Жарты ғасырға созылған жол

Жарты ғасырға созылған жол

Жарты ғасырға созылған жол
ашық дереккөзі
521
Оңтүстік еліміздегі мақта өндіретін жалғыз өңір дейтін болсақ, осы өңірдің тірлігін өнімді еңбегімен ілгерілетіп келе жатқан өндіріс орындарының бірі де бірегейі – «Ақ-Алтын» акционерлік қоғамы.  Жуырда 50 жылдығын атап өткен зауыттың ел экономикасын дамытуға қосқан үлесі сүбелі. Мақтарал, Киров, Жетісай аудандары бірікпей тұрғанда, зауыт Киров мақта тазарту зауыты болып аталатын. Ал қазір Мақтарал ауданы әкімшілік аумағына қосылып, «Ақ-Алтын» мақта тазалайтын зауыт коорпорациясы АҚ  болып құрылып, кейін келе жекешелендірілді. «Ақ-Алтын» мақта өңдейтін зауыты АҚ  Қазақстан Республикасы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы әлеуметтік – экономикасының дамуына  мол үлесін қосып келе жатқан,  мәдениетінің өркендеуіне, мақта өндірушілермен және мақта өңдейтін шаруашылық арасындағы қатынастарды бір жүйеге келтіріп  жүрген белгілі кәсіпорындардың бірі. Зауыт  1967 жылы қазіргі  Асық-Ата кентінде құрылды. Кеңес үкіметі тұсында 1967-1990 жылдар аралығында зауыт 663798 тонна мақта қабылдаған, сол жылдардың ең жоғарғы көрсеткіші 1990 жылы 44029 тонна мақтаға жеткен. Осы жылдары  210 мың тонна талшық өндірілген, орта есеппен 1 тонна мақтадан – 330 келі талшық алынған, 500 келіден аса шит  өндірілген. Шитті әр қарай Шымкент қаласындағы май зауытына өңдеуге жіберіп отырған. «Ақ-Алтын» мақта зауыты Қазақстан егемендік алғалы бері шаруалардан  915310 мың тонна ақ мақта жинаған. Ал өз қызметінің 50 жылында 1млн 600 мың тонна шитті ақ мақта қабылдап, оны өңдеп, халқымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайының өркендеуіне үлкен үлесін қосып келеді. Акционерлік қоғамның президенті Айдархан Өтенұлы мырза бастаған ұжым жарты ғасырда жарты миллион тоннадан аса мақта талшығын шығарған. Бұл табыс зауыттың  бас мамандары, мақта қабылдау  кешендері меңгерушілері, зертхана, қаржы-қаражат, экономика, автомеханика, өрт, күзет, техникалық бақылау, маман инспекторы, дайындау бөлімі, заңгер, қоймашылардың және ең бастысы, таңнан қара кешке дейін егістік басында жүретін шаруалардың арқасы. Зауыт жұмысын алға сүйреп, ұжымды жарқын жетістіктерге бастап жүрген білікті басшы Айдархан Өтенұлы – ақ алтын өндіру саласының қыр-сырын жетік меңгерген маман. Еңбек жолын 1965 жылы Ташкент қаласында техник-электрик болып бастаған. 1966-1970 жылдары Славян мақта зауыты жөндеушісі, жетекші бригадир, механик, инженер, 1970-1984 жылдары Киров мақта зауыты бас инженері болып қызмет атқарған. 1984 жылдан бері «Ақ-Алтынды» басқарып келеді. Мақта өндіру саласындағы қажырлы еңбегі еленіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Оңтүстік Қазақстан облысы және Мақтарал ауданының құрметті азаматы атанды. Қазіргі таңда «Ақ-Алтын» мақта зауыты Мақтарал ауданында мақта өсіретін шаруа қожалықтары, өндірістік кооперативтер, акционерлік қоғамдармен тығыз байланыста. Келісімшарт бойынша ақ мақта терімі аяқталған соң шаруалар алынған өнімді зауытқа әкеп тапсырады. Жыл басында мақта зауыты басшылары шаруа қожалықтарына мақта өндіру үшін қаржылай, жанар-жағармай, тыңайтқыштар, шит-ұрық түрінде және агротехника жағынан көмек көрсетті. Мақта зауыттарының ішінде жалғыз «Ақ-Алтын» АҚ ғана мақтаны өңдеудегі қалдықсыз жаңа технологияны пайдаланады. Зауыт мақта  өнімдерін шетелге экспорттауда және ішкі нарықта сатуда. Осы орайда зауытта жиналған мақтаны өңдеу технологиясын, ішкі және сыртқы процесстерін бақылап отыратын маман Әлихан Айдарханұлының еңбегін ерек атап өткен жөн. Аудан, облыс, республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде аты таныла бастаған зауыт шетел компанияларымен тығыз байланыста. Алдағы уақытта отандық мақта өнімдерінің импорты жандана түсеріне сенім мол.  

Айтбай Махамбет,

Оңтүстік Қазақстан облысы,  Мақтарал ауданы,

Асық-Ата кенті

Серіктес жаңалықтары