369
Инвестиция тарту – өзекті іс
Инвестиция тарту – өзекті іс
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыру аясында «Қазақстан Республикасының экономикасына инвестициялар тартудың өзекті мәселелері» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті.
Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев Президент Жолдауында Қазақстан шетелдік инвестицияны тартуда, оның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында қаржы ресурстарын тарту есебінен аймақтағы көшбасшы қалпын сақтау міндетін алға қойғанын атап өтті. А.Бейсенбаев халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық экономикалық мүддені қорғау мен ілгерілетуді қамтамасыз етуге, ол үшін «экономикалық дипломатияға» серпін беруге шақырды. Сенатор шетелдік инвестицияны тартуда басшылар мен әкімдердің жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ, инвестициялық ахуалды жақсартуға және инвесторларға арналған бюрократтық рәсімдерді оңайландыруға арналған заң ережелерін қабылдау туралы айтты. А.Бейсенбаев инвестициялық жұмыстарға арналған құқықтық базаны қамтамасыз ету үшін Парламент соңғы жылдарда Кәсіпкерлік кодексін, «Арнайы экономикалық аймақтар туралы», «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» және басқа да заңдарды қабылдағанын атап өтті. Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Ерлан Хаиров еліміздің Ұлттық банкінің мәліметтері бойынша Қазақстанның экономикасына 2005 жылдан бастап 2017 жылғы алғашқы жарты жылдығына дейін 253,9 миллиард доллар тікелей инвестиция келгенін баяндады. Бұл ретте 2017 жылдың алғашқы жарты жылының қорытындысы бойынша шетелдік тікелей инвестицияның жалпы көлемі 10,5 миллиард долларды құрады, ол 2016 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 8,6 пайызға көп.
Одан басқа, «Үшінші жаңғыру» міндеттеріне сәйкес, Инвестициялар және даму министрлігі шетелдік тікелей инвестиция көлемін арттыру үшін Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірлесе отырып, 2017-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегия әзірлеп, қабылдаған еді. Осы стратегияға сәйкес, 2022 жылға қарай шетелдік тікелей инвестиция ағынын 1,26 есеге ұлғайту, тиімділікке бағдарланған шетелдік тікелей инвестицияны 1,5 есе ұлғайту көзделіп отыр. 2022 жылға жоспарланған шетелдік тікелей инвестицияның жалпы көлемі 122 миллиард долларды құрайды. Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді СІМ-нің инвестициялық ынтымақтастық саласындағы жұмысы туралы хабардар етті. Оның айтуынша, үкіметтің экономикалық бөлігімен бірлесе отырып, жауапкершілік аймақтарын белгілеумен қатар инвестициялық және экспорттық бағыттар бойынша өзара іс-қимыл тетіктері әзірленіп жатыр. Атап айтқанда, шетелдік инвестиция тарту жөніндегі жұмыстарды күшейту үшін халықаралық салада басымдыққа ие елдердегі Қазақстан елшіліктерінде инвестициялар жөніндегі кеңесшілер тағайындау туралы Елбасының тапсырмасы жүзеге асырылуда.