Қаржылық бақылау жаңаша қарқын алмақ

Қаржылық бақылау жаңаша қарқын алмақ

Қаржылық бақылау  жаңаша қарқын алмақ
ашық дереккөзі
Бюджет қаржысы мен мемлекеттік мүліктерді ысырап қылып, бірақ онысы әшкереленіп қалған соң, «ішкен-жегенін» кері қайтарған 30 мың шенеунік жазадан босатылыпты. Бұл туралы Мәжілісте вице-спикер, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаеваның төрағалығымен өткен Үкімет сағатында жария етілді. Онда мемлекеттік аудит және қаржылық бақылауды жетілдіру мәселелері талқыға салынды. Ұлт жоспарының 93-қадамын жүзеге асыру мақсатында «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңы қабылданған еді. Осыған орай, депутаттар бұл заңның жүзеге асырылу барысымен танысты. Қаржы бұзушылықтарын болдырмауға және оның алдын алуға бағытталған шаралар, сондай-ақ бюджеттік тәртiпті арттыру, мемлекеттік аудит органдарының өзара әрекет етуінде туындаған проблемаларды шешу тетіктерін реттеу жайына қанықты. Үкімет сағатында есеп берген Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Ұлт жоспарының 93-қадамын іске асыру үшін қабылданған заң «аудит жүргізу кезінде дәлдік пен алдын алуға екпін түсіре отырып», Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің жұмысын қайта форматтауға мүмкіндік береді, барлық мемлекеттік аудит органдарының бірлескен жұмысының нәтижесінде, бұзушылықтарды талдауға және алдын алуға жол ашылады. – Жаңа заңның арқасында нақты қол жеткізілген оң нәтижелерге тоқтала кеткім келеді. Біріншіден, осы саладағы әдіснамалық негіз қамтамасыз етілді. Есеп комитеті – 21 және Қаржы министрлігі 15 заңға тәуелді актілерді уақтылы әзірлеп, бекітті. Осы жаңа әдіснама бойынша Дүниежүзілік банктің қолдауымен 230 мемлекеттік аудитор оқытылды. Екіншіден, шексіз тексерулерді болдырмау мақсатында аудит нысандарының тізбелерін Есеп комитеті, тексеру комиссиялары және Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті өзара келісу арқылы дайындады. Сондай-ақ, барлық аудиторлық тексерулер нақты мәселеге бағытталып, тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде жоспарланды, – деді министр. Оның мәліметінше, 2016 жылы Ішкі қаржылық аудит комитетінің жоспарлы тексерулер саны 10 есеге, ал 2017 жылы 18 есеге азайтылған. Дәлірек айтсақ, 2015 жылы 3 мың 268 тексеріс өткізсе, 2016 жылы бұл көрсеткіш 313-ке құлдыраған, ал 2017 жылы небәрі 183 болып отыр. «Сонымен қатар тексерулерге шектеу қойылатындықтан, соңғы екі жылда біз бекіткен жоспар тізбесін кеңейтпеуге тырыстық. Жоспарлы тексерістердің саны аз болғанымен, олардың нәтижелілігі жоғарылады. Осы жылдың 9 айының көрсеткіштеріне сәйкес, тексерілген 1,4 триллион теңгенің 40 пайызы бойынша заң бұзушылықтар анықталған. Бұл көрсеткіш 2015 жылы 30 пайызды құраған еді. Бұл кемшіліктер рәсімдік емес: олардың 43 пайызы қаржылық сәйкессіздіктер. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдарға қарағанда 2 есеге артты», – деді Б.Сұлтанов. Жоспарлы тексеру кезінде мемлекеттік ревизорлар мекемелер, компаниялар мен зауыт-кәсіп­орындарды аралап, тексеру жүргізеді. Салдарынан, нысанның жұмыс ырғағын бұзады, тіпті тексеріс кезінде оның ісі қаңтарылып тұрып қалуы ықтимал. Сондықтан министрлік «қашықтықтан» тексеруге басымдық беруде. Тексеруші кабинетінде отырып, нысанның ақпараттық жүйелер арқылы ұсынған құжаттарын зерттейді, сәйкессіздіктер мен бұзушылықтарды қарайды. «Кабинеттік тексеру» камералдық бақылау деп аталады. Бұл бойынша қаржы министрлігінің шенеуніктері өз кабинетінде отырып, интернет пен компьютер арқылы тексереді екен. «Бұл тексерулер тікелей объектілерге шығу арқылы емес, жұмыс орнында ақпараттық жүйелерге сүйеніп, жүзеге асырылады. Бұзушылықтарды алдын ала анықтау, оларға жол бермеу және мемлекеттік аудит объектілеріне әкімшілік ауыртпалықты азайту үшін ақпараттық жүйелер деректері негізінде объектіге бармай, ішкі мемлекеттік аудит комитеті және оның аумақтық бөлімшелері камералдық бақылау жүргізуде. Осы жұмыстың арқасында 2017 жылдың 9 айында 1 аудиторға шаққанда мемлекеттік сатып алулардың 935 рәсімдері тексерілді. Бұған дейін осы бағытта 1 аудитор тек 12 тексеруді жүзеге асыра алатын», – дейді Бақыт Сұлтанов. Осы орайда 2017 жылы 597 миллиард теңгенің, ал екі жыл ішінде 1 триллион теңгеден артық соманың заң бұзушылықтары алдын ала анықталыпты. «Бұл заң бұзушылықтарды өз еркімен жойғандары үшін шамамен 30 мың лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершіліктен босатылды», – деді Қаржы министрі. «Камералдық бақылау заң бұзушылықтардың алдын алу элементі ретінде ендірілген болатын. Ол бақылау объектісіне бармай-ақ жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде табылған заң бұзушылықтарды бақылау объектісі жойса, жазалаудан босатылады. Сондықтан бұл тетік өзін жақсы жағынан көрсетіп отыр. Камералдық бақылау арқасында уәкілетті органдардың ішкі аудит бойынша бұрынғы жоспарлы тексерулері қисынды түрде қысқаруға тиіс еді. Алайда біз оны көріп отырған жоқпыз. Биылғы жылы бизнес субъектілерін тексеру екі есе артты», – деді түсініктеме берген мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова. Ал бас қаржыгер бақылау-қадағалау органдарының «дерті асқынған» жерін айта келе: «Шынында, коррупция мәселесі тұтастай алғанда, мемлекеттік басқару жүйесінің де, сондай-ақ бақылаушы органдардың да «аса дертті тұсы» болып табылады. Тексеруші органдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері зор. Өйткені әлі күнге дейін олар бақылау объектілерімен тікелей қарым-қатынаста, байланыста болады. Бұл ретте ондай фактілер анықталса, дереу ден қоюға тырысамыз. Биылғы 9 ай қорытындысы бойынша шаралар қабылданып, біздің жүйедегі қызметтің абыройын төккен 6 лауазымды тұлғаға «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» жасалды, 3 лауазымды тұлғаға сөгіс жарияланды. Өткен жылы біз тіпті комитет төрағасының орынбасарын да жұмыстан қудық», – деді Бақыт Тұрлыхан­ұлы. Қаржы министрі осы тұрғыда бұрын-соңды болмаған жаңа рейтинг түрін енгізу мәселесін қолдады: «Мемлекеттік аудиторлар қызметінің тиімділігі рейтингін енгізу – бізде де қолдануға болатын шаралардың бірі деп санаймын. Бірақ бұл – рейтингі төмендерді жазалау үшін емес, біздің аудиторлардың қызмет сапасы мен рөлін арттыру, олардың қызметін бағалау үшін қажет», – деп түсіндірді Бақыт Сұлтанов. Ал депутат Омархан Өксікбаев болса, ревизорларға ара түсті. «Қазіргі кезде бізде екі мыңнан астам тексеруші бар. Есеп комитетінде – 130-ы, 500-ге жуығы – ішкі қаржы аудиті құрылымында, 600-ден астамы тексеру комиссияларында жұмыс жасауда. Міне, осылардың жұмысын бірін-бірі қайталайтындай етпей, әрқайсысының жолын нақтылап беру керек. Әйтпесе, біз осы саланың тиімділіктен алыс жатқанын көріп отырмыз. Мұны есеп комитеті өз қолына алуы керек», – дейді депутат. Өз кезегінде есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков квазимемлекеттік сектордың, яғни ұлттық компаниялардың және министрліктер жанынан құрылған кәсіпорындардың жұмысын бақылаумен қамти алып отырғандарын әңгімеледі. «Квазимемлекеттік субъектілерді аудит арқылы тексерумен қамту мәселесінің заң жүзінде шешілуі арқасында былтырғы жылдың ұқсас мерзімінде жалпы алғанда, 3 триллион 267 миллиард теңгені тексерсек, биылғы жылғы 9 ай ішінде 22 триллион 808 миллиард теңгені бақылауға алдық. Мұның көбісі квазимемлекеттік секторға тиесілі. Көрдіңіздер ме, үкіметтік активтер мен қаражаттарды тексерумен қамту 7 есе өсіп отыр. Бұл мүмкіндік 2015 жылы күшіне енген заң арқасында пайда болды. Нәтижесінде, біз бұл секторды тексеруге кірістік», – деді ол. Үкімет сағатын қорытындылаған вице-спикер Г.Исимбаева депутаттар тарапынан айтылған барлық ұсыныстар мен ескертулер Үкіметке жіберілетін ұсынымдар түрінде қабылданғанын жеткізді.