Калифорния: Қайырымды жан мен ақ қоян

Калифорния: Қайырымды жан мен ақ қоян

Калифорния: Қайырымды  жан мен ақ қоян
ашық дереккөзі
212
Жалпы, Калифорния биыл қалың өрттен көз ашпай тұр. Қазан айында штаттың солтүстігін жалмаған қызыл жалын құшағында 43 адам көз жұмып, 10 мыңға жуық ғимарат ішінара немесе толықтай жанып кеткен еді. Бұл жолы осы штаттың Вентура округінде басталған өрт жылдам күш алып, Тынық мұхит жағалауындағы Вентура қаласына қарай тұтасып жайылды. Санта-Барбара округін де жалаңдаған жалын шарпып өткен. Калифорния штатының губернаторы Джерри Браун Вентура округінде төтенше жағдай жариялады. Губернатордың мәлімдемесінде: «Бұл өрт өте қауіпті әрі жылдам жайылып барады, бірақ қолымыздағы барлық құралдар арқылы оған қарсы күресті жалғастыра береміз. Мен, Эдмунд Дж.Браун, Калифорния штатының губернаторы...Вентура округінде төтенше жағдай жариялаймын» делінген. Әйгілі штатта қыс қарсаңында тілсіз жаудың саны көп болуының да өзіндік себебі жеткілікті: жауын-шашынның болмауы, орман-тоғайдың әбден қурап, шырпы тисе лап ете қалуға даярлығы және күшті желдің ұйытқи соғуы күз бен қыстың тоғысар өліарасын ерекше қауіпті ете түседі. Бір сөзбен айтқанда, бір жетіге толар-толмас уақытта 60 мың гектарға жуық орман-тоғай өрттің құрбаны болып, 2012 мың адам туған үй-қора ормандарынан басқа жаққа көшірілді. Калифорния Орман шаруашылығы және өрттен қорғау департаментінің мәлімдемесіне орай, өткен аптадағы келтірілген шығындарды есепке алмағанда, биылғы жылы 400 мың гектар алқап тілсіз жаудың құрбаны болып, күлі көкке ұшқан өртеңге айналған. Осы күндері өртке оранған штатта беймәлім әуесқой біреу түсірген бейнетаспа әлемдік ақпарат агенттіктері мен бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таралды. Гуманизмнің шынайыкөрінісі, асқан шыңы болып табылуға тиісті бұл бейнетаспа адамзат мейірбандығының нақты дәлелі дерсің. ... Бір қапталында отқа оранған тоғайдың жалыны түнгі аспанды шарпып жатқан тас жолмен жүйіткіп келе жатқан жеңіл көлік кілт тоқтап, көліктен түскен әлдебір азамат лаулаған жалынға қарай емпелеңдеп жүгірсін. Түнгі өрттің түтіні де ащы, көзі-басын көлегейлеген әлгі азамат әлі от тие қоймаған қалың қаудың арасында иіліп-бүгіліп, жаны күйзеле шыр-пыр болып жүр. Біресе басын қос қолдап ұстап, бір орында теңселеді, біресе жүрегін ұстап, ентігін басады. Біраз уақыттан соң қуған нәрсесін қолмен ұстап, құшағына қысты. Әлгіден қуып жүргені екі құлағы қалқиған аппақ қоян екен. Бейшара қоян да айналаны жалмаған қызыл жалыннан жүрегі жарылардай болып қорыққан ба, әйтеуір осынау қайырымды жанның қолынан құтылуға тырысып, тыпырламады. Аман қалған ор қоянды құшағына басқан әлгі беймәлім америкалықтың қуанышында да шек жоқ. Иә, орыс әдебиетінде Мазай атай деген кейіпкер бар болатын: ақ сақалы беліне түскен мұжық қайықпен орманды басқан су ішінде қалған қояндарды құтқаратын еді. Ол бар болғаны әдеби кейіпкер ғана, ал мына америкалық біздің ғасырымыздың ізгі адамы, нағыз кемел тұлға. Біз,  қазақтар, дәп осы сынды ізгілікке, өз өмірін қауіп-қатерге тігіп, қорғансыз жануарларды құтқаруға дайынбыз ба деген ой еріксіз қаумалайды. Кім білсін..?  

Жаңабек Шағатай

Серіктес жаңалықтары