Ұлттық ойыннан – ұлағат

Ұлттық ойыннан – ұлағат

Ұлттық ойыннан – ұлағат
ашық дереккөзі
637
Таяуда Алматы қаласындағы «№178 бөбекжай балабақшасында» «Ұлттық ойындар қобдишасы» атты қалалық іс-шара өтті. Шара балаларды қазақтың ұлттық салт-дәстүрлеріне баулу және ойын арқылы бүлдіршіндердің адамгершілік, сезімталдық қасиеттерін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған. Сондай-ақ, балдырғандардың өз ұлтына деген сүйіспеншілік сезімін арттыру да шараның негізгі мақсаттарының бірі болды. Аталмыш шараны Алматы қаласы Білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшылығы ұйымдастырды. Іс-шара ортаңғы «Алма» тобының бүлдіршіндерінің қатысуымен өтті. Балалар ауылға саяхат жасап, «Теңге ілу», «Ханталапай» сынды ұлттық ойындар ойнады. Би билеп, мақал-мәтел мен жаңылтпаштар айтты. Сонымен қатар, үш тілде санап, түс атауларын айтып беру арқылы заман талабына сай екендіктерін де көрсете білді. Бұдан бөлек, қазақтың ұлттық ыдыстары мен бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған қолөнер туындыларының барлығы ата-аналардың қолынан шыққан. Мекеме жас мамандарды да назардан тыс қалдырған жоқ. Бұған дәлел психолог Шынар Мұратбекованың шара қонақтарына арналған психологиялық тренинг жаттығуларын өткізуі. Іс-шараның арнайы қонақтары – Алматы қалалық Білім басқармасы «Қалалық әдістемелік кабинет» ғылыми-әдістемелік зертханасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлім басшысы Жанна Әлиакбарова мен бөлім әдіскері Лунара Масақбаева сөз алып, шараның жоғары деңгейде өткенін айтты. «Бір қуанарлығы балалардың өзін-өзі еркін ұстауы. «Иә-жоқпен» ғана шектелмей, өз ойларын барынша жеткізе білгендіктері көңілге қуаныш ұялатты» , – дейді Лунара Тұрсынқызы. Шараға қатысқан өзге де балабақша тәрбиешілері бала тәрбиесіне байланысты тың дүниелерді көкейге түйіп, енді сол әдістерді өз тәжірибелерінде қолданатындарын жеткізді. Аталмыш балабақша 2013 жылы ашылған. Бүгінде 10 топ, барлығы 245 бала тәрбиеленуде. 50 қызметкер, соның ішінде 22 педагог маман қызмет етеді. Бүлдіршіндер күніне бес уақыт тамақтанады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қаламыздағы көптеген балабақшаларда түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда. Тақырыптар да жыл сайын өзгеріп отырады. Биыл тақырып Елбасының мақаласына сәйкес «Ұлттық ойындар қобдишасы» деп аталды. Тақырыптың ұлттық ойынға арналуының басты себебі балалар арасында ұлттық ойындардың ұмытылып бара жатқандығында. Сондықтан да бүлдіршіндерге ұлттық ойындарды ойната отырып, үйрете отырып, олардың ұлтқа деген сүйіспеншілігін арттыру басты мақсатқа айналған. Қазір мегаполистегі мемлекеттік балабақшалардың жалпы саны – 179. Қаламыздың мамандары Астана, Қостанай, Павлодар қалаларындағы әріптестерімен ұдайы тәжірибе алмасып тұрады. Сондай-ақ, Бельгияға да барып, білімдерін жетілдіріп қайтты. Жыл сайын аталмыш сала педагогтары арасында «Педагогикалық оқу» республикалық байқауы өткізіледі. Біз нәтижелі жұмыс жүргізіп отырған балабақшаларды үнемі насихаттап, қолдау көрсетіп отырамыз», – деп сөзін түйіндеді бөлім басшысы Жанна Әлиакпарова.  Р.S «Дәрігердің қателігі жерге кіргізеді, сәулетшінің қателігі жерге құлатады, ал мұғалімнің қателігі жер бетіне таралады» деген сөз бар. Расында, педагогтардың жүгі ауыр. Өйткені олардың мойнында болашақтың жауапкершілігі бар. Өз ісін нағыз сүйетін мамандар осы жауапкершілікті ешқашан жадынан шығарған емес. №178 бөбекжай мамандарын көріп, бұл ойымыз беки түскендей болды.  

Нәзира ҚАСЫМБЕК

Серіктес жаңалықтары