478
Владимир Решетов: Рухани жаңғырту – қоғамды модернизацияға бастар жол
Владимир Решетов: Рухани жаңғырту – қоғамды модернизацияға бастар жол
Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен «Сананың ашықтығы» атты ІІІ халықаралық медиа форумына Латвиядан арнайы келген журналист, баспагер Владимир Решетовке Қазақстан туған жеріндей болып кеткен. Себебі ол студенттік шағын әсем Алматының баурайындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қабырғасында өткізіпті. Үш жыл қатарынан халықаралық медиафорумның төрінен орын алған журналистің жас тілшілерге айтары да, үйретері де көп екен.
– Сіз журналист, суретші, баспагер, импресарио мамандығын қатар алып жүр екенсіз. Былайша айтқанда, қазақта сіздей азаматты «сегіз қырлы, бір сырлы» дейді. Осы өнердің бәрін бір арнаға қалай тоғыстырып жүрсіз?
– Бұл өнер маған аспаннан келген жоқ. Бала кезімнен сурет салуға құштар болдым. Адам өзі сүйетін іспен айналысса, оны тастау қиын екен. Әр кезде әр түрлі салада жұмыс істедім. 30 жыл бұрын, яғни Кеңестер Одағы кезінде «Слово» атты жеке баспаның ашылуына атсалысқандардың бірімін. Бүгінге дейін шамамен 30 шақты кітаптың безендіруін жасадым. 1993 жылдардан кейін фестивальдер ұйымдастырып, концерт өткізумен шұғылдандым. Халықаралық импресарио ретінде әртістерді шетелге апарамын. Қазір Рига геттосы мен Холокост музейінің PR-директоры және басқарма мүшесімін. Осы сала бойынша Атыраудың Құлсары қаласында тұрған Ерік Құрманғалиевпен тығыз байланыста жұмыс істедім. Өте талантты азамат еді. Әрине, бұл өнердің бәрін бір-бірімен байланыстыру оңай емес. Бәлкім, мені мультимәдениетті адам десе жарасар. Оған аралас отбасынан шыққаным да әсер етсе керек. Анам – Украинаның полягы, әкем – Орынбор облысының казак отбасынан шыққан. Қазақстанға алғаш келгенде бәрі қызық көрінетін. Халқы да, тілі де. Уақыт өте келе қазақ әуеніне, табиғатына деген құмарлығым оянып, тілін де жақсы көре бастадым. Қазақ тілін университетте оқысам да, қазақ достарым болса да, бастауыштық білім болмағандықтан, кейбір оңай сөздерді ғана білемін. Мәселен, «Қал қалай?», «Жақсы» деген сөздерді еш акцентсіз айта аламын (күледі).
– Грузияда өмірге келсеңіз де, қазір Ригада тұрасыз. Бірақ Қазақ мемлекеттік университетінде білім алғаныңыз қызық болып тұр. Сол студенттік күндерден қандай белгі жаныңызға жақын, көңіліңізге ыстық?
– Иә, Грузияда офицер отбасында дүниеге келдім. Сол жылдары әкеме Қазақстанда қызмет етуге ұсыныс жасады. Мұны ести сала Мәскеудегі МГУ-ға тапсырған құжаттарымды кері алып, КазГУ-ға тапсырдым. Алла бұйырып, оқуға түсіп кеттім. Алайда әкемді сол күйі Қазақстанға ауыстырмай қойды. Бірақ өзім Алматыда қалып, білім алуға бел будым. Әлі есімде, емтиханға Кіші Алматы өзенінің жағасындағы тастардың үстінде отырып дайындалатын едім. Ашық аспан астында тау мен өзеннің үйлескен дыбысын тыңдап, кітап оқып қайтатынмын. Әлі күнге дейін осы шешіміме еш өкінбеймін. Біздің КазГУ сол кезде МГУ, ЛГУ (С.Петербург) және Орал университеті сияқты КСРО-да ең үздік жоғары оқу орындары санатына кірді. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін 1975 жылы тәмамдадым. Одан кейін 2 жыл Атырауда «Прикаспийская коммуна» газетінде жұмыс істедім. Білуімше, бұл газет әлі жарық көреді. Міне, мені Қазақстанмен байланыстыратын дүние көп. Әсіресе, студенттік өмірім өткен Алматы қаласына келген сайын ерекше әсер алып, демалып қайтамын. Қазақстаннан халықаралық форумдарға шақырту алсам, қуанамын. Себебі жастық шағымның куәсі болған қалаға соқпай кетсем, сағынып тұрамын. Кеше де өзіме таныс жерлермен жүріп өттім. Әрине, бәрі өзгерген, жаңарған. Соған қарамастан сол уақыттың лебін университеттің бас ғимаратында, бас пошта кеңсесінде, «Аққу» дәмханасы орналасқан саябақта сезінгендей болдым. Бәрі ыстық. Әсіресе, Фурманов көшесіндегі 148 үйдегі қауіпсіздік комитетінде бес сағат тергеудің астына алғаны есімнен кетпейді.
– Неге? Есіңізден кетпейтін естелікті бізбен бөлісе аласыз ба?
– Бұл бір естен кетпес оқиғаның өмірімде алатын орны зор. Арманы мен мақсаты топтасқан университеттегі бір топ жас «Университет» атты қабырға газетінің жарық көруіне атсалыстық.1970 жылдары Алматы қаласында «Вопль» журналын астыртын түрде шығарып, көптеген сыни материалдар жарияладық. Журнал 5 данамен журфак студенттері арасында ғана тарады. Бұл шамамен жарты жылға созылды. Журналдың екі саны шығып, үшіншісіне дайындық жүріп жатқан. Содан диплом жұмысы алдында мені қауіпсіздік комитетіне шақырып, бес сағат сұрақтың астына алды. Тергеушінің аты-жөнін ұмытсам да, журналдың бірінші санындағы материалдардың көшірмесін жасап, сұрақты жаудырғаны есімде. Бірақ ешбір досымды сатпастан, аман-есен құтылғаным бар. Міне, сол кезде журналистикаға, баспа саласына деген ықыласым оянған сияқты. Сол «Вопль» журналына 40 жыл толды.
– Көбінесе қай тақырыпта қалам тербейсіз?
– Тәуелсіз журналист ретінде әр түрлі тақырыпта жазамын. Қазір Әзірбайжанның www.haggin.az порталымен әріптестік бойынша жұмыс істеймін. Одан бөлек латыш тіліндегі интернет-басылымдарына мақала жазып тұрамын. Елге танымал талай белгілі тұлғалармен сұхбат жүргіздім.
– ІІІ халықаралық медиафорумнан не түйдіңіз?
– Мені арнайы шақырды. Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырған халықаралық форумға осымен үшінші рет қатысуым. Мұндай шара қазақ журналистикасының дамуына серпін береді. Бұл журналистика қауымдастықтарының өзара байланыс жасап, тәжірибе алмасуына мүмкіндік туғызады. Мәселен, маған да үлкен мектеп болды.
– Қателеспесем, 2013 жылы келген сапарыңызда Қазақстан халқы ассамблеясы институтының жұмысына ризашылығыңызды білдіріп, «осы институт Латвияда да енгізілсе» деген пікір айтқан екенсіз.
– Ол рас. Алғаш рет Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысын, қызметін көргенде таң қалып, Латвияда да болса деген ой келді. Өкінішке қарай, оны қазір Латвияда енгізу қиынға соғады. Ал өзім жеке азамат ретінде жүзеге асыра алмаймын. Ол үшін қоғамдық ұйымың болуы керек. Тіпті болмаса, Қазақстан тарапынан қолдау көрсетілсе, бұл құрылымды ұйымдастыруға болады. Алайда бүгінде музей жанында Еуропа толеранттылық орталығы жұмыс істейді. Осы құрылым Қазақстан халқы ассамблеясымен әріптестік орнатса, әлдеқайда жақсы болар еді.
Мәселе, ұлт пен ұлыстардың санында емес. Мәселе – дұрыс түсіністік танытып, қарауда. Мейлі, 130 ұлт болсын, мейлі 100 болсын, бастысы мемлекеттегі әртүрлі мәдениет пен дінді ұстанатын ұлт пен ұлыс өкілдерінің ұлтаралық және этникааралық қатынасын қамтамасыз ету. Әр ұлт өкілдерінің тілі, діні, мәдениеті, әдет-ғұрпы бар. Олар бұл елге кезінде өз еркімен келген жоқ. Түрлі саяси жағдайлардың салдарынан тұрақтап қалды. Олардың өзара қарым-қатынасын қадағалап, тепе-теңдігін сақтайтын құрылым болса, құба-құп. Жасыратын несі бар, қазір қоғамда әр түрлі этникааралық топтар арасында кикілжің, жөнсіз айыптау орын алып тұрады. Осындай берекетсіздікті болдырмас үшін арнайы ұйым бақылауға алуы керек. Тағы бір байқағаным, Қазақстанда Медиация институты жақсы жұмыс істейді. Бұл үрдіс те бізде жоқ. Бізде бұл іспен айналысатын жекелеген заңгерлер тек кәсіпкерлік, тұрғын үй саласы арасындағы дау-дамайды шешумен шектеледі. Ал Қазақстанда медиация жұмысы этникааралық топтар арасында қызу жүргізіледі. Меніңше, этникааралық кикілжің бір тұтанса, бүкіл елге кесірін жаяды. Сондықтан бұл органның пайдасы зор. Латвияда мұндай мәселе күн тәртібінде тұрмаса да, арасында қылаң беріп тұрады.
Біздің нарықта түрлі шетелдік медиа әрекет етуде. Ресей медиа бағдарламалары арқылы қысым жасағысы келеді. Латвияда Ресей азаматтығымен өмір сүріп жатқан азаматтар көп. Бұл да жабық түрде жүргізіліп жатқан қақтығыстың бір түрі. Ресей азаматтық беру арқылы біраз халықты уысында ұстамақ. Мәселен, Абхазия, Оңтүстік Осетия тұрғындарына құжат беріп, әскери күш арқылы отандастарын қорғауға бағытталған әрекеті есте шығар. Сол сияқты Қырым, Приднестровье аймағында да кикілжің орын алды. Мұның бәрі – геосаясат. Ал Латвияда этникааралық қақтығыс болмау үшін медиа тиімді жұмыс істеу керек. Қоғамдық келісім туралы бағдарлама бар. Бірақ ол Қазақстандағыдай жұмыс істемейді. Қоғам орыстілді және латыштілді болып екіге бөлінген. Орыстілділер орысша хабар көріп, газет оқиды. Латыштар өз тілінде. Кішкентай мемлекет болған соң, бәрі де көзге көрініп тұрады. Қазір Латвияда шамамен 2 миллионнан аз халық тұрады. Ал Рига қаласында 700 мың тұрғын бар. Еуроодақ аумағындағы Латвия халқы екі қолға бір күрек іздеп, батыс елдеріне бас сауғалап кетті. Бүгінде Еуропа елдерімен арадағы виза режимі алынып тасталған соң, 300 мың азамат шетелге жұмыс істеуге аттанған.
– Латвиядағы саяси-әлеуметтік ахуалға интернет сайттары арқылы қанықпыз. Естуімізше, Латвияда мемлекеттік тілдің бәсі жоғары. Тіпті, латыш тілінде сөйлемеген мемлекеттік қызметкерге айыппұл салынады екен. Бұл рас па?
– Иә, ол рас. Бізде арнайы тіл комиссиясы жұмыс істейді. Мемлекетте бір ғана мемлекеттік тіл болуы керек. Өзім бала кезден орыс тілінде тәрбие алып, орысша оқысам да, латыш тілін өз еркіммен меңгеріп алдым. Маған тұрған елдің тілін білу маңызды. Сол жердің ауасын жұтып, сол елде жұмыс істеп, күн көріп жүр екенсің, тілін де құрметтеуің тиіс. Сондықтан біз «Германияда, Ұлыбританияда түрік тілі – мемлекеттік тіл болуы керек» деп айтпаймыз ғой. Немерелерім отбасында ара-тұра орысша сөйлесе де, латыш тіліндегі балабақшаға барады. Ешқандай түйткіл жоқ.
– Біздің елге жиі келіп жүрсіз ғой. Тіл мәселесінде ілгерілеу байқайсыз ба?
– Әрине, бұрын орыс тілі басым еді. Қазір Алматы қаласы әлдеқайда қазақыланған. Бірақ кейде халықаралық деңгейдегі форумдарда қазақ тілін ести алмайсың. Сөз басында қазақша басталып, әрі қарай ресми тілде жалғасады. Бірақ жағдай әлі өзгереді. Қазақстанда тұратын курстастарым да қазақ тіліне шорқақ. Кеңес Одағы кезінде қазақ тілі сұранысқа ие бола қоймады. Ал қазір тіл білген, үйренген абзал.
– Латвияда орыс мектептері жабылып жатыр деушілер де тым көп. Бұл ақпараттың анық-қанығын өзіңізден білсек...
– Қазір орыс мектептерін жабу былай тұрсын, білім ұялары біртіндеп есігіне құлып салуда. Себебі елді мекендерде оқушылар саны азайып кеткен. Тұрғындар өмір сүру қамымен жан-жаққа тарады. Еуроодақ елдері және Қазақстанмен салыстырсақ, елдің әлеуметтік жағдайы соншалықты жақсы емес. Зейнетақы мен жәрдемақы аз. Бізде ең төменгі жалақы – 430 еуро болса, зейнетақы – 220 еуро. Оның үстіне Латвия Еуропаның солтүстік жағында орналасқандықтан коммуналдық төлемдер қымбат. Күздің өзі суық. Газ, қуат көзі, жылу маусымы отбасылық бюджетке салмақ салады.
– Ал елдің экономикалық әлеуетіне келсек, Латвия мемлекеті отандық өнімін дамытқан бірден-бір ел ретінде танымал еді...
– Латвияның Рига қаласында 1982 жылдан бері тұрып келемін. Бір қуаныштысы, кейбір мемлекеттерге қарағанда Латвияда экономикалық жағынан өсу бар. Жыл сайын ЖІӨ 4 пайыздық көрсеткіш көрсетеді. Транзит саласы қарқынды дамуда. Қазақстан арқылы Қытайдан алғашқы пойыз порттарға қатынай бастады. Одан әрі қарай Еуропаға, Скандинавия бұғазына жөнелтіледі. Консерві өнімдері Еуропа нарығына жол тартқан. Туристік кластер де қарқынды. Жеңіл өнеркәсіп ішінде трикотаж өнімдері көш басында. Жалпы, экономика саласында өрлеу бар. Латвияда инвестиция және даму агенттігі жұмыс істейді. Бұл мекеме шағын және орта кәсіпкерлікке көңіл бөліп, сыртқы нарықта елді танытуға күш салады. Мұндай мемлекеттік құрылым әлемнің біраз елінде бар. Қысқасы, ірілі-ұсақ өндіріс орындары шама-шарқынша өнім өндіріп, «Еуроодақта өндірілген» деген жапсырмамен Еуропа елдеріне экспортқа шығаруда. Кеңес Одағы кезінде-ақ халық есеп-қисапқа үйреніп алған. Жұртқа өнеркәсіп орнының немесе мұнай компаниясының қанша өнім өндіргені маңызды емес. Оның қанша пайызы сыртқы экспортқа кетті, қанша пайызы ішкі нарықта сатылды? Халыққа керегі – дағдарыс кезінде қалтасына салмақ түсе ме, жинақтаушы қоры тарапынан көмек ұсыныла ма, жоқ па, сол ғана. Сондықтан қанша өнім өндірілді деген есептің түкке керегі жоқ.
– Тіл саясатының салдарынан орыстар көшіп жатыр деген мәліметті жиі көзіміз шалады. Қазақстанда отырып, «жаны ауыратындар» да жетерлік.
– Бұл жалған ақпарат. Егер жағдай осылай болса, әлемдік қауымдастық шулар еді. Біздің елден тұрғындар кетіп жатса, экономикалық себепке байланысты ғана. Ресей азаматтығын алғандар Ресейге кетіп жатыр. Бірақ әлгінің бәрі Латвияда жағдай жаман деген пиғылды таратудан туған әрекет. Ресейдің Волгоград қаласына барсам, сол жақтағы тұрғындар безіп кетуге дайын отыр. «Зейнетке шықсам, баратын елді таңдап, бұл былықтан кетемін» дейді таныс нотариус маман. Міне, көрдіңіз бе? Онда азық-түлік, күн көріс, өмір сүру қымбат. Адамдар сонда да тіршілік кешуде. Сондықтан анау-мынау әңгімелерді әдейі тұтандыратындар көп. Бір танысым бар. Орыстілді. Бірақ Латвияда тұрады. Сол: «Ресейде нем бар? Онда не жоғалттым? Латвияда тұра бергенім артық» дейді. Егер азамат ретінде өз пікірімді айтсам, Ресейдің бүгінгі әрекеті бұрынғы қаһарына қайта мініп, әлемді уысында ұстауға саяды. Ресей азаматтығы бар Латвиядағы тұрғындардан да кикілжің шығып қалу ықтималдылығы басым. Бірақ бәрі бақылауда. Биылдан бастап Латвия НАТО құрамына кіріп жатыр. Бізге оңайлықпен ешкім тиісе алмайды. Өкініштісі сол, Латвия географиялық орналасу жағынан екі империяның арасында тұр.
– Ал Қазақстан журналистикасының даму ағымына қандай баға бересіз?
– Қазақстанда тұрмасам да, «Литер», «Время», «Казахстанская правда» газеттерін шолып тұрамын. Көбінесе ақпарат алмасып отыру үшін интернет сайттарын қараймын. Мені ақпараттық жағы ғана қызықтырады. Сосын елдегі мәдени-рухани жаңалықтарды жібермеймін. Қазақстан президенті Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын бекер жариялаған жоқ. Сананы жаңғырту, қоғамды жақсы қырына қарай өзгерту кезек күттірмейтін дүние. Рухани жаңғыру – қоғамды жаңа заман талабына, модернизацияға жетелейді. Егер баланы жастайынан төзімділікке, сабырлылыққа тәрбиелесек, басқа елдің мәдениетін, тілін құрметтеуге үйретсек, бұдан ұтылмаймыз. Себебі адамның бәрі бірдей. Тек оның тілі, діні, ділі ғана бөлек.
2015 жылы ІІ халықаралық медиафорумда әріптестеріме этно журналистиканың этикасын қабылдау жөнінде ұсыныс тастадым. Этникааралық, конфессияаралық қарым-қатынасты жазуға машықтана бастаған тілшілердің білімі, мәдениеті, қарым-қатынасы ерекше болуы керектігін айтқан едім. Бұл – нәзік тақырып. Этножурналистика тақыбырын жүрдім-бардым жазуға болмайды. Ешкімнің ары мен намысына тимейтіндей, ешбір ұлттың ар-ожданына тимейтіндей етіп жазу екінің бірінің қолынан келе бермейді.
– Әлемде сөз бостандығы жиі сөз болады. Тіпті әлемдік рейтинг те түзіледі. Ал мұның бәрі қоғамда түйткіл тудыруға ыңғайлы тәсіл сияқты...
– Кез келген елде сөз бостандығы бар. Егер тарихқа көз жүгіртсек, тоталитарлық елдер сөз бостандығына ылғи шектеу қойып отырған. Сөз бостандығы – айтылған сөзге жауап беру. Шындықты айтам деп ешбір ұлтты, тілді, дінді қорлауға болмайды. Тақырыпты ашу үшін шынайы деректерді ғана алу керек. Кейде эмоцияға беріліп, артық кететін тұстар көп. Соның салдарынан редакцияны шығынға батыратын журналистер бар. Сондықтан кез келген дерек құжат бойынша расталып, заңдық тұрғыдан қорғалу керек. Зерттеумен айналысатын журналисті білемін. Ол Рига қаласының мэрімен төрт жыл қатарынан соттасып жатыр. Журналист мэрдің Ресей елшісімен арадағы хатты жариялағаны үшін сотқа тартылды. Хатта Ресей елшісі мэрге қалай жұмыс істеу керектігін айтып отырған. Азын-аулақ ақша да бөлген дейді. Ал Рига мэрі «Бұл жеке мәселе бойынша жазылған хат» деп ақталса, журналист: «Мэр – жеке тұлға емес. Ол – халықтың адамы» дейді. Бір жағынан дұрыс қой. Бәлкім, мэр қызметтік міндетін пайдаланып, бүкіл құпияны ашатын шығар. Бір сот процесінде журналист жеңді де. Бірақ келесі жылға созылатын түрі бар. Алайда бұл құзыреті жоғары билік өкілдері жеңеді деген сөз емес. Қысқасы, Латвия сөз бостандығы бойынша рейтингте алғашқы жиырмалыққа кіреді. АҚШ, Ұлыбритания, Франциядағыдай болмаса да, Латвия журналистерін төртінші билік өкілдері деп айтуға негіз бар.
– Сіздің «Баку-90», «Ходжалы-92» қайғылы оқиғасына байланысты көлемді мақала жариялағаныңызды білеміз. Сол жөнінде айта кетсеңіз.
– Әр елдің тарихында қалатын қаралы саяси оқиғалар бар. Кеңес империясы қол астындағы мемлекеттерді қысымға алып, талай нәубетті қасақана жүргізгені белгілі. 1990 жылдың қаңтары Әзірбайжан мемлекеті үшін ауыр жыл болды. Литваның тұңғыш президенті Витаутас Ландсбергиспен осы тақырыпта сұхбат жүргіздім. Сол жылдары Рига қаласында да «Баспалар үйінде», тағы басқа қоғамдық орында атыс болып, бірнеше адам көз жұмды. Оқты кім жаудырғанын ешкім білген жоқ. Бұл да «Қанды қаңтар» деген атпен тарихта қалды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Динара Мыңжасарқызы