынғы жекпе-жектерде қор­қынышты қалай жеңдіңіз? Көпшілік алдында өнер көрсету оңай емес қой. – Тәжірибеме сүйендім. Уақыты келгенде рингке шығу үшін өмір бойы жаттығасың, дайындаласың, күтесің. Мен сондай сәтті асыға күтетінмін. – ММА мен UFC жайындағы пікіріңізді білсек... Табысы мен танымалдығы бойынша боксты басып озуы мүмкін бе? – Бұл қиын мәселе. Танымалдығы жағынан басып озуы мүмкін. Бірақ бокстың аралас жекпе-жекке (ММА) қарағанда табысы әрдайым жоғары болмақ. Мысалы, Флойд Мейвезерді алып қарайық. Ол не істеді? Санаулы минуттар ішінде 20 миллион доллар қаражат тапты. ММА-де ешкім мұндай табыс таппайды, тіпті жартысын алуға да мүмкіндігі жоқ. – Мейвезер мен Макгрегордың жекпе-жегіне қайталанбас деп баға беруге болады. Сіздің ойыңызша, бұл кездейсоқ жағдай ма, әлде жаңа бір ағымның бастауы ма? – Бұл қайталанады деп ойламаймын. Бірақ барлығы мүмкін ғой. Бәлкім, жекпе-жектің басқа бір тұлғасы тағы бір боксшымен жекпе-жек өткізіп қалар. – Дамушы елдің азаматы ретінде, Президентіміздің спорттың дамуына қосып отырған елеулі үлесін атап өткім келеді. Қазақстандағы спорттың, әсіресе бокстың болашағы жайында ойыңызбен бөліссеңіз. – Спорттың мемлекеттік деңгейде қолдау табуы жақсы, әрине. – Ірі жекпе-жектерде уақытты созу бизнеске тиімді ме, әлде жекпе-жек барысы үшін де маңызды ма? – Оны нақты айта алмаймын. Бір анығы, ірі жекпе-жектер маған бизнесті үйретті. – Кас Даматомен бірге фильм түсіру жоспарыңызда жоқ па? – Дәл қазір біреумен бірге фильм түсіруге құлқым жоқ, бірақ болашақта бәрі болуы мүмкін. – Егер 20 жасыңызға қайта оралуға мүмкіндік туса, өзіңізге қандай екі кеңес берер едіңіз? – Небәрі жиырма жастағы жап-жас бала ештеңенің ақ-қарасын айырмайды. Кім көрінгенге сенуге болмайды. – Егер сіз  Кас Даматомен кездеспегенде, өміріңіз басқаша болар ма еді? – Оны білмеймін. Бірақ қазіргідей жақсы болмас еді... – Сіздің адам ретінде, спортшы ретінде қалыптасуыңызға Мұхамед Әлидің ықпалы көп болған сияқты... – Әлбетте, өмірге көзқарасым мен, бокстағы жолымды қалыптастыруда ықпалы зор болды. Мұхамед Әлиді алғаш рет түзету колониясында жолықтырған едім. – Соңғы сұрақ. Энтони Джошуа мен жекпе-жегіңізде кім басым түсті деп ойлайсыз? – Әрине, мен ғой. – Рахмет!  

Әңгімелескен

 Рамазан РАМБЕРДИЕВ

Серіктес жаңалықтары